"Талаптардың орындалуын бақылау әлсіз". Алматылықтардың эко құқығы қалай қорғалған?
"Зеленое спасение" экоқоғамының зерттеуінше, Алматыда ауаның, топырақ пен судың ластануы, ағаштарды жаппай кесу мен зақым келтіру, арық жүйесінің бүлінуі, қалдықтарды басқару жүйесінің ескіруі, рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділердің көбеюі, көлік қозғалысының тиімсіз ұйымдастырылуы, қала аумағының бей-берекет өсімі секілді экологиялық мәселелер бар.
Мұндай мәселелердің туындау себебі:
- экологиялық саясаттың болмауы;
- қоршаған ортаны қорғау заңнамасындағы олқылықтар;
- мемлекеттік қызметшілер, бизнесмендер мен азаматтардың қоршаған ортаны қорғау туралы халықаралық және ұлттық заңнамаларды елемеуі және бұзуы;
- қоршаған ортаға сапалы және жүйелі мониторингтің жүргізілмеуі;
- экология мәселелеріне қатысты шешім қабылдау процесіне қатысудан қоғамның шеттетілуі (Орхус конвенциясын бұзу).
Экология мәселесінде адам құқығы қалай қорғалған?
Оқи отырыңыз: Алматы түтінге тұншығып тұр. 2-ЖЭО-н газға көшіру қала экологиясын жақсарта ма?
Аталған аудандағы тұрғын үйлерінің жанынан салынған автобус паркі – қаупі жөнінен үшінші деңгейдегі кәсіпорын. Мұндай кәсіпорынның санитарлық аумағы кемінде 300 метр болуы керек. Алайда бұл талап сақталмаған.
"Кәсіпорын жер заңнамасын бұзған. Әкімшілік орталық болуы керек орын қауіптілігі үшінші деңгейлі кәсіпорынға айналған. Санитарлық-эпидемиялық, экологиялық сараптама қорытындысы жоқ. Автобус паркіне қатысты ешқандай қоғамдық тыңдау өтпеген. Ешкім ақпараттанбаған. Осылайша ақпаратқа қолжетімділік бойынша адам құқығы бұзылған", – дейді экоқоғам төрағасы Сергей Куратов.
Экоқоғам өкілдері бұл мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдардан түсініктеме сұрағанда, түрлі жауап алған. Бірі ешқандай заң бұзушылық болмағанын айтып жауап берсе, келесілері заң талаптары бұзылғанын және автобус паркі оны жасырғанын мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Апорт алмасын жаңғыртуға жұмсалған 670 млн теңге еш нәтиже бермеген. Тоқаев тапсырмасы орындала ма?
Жағдайды қалай өзгертуге болады?
Жоғарыдағы бір ғана мысал. Сергей Куратовтың айтуынша, экологиялық құқықты қорғауға тек эко ұйымдар ғана емес, барлық адам атсалысуы керек. Ең бірінші кезекте куәгерлер. Яғни, заң бұзушылықтың орын алғанын байқаған қала тұрғындары тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға хабар беруі керек. Барынша жариялылық, сауатты қорғау, экологиялық ақпараттың қолжетімді болуы және жергілікті қоғамдастықтардың шешім қабылдауға қатысуы жағдайды өзгертуге болады.
Мәселен, Алматыдағы Алмагүл ықшам ауданының тұрғындары "Южный" паркіндегі ағаштарды аман алып қалған. Әкімдік ескі паркке қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін 400 ағашты кесуге шешім шығарған. Алайда, тұрғындар бұл туралы жұмыс басталып жатқанда ғана естіп-білген. Адамдар қарсылық танытып, бір жылға созылған талқылаудан соң, ағаштар кесілмейтін болды.
Қала мобильділігі саласының халықаралық сарапшысы, Velofriends қоғамдық қорының директоры Елена Ерзаковичтің сөзінше, Қазақстанда көлік экологиясына қатысты ешқандай мемлекеттік саясат жоқ, ал Алматыда экологиялық көлік түріне бейімделген стратегия жоқ.
"Қаланың бас жоспарында автобус паркі басқа жерде болуы тиіс еді. Бірақ, қала бірнеше жылдан бері бас жоспардағы міндеттерін орындамай келді. Бос жер табылды. Жалға алатын адам да дайын. Осылай қаланы жоспарлау құжаты мен шын өмірде диссонанс пайда болды", – дейді халықаралық сарапшы.
