Қазақстан соңғы он жылдықта діни алауыздықтан ауыр зардап шегіп келеді. 2011, 2012 және 2016 жыл Қазақстан тарихында террорлық оқиғаларымен есте қалды. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездері болған қанды қырғынды салафизм ағымының өкілдері жасады деп ресми мәлімдеген болатын.

2011 жылы Дін істері комитеті Қазақстанда 15 мыңға жуық салафит бар екенін айтқан. Салафизм ағымын ұстанатындардың өзі үш топқа бөлінетін болып шықты. ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқановтың сөзінше, олар:

  • матхалит;
  • сурурит;
  • такфирит деп жіктеледі.

"Матхалиттер бүкіл дәстүрімізге қарама-қайшы, бұлар өзін байсалды қылып көрсеткісі келеді. Елбасына мойынсұнамыз дегенімен, имамдарды, министрлерді, әкімдерді мойындамайды", – деп түсіндірді ол.

Матхалит – салафизмнің байсалды тобы болса, ал такфирит – радикал түрі. Сансызбай Шоқанов елдегі салафиттерді байсалды және радикалды деп бөліп, алғашқысын қолдаудың өзі қателік екенін айтады. "Жуас қасқыр болмайды, ол ашуланған күні қаруға жүгіруі мүмкін". Дінтанушы көрші елдердегідей бұл ағымға Қазақстанда тыйым салынуы тиіс деген пікірін айтты.

"Салафизм ағымдағы тұлғаны дәстүрлі дінге өткізудің басты ерекшеліктерінің бірі – оның күрделілігінде әрі қиындығында. Оның күрделілігі әрі қиындығының бір жағы бұл ағымның діни бірлестік ретінде тіркелмеуінде", – дейді дінтанушы Еркебұлан Қарақұлов.

Жақында "Асыл арна" телеарнасының негізін қалаушы және басшысы Мұхамеджан Тазабеков өзінің де осыған дейін күмәнді жолда жүргенін айтып, акидасын ауыстырғанын және "үй ішінен үй тікпеу керек екенін" түсінгенін жеткізген болатын.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының видеосы


Ал өткен апта ортасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады. Кездесу барысында бас мүфти мүфтият алдағы уақытта ихсан ілімін, Абайдың "кемел адам" концепциясын кеңінен дәріптеп, насихаттау жұмыстарымен айналысатынын жеткізді.

Салафизм. Идея ма, әлде ағым ба?

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов Қазақстанның нормативті-құқықтық актілерінде мұндай түсініктің жоқ екенін айтады. Бірақ, сарапшылар арасында "жалған салафизм" (псевдосалафизм) деген ұғым бар. Осы идеяның немесе ағымның жетегінде жүргендер оның мақсаттарын, қағидаларын жеткілікті деңгейде түсінбеуінен адасқан адамдар ретінде қабылданады.

"Сондықтан терминдерге абай болу керек. Әртүрлі діни ағым бар. Зайырлы мемлекет болған соң мәселеге заң жүзінде, одан кейін зайырлық жүзінде қарауымыз керек. Қандай да бір діни ағым не бірлестік Конституциямызға, заңдарымызға қарсы теріс пиғылда болса, олардың жұмысына ешқандай рұқсат берілмейді. Онлардың ісімен құқық қорғау органдары айналысады", – деді Ержан Нүкежанов.

Оқи отырыңыз: Дін атын жамылған теріс ағымдар туралы

Заңгер Орынбасар Тілепбергенов болса, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңның негзсіз тұстары барын айтады.

"Заңның бірінші тарауында "мемлекет ешбір дінді міндетті және мемлекеттік емес деп мойындамайды" делінген. Кейінгі бір тарауда "мемлекет діни саясатты жүргізеді" дейді. Тағы бір тұста "мемлекет діни мақсатпен әлеуметтік құрылыс пен алауыздыққа бағытталған әрекеттерге жол бермейді" дейді. Бұл заңның өзінде дәстүрлі діннің басымдығы берілмеген. Қайта бізге керек емес миссионерлік қызметті қосып қойған. Оны алып тастау керек", – дейді заңгер.

