Тікелей эфир

Құрбан айт пен қажылық: көне таным мен жаңа бизнес

Фото carbonated.tv сайтынан алынды
Фото carbonated.tv сайтынан алынды
Құрбан шалудың мәні – жаппай мал сою емес. Нағыз қажылықтың мәні де басқада. Кеңес үкіметі орнағанға дейін бұл туралы қазақ ғұламаларының пікірі өзгеше болған.

Құрбан шалу қалай пайда болды?

Біз бұл жерде молдалар күнде айтатын Ибраһим пайғамбардың құрбан шалу хикаясын айтпаймыз. Әр заманның тарихи артқы көрінсіне, шарт-жағдайына, белгілі себепке қараймыз.

Мысалы, сол кездегі хадистерден жеткені. Ислам діні түскенде араб түбегіндегі өмір сүрген тайпа іші надандыққа толы болғаны айтылған. Мұхаммед Мұстафа (с.ғ) пайғамбар оларды дұрыс жолға жетелеу үшін өзінше тәсіл мен түсінік жасаған.

Оқи отырыңыз: Құрбандыққа малды қайдан алып, қалай шалған дұрыс?

Ол жерде көктем мен қыс болмайды, біздің жердегідей төрт түлік малды өсіру де қиын және адамдардың бір орынға жиналуы да ыңғайсыз еді. Машина мен ұшақ жоқ, интернет жоқ – сол замандағы түрлі адамдарды жинап, оларға жол сілтеу үшін, белгілі бір уақытта дәстүрлі шара, науқан өткізу керек екені белгілі. Сонымен халықты жинап, мал сойып, садақа таратып, жол көрсетті. Әрі ол дәстүр ретінде қалыптасты.

Ал, Құрбан айттың бір күнге белгіленіп отыруы сол кездегі заман мен қоғам талабы болды.

Құрбан шалудың мәні – малды қызыл-қырман етіп қырып тастау емес

Құрбан шалу – төрт түлігің сай болсын не болмасын, таза да адал еңбекпен тапқан дүние-мүлкіңнің белгілі бір бөлігін таза ниетіңмен "құрбанға шалып" көрші-қолаңға, туыс-туғанға, дос-жаран және басқа да кіріптар пенделерге көмекке беру.

Оқи отырыңыз: Садақаны кімге, қалай берген дұрыс? Нысап, күпірлік және садақаның байланысы

Ол – тек қана малды қызыл-қырман етіп сойып тастау емес! Мектеп салып, емделуге көмектессе де болады. Себебі, адал еңбегімен тапқан мал-мүлкінің бір бөлігін арнайды. Құрбандық шалуда қалай пайдалы, ысырапсыз болса – солай істеу керек.

Құрбандықты әр күні шалсаңыз да болады

Яғни әр күні өз адал еңбегіңмен тапқан затты не қаржыны кіріптар пенделерге беріп көмектесуіңізге болады.

"Құрбандыққа 12 мүшесі сау, жеуге жарамды, ірі денелі қой-ешкі немесе сиыр шалынады. Құрбандық иесі сол өзі шалған малды мініп, қарасат майданы күні астында тозақ оты жанған қыл көпірден өтеді" – делінетін сол кездегі адамдарға түсіндіру үшін айтылған ұғым. Бұл өте логикалы және іліми түрде айтылған шариғат болатын.

Оқи отырыңыз: Мешітке түскен садақаның есеп-қисабы алынатын болды

Ендеше, сіз өз нәпсіңізді ауыздықтап, адал еңбегіңізбен тапқан мал-мүлкіңіздің бір бөлегін таза ниетіңізбен "құрбанға" шалсаңыз немесе берсеңіз жетіп жатыр. Бұл сіздің кемелділік сарайыңызды кеңейтіп, жақсылыққа жетелейді. Кемелділікке жетуді – қыл көпірден өтумен түсіндіруге болады. Кемелділікке жеткен адам пендешіліктен арылады. Яғни нәпсінің құлы болмайды. Мәнді де сәнді, салихалы, ғибыратты ғұмыр кешеді. Міне осылар нағыз қыл көпірден өткен пенделер. Міне, бұл – құрбандық шалудың мәні.

