"Қазіргі уақытта карантиннің қатаң талаптарына сәйкес көптеген қазақстандықтар өздерінің тұрақты табысынан айырылып отыр. Мұндай жағдай олардың өмірден түңіліп, пессимистік ойларға бой алдыруына әсер етуде. Еліміздегі деструктивті діни ағымдардың тәжірибелі жетекшілері осы жағдайды ұтымды пайдаланып, белсене жұмыс істей бастады. Олар халықты билікке, дәстүрлі қоғам өкілдеріне қарсы қойып, өздерінің теріс идеяларын насихаттайды", – дейді сарапшы.
Елнар Берікбаевтың айтуынша, 17 мен 35 жас аралығындағы азаматтар деструктивті діни ағымдардың ықпалына ілесуге бейімдеу келеді. Мұндай жандардың 80 пайызы діни ағымға интернет арқылы тап болады екен.
Оқи отырыңыз: Дін атын жамылған теріс ағымдар туралы
Ал, "Social Development Center" қоғамдық қорының корпоративті байланыс жөніндегі менеджері Бейбіт Тұрабаев қазір Қазақстанда 20 мыңнан астам деструктивті діни ағым өкілдері тұрып жатқанын айтады:
"Олардың басым бөлігі Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген. Бұл ағымдардың қоғамға тигізер қаупі өте жоғары. Біз осындай ағымдарға қарсы құрал ретінде "114" жедел желісін қайта іске қостық. Бұл желі деструктивті ағымдардың ықпалына еріп кетіп, қиындыққа тап болған азаматтарды сауықтыруға бағытталған".
Бейбіт Тұрабаевтың айтуынша, қазірге дейін 800-ден астам қазақстандық азамат лаңкестік ұйымдардың құрамында соғысу үшін басқа мемлекеттерге аттанған.
"2008 жылы бірқатар қазақстандықтардың "Әл-Каидаға" қатысы бар топтардың құрамына кіру үшін Ауғанстанға барғаны анықталды. Ал, 2013 жылдан бастап, азаматтарымыз Сирия мен Иракқа ағыла бастады. Қазақстаннан кеткен деструктивті діни ағым өкілдері "Әл-Каида", Ислам мемлекеті, ислами жиһад одағы және тағы басқа лаңкестік ұйымдарға кірген", – дейді Бейбіт Тұрабаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстан исламның ұлттық моделін жасауы керек
Сарапшылар "114" желісі қазірге дейін өзінің халыққа қажет жоба екенін дәлелдеп үлгергенін айтады. "Ізгі істер" қоғамдық қорының мәліметінше, 2019 жылдың жартыжылдығында сенім телефонына Қазақстанның әр өңірінен 6 мыңнан астам қоңырау түскен. Халықтың осындай қажеттілігін көрген соң, жоба қайтадан қолға алынып, жаңартылыпты.
Жедел желінің барлық операторлары – дінтану саласында кәсіби білім алған азаматтар. Сұрақтарға қазақ және орыс тілдерінде жауап беріледі. Қойылған сұрақ белгілі бір салаға қатысты, аясы тар сұрақ болған жағдайда, оператор қоңырау шалушыны теолог, заңгер не психологқа бағыттайды. Жобаның сайтында онлайн кеңес алуға болады. Қажет болған жағдайда, кеңесшілер қайта қоңырау шалады.