Оның пікірінше, 25 тараудан тұратын заң қазіргі заман талаптарына жауап бере алмайды. Дінбасының рөлі көрсетілмеген. Заңгер қазақстандықтар діни саясат пен діни қызметті жүргізетін бір адам мен ол өкілеттік берген азаматтардың әңгімесі, уағызы негізінде өмір сүру керек деп есептейді.

Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай салафизмнің тарихы соңғы екі-үш ғасырға созылатынын айтады. Салафизм идея, ұстаным, көзқарас ретінде де бар. Сол ұстаным, сол көзқарас пен сенім әрі қарай белгілі бір топты қалыптастырып, белгілі бір адамдардың басын қосып, бір-біріне қолдау жасатып отыр. Сондықтан ол салафизмді идея деп те, ағым деп те айтуға болатынын жеткізді.

Салафизмнен "жалған салафизмді" бөлу дұрыс па?

Заңгер Орынбасар Тілепбергенов бұл тұрғыда бір ғана ұғымды қалдыру керек деп есептейді. Ал Ержан Нүкежанов жалған салафизм десе де, басқа атаумен атаса да, адам өміріне, елдің бірлігіне қауіп төндіретін ағым не идеяның, қозғалыстың әрекет етуіне рұқсат берілмей керектінін алға тартты. Мемлекеттік органдар керісінше оларға қарсы жұмыс жүргізуі тиіс. Бас прокуратура сайтында 20 шақты экстремистік және террористік ұйымға тыйым салынған деп көрсетілген.

"Ақтөбе мысалын не өзге оқиғаларды алсақ та, теріс ағымның жетегінде кеткен адамдар қару ұстап, адам шығыны болды. Біздің әскерімізге шабуыл жасалды. Оны жасаушы жалған салафит бола ма, әлде басқа бола ма, қалай болғанда да жалған идеяның жетегінде ел халқына қауіп төндірді", – деді Дін істері комитетінің төрағасы.

Журналист Ардабек Солдатбай өзінің салафит екенін ашық жариялап, Мұхаммед пайғамбардың сүннет жолын жалғастырушымын деп есептейді. Оның сөзінше, тәкпірлер, хариджиттер секілді 73 ағым өкілдерінің бәрі өздерін "ахлю сунна" дейді.

"Біз харижиттерге сендер сияқты патшаға қарсы шығатын "ахлю сунна" емеспіз деп айтамыз. Біз салафи ахли суннамыз. Мазхаб көп. Бірақ, бүкіл ғалымдар келісімге келіп, төрт мазхабты қабылдады. Бір мазхабты ұстаймын деп айту үшін ол мазхабты жақсы білу керек. Мазхаб мектеп деген сөз. Ол мектептің ғалымдарын біліп, кітабын оқу керек. Діндегі мақсатымыз – дінді дұрыс ұстану", – деді ол.

Оның пікірінше, халық, діни сарапшылар, теологтардың салафиттер мен басқаларды айыра алмауы басты мәселе болып отыр.

Оқи отырыңыз: Елімізде қанша дін бар? Діни араздыққа жол бермеу үшін не істеу керек?

Салафизм қайдан шықты?

Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқайдың айтуынша, "салаф" деген алдыңғы өткен буын. Мұхаммед пайғамбар "ең қайырлы буын ол – менің буыным" деген. Ғұламалар пайғамбар, сахабалар өмір сүрген үш ғасырды қайырлы кезең деп атайды. Ханафи мазхабын ұстанушылардың барлығы – салафтың жолын ұстанушылар.

"Яғни, мен Ханафи мазхабындамын ба, бәрібір мен салафтың жолын ұстанушымын. Соңғы екі-үш ғасырда Таяу Шығыста "тек біздің сенім дұрыс" дейтін жаңа бір топ шықты. Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб "біз ғана салафиміз" деді. Олар "Салафтың жолын ұстанушы біз, қалғандарының барлығы Алланың дінін бұзғандар, өзгерткендер" деп біледі", – дейді имам.

Еркінбек Шоқайдың сөзінше, салафизм деген термин ХХ ғасырдың басында қалыптасқан, осы бағытты насихаттаушы Әлбани "біз уахабилер емеспіз, салафиттер жолын ұстанамыз" деп жариялаған. Бұл оған дейін тарихта "Уахабилер қозғалысы" деп танылған. Мұхамед ибн Абдул-Уаһһабтың бауыры ХVІІІ ғасырда бұл қозғалысты қауіпті деп айтқан.

