Тікелей эфир

Апаттан қаза болғандардың отбасына 4 миллион теңге көмек беріледі

Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Ақордада Bek Air жолаушылар ұшағының апатына байланысты шұғыл кеңес өтті
Жиынға Премьер-Министр, Президент Әкімшілігі басшылығы, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысы, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы және бірқатар министрлер қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болған азаматтардың жақындарына көңіл айтты. Жиынға қатысушылар қайтыс болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Президент Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесіп, қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Бұдан бөлек, қаза болғандардың жақындарына жан-жақты психологиялық және медициналық қолдау көрсетілетіні де айтылды. Зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек беріледі.
28 желтоқсан ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді.
Мемлекет басшысы кеңес барысында:
  • апаттың себебін сапалы әрі объективті түрде тексеруге;
  • "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ білікті мамандармен қамту жұмыстарын толықтай аяқтауға;
  • әуе компанияларының жұмысы мен авиациялық инфрақұрылым нысандарын тексеруге;
  • Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатының себебін анықтап, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тартуға;
  • Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын тексеруге тапсырма берді.
Сондай-ақ, бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің басшылығымен Bek Air әуе компаниясы ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында құрылған үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
"Алматы облысында болған ұшақ апаты қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып кетті. Өкінішке қарай, жолаушылар көз жұмды, жарақат алғандар да көп. Апатқа ұшыраған жандардың отбасына қайғырып көңіл айтамын", – деді Мамин.
Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр үкіметтік комиссияның алғашқы нәтижелерін, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға орнында жасалып жатқан жұмыс пен тергеу жұмыстарының жайын баяндады. Ал, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов апатта жарақат алғандардың жағдайы туралы айтып берді.
"Үкіметтік комиссия апаттың себебін анықтау жұмыстарының алдын-ала нәтижесін 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін қорытындылауы тиіс", – деді Асқар Мамин.

Толығырақ мына жерден оқыңыз: Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Қаза тапқандар бар

Естеріңізге сала кетсек, бүгін таңертең Bek Air әуе компаниясының ұшағы Алматы облысының Қызыл ту ауылының маңында әуе апатына ұшыраған еді. Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Қайтыс болғандардың жалпы саны 12-ге жетті. Алматыдағы медицина мекемелеріне 49 адам жеткізілген. Олардың 18-і ауыр халде жатыр.

Серіктестер жаңалықтары