"Халқымызға не пайдалы болса, соны істеу – құрбандық шалумен бірдей"

Енді 19 ғасырдың соңы 20 ғасырдың басында өмір сүрген, Алаштың ардақты азаматы, көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға шақырып, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш атамыздың құрбан шалу туралы мына тәпсіріне кезек берейік:


Ғұмар ҚАРАШ (1875-1921)

"Әлгі жоғарыда бірсыпырасының аттары жазылған қатырма тысты қалың кітаптарға қарағанда құрбан айының 10-ынан бастап 12-сі күні күн батқанға шейін халі жеткен адамдар бір қой яки бір ешкінің, я болмаса түйе, сиырдың біреуінің жетіден бірін шалып, қанын ағызуы шарт.

Құран шарифтің 32, Хажы туралы сүресіндегі: «ләм янәлуллаһу ләхуахұма уәлад мәһуһа уәләкин янәлуһу әннаһуа минку» деген терең мағыналы аятына қарағанда, Алла разылығы үшін деп шалынған малдың еті, қаны жетпейді, бәлки ақ ниет, адал жүрек жетеді, яғни малды шалып, қанын ағызу яки табақтап етін тарту мақсұд емес, бәлки адам мал-мүлкін қиып, жақсы күндерде Алла жолына түсуі мақсұд деген.

Оқи отырыңыз: Жұмадағы бір садақаның сыры

Бірдің емес, көптің, жалпы жұрттың, ұлттың пайдасына жараған орынды. Алланың өзі һеш нәрсеге мұқтаж емес. Енді осы заман халін, ұлтымыздың жәйін ойлап қарасақ, әлгі аяттың көрсеткен жолымен жүрсек, сол құрметті ізгі үш күнде нендей орын тиісті, ұлтымызға пайдалы болып, сол орнымызға малымызды сарп ету жарайды, нағыз сауапты құрбан болып мойнымыздан түседі. Мұнда һешбір садақа болуға орын жоқ".

Дүмше молдалар ғана тек мал союды дәріптеп жүр

Енді Ғұмар Қараш атамыздың Құрбан шалу тұрғысында Хамидолла бауырына жазған пәтуә хатын куәлікке шақырайық.

Ғұмар Қараш: "Құрметлі бауырым Хамидолла! Сізге бұның ғажап болып көрінуі – жасыңыздан құрбан деген қан ағызу деп басыңызға сіңіп қалғандықтан, Сізге үйреткен молдалар құрбанды ашып, шариғаттың рух пәлсапасын үйретудің орнына, әлгі қалың кітаптардағы мың жыл бұрынғы халге, заманға қарай айтылып қалған сөздерді үйретіп, осыдан айрылмай, тап осыны өзгертпе дегендіктерінен. Өзіңіз ойлап қараңызшы: жыл сайын хаждардағы Мына деген жерде құрбан күні жүз мыңнан артық мал: қой, түйе, сиыр бір күн ішінде шалынып, жерге көміледі, бұл ұят емес пе?! Мұндай исрапты ақ шариғат қосар ма?

Оқи отырыңыз: Жетегіңдегіге жекіме...

Міне, осылардың бәрі шариғаттың рухын тастап, адасуымыздан келіп тұр. Пайғамбарымыз (с.ғ.) заманасында ислам мәдениетінің негізі жаңа басталып салынған уақыт болғаны үшін мектеп, медресе, кітап-құрал деген заттар болмаған, жазу-сызу да мұнда аз болған. Сол себепті ол күндері құрбандықты шалып, фақыраға етін таратудан басқа тиісті орын табылмаған. Осы күнде пайғамбарымыз тіріліп, қайтадан арамызға келіп, халымызды көрсе, ең әуелі бастап өз құрбандығын сатып, біздің ғылымды-өнерлі болуымызға, басқа елдерге қатарласуымызға жұмсар еді".


