"Ұшақ үйге соғылмаса, адамдар аман қалатын еді". Bek Air басшысы апатқа қатысты өз ұстанымын білдірді
Қайғылы оқиғадан кейін төрт күннен бері үнсіз жатқан Bek Air компаниясының басшылығы бүгін брифинг өткізіп, әуе апатына қатысты мәлімдеме жасады. Әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың сөзінше, компания қызметкерлері бүгінге дейін жан-жақты ақпарат жинаумен болған.
"Мен неге осы уақытқа дейін қандай да бір сұхбат бермегенімді түсіндіргім келеді. Біріншіден, біз басқалардан кем емес соққы алдық. Оның үстіне, бұл жәйт тікелей бізге қатысты болды. Апат болған алғашқы сағаттан бастап біз сол жерде болдық. Қызметкерлеріміз эвакуацияға және тергеу жұмыстарына көмектесті. Ауруханаға түскен адамдар бойынша ақпарат жинады", – деді Bek Air компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов.
Компания өкілдері әрмен қарай апатқа қатысты өз болжамдарын айтты. Нұрлан Жұмасұлтановтың сөзінше, егер ұшақ үйге соғылмағанда, жолаушылардың барлығы аман қалып, тіпті, ұшақ та айтарлықтай қирамас еді.
"Үй үш қабат қызыл кірпіштен тұрғызылған, қабырғасы қалың. Мұндай ғимаратқа соғылған ұшақ тұрмақ, танкінің өзі күл-талқан болады. Бұл апатта ұшқыштың еш кінәсі жоқ", – деді Bek Air иесі.
Осы тұста қираған үй иесіне өтемақы төлеу мәселесі көтерілді. Компания басшысы егер баспананың қожайынында тиісті құжаттары болса, өтемақы беруге дайын екенін мәлімдеді. Ал құжатсыз үйге бір тиын да төлемейтінін жеткізді. Қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, әуежай маңында салынған үйлердің заңдылығы тексеріліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Bek Air ұшағы соғылған үй иесі баспанасын заңдастырып үлгермеген
Әуе компаниясының өкілдері өздерінің апатқа қатысты алдын ала болжамдарын да айтты. Олар апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағының техникалық жағдайы мінсіз болғанын айтып отыр. Ал жантүршігерлік оқиғаға оның алдында ұшқан ұшақтың ілеспе ізі (спутный след) себеп болуы мүмкін екенін айтты.
"Жетінші секундтан кейін ұшақтың төменге қарай құлдилағаны байқалды. Әрмен қарай ұшақтың біресе оңға, біресе солға қарай қисайғаны анықталды. Әуе кемесі жерге жақындағанда қисаюуын тоқтатып, бағытын түзеген. Ал биіктегенде қисаюы қайтадан жалғасқан. Демек, апатқа ауа райы немесе ұшақтағы ақау емес, ілеспе із себеп болды деп болжап отырмыз. Ол күні ешқандай жел болмады. Егер жел тұрғанда ілеспе із бірден жойылып, екі рейс арасындағы ілеспе ізді жояр еді. Сол күні екі рейстің арасы тым қысқа болды", – деді компанияның ұшу қызметінің директоры Ерік Сапаров.
Ілеспе із (спутный след) – бұл аспандағы ұшақтың соңынан ауада қалдыратын ізі. Бұл процесті нақты түсіндіру үшін баспасөз жиынында бейнеролик көрсетілді:
Сапаровтың айтуынша, ұшақтардың ұшу аралығы екі минуттан кем болмауы тиіс. Сонда ілеспе ізі сейіліп, келесі ұшаққа қауіп төндірмейді. 39 тонналық Fokker-100 ұшағы қаралы күні Air Astana компаниясының 89 тонналық Airbus A320neo бортынан бір минут өткен соң әуеге көтерілген. Аталмыш әуе кемесінің қозғалтқышы өте қатты жұмыс істейді екен. Тиісінше соңынан қою ілеспе жолы қалатын көрінеді. Сондықтан, мамандар аталмыш ұшақтан соң келесі рейс арасындағы аралықты бес минутқа дейін ұлғайту қажет дейді.
"Апатқа ұшыраған ұшақтың 2021 жылға дейін барлық сертификаттары болған. Тиісінше ешқандай ақау байқалмаған. Ұшқыш та өте білікті, тәжірибелі маман болды. Ол 20 мың сағатын ұшақ басқарумен өткізсе, оның ішіндегі 4 000 сағаты дәл осы Fokker-100 ұшағының тізгініде болды. Марат Мұратбаев жолаушыларды аман алып қалу үшін барын салды, тіпті, өмірінің соңына дейін күресті", – деді компания қызметкері Ерік Сапаров.