"Жиырмасыншы ғасырдың басында қалыптасқан салафизм атауына қазір "салафисымақтар", яғни өздерін салафизм деп жариялаушылар, бірақ та салафтың жолын ұстанушылар емес деп жүр. Псевдосалафизм деген осыларға қатысты айтылған сөз. Салафизм мен уахабизм екеуі бір", – деді Алматы қаласының бас имамы.

Салафтар қоғамға қауіпті ме?

Еркінбек Шоқай салафтар психологиялық, қоғамдық және туыстық қарым-қатынастар, елдің тұрақтылығы тұрғысынан қауіпті деген ойда. Қазақстанда болған террорлық оқиғалар осыған дәлел.

"Хариджиттер деп айтып жатқандар өздерін салафиміз дейді. Тәкфириттер де, матхалиттер де өздерін салафиміз дейді. Барлығы Мұхамед ибн Абдул-Уаһһабты өздерінің көсемі ретінде таниды. Салафит деп жүргендердің топ-топ боп бөлінуінің негізі түпкі діни сенімде емес. Ол саяси ұстанымда. Әрі қарата діни сенімді іс-әрекетке айналдырамыз ба, айналдырмаймыз ба деген саяси сенім, саяси ұстаным, саяси көзқарастарда ғана айырмашылық бар. Ал түпкі діни көсемде, діни ұстаным мен сенімде онша айырмашылық көрмеймін", – деді ол.

Заңгер Орынбасар Тілепберген саяси сеніммен өз мақсаттарын жүзеге асыратындарға арнайы бөлек термин табу керек деп есептейді. Оның сөзінше, оларды діни экстремистер қатарына жатқызса да артық емес.

"Терминдерді реттеп, діни экстремист деген мынау деп заңға жазу керек. Бізде олай емес. Діни бірлестік құру үшін ҚМДБ рұқсатын алмаймыз. Уәкілетті орган кім? Діни басқарма ма, әлде дін істері комитеті ме? Бас мүфтиді ғана тыңдауымыз керек. Бас мүфтидің мәртебесі заңмен реттелмегеннен кейін дін басшырлары көбейіп тұр", – дейді заңгер.

Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан қандай да бір дінге басымдық бере алмайтынын еске салды. Сондай-ақ, діни ұйым заң бұзбаса, уәкілетті орган Конституцияға сәйкес оның ішкі жұмысына араласа алмайды.

"Біздің жұмысымыз – құқық бұзушылықтың алдын алу. Аймақтардағы дін басқармаларының арнайы түсіндіру топтары адамдар жиналатын орындарға барып түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ең басты қауіп интернетпен байланысты болып отыр. Интернетті заңмен оқшаулай алмаймыз. Деструктивті 17 мың сілтемені анықтадық. Сириядан оралғандармен, түрмеге қамалғандармен сөйлескенде "интернетке кірдік, білмедік" дейді. "Біліміміз болса, қазіргідей түсіндірсе бұған бармас па едік" дейді. Яғни, ең басты кемшілік жеткілікті және дұрыс білімнің болмауында", – дейді ол.

Қазір Қазақстанда Теологтар, заңгерлер, психологтардан құралған түсіндіру топтары бар. Лекторлар саны екі мыңнан асады. Бұған қоса 300 діни сауатты адамдардан арнайы пул құрылған. Олар аймақтарда жұмыс істейді. ҚМДБ жақында арнайы мониторинг топ құрған.

Оқи отырыңыз: Қазақстан исламның ұлттық моделін жасауы керек

Ардабек Солдатбайдың сөзінше, салафтар топтаспайды, бір жерге жиналып уағыз тыңдамайды.

"Мүфтияттар, имамдар "маған басшы деп бағын" дейді. "Мен не айтсам айнытпай орындауың керек" дейді. Жоқ, менің басшым – президент. Рұқсатын, батасын берсе, жиһадқа баратын жалғыз басшым бар. Ол – президент. Небір имамдарды көрдім, бірақ, солардың басты қоятын талабы – жамағат сол имамды бастық деп қабылдауы керек. Мешітке кіргеннен иманға "имеке, имеке" деуді мен қабылдай алмаймын. Ол бастық емес, қоғамдық бірлестіктің мешітке аманат етіп дінді дұрыс үйретсін деп қойған адамы. Ол маған басшы емес", – деді журналист.

Заңгер Орынбасар Тілепберген дінбасы рөлін күшейтіп, діни экстремистік лидерлердің бәрін қамау керек деп есептейді. Себебі, жыланның басын шапсаң, оның құйрығынан уы шықпайды.

Ержан Нүкежановтың сөзінше, Терроризмге қарсы орталық Қазақстанда 20 мың деструктивті радикалды топ өкілдері бар деген дерек келтірген.

Салафизммен күресте ең негізгі мәселе не?

Еркінбек Шоқай салафиттердің саны азайып жатқанын және халықты адастыратын насихаты шектелгенін айтады. Ал олардың ең негізгі проблемасы – екінші тарапты тыңдамауы.

"Атырауда қызмет еттім. Радикалды көзқарастарын өзгертуге олардың бізді тыңдамауы үлкен кедері болды. Ал тыңдағандарының 70-80 пайызының пікірі өзгерді, – деді имам.

Ол қоғамдағы салафиттердің негізгі сипаты туралы айтқанда сыртқы атрибуттарға қатты мән берумен келіспейтінін айтады. Мәселе оның санасында. "Имамдарды мүлдем қабылдамаймын, оларға бағынбаймын" деу белгілі бір атрибуттардың бірі. 14 ғасырдан бері дәстүрлі ұстанымды насихаттап жүрген дін қызметкерлері – имамдар. Бір имамның оғаш қылығын көріп, барлық имамға топырақ шашуға болмайды.

Өзін салафит деп ашық мойындаған Ардабек Солдатбай өздерін "дінде барды істеп, жоқты істемейміз" дейді. Салафилер дәстүрге қарсы емес десе де, беташардың кейбір тұстарымен келіспейтінін жеткізді.

Дәстүрлі дін қайдан шықты?

Ержан Нүкежановтың сөзінше, заңда дәстүрлі, дәстүрлі емес деген түсінік жоқ, бірақ, халық ата-бабасы ұстанған рухани жолды дәстүрлі жол деп түсінеді. Десе де, заңда Исламның Ханафи мазхабы деп тайға таңбай басқандай жазылған.

"Діни бірлестік ретінде жұмыс істеу үшін тіркелу керек. Лаңкестікке, басқа жолға бастаса немесе іс-әрекет қылса, ондай діни бірлестіктің жұмысына жол берілмейді. Заңға қайшы іс-әрекеттер атқармаса, діни идеясы мен көзқарасы үшін кемсітушілікке жол берілмейді. Ең бастысы заңға бағынуы керек", – деді Дін істері комитетінің төрағасы.

Орынбасар Тілепберген діни алауыздық тудырған азаматтар арнайы орында жазасын өтеуі керек деп есептейді. Әйтпесе темір тордың ар жағында отырып-ақ әртүрлі себеппен сотталғандарға ықпал етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Карантин кезінде діни ағымдар ықпалы да күшейді. Олардан сақтану үшін қалай кеңес алуға болады?

Ержан Нүкежанов "Жусан" операциясы бойынша Сириядан елге оралған 150 әйелдің 90-95 пайызы оңалту жұмысы кезінде "адасыппыз, қателігімізді мойындаймыз" деген келісімге келген.

"Неге түркі халықтары Ханафи мазхабын таңдады?" деген сауалға жауап берген Еркінбек Шоқай Әбу Ханифа Қазақстанға жақын әрі оның шәкірттері бұл өлкеде жұмыс жасауға өте белсенді болғанын айтады.

"Діни көзқарастағы, діни ұстанымдағы бірізділікті қалыптастыру үшін сол кездегі билік те ықпал етті. Билікке қоғамның әртүрлі бағытқа кетіп қалуы қатты мүддесіне саймайды. Мемлекет аумағында тұрақтылық тыныштық болуы үшін бірізділік болғаны жөн. Ал салафиттерде сенім мәселесінде біраз ақау бар", – деді ол.

Заңгер Орынбасар Тілепберген қаржылық топтар мен теріс ағымдардың жақындасуы мен теріс ағымдағы азаматтардың қаржылық баюуы үлкен проблемаға айналғанын айтты. Ол қаржыландыру жолын шектеу керек деп есептейді.

Дәстүр "бидғат" па?

Журналист Ардабек Солдатбай адамдардың өздері ойлап тауып дінге қосқан амалдарын бидіғат деп түсінеді. Имам Еркінбек Шоқай болса былай деп түсіндіреді.

"Бидіғат деген мәселені Пайғамбарымыздың хадисінен бастап түсіндіру керек. Пайғамбарымыз айтады, дінімізде болмаған, мүлдем дінімізде жоқ нәрсені біреу шығарса, сөйтіп дінге қосса онда ол қайтарылады дейді. Көрінген нәрсені "бидіғат" демей осыдан бастау керек. Алла Тағала Құранда "сендер дұға жасаңдар" деді. Бір адамға емес, жамағатқа айтып отыр. Жамағатпен бірге отырып дінде негізі бар амалды жасайтын болса, ешқанай оқасы жоқ", – деді Алматы қаласының бас имамы.

Араб елінде тәлім алған имам "жетісі" "қырқы" деген дінмен астасқан дәстүрлерді жақтайды. Оның пікірінше, қазақ салт-дәстүрінде дінге қарама-қайшылық жоқ.

"Біздің халқымыз өзі данышпан халық. Түркілердің ислам әлеміне соңғы он ғасырда ықпал еткенін білеміз. Себебі, түркілерде мәдениет пен тәртіп басқаларға қарағанда күшті. Түркілер дінімізде орындалатын істерінің бәрін әдемілеп жүйелей берген. Өткеннің артынан дұға жасау міндет пе, міндет емес па? Пайғамбар хадисінде "өткен адам артынан ізгі ұрпақ қалатын болса, оның дұғасы барып тұрады" деген. Біздің халқымыз көңіл айтуды, дұға жасауды әдемілеп жүйелеген. Адамдар қайта-қайта сапырылып жүрмесін деп жеті күнде бір келсін, тек қана дұғаларын алып емес кішкене шәйін беріп, ақ дастарханын жайып жүелеп тұрып дұғаларын алған. Қырық күндігін жетісінде келе алмағандар келсін деп жасаған", деді Еркінбек Шоқай.

Оқи отырыңыз: Қазақша оқылған жаназа. Діни рәсімдерді бірыңғайландыру бастамасы неге аяқсыз қалды?

Имам беташардың да дінмен байланысын айта келе, дәстүр мен дінді бір-біріне қайшы қоюдың қателік, халықты адастыру екенін ескертті.

"домбыра тартып тұрған кісі келінді әулетпен таныстырады. Әулетте үлкені бар, кішісі бар бәріне сәлемін салдырады. Ал енді Құранда "бір-біріңмен танысуларың үшін сендерді ру-ру қылып бөлдік" делінген. Келін басқа әулеттен келіп тұр, сол үшін келін деп аталады. Келгеннен кейін әулетпен ресми танысып жатыр. Яғни, беташарда шариғат орындалып тұр. Құранда "бір үйге кірсеңдер, сәлем салып кіріңдер" деп жазылған. Келін әулетке кіріп тұр. Сәлемін халқымыз осылай әдемілеп, салтанатты түрде ұйымдастырған.

Құдайды қайдан іздеу керек?

Еркінбек Шоқай құдайды іздеп мешітке, имамға келу керек дейді. Себебі, имам – арнайы оқыған маман.

"Құранда "сендер білмесеңдер білетіндерден – мамандардан сұраңдар" делінген. Дін туралы журналист не кәсіпкер жауап береді деп тұрған жоқ . Дін маманы – имам. Сондықтан бүкіл сұрақты имамға қою керек", – деді ол.

Ардабек Солдатбай болса, дін туралы әркім бірдей сөйлемеуі тиіс екенін жеткізді.

"Білгісі келе ме, мешітке барсын, үйренсін. Бірақ, өзі де ізденуі керек", – деп сөзін түйіндеді ол.

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.