Жыл сайын құрбан шалу орындары белгіленеді

Құрбандықты сатып алуға болады / Фото muslim.kz сайтынан алынды


"Табиғаттың жолы солай"

"Ғалымдар – пайғамбарлардың жолын қуушылар" деген сөз бар. Тек айт, жұмада мінбеге шығып, тыңдаушылар түсінбейтін бір тілменен хатбе (құтпа – авт.) оқудан пайғамбарға ілтипат табылмайды. Бәлки осындай орындарды халыққа түсіндіріп, ілгері басуына себепші болу – әне, сол пайғамбарға қарыздық болады. Бізде қазірде түрлі орындарда ресми рұқсаты бар қайырымдылық қоғамдар ашып, солар арқылы зекет, құрбандықтарымыздың пұлы жиналып, мектеп-медреселер ашу, мұқтаж шәкірттерді оқыту, білікті мұғалімдер алдыру, пайдалы кітаптарды бастырып тарату – бірінші парыз.

Бұған пәтуа беріп бастап көрсету, халыққа түсіндіру – ғұламамыздың, ашық пікірлі, санасында саңылауы бар адамдарымыздың міндеті. Енді мұндай орындар лайықты үгіт айтуға уақыт келгендей көрінеді. Һәрбір халықтың мәдениет тарихы қаралса, дүниеге шыққан хақиқаттардың баршасы да "Шек пе екен, бұ қалай? Бұ солай ма екен?"-менен басталған екен. Бізде де "Бұ қалай?"-лар көріне бастады. Енді ұзамас. "Е-е-е, солай екен, солай керек екен"-дер де дүниеға шықса керек. Табиғаттың жолы солай", – депті кезінде Ғұмар Қараш атамыз.

Ендеше, құрбан шалу дәстүрімізді де заман мен қоғамға сай, одан да оңтайлы, пайдалы да, ырықты етіп ұйымдастыруға тиіспіз. Яғни, елге не керек болса соған бейімдеп, қазіргі ел-жұрттың басындағы тауқыметтер мен қиындықтарды көздей отырып, пәтуалы түрде жүйелеуіміз керек.

Қажылық қалай пайда болды?

Қажылық туралы әр күні молда-имамдар тарапынан айтылып жатқан пәтуаны айтып шаршамайық. Жаңаша пайымды айталық.

"...Осылайша бұзылған қауымға соңғы пайғамбар жіберілді".

Мұхаммед Мұстафа (ғ.с.) пайғамбар 520 жылы Меккеде туылып, 632 жылы сол жерде қайтты. Ол өмір бойы өзінің ата-мекені мен ел-жұрты үшін ғұмыр кешіп, мұсылман қауымы үлгі тұтар тұлғасына, жол бастар ұстазына айналды.

Ол кісіге деген құрмет пен ізет және пайғамбардың сол құм даладағы бейуаз халықты қорғау, тура жолға бастаған жанкешті өмірін сезіп-біліп, көру үшін күллі әлемдегі адамдар Мекке мен Мединаға аттанатын болды.

Міне бұл – қажылық болатын.

Қажыға бару – тек ғана Мекке мен Мединаға барып, тәу етіп келуді білдірмейді

Қажылық – адамның кемелділікке ұмтылуы жолында пайда болды. Яғни, Алланың елшісі атанған Мұхаммед Мұстафа пайғамбардың ғибратқа толы ғұмырын сезіну, үлгі алып, кемел білімін тарату, жол нұсқау үшін деген мағынада.

Әрі қажыға баратындар Құдай алдындағы адалдығы мен тазалығының жолын бұзбастан, пайғамбарды үлгі етіп, ең алдымен өз төңірегіндегі ел-жұрттың жақсы өмірі мен тұрмысы үшін аяусыз еңбек етті. Жетім-жесірге қарайласып, ата-аналық, көршілік парызын орындады.