Қазір жантүршігерлік апатқа байланысты кешенді тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әуе апатының нақты себебін аз уақытта анықтау мүмкін еместігін айтты.
"Ұшақтың қара жәшігі алынып, әуе апаттарын зерттейтін халықаралық ұйымға жіберілді. Сондай-ақ, Нидерландыдан өндіруші зауыттың өкілдері де келді. Әуе кемесі техникалық тұрғыдан өте күрделі көлік түріне жататынын жақсы түсінесіздер. Сондықтан қысқа мерзімде тексеріс нәтижелері мен апат себептері туралы айта алмаймыз. Өрт-техникалық, авиациялық және тергеу-медициналық кешенді техникалық сараптамалар жиынтығы тағайындалды. Осы тексерістердің нәтижесі бойынша, кейінірек апатқа нақты не себеп болғанын хабарлаймыз", – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Бас полицейдің айтуынша, тергеу жұмыстарының алдын ала қорытындысы 10 күн ішінде дайын болады. Әзірге апаттың үш себебі қарастырылып жатыр екен. Біріншісі – экипаж қатесі, екіншісі – борттың техникалық ақауы, үшіншісі – навигация қызметінің жұмысы.
Еске салайық, 27 желтоқсанда Алматы маңында Bek Air ұшағы әуежайдан ұшып шыққан бетте апатқа ұшырады. Бортта 95 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Әуе кемесі Талғар ауданы Қызыл ту ауылының маңында бос тұрған қос қабатты үйге барып соғылған еді. Бұл оқиғадан соң төтенше жағдай қызметі мен күштік құрылымдар бірден оқиға орнына барып құтқару жұмыстарына кірісті. Қиранды астында қалған адамдар шығарылып, дәрігерлердің қолына табысталды. Дегенмен, қатты соққыдан 12 адам ажал құшты. 67 жолаушы әртүрлі дене жарақаттарын алды.
Ұшақ апаты туралы толығырақ мына жерден оқыңыз: Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Қаза тапқандар бар
Апаттан зардап шеккендердің жағдайы қалай?
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін науқастардың жағдайына байланысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, барлық балалар жансақтау бөлімінен палаталарға ауыстырылған және ешқайсының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ қажетті емдеу шаралары әрмен қарай жүргізіле береді. Ал ересектер арасында тоғыз науқастың халі әлі де мүшіл. Олар жансақтау бөлімінде жатыр.
"Бір науқастың жағдайына қатты алаңдап отырмыз. Оның сүйектері сынғанына байланысты май эмболиясы пайда болды. Науқасты өкпенің жасанды желдетуіне ауыстырдық. Ұшақтағы екінші ұшқыш та сынықтармен реанимацияда жатыр", – деді Елжан Біртанов.
Қанды оқиғадан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған жолаушылардың туыстарына көңіл айтып, әуе апатына кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын айтты. Ал 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Демалыс күндері апаттан қаза тапқандардың денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмдардың отбасына үкіметтен көмек берілетіні белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Апаттан қаза болғандардың отбасына 4 миллион теңге көмек беріледі
Ал әуе компаниясы жеке өз аттарынан марқұмдардың отбасы мен зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетіні туралы нақты жауап бермеді. Тек компанияның сақтандыру компаниясына сілтеді. Бұған дейін "Аmanat" сақтандыру компаниясы Bek Air ұшағының апатында қаза тапқандардың отбасыларына 12 миллионнан астам теңге төлейтінін мәлімдеген. Ал жапа шеккен жолаушыларға емдеуге жұмсалған нақты шығындар көлемінде 505 мың теңгеге дейінгі өтемақы берілетіні белгілі болды.
Қазіргі кезде Bek Air компаниясында 9 ұшақ бар, компанияның лицензиясы тоқтатылды. Бірақ компания басшылығы соған қарамастан барлық қызметкерге жалақы төленетінен жеткізді. Нұрлан Жұмасұлтанов Bek Air ұшақтарына қойылған шектеу қаңтар айының ортасына дейін алынуы мүмкін деп болжады. Қазіргі кезде 9 мыңға жуық адамға билеттерінің ақшасы кері қайтарылған.
Апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағы 1996 жылы құрастырылған. Ұшақтың ұшу жарамдылығы туралы сертификат 2019 жылдың мамыр айында ұзартылған. Bek Air әуе компаниясында мұндай 10 ұшақ бар. Олардың 9-нда ұшуға жарамды екенін растайтын сертификат бар.