Елена Ерзакович осы мәселеге қатысты қоғамдық талқылау өткізіп, оған дейін даму жоспары мен стратегияларды тоқтата тұруды ұсынды. "Өндіріс нысандарының орналасуы бойынша заң бұзушылық болса, мұндай нысандарды алып тастау керек немесе тұрғындарды көшіру керек", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Алматы түгел жарықтандырылады. Қаланы тағы қандай өзгеріс күтіп тұр?
"Эко ұйымдар бірігуі тиіс"
Қазақстан экологиялық ұйымдары қоғамдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева экоқоғамдар бірігіп, бір жерге шоғырлануға тиіс деген пікірде. Парламентке келіп түскен Экология кодексін талқылау кезінде де мұның маңызы арта түспек.
Елена Ерзакович пікірлерді есепке алатын рәсімдерді әзірлеп, қабылдаған соң ғана бірге жұмыс істеуге болатынын айтады.
"Қоғамдастық, әсіресе, экобелсенділер қатысатын жұмыс топтарының пікірін есепке алу пысықталмаған. Қазақстанда пікірлерді тіркеу әдістемесі жоқ. Бізде адамдардың басын қосып, жиналыс өткізу, оның хаттамасын жазу секілді рәсімдер бар. Мысалы, көліктердің экологиялығын арттыру шаралары қағазға түсірілгеніне бес жыл болса да, оны міндеттеу мен жаңа әкім келгенде алып тастамау механизмі жоқ", – дейді ол.
Қазақстан экология ұйымдары қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов қоғамның рөлін күшейту үшін экологиялық заң бұзушылық бойынша өтініштерді тіркеу рәсімін жеңілдету қажет деп санайды. Оның сөзінше, "тіркеу мен есепке алу жүйесі күрделі және ол Кәсіпкерлік кодекске тәуелді.
ECO Network негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың айтары – азаматтардың жауапкершілігін арттыру.
"Қоршаған ортаға жауапты адам ретінде біреудің "оянғанын" күтпеуіміз керек. Ешкім оянбайды. Мәселе – қоқыста емес, біздің өз санамызда. Бір жыл бұрын бизнес пен мектептерде үнемді тұтынуды енгізетін және насихаттайтын ұйым құрдық. Қазір ұйымда 16 мың адам бар. 2-3 жылда миллион адамға жетеміз. Олар да қоғамға әсер ете бастайды", – деді ол.
"Зеленое спасение" экоқоғамының төрағасы Сергей Куратов "Қазақстан 1953 жылдан бері жұмыс істейтін адам құқығы мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы конвенцияға қосылса, экологиялық мәселелер бойынша Еуропалық сотқа жүгіне алатын еді" дейді. Бірақ әлі күнге дейін елде ондай механизм жоқ.
Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?
"Зеленое спасение" экоқоғамы Алматыдағы экологиялық мәселелерді шешу үшін келесі шараларды қабылдауды ұсынады:
- мемлекеттік қызметшілер, бизнесмендер мен қала тұрғындары экологияға қатысты заңнамаларды сақтауын қатаң қадағалау;
- қоғамда экологияға қатысты ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету;
- экологиялық мәселелерді шешуге қатысты процестерде қоғамның қатысуын қамтамасыз ету;
- заңсыз құрылыстарды тоқтату;
- қалдықтарды басқарудың қазіргі заманғы жүйесін құру;
- өзен-сулардың және су қоймалары аумағының ластануын тоқтату;
- қаланың жасыл қоры, соның ішінде парктер, саябақтар мен кішкене ормандардың жойылуын тежеу;
- жасыл желектерді күтіп ұстайтін бірыңғай ұйым құру;
- ағаштарды кесу бойынша бақылауды күшейту;
- тиімді көлік қозғалысын ұйымдастыру;
- қоғамдық көлік жүйесін жақсарту, троллейбус желісін дамытып, трамвай қозғалысын қалпына келтіру;
- қаладағы арық және нөсерлік кәріз жүйесі қалпына келтіру;
- арық жүйесіне жауапты бірегей ұйымды құру;
- Іле Алатауы ұлттық паркінің қызметіне әкімдіктің басқармаларының араласуынан қорғау, ұлттық парктің тұтастығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу.