Пітір садақасы – қазақы танымда "жан садақасы" деп аталған

85 грамм алтыны не сондай құнға ие байлығы бар адам бір жылда бір рет Ораза айт намазы оқылғанға дейін пітір садақаны беруге міндеттелген. Көбінесе ораза айы кезінде беріледі. Ол – жаңа туылған сәбиден бастап қартқа дейін уәжіп етілген (беру міндетті емес, бірақ, берсе жақсы) садақа. Пітірді отағасы береді.

Пітір садақасының мәні – өмірге келіп, жер басып жүргені үшін беріледі. Сонымен бірге маңайындағы мұқтаж адамдарға "адамдық қасиетін" әйгілеп берілетін көмек.

Оқи отырыңыз: Мешітке түскен садақаның есеп-қисабы алынатын болды

Пітір садақасының құны қалай есптеледі?

Пітірдің құны садақа беруші тұрған жердегі ішпек-жемек бағасына сай салыстырмалы түрде есептеледі.

Бұл туралы "Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық" атты кітапта былай жазылыпты: "Пітір садақасы мына төрт нәрсенің кез келген біреуінің өзінен немесе құнынан беріледі. Кедейлердің кез келген қажетіне ыңғайлы болғандықтан құнын беру – абзал".

  1. Бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшері: 1 келі 459 гр. немесе соның құны.
  2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2 келі 918 гр. немесе соның құны.
  3. Құрғатылған жүзімнің уәжіп болған мөлшері: 2 келі 918 гр. немесе соның құны.
  4. Құрғатылған кұрманың уәжіп болған мөлшері: 2 келі 918 гр. немесе соның құны
Алайда, бұл жазылып, қатып қалған заң емес. Мысалы, ата-бабаларымыз қорасында бар малдың саны бойынша пітір садақасын есептеген. Берілген пітір мұқтаж адамның кемі бір қажетін қанағаттандырғаны дұрыс.

Кедейлер садақаны қалай береді?

Қазақта "жақсы сөз жарым ырыс" деген аталы сөз бар. Яғни, басы ауырып, балтыры сыздаған адамдарға психологиялық жақтан көмектесіп, ауырлығын бөлісу де – садақаға жатады. Немесе жұмысын істеп беру, жол бойы тұрған кісілерді ала кету, өнер-білім үйрету, асар жасау да түптеп келгенде садақа.

Мысалы, қазақтың көшіп келген ауылға "ерулік" апаруы, жол бойы қымыз ұсынуы, ас беруі мен той-томалақтағы таратылатын сыйлықтар мен тамақтардың барлығы бір қарағанда салт-дәстүріміз болғанмен, екінші жағынан өзара адамгершілік көмек екенін көруге болады.

"Жесірі мен жетімін жылатпаған елміз" деудің өзі – біздің халықтың адамгершілік пен азаматтықтың биік шыңын бағындырған текті халық екенін түсіндірері хақ.

Демек, әр ізгі ниетпен істелген іс садақа.

Оқи отырыңыз: Құрбандыққа малды қайдан алып, қалай шалған дұрыс?

Садақа бергендер күпірлік ойлаудан сақтаныңыз

Күпірлік ету – берген көмегі не садақасына Тәңір, яғни Алла-Тағала сөзсіз разы болады, сауап жазады деп астамшылық сезімге берілу. Сол үшін кез келген игі, ізгі істі істегенде міндетсіну мен оны мақтан үшін пайдалану күпіршілікке әкеледі. Сол үшін атам қазақ әр кезде істеген ісі үшін "Алла күпірлікке жазбасын!" деп сақтанып отырған. Жақсылық жасадыңыз ба, оны ұмытыңыз.


Мешіт қызметкерлерінің мұқтаж жандарға көмек тарату сәті/ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтынан алынды

Сол себепті, қазақта күпірлік ойламай берген садақаға Алла разы болады деген түсінік бар.

Пітір садақаны мешітке, әлде мұқтаждарға берген абзал ма?

Ең алдымен туыс-туғандардың ішіндегі жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге және басқа да мұқтаждарға беріледі. Егер ондай туыс-туғаны болмаса, көрші-қолаң арасындағы мұқтаждарға беріледі. Міне бұл – әр адамның өз туыстары мен көршілері және дос-жарандары алдында жауапкершілігі бар екенін білдіретін адамгершілік амалы.

Оқи отырыңыз: Жетегіңдегіге жекіме...

Германияда тұратын Өмірхан Алтынның пікірінше: "Әр адамның туыстары мен көршілері алдында өзіндік жауапкершілік міндеті бар. Тіптен, қажыға баратын адамның туыстары мен көршілерінің мұқтаж болмағаны абзал деген шарттың бар екенін білесіздер. Сондықтан пітірді және басқа садақаларды ең бірінші сондай міскін, жоқ-жітік адамдарға беріп, көмектесу керек. Егер қасыңызда, айналаңызда жоқ болса, онда мешітке бересіз. Мешіт мұқтаж адамдарды тауып беруге міндетті".

Зекет немесе малын кірлеу – мал садақасы

Зекет те – жылына бір рет берілетін дәстүрлі садақаның түрі. Яғни жиған мал-мүліктен мұқтаждарға берілетін көмек. Оны қазақтар "малдың кірі" немесе "малын кірлеу" деп атаған. Бұл да азаматтың әлеумет алдындағы жауапкершілігін білдіреді. Бай өз малын "адалдап" алса, кедейлер алдындағы борышын өтеген болады.

Зекет (араб.: زكاة‎ – тазарту) – мұсылмандардың бес парызының бірі, яки мұсылмандықтың төртінші шарты, қоғамдағы кедейлерге берілетін міндетті садақа. Шариғат бойынша, кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруге міндетті. Дерек Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды.

Зекеттің құны немесе нысап ұғымы

Қазақстан алтынының құны (KZT).



Бір грамм алтынның 2018 жылы алтыншы маусымдағы құны 13 780,51 – 13 861,08 теңге аралығында. Байлығы 85 грамм алтынға, яғни 1 млн 171 мың 343,35 теңгеге жететін адамға міндет етілгенін көруге болады. Бұл мал-мүлік садақасы – зекетке қатысты.

Қазақ танымында өзінде не нәрсе көп болса, содан зекет берген. Мысалы, қой саны үшін белгіленген зекет – 30 тұяқтан асса бір мал, жүзден асса екі мал.

Ал зекет бермеген адамды "нысапсыз" деп атапты.

Нысап – қазір діни орындарда "нисап" деп қолданылып жүр. Нысап – қанағатқа берілген мөлшер ұғымы.

"Ал "нысап (нисап)": 40-тан 121-ге дейін 1 қой, 121-ден 399-ға дейін 2 қой, 400-ден бастап жүзден бірі зекет түрінде садақаға берілуі керек. Сиырдың саны 30-ға жетсе, "нысапқа" толған болып, 30-дан 39-ға дейін 1 тайынша, 40-тан 59-ға дейін 1 құнан өгіз не құнажын сиыр, 60-тан 69-ға дейін 2 тайынша, 100-ден 202-ге дейін 4 тайынша, не 3 құнан өгіз, не 3 құнажын сиыр, бұдан жоғары сандарға жеткенде әр 30-дан бір тайынша, не әр 40-тан 1 құнан өгіз, не құнажын сиыр зекетке беріледі.

Түйенің саны беске жетсе, "нисапқа" толады. 5-тен 9-ға дейін 1 қой, 10-нан 14-ке дейін 2 қой, т.б., 196-дан 200-ге дейін 4 бесті інген зекетке беріледі де, одан жоғары санға жеткеннен кейін әр 50 түйеге 1 дөнежін інгеннен есептеледі. Айналымдағы алтын-күмістің салмағынан 40-тан бірі зекетке беріледі. Сондай-ақ, 20 мысқал (96 г) алтынның, яки 200 дирһам (641 г) күмістің бағасындай сауда мүлкінен де, ақшадан да 40-тан бір мөлшерінде зекет беріледі" деп жазылыпты Уикипедия ашық энциклопедиясында.

Арамтамақтық немесе тамағын адалдан ішу

Қазақы танымда еңбексіз тапқан мал – арам. Оны пайдаланғанмен жұқпайды немесе сіңбейді. Тіптен, біреудің адал еңбегі болғандықтан қарғысы тиеді не ұрпағына, не болашақта өзіне кесел болып жабысуы мүмкін.

Сондықтан, ешқашан еш себепсіз біреудің мал-мүлкін алуға болмайды.

Бұл – енді бір жағынан, адамды еңбекқорлыққа, адал ас жинауға және екінші жағынан, тапқан малынан ағайындарына қарайластыратын тәрбиелік мәні бар ескерту.

Мысалы, біздің әжеміз кешкі ас кезінде балаларына "тамақтарыңды адалдап ішіңдер" деп отырады. Оны естіген балалар тамақ ішер алдында сөзсіз бір жұмыс істеп келеді. Міне, мұндай ұлағатты тәрбиелер ел арасында жалпы салтқа айналып, таралып кеткен.

Тауып алған олжаны да кірлейді

Аталарымыз жауынан шауып алған немесе ойда-жоқта тауып алған олжаның да белгілі мөлшерін елге, жоқ-жітіктерге таратып, садақа деп ас берген. Сонда ғана мал не зат адалданып, сіңеді деп есептеген. Бұл да – зекеттің бір түрі.

Түс садақасы

Садақаның түрлері көп. Соның бірі – түс садақасы. Адам түс көріп оянғаннан кейін "жақсылыққа жорып", сосын қасындағы кез келген адамға түс садақасын береді. Адам болмаса, итке тамақ тастайды.

Марқұм әке-шешелері түсіне кірсе, кейбіреулер таңертең жеті шелпек пісіріп таратады, құран оқытады. Тіптен, мешітке барып, молдаға көрген түсін жорытатындар немесе мешітке садақа тастап, құран оқытатындар қазір де көп.

Садақаны патшаға да итке де беруге болады

Садақаны қасындағы адамға, тіптен патшаға да беруге болады. Егер бергеніңді патша алмаса, оны "астамшылдық, тәкаппарлық" ретінде қабылдаған.

Жоғарыда айтқандай түс садақасы деп итке тамақ тастайтындар арамызда әлі көп. Бұдан садақаның кез келген жанға беруге болатынын түсінуге болады.

Мертік ас жинау

Қазақтар мертігіп қалғанда, яғни абайсызда не аттан жығылып сүйегі сынғанда көрші жеті үйден "мертік ас" жинатады. Мертіккен адамның бала-шағасы не туысы таңертең ерте көршісінің үйіне барып, мертік ас жинап жүргенін айтады.

Үй иесі тамақ береді және оған қосымша қолынан келген көмегін аямайды. Жиналған тамақты пісіріп жейді. Кей жерлерде мертік ас 40 үйден жиналады екен. Тіптен, көршілері арнайы мертік асын дайындап әкелетін болған.

Бұл – адам мертігіп жұмысқа жарамай қалғанда көршілері тарапынан берілетін көмектің, садақаның бір түрі.

Топтық түрде жасалатын көмек

Мысалы, жылу жинау мен асарлатуды айтуға болады. Бір отбасы қиындыққа ұшыраса, немесе жоқшылықтан үй сала алмай қиналса, туыстары мен көрші-қолаңдары жылу жинап, көмектеседі.


Балалар үйі тәрбиеленушілеріне сыйлық тапсырып жатқан азамат / Фото informburo.kz

Тіпті, барлығы жиналып, белгілі бір жұмысын істеп береді. Бұл – асар. Көршілер мен туыстарын, дос-жарандарын асарға шақырады әрі барлығына жететін тамақ асылады.

Бұл да – көмектің, садақаның бір түрі.

Сауға беру

Сауға – қазақ қоғамындағы дәстүрлі ұғым. Соғысқа, жорыққа қатыспағандар әскери олжадан сауға сұраған. Жеңілген батырдың, тұтқынға түскен адамның бас бостандығын, өмірін сауғалаған.

Жеңілген жауынгердің өзі кейде өз өмірін сауғалап алып қалуы мүмкін. "Сауға сұрау" дәстүрі ел ішіндегі асыраушылары жоқ, жарлы-жақыбайларға, кемтарларға жорық олжасынан үлес алуға мүмкіншілік жасаудан туып, қалыптасқан.

"Бәлен жүз, бәлен мың есе сауап" деп уағыздайтындар бар

Аталарымыз садақа беріп, сауап не басқалай қайтарым күту – күпірлікке жатады деп есептеген. Жақсылық ешқашан жамандық әкелмейді. Қайта жолыңды ашады, ұрпағыңды қиянаттан қорғайды. Алла пәле-жәледен сақтайды деп есептеген.


Жұмада Әзірет Сұлтан мешіті ішіне сыймаған қауым намазын сыртта оқиды / Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтынан алынды

Қазір бергенін жарнамалайтындар, әр істеген ісінен сауап дәметіп, "садақаны мүддемен" байланыстырады. "Бәлен жүз немесе бәлен мың есе сауап" деп күпірлікке берілетін адамдар тобы қалыптасқан және ондай түсінікті уағызында насихаттау белең алған.

Құдай тағалаға деген шексіз сеніміне кіршік түсіргісі келмейтін адам садақаны саналы түрде беріп, өзін қарапайым ұстайды, бергенін ешуақытта әспеттеп жарнамаламайды.

Қазақтар құл ұстамаған

Аталарымыз қанша бай болса да, құл ұстамапты. Тек жалшысы болған. Бірақ, ешқашан еңбегін жемеуге тырысқан. Қазақтың байы өз руластарының басқа жерде құлдықта жүргеніне намыстанған, оған жол бермеген. Керісінше, түрлі тәсілдермен жылу жинап беріп, дұрыс өмір сүруіне, еңбек етуіне мүмкіндік жасап отырған. "Жетімі мен жесірін жылатпаған" деген осыдан шыққан.

Ал араб, парсы халықтарында құл ұстау дәстүрі туралы көп айтылады. Бұл дәстүр хадистер арқылы қазақтарға жеткенімен, шын мәнінде құл ұстау деген болмаған. Оған жол берілмеген.

Ал соғыс тұтқындарын жалшы ретінде пайдаланды. Алайда, оларды да үйлендіріп, өз туғаны санап, сіңіріп жіберіп отырды.

Садақаны кім, қалай беріп жүр?

  • Сүйіспеншілікпен садақа беру – өзінің міндеті, борышы ретінде сезініп, шын ниетімен, жариясыз көмек беру әрі сол үшін ешқандай қайтарым дәметпеу. Мұндай адамдар күпірлік те ойламайды. Міне, бұл – нағыз ізгі амал. Жүрегі таза, қулық-сұмдығы жоқ пенделердің тірлігі.
  • Мақтану үшін садақа беру – ел алдында атын шығару, қоғамның назарын өзіне аудару үшін аты-жөнін айтып, жариялап беретін садақа. Шын ниет болуы мүмкін, бірақ мұнда белгілі мүддені көздеп берген жағы басым.
  • Дүрмекке ілесіп садақа беру – "ел беріп жатыр, ұят болмасын" деп, басқалардан имене садақа беру. Кей бейуаз жандарға ешқандай бұрыстығы жоқ болып көрінеді. Екінші жағынан қарағанда адамгершілік пен өзара сүйіспеншіліктің қадір-қасиетін сезіндіреді.
  • Садақаны не үшін беретінін білмейтіндер бар. Мысалы, "көшеде қол жайып отырған сығандарға, тәжіктерге (олардың бизнес көзі болуы мүмкін ғой), тіптен кей арақкештерге де ақша тастап кетемін" дейтіндер бар. Бұл – еш ойсыз берілген садақа.

Ендеше, садақаны қалай беру керек?

Садақа – пітір, зекет, көмек, жылу, ақыл-кеңес, өнер-білім, тәрбие түрінде беріледі.

Ең алдымен шын жүректен таза ниетпен, жанашырлықпен, өз маңымыздағы адамдардың өміріне деген ортақ жауапкершілікпен, махаббатпен, еш мақтанышсыз, күпірлік ойламай риясыз көңілмен көмек беру керек. Бердім екен демей, оны тез ұмытып, одан қайырым күтпеу керек.

Садақаға не беруге болады?

Адал еңбегімен тапқан табысынан ақшалай не заттай бергені дүрыс. Былайша айтқанда ақша, тамақ, киім-кешек, мал-мүлік, жақсы сөз, білім-өнер үйрету, тәрбие беру – барлық пайдалы заттар мен игілікті істер түрінде беруге болады.

Садақаға не беруге болмайды?

Денсаулыққа зиян келтіретін арақ-шарап, шегімдіктер, ұрлап алған не тартып алған пайдасыз заттарды – қысқартып айтқанда жан мен тәнді аздыратын заттарды беруге болмайды.

Кей адамдар мұқтаж жандарға ырымдап қара қой, ақсақ мал бергісі келеді. Тіптен дуалаған малды береді. Бұндай жаман ниетпен берілген "көмек" садақаға жатпайды.

Садақаны алған адам не істеуі керек?

Әрине, ойламаған жерден көмек алғанда мұқтаж адамның қуанары хақ. Ең алдымен, көмек қолын созған, садақа берген адамға ризашылығын білдіріп, рақмет айтады. Көп жағдайда, бата береді.

Екінші жағынан, алушы көмекті мұқтаждығына пайдалануы тиіс. Тегін келген зат ретінде қарап, албаты төгіп-шашпай, арақ-шарапқа, ойын-күлкіге жұмсап, жөнсіз істерге бармағаны жөн.

Ақыл-есі кем кей адамдарға садақа немесе көмек ықыласын білдіре алатын туыстары арқылы беріледі.

Әрине, садақа не көмек берген адам үшін айтылған жақсы тілек, бата көптік етпейді. Көңілге жақсы.

Ораза кезінде берген садақаның сауабы басқа кезден көп пе?

Қазір кей имамдар мен уағыз айтушылар "ораза кезінде істеген амалдың сауабы басқа кездегіден көп болады" деген сарында көп айтатын болып кетті.

Әр айдың, әр күннің, әр сағаттың, тіптен минут-секундтің қадір-қасиеті бірдей. Ораза ұстайтын ай деп шартты түрде айтылғаны болмаса, басқа айлардан еш артық-кемі жоқ. Қасиетті, қасиеті кем ай деген мүлде болмайды. Ораза жылдың төрт мезгілінде өз кезегімен ауысып келіп отырады. Әрине, мұсылмандар үшін ораза айын құран түскен ай.

Алайда, кейбір имамдар көнеден келе жатқан сарында уағыз айтады. Яғни, олар жай халыққа психологиялық тұрғыда қысым түсіретіндіктерін өздері сезінбеуі мүмкін.


Ораза кезінде Әзірет Сұлтан мешітінде берілген ауызашар / Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтынан алынды

Мұндай "осы айда садақаны көп берсең, Алла тәттіні көп береді" дегенге саятын логикасыз, жүйесіз, шала әрі күпірлікке жетелейтін уағыздар адам көңілінде түсінбестік тудырады.

Қай кезде, қанша берсеңізде, садақаның аты садақа. Тек түзу ниетпен бер. Ол біреудің мұқтажын өтеп, қажетіне жараса болды.

Мешіт-медіресе және мектеп салу – өте үлкен садақа

Қалтасы толып, дәулеті артқандар елі-жұртының игілігі үшін мешіт, медіресе, спорттық кешендер, мектеп секілді түрлі нысандар салады.

Бұл – олардың түрлі жолдармен тапқан байлығының бір бөлімін зекетке шығарудың жолы. Енді бір жағынан, табыстарын адалдап алу тәсілі. Екінші жағынан, оның ел-жұрты алдында өтеуге тиісті борышы саналады.

Кейде, салған мешітке не басқа да нысанға ғибратты тұлғалардың атын береді. Бұл да – айтулы кісілердің ізгілікті өмірін ұрпаққа үлгі ету үшін істелген амал. Сондықтан, әр қандай іске түсіністікпен, жақсы ниетпен қараған абзал. Ал қандай мақсатта салынса да, оны Алла өзі таразылайды. . Міне, бұл – қазақы танымдағы ұғымдардың бір бөлігі ғана.

Бұрынғы заманда мешіт те, медресе де мектептің рөлін қоса атқарғаны белгілі. Осыны ескерсек, мектеп салуды көбейтсе құба-құп болар еді.

"Зекет" қоры кімге көмектеседі?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы "Зекет" қорының директоры Талғат Омаров қордың 2018 жылдың жарты жылдық есебін жариялады.

Бұл ресми мәлімет бойынша, биылғы 1 қаңтарда қордың есеп шотындағы қалдық – 201 170 125 теңге болған. "Барлық адамға – баспана" қайырымдылық акциясына түскен қаражат 5 000 000 теңгені құраған.

Бірінші жарты жылдықта қайырымдылық бағытта жұмсалған қаражат – 35 952 241 теңге болған. Аталған акция бойынша, құны 10 200 000 теңгеге баспанаға аса мұқтаж, тұрмысы төмен отбасына екі пәтер сатып алынған. 1 011 000 теңгеге Аягөздегі су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек жеткізіліпті.

Қор 2013 жылы құрылған. Шариғат үкімдеріне сәйкес зекеттің жинақталуы мен таратылуын жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.

Еуропа қазақтары пітірлерін Қазақстанға әкеліп таратты

Еуропадағы пітір садақасының биылғы құны 10 еуроға тұрақтаныпты. Ол жақтағы қандастарымыздың жағдайы жақсы болғасын пітірден жиналған қаржыны Алматы және Астана қалаларындағы мұқтаж жандарға әкеліп таратып жатыр екен.

Германияда тұратын Өмірхан Алтын ағамыз: "Қазір Қазақстанда қиындық көріп отырған ағайындарымыз көп. Әсіресе, Қытайдың қысымына байланысты екіге бөлінген отбасылар – әкесі не шешесі Қытай түрмесінде отырған жетім балалар мен жесірлер көп. Біз оларға шамамызша көмектесейік деп шештік. Осы жолы жиналған пітір садақа мен көмек қаражаттың басым бөлігін соларға тараттық. Қазақстанда қиындыққа тап болған кез келген қазақ көмексіз қалмауы керек. Ол әр мұсылманның – қазақтың парызы" дейді.


Германияда тұратын Өмірхан ағамыз Астанадағы №9 емханаға келіп, науқасқа Еуропадан әкелген пітір садақадан көмек берді / Фото informburo.kz

Ақсарбас атап, садақа беру бәле-жаладан сақтайды

Ертеректе жұрт бір қиындыққа тап болса, не ажалдан аман қалса "ақсарбас" атап, мал сойып, елге садақа тарататын. Мысалы, атақты Қабанбай батыр бабамыз ауырғанда "Қорасанға қой айттым, Арасанға ат айттым" деп садақа атауы тегіннен тегін емес.

Үлкендер: "Садақа таратып жүріңдер, біреуге көмектесуден кем болмайсыңдар. Жолдарың ашылып, Алла пәле-жаладан қорғайды. Астамшылыққа, тәкаппарлыққа бармаңдар. Кішіпейіл, мейрімді болыңдар. Аруақтарға арнап садақа таратыңдар, құран оқыңдар, ұмытпаңдар. "Өлі разы болмай, тірі жарымайды" деген. Ар-ұждандарыңды сақтап, адамгершіліктеріңді жоғалтпаңдар. Алла бәрін көріп тұрады. Есепсіз нәрсе болмайды" деп үнемі ақыл айтып отыратын.

Бұл ғибратты әңгіменің бәрі өмір көрген үлкен кісілердің, құран ұстанған молдалардың айтуларынан жазылып алынды.

Ораза қабыл болсын!