Валюта айырбастау бекеттеріндегі ұзын сонар кезек қазір қазақстандықтарды таң қалдырмайтын болды. Бұрын өз жинақтарын сақтау үшін жұрт теңгесін долларға, не еуроға ауыстырамын деп тек девальвация кезінде жүгірсе, қазір алдын ала қамданатын болды. 2015 жылы құбылмалы валюта бағамы енгізілгеннен бастап теңгенің құнын Ұлттық банк емес, нарық белгілейді. Валюта бағымыныңі күн сайын құбылып тұруына отандастарымыз үйренді.

Informburo.kz доллар бағамы өзгергенде не істеу керектігі туралы бұған дейін жазды. Енді осы мақалада теңге мен рубльдің жағдайы туралы әңгімелейтін боламыз. Төменде тақырыпты рет-ретімен талқылаймыз.

№1. Валюта бағамы дегеніміз не?

Әр түрлі елдердің ақша бірліктерінің ара-қатынасы. Бұл ара-қатынас олардың сатып алу қабілеті арқылы анықталады. Сырт қарағанда ақша айырбастаушыларға валюта бағамы бір елдің ақша бірлігінің екінші елдің ақша бірлігіне – теңгенің долларға, евроның долларға,теңгенің рубльге шаққандағы "бағасы" іспеттес көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, қанша теңгеге екінші бір мемлекеттің валютасын сатып ала алатындығыңызды көрсетеді. Мәселен, 19 қыркүйек күні Қазақстан қор биржасында АҚШ валютасы 361,94 теңгеге сатылды. Яғни, 1 доллар сатып алу үшін 361,94 теңге беруіңіз керек.

Валюталық жұп көбіне қысқартылып беріледі. Мысалы, доллар мен теңге жұбы USDKZT деп белгіленеді – бірінші бағамда есептелетін валюта тұрады.

№2. Қазақстанда валюта бағамы қалай қалыптасады?

2015 жылдың 20 тамызынан бастап елімізде ресми түрде құбылмалы валюта бағамы енгізілді. Қазір ұлттық валюта бағамының құны KASE-тегі сауда сессиясының қорытындысымен анықталады. Сауда-саттық жұмыс күндері – таңертеңгілік және күндізгі болып екі мезгілде өтеді. Биржадағы көрсеткіштер негізінде Ұлттық банк шетел валютасының ресми бағамын есептейді, ол сауда-саттық күнінен кейінгі күнге қабылданады. Оны Ұлттық банктің сайтынан қарауға болады.

Бұл былай жұмыс істейді: мәселен, сейсенбі күні биржада доллар-теңге жұбы бойынша сауда-саттық жасалды. Екі сессия қорытындысы бойынша орташа (бұл маңызды) бағам 369,36 теңгеге тұрақтады. Яғни, келесі күні сәрсенбіде бұл Ұлттық банктің ресми бағамы болып саналады.

№3. Қазақстанда рубль бағамы қалай қалыптасады?

Басқа валюталар үшін (оның ішінде рубль де) бағам келесі күнге белгіленеді, тек аз ғана өзгеріс болады. Бұл жерде кросс-бағам қолданылады, яғни валюталар жұбы доллармен есептеледі.

Рубль-теңге жұбында көрсетейік. RUBKZT – доллармен былайша бөлінеді – RUBUSD (рубль-доллар) және USDKZT (доллар-теңге): бұлардың мәнін биржадан алып көбейтеді – осылайша рубльдің – теңгеге шаққандағы кросс-бағамы шығады.

Мәселен, бір рубль үшін 0,015 доллар берсе, бір доллар – 369 теңгеге сатылады. Бұл кезде бір рубльге 5,53 теңге белгіленеді.

№4. Не себепті айырбастау бекеттеріндегі бағам биржадағыдан бөлек?

Қазақстандықтар валютаны айырбастау бекеттері мен банктерден сатып алады және сатады. Осы кезде ол жерлерде Ұлттық банк белгілеген бағамнан айырмашылықтар барын байқайды. Бұл ретте, валюта айырбастау бекеттері мен банктердің кіріс табуды көздейтін коммерциялық құрылымдар екенін айта кеткен жөн. Яғни, олар валютаны сізге биржа бағамынан сәл қымбатқа сатып, шамалы арзан бағада сатып алудан пайда табады. Бағам арасында айырмашылықтар көп болмайды, әйтпесе клиенттер басқа бәсекелестеріне кетуі, тіпті сатып алудан бас тартуы да мүмкін.

№5. Теңге мен рубль құнының арасында байланыс бар ма?

Бір валютаның екіншісіне әсер етуі екі елдің экономикалық қарым-қатынасына байланысты. Байланыс берік болған сайын валюталардың өзара әсері де күшті болады. Теңге мен рубльдің мысалында Қазақстан мен Ресейдің сауда-саттығы мен инвестициясын қарастыру керек. Informburo.kz екі елдің экономикалық ынтымақтастығы туралы бұған дейін жазған болатын. Қысқаша айтсақ, Ресей – ҚР сауда-саттық серіктестері арасында Қазақстанға тауар тасымалдаушы елдердің арасында көш бастап тұр. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылдың қаңтар-шілде айларында елге келген барлық тауарлардың 38%-ы Ресейден әкелінген.

Теңге құнына әсер ететін тағы бір фактор – Ресейге қарсы санкциялар. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов те мәлімдеме жасаған болатын.

Басқа да факторларға Ресейге қатысты ақпараттық тәуелділікті айтуға болады. Рубль құнына әсер ететін жаңалықтар теңгеге де сезілетіні осыдан болса керек. Бұл ретте Ресейдің бір топ компаниялары, бизнесмендері мен шенеуніктеріне, соның ішінде Олег Дерипаскаға салынған АҚШ-тың санкциясын мысалға келтіруге болады. 9 сәуірде доллар 60 рубль тұрса, 11-де 63 рубльге көтерілді. Бір тәулік ішінде 10-11 сәуірде Қазақстанның ұлттық валютасы 6 теңгеге арзандады.

Кейбір сарапшылар теңгені рубльге жасырын байланыстырып қойғаны туралы пікірлерін айтады. Долларға қатысты Рубль арзандағанда, теңгенің де құнын жоғалтатыны осыдан дейді олар. Соған қарамастан рубль мен теңге арасындағы бағам айырмасы қатты өзгере қоймайтыны тағы бар.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Почему курс тенге зависит от курса рубля?

№6. Теңге мен рубль арасында тепе-теңдік болуы керек пе?

Текст карточки

Қазақстандық валютаның ресейдің рубліне шаққандағы бағамын тұрақты деп есептейтіндер де бар – 1 рубль 5 теңгенің айналасында тұрады. Шындығында да соңғы жылдары, 2014-2015 жылдардағы құлдырауды есепке алмағанда 0,5 теңгеге айырмашылық байқалмаса, аса қатты баға өсе қойған жоқ.

Тек 2014-2015 жылдары 1 рубль 4 теңгеге дейін түсіп, 3 теңгеге талпынған сәті әлі есімізде. Бұл кезде қазақстандықтар Ресейден жаппай көлік, жиһаз, азық-түлік, тіпті пәтерге дейін сатып алған. Қорытындысында қаражаттың көп көлемі Ресейге ағылып, керісінше қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі төмендеді.

Екінші жағынан алып қарағанда рубльге қатысты теңге нығайғанда ел экономикасы да бейімделеді. 1998 жылы да осындай жағдай болды: жыл басында рубль 13 теңгеге дейін өсті, жыл соңында 4 теңгеден асатын бағамға тұрақтады. Бұл екі ел валютасының арасында тепе-теңдік болмаса да экономикамыздың оған төтеп бере алатынын көрсетеді.

№7. Теңгенің рубльге қатысты бағамын қадағалауға бола ма?

Текст карточки

Мұның алдында сөз болғандай, теңгенің рубльге қатысты бағамы аса көп өзгермейді және аса қатты ауытқулар күтудің қажеті жоқ. Бұл ретте рубльдің шетел валюталарына қатысты бағамдарына қарап теңгенің аяқ алысын да байқауға болады.

Рубльдің теңгеге әсерін көптеген факторлардың бірі ретінде ескеру керек. Ұлттық валютаның тұрақтылығы басқа да факторларға байланысты: ел экономикасының дамуына, трейдерлердің болжамына және Қазақстанның басқа да ірі сауда серіктестерінің жағдайына. Осы факторларға қарай теңге де тегеуріні мықты екенін көрсетеді.

Авторы Юрий Масанов.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.