Сосын ғана өз адал еңбегімен тапқанымен ғана қажылыққа аттанатын. Айлық жолдан, көрмеген елдерден өтіп, ең соңында пайғамбар ғұмыр кешкен Мекке мен Мединаға жететін. Сонда жиналған әр жерден келген ғұламалармен сұхбаттасып, тәлім-тәрбие алатын. Жол бойы әйгілі мешіт-медреселерден ілім үйреніп, көрген-білгендерін өз пайымдарымен бағамдайтын. Осылайша қайта оралған «Қажы» ел мен жер танып, көптен тәлім алған, «кемелділіктің» жолын түсінген азаматқа айналатын еді.

Қажыға баруды сауап үшін деп қарау да жеткіліксіз көзқарас. Ақша қуған секілді өлі "сауап" дәметіп, міндетсу – мұсұлманшылыққа жат.

Қазіргі қажылық – бизнес пен атаққұмарлықтың, саяхаттың түріне айналып бара жатыр


Адамның көптігінен Сауд Арабиясы қажылыққа шектеу қойды – бес жылда бір рет

Адамның көптігінен Сауд Арабиясы қажылыққа шектеу қойды – бес жылда бір рет / Фото alkafeel.net сайтынан алынды


Қазір тіпті белгілі ақын-жазушылардың әлде бір саяси топтың қаржысымен алақайлап, «Қажылап» бара жатқанын жиі көреміз. Сосын қайта оралып, әлгі өзін ұшпаққа жеткізген адамдарды жырлағанын көзімізбен көріп, жағамызды да ұстадық.

Сіз қазір Мекке мен Мединаға барып, пайғамбардың сол кездегі тағылымды ғұмырын көзіңізбен көре алмайсыз, оның басынан өткен ауыр күндерді, ғибратты тірлігін сезіне алмайсыз. Себебі, қазір заман да, адам да, таным-түсінік те басқа. Есесіне ол жерде бизнес қызып жатыр.

Оның орнына қажылық пен турфирмаға кеткен қаржыны кіріптар пенделерге үлестірсе, әлдеқайда сауапты, әлдеқайда сүйікті пайғамбарыңыздың үмметі болуға лайықты іс болар еді.

Қажылар қаржыны басқа мұқтаждыққа жұмсаса дәрежесі кеми ме?

Мыңдаған жетімдері шетелге сатылып, жесірлері жылаған, бейуаздары үйсіз қаңғыған елден 2500 қажы биыл да қажылыққа аттанғаны шүйіншіленді. Алайда, қуанатын іс пе? Оны көзқарақты оқырман өзі бағамдай жатар.

Жылайтын істер де көп. Ал олардың мыңдаған доллар қаржысы онсыз да әлемдегі ең бай Сауд-Арабия патшалығына құйылып, миллиондаған малдың қаны қызыл-қырман ағады. Тіптен, осы жылы Сауд патшалығы жүздеген миллиард АҚШ долларына әскери қару-жарақ сатып алғаны да жасырын емес. Ол кімнің қаржысы?

Ендеше, қажылар неге саналы түрде сол қаржыларын халықтың қажеттілігіне жұмсауға тырыспайды? Неге елімізде мектеп салып, бала тәрбиелеп, адам емдеуге жұмсауға үгіт-насихат жүргізілмейді?

Шын мәнінде, бұл мәселе – қажылыққа барушы мен қажылыққа апарушының ниетіне және діни ұйымдардың уағыздарына, пәтуаларына байланысты болып тұр.

Егер қажы кемел тұлға болса, мүмкін басқа жолды таңдар еді. Себебі, қажылық – мансап емес, атақ емес. Бұрынғы заманда шынымен жоғары дәреже болатын. Ал қазір "қажылыққа бармай қажының жұмысын істеп жүргендер" де бар. Міне, солар нағыз қажылар...

Әркімнің туған жері – Мекке, ішкен суы – зәмзәм

Пайғамбар да өз туған жерін сүйді. Жан-тәнімен қорғады, ел-жұрты үшін аянбай еңбек етті. Міне бұл – ең ұлы үлгі.

Қарапайым ғана түсінік. Егер сіз құмды шөлде сусырап өлуге таяғанда бір жұтым суға кез болсаңыз ше? Сіз үшін ол су – ең қымбат, ең тәтті болар еді ғой. Ендеше әркімнің өз туған не тұрған жеріндегі су – зәмзам. Міне бұл – зәмзәм суының мәні болатын.

Құмды-шөлді араб жерінде құрма деп аталатын ризық-жемісі өседі. Әрине, мұндай тәтті жемістер әркімнің туған жеріне қарай әр түрлі.

Егер, Мұхаммед пайғамбар Алтайда туылса ше? Онда Алтайдың суын ішіп, жемісін, құрт-ірімшігін жер еді ғой.

Сондықтан, әр қандай ақиқаттан миф жасамау керек. Әр жерге, әр пендеге түскен ризық – қадірлі. Ал бұл зәмзам суын ішпеңіз дегенді білдірмейді. Зәмзәм суындай өз жеріңнің суын да қадірле дегенді түсіндіреді.

Ертеректе қажылар осы қағиданы қарапайым халыққа түсіндіру үшін зәмзам суын алып келіп, туыстары мен көршілеріне ішкізді. Құрамы мен дәмі де бірдей екенін елге көрсетті. Табиғаттың берген әр тамшы ризығын қадірлеуге шақырды.

Барлығын "сауап" пен "хор қыздарын алуға" шақыру – сәбиге "тәтті берем" деп алдаумен тең

Кейде мешітке барып, шариғат тыңдай қалсаңыз "Анау сауап, мынау сауап, бәлен күні ұстаған бір күнгі ораза 1000 жыл ораза ұстаған сауаппен тең" немесе "жұмаққа барғанда алдыңнан бәлен мың хор қызы күтіп алады" – дейді.

Не сонда? Мешітке сауап деп нәпсі мен қатын іздеп бара ма жұрт?

Қазір "Сауап" сөзінің мағынасы өзгеріп кетті. Ақша қуған секілді өлі"сауап" дәметіп, міндетсіген қауым пайда болды.

Мешітке тәлім-тәрбие, білім алу үшін, кемелділікке жету жолын үйрену үшін барады. Ал садақа беріп, амал жасау – нәпсіні тиып, өз ниетін дұрыс жолға тәрбиелеудің бір ғана тәсілі, жолы ғана.

Бұндай түсінік ата-бабаларымыз бен әке-шешелерімізден, тарихпен келіп, қанымызға сіңіп кеткен.

Көне бабаларымызды мысалға алсақ, кешегі өткен би-шешендеріміздің ғибратты ғұмырлары, арттарына қалған тәлімге толы шешендік сөздері – бізге ауадай қажет. Біз өзіміз сезіне алатын, тез түсіне алатын сол бабаларымыздан қалған ауамен тыныстасақ қандай керемет болар еді.

Ең қысқасы, аң мен наннан кие іздеп, "торғайдың қарғысын", "ұсталған дұшпанының обалын" ойлаған дегдарлықты неге түсіне алмай жүрміз?

Ол үшін өзімізге бейтаныс арап тарихын, орта ғасыр тәпсірін, орта шығыс салтын үйренудің не керегі бар?

Атақты Қабанбай мен Бөгенбайдай батырларымыз, Әйтеке, Қазібек, Төле бидей ақылмандарымыз, Қорқыт, Асанқайғы, Нұрмұхамбет абыз, Науан қазірет, Марал ишан, Бекет ата сынды абыз-әулиелеріміз, Абай, Шәкәрім, Зуқа батыр, Ақыт қажы сынды тұлғаларымызға дейін "Алланы өз жүректерінен, кеуделерінен іздеді".

Неге?

Себебі, олар Алла тағаланы өз кемелділіктерін, рухын тану арқылы таныды. Міне бұл, дін саясат пен миф емес екенін, адамның өзіне қажет екенін түсіндіреді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары