Тіршілік тігіндісіндегі Талапты
Шерхан Мұртаза туған әрі өмірінің соңғы кезеңінде тұрған ауылдағы толғаныс."Күйген картоптың" күлкісі
Қарасы мен аласы бар, күреңі мен жирені бар, мама бие мен сақа айғыры бар, ойнақтаған құлыны мен осқырынған тайы бар елу-алпыс қылқұйрық шұрқырап шеткі көшемен өтті. Жылқы ауылдың асфальт көшесіне іліккенше қалың шаң тұрған. Олар қатар-қатар желіп көшеге түскен соң шаң азайды, бірақ топырлаған тұяқ пен кісінеген дауыс күшейе берді.
360 градусты айналып түсіретін керемет камерасы бар Нұрбек Бекен жылқыны бейнекөрініске тартып жүр. Нұрбек – Жамбыл облыстық "Әулиеата медиа" холдингінің басшысы. Тұрған жеріміз – Талапты. Қазақстан медиасының қайталанбас тұлғасы, бағасы өзіне дейінгі және кейінгі бүкіл бас редакторлардан биік Шерхан Мұртазаның үйінің алдындамыз.
Кешікпей Шерханның інісі Батырханның баласы Әлижан мен оның ұлы келді. Қақпа ашылды. Салынуынан бүкіл Қазақстан хабардар болған, Жамбыл мен Жуалының азаматтары қол ұшын берген, Талаптының тұрғындары түгел келіп тер төгіп кетуді парыз санаған үйдің ауласына кірдік.
Өзіміз қатарлы Әлижанмен аулада сұқбат құрдық. Ол үрейлі 37-нің "үндемесінде" айдалып кетіп, содан оралмаған Мұртазаның, жарынан қалған екі баланы қайтсем аман сақтап қаламын деп қанша азапқа түсетін Айшаның отын өшірмей жағып келеді. Арманда кеткен Мұртаза мен арманы таусылмаған Айшаның екі ұлы Шерхан мен Батырхан қуғын-сүргінсіз ұзақ өмір сүрді. Шерханның жалғыз ұлы Батылжан бізбен курстас еді. Алматыда тұрады. Туған ауылда Батырханның ұлы Әлижан қара шаңырақты ұстап қалған. Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесін басқарды.
– Шерхан аға аңшылыққа жоқ еді. Тек атқа мініп бірер сағат тау жаққа шығып қайтатын, – дейді Әлижан. Сондықтан аңды қыру емес, қорғау – бұл әулеттің бір қасиеті. "Қызыл жебеде" Рысқұлдың барысты аяп, атпайтыны сияқты.
– Ал балық аулауды жақсы көретін, – деп сөзді сабақтады Бекет Момынқұлов. Бекет – Бауыржанның әкесі Момыштың інісі Момынқұлдың немересі. Бұл да Батылжан сияқты бізбен курстас. Орыс бөлімінде оқығанымен, қазақшаға судағы балықтай. Ұзақ жыл Жамбыл облыстық орыс тілді газетке бас редактор болған. Шер-ағаң Алматыдан Жамбылға келгенде алдымен іздеген інілерінің бірі.
– Бірде анау таудың суына балыққа бардық, – деп қырғыз жақ емес, оған қарсы солтүстік жақтағы жатаған тауды нұсқаған Бекет. – Үнемі барып жүретін өзеніміз. Сол жолы қармақты ештеңе қаппады. Жел тұрды. Қайтайық деп кері жиналдық. Таудан шығар тұста өзектен тоған көрдік. "Осыған қармақ салып байқайық. Жел де тыныпты" деді Шер-ағаң. Қармақ салғаны сол сопаң еткізіп ірі балықты суырып алды. Тағы тастады, тағы қапты. Балықтың қызығымен ұзақ отырып қалыппыз. Шет-ағаң ыстықта кеудеге дейін жалаңаштап тастапты. Бір қап балық ұстап қайттық.
Ертесінде ағасы Бекетті "үйге келіп кет" деп шақырады ғой. Дауыста әдепкі гүріл жоқ. Үні сыздықтап зорға шығады. Барса Шер-ағаң қызуы көтеріліп ауырып отыр.
– Әй, шоққа қақтаған картоп қылдың ғой мені, – деді.
Сөйтсе кеше балық аулағанда ұзақ жалаңаш отырып, денесі күнге күйіп қалыпты жарықтықтың.
Оқи отырыңыз: Тал мен Талдыкөл
Дәтің дауаламайтын дуэль
Талаптыға екінші келуіміз. Біріншісі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы. Республикалық жастар газетінің тілшісіміз. Редакцияның комсомол тұрмысы деген бөлімінде. Бөлім саяси салмағы басқалардан басым болғандықтан тізімде бірінші жазылатын.
Редакциядағы бөлім тілшілерінің екі міндеті бар. Маңыздысы – келген хаттарға мұқият қарап, жарамдысын мақала етіп дайындау. Жарамсызына жауап жазу. Жауап басшылардың атымен кетеді, сен орындаушысың. Қазіргі журналист атаулы бұл міндеттен ада-күде құтылған сияқты. Біздің кезімізде хатты қорытып, мақалаға айналдыра алмайтынды редакция есігінен аттатпайтын. Келесі міндет – өзіңнің мақала жазғаның. Өз шығармашылығың шынымен екінші кезекте тұратын. Істеген еңбегіңді мәтіндегі жолға санасаң, хаттан қорытып мақала еткенің 75 пайызын, өзіңнің мақалаң 25 пайызын құрайтын.
Сонымен күніге жілігі татиды-ау деген бірер хатты автордың атынан мақалаға айналдырамыз. Бірнеше хатқа кері жауап жазамыз. Он шақты күнде өз мақаламызды ұсынамыз. Сөйтіп жүргенде редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов шақырды. "Неден жазып қалдық" деп қорқа кіріп едік:
– Сені Шерхан Мұртаза дуэльге шақырады, – дегенде тіпті, жүрегіміз тоқтап қала жаздады.
Шерхан Мұртаза онда – "Қазақ әдебиетінің" редакторы. Ол газеттің азуы біздікінен өткір. Ұлттық партия жоқ және болмайтын заманда Қазақстан Жазушылар одағы шама келгенше соның міндетін атқаратын. Ал "Қазақ әдебиеті" – Жазушылары одағының органы.
Кеңес заманында ұмытылған, одан бұрын әдепкі іс болған "дуэль" деген сөзді Шерханның атынан айтуын айтса да, біздің редактордың жүзі жайдары. Ұрысатындай емес. Содан кейін барып неге шақырғанын түсіндірді.
Соңғы нөмірде біздің бөлім дайындаған "Талаптыда талапты жастар жоқ па?" деген оқырман хаты жарияланған. Онда "Жамбыл облысы Жуалы ауданы Ленин атындағы колхоздың Талапты бөлімшесінде клуб пен кітапхана жоқ, кино мүлде көрсетілмейді, би кеші болмайды, жастарға арналып ешқандай шара ұйымдастырылмайды" делінген еді. Сөйтсек, Талапты – Шерхан Мұртазаның туған ауылы екен. Ол жастар газетінен осыны оқыған соң інісі іспетті Сейдахметке "журналист Талаптыға арнайы барып, мәселені терең қопарып көрсетсін" депті.
Сонымен аттанғанбыз. Көрдік. Бар игілік колхоз орталығында. Сол заманның қызығы мен рухани байлығына бастайтын бастаудың бәрі қарастырылған. Ал ар жақтағы бөлімшесінде түк жоқ. Колхоз орталығында орыс пен неміс, украин мен белорус тұтасып тұрады. Талаптының тұрғындары – кілең қаракөз бәрінен қағажу қалған.
Қайтып келіп жаздық. "Бөлімше" деген мақала. "Лениншіл жастың" екінші бетіне тұтас жарияланды. Кешікпей республика комсомолының орталық комитеті қаулы қабылдаған. Бөлімшелерге көңіл бөліп, онда мәдени шаралар ұйымдастыру туралы. Шер-ағаң мен Сейда-ағаңның көздегені осы болса керек.
"Шерхан ағаң дуэльге шақырады" дегені – бар болғаны қайрап салу екен. Басты дуэль қазақтың зиялы қауымы мен отаршыл орталық арасында жүріп жатты. Біздің мақала – озбыр орталықтың саясатына қарсы атылған бір оқ қана.
Оқи отырыңыз: Маржан – табиғи түзіліс
Талантты жастарға тәлім
Шерхан Мұртазаның Талаптыдағы үйінің ауласында Әлижан Батырханұлына сол сапарымызды естелік етіп айтқанбыз.
– Білемін. Ол хатты жазған өзіміздің "пәленше" еді, – деп күлді.
Жастар газетінде жарияланған "Бөлімше" атты мақаладан кейін Талаптының жағдайы жақсылық жағына өзгере бастағанын еске алды. Бірақ, бірнеше жылдан соң Одақ тарқады. Комсомол да, колхоз да ыдырап кетті. Енді ешкім ескермейтін, қаржы бөлмейтін Талапты таз қалпына түседі.
Осы кезде екінші серпіліс Шерхан ағаның арқасында жүзеге асқан. Парламент Мәжілісіне депутат болған азулы тұсы ғой. Талап етіп жүріп Талаптыда жаңа мектеп ғимаратын салғызған. Білім үйі – ауылдың ұйытқысы. Мектебі бар ауыл сақталып тұрады. Ол жабылған ауыл біртіндеп жер бетінен жоқ болады. Мұны дәлелдеп жату артық шығар.
Одан кейін Талаптыға келетін жолды, ауылдың көшелерін асфальттатты. Өзі бас болып, басқаға үлгі көрсетіп ауылда мешіт тұрғызды. Ақыр аяғында көп болып ауылдың шеткі көшесінен Шерхан ағаның өзіне үй салып берді.
Бір сөзінде "тоқсаныншы жылдар соңында бүкіл Талаптыдан өріске бес-алты сиыр, он шақты қой шықса, қазір үй басы үш-төрт сиыр мен төрт-бес жылқы ұстайды, бір-екіден бие байлайды, ауыл әлдене бастады" деп қуана айтқан болатын. Енді пысқырынып көшеден төмен құлдилаған бірнеше үйір жылқы бір үйдікі ғана екен. Әлижан тұратын көшеде көршісі Шерхан ағаға бүкіл ел болып салған үйден еңселі де аумақты үй салып жатқанын көрдік. Бұлардың әулеті де аула түпкірінен бой көтерген жаңа үйде тұрады. Қазіргі тілшілердің тілімен: "заманауи талаптарға сай".
Ал біздің әңгімеміз Шерхан Мұртазаға салынған, өзі айтқандай "қаладағы дәулеттілердің үйінің қолына су құюға жарамайтын" баспананың ішінде жалғасқан.
– Бұл үйде шабыттанып, толғанып жақсы жұмыс істеді ғой, – дейді Әлижан қаламгер ағасын еске алғанда. – Бүкіл жұрттың аузында жүретін "Бір кем дүние" толық осында жазылды.
Салғызған үйі Лев Толстойдың "Ясная полянасы" сияқты жазуға талпынысы барлар жиналып, әдебиетке ден қоятын жер болса деген жазушының арманы жүзеге асатын сияқты. Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек Талаптыда жас таланттар тәлім алып, қанатқақты туындыларын талқылайтын орталық жасау ниетін әлеуметтік желіге жазды. Осы идеяны қолдау үшін біз де ат басын тірегенбіз. Шерхан ағаның шаңырағында жастарға дәріс оқуға дайын екенімізді білдіру мақсатында.
Оқи отырыңыз: Әлемді өзгерткен әрекет
Қайралған қара қалам
Үйренемін деген жасқа Шерхан Мұртазаның үйінде қазына жатыр. Ол – бұрышта текшеленген газеттердің тігіндісі. Мұндайды өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары жасайтын. Үш айдың, жарты жылдың нөмірлерін ретімен толық түптеп, сыртын мұқабамен қаптайды.
Шерхан Мұртазаның "Лениншіл жас", "Қазақ әдебиеті" және "Егемен Қазақстан" газеттерін басқарғаны мәлім. Үш басылымның арасынан Талаптыға "Қазақ әдебиетінің" өзі редакторы болып тұрған бірнеше жылғы тігіндісін әкеліпті.
Соны парақтағанда теңдессіз редактордың ұстанымы байқалады. Аша салып едік, 1982 жылғы 24 сентябрь жұма күнгі нөмірдің бірінші беті жарқ етті. Мына ғажапты қараңыз, біз тігіндіні қолға алған күн де – 24 қыркүйек жұма еді.
Ол заманда газеттердің бірінші бетіне көсемдердің суреті басылатын. Қайсар Шерхан аға әженің немерелермен отырған суретін үлкен етіп шығарыпты. Тағылым ғой! Қазір де үйренсе. Мұны газеттің бетіне өз қолымен таңбалап қойғанын қараңыз. "1 б. сурет – адамгершілік".
Газет шыққан соң оны әкесін танытып отырып талқылағанын бірінші беттегі жазулар аңғартады. Яғни, редакцияда жұмыртқасын тастай салып ұшып кететін көкек емес, табанды редактор отыр. Газеттің нөмірден нөмірге шиыршық атып, республикадағы ең өткір, көп оқылатын басылым болған сыры осында. Үйрену керек.
Енді шыққан нөмірді талқылап жазған ескертпелеріне ден қойыңыз. "Сын – сына салмас, әділ болсын" депті. Қандай мағыналы ұсыныс! Қазіргі заман үшін аса қажет қой. Әлеуметтік желіде біреуді иттей талайтындар оқыса, шіркін. Ол үшін Талаптыда Әдебиет пен журналистика орталығы құрылуы керек. Жамбыл облыстық әкімдігінің көздеген мақсаты осы ғой.
"Әр бөлім – проблема" деген жазуын қапысыз ұғындық. Газет редакциясының әр бөлімі ұсынған мақалада ел мен жерге қажет мәселелер көтерілуі керек. Сонда басылым шынайы халықтық болмақ. Мұртаза басқарған әр газеттің осы ұстаныммен жұмыс істегені тарихтан белгілі.
Келесі ескертпесі "Толғауы тоқсан..." делінген. Үш нүктенің "қызыл тіл" екені түсінікті. Ендеше редактор өз қызметкерлерінен тілдің тазалағы мен көркемдігіне қатысты мақалалар талап еткен. Қазіргі қазақ қоғамы бұл талапқа ондағыдан жүз есе зәру шығар.
Ары қарай "М ж Т" – әңгіме, өлеңдерге шолу" дейді. Қазіргі жастар үшін түсініксіз, жұмбақ сияқты. Жұмбақ ештеңесі жоқ. Ол кезде республикалық "Мәдениет және тұрмыс" атты журнал шығатын. Кейін "Парасат" делінеді. Сол журналда жарияланған әңгіме мен өлеңнің сапасы қандай, көркем бе, жоқ "шөп те – өлең, шөңге де – өлең" болып жатқан жоқ па, соны шолып қою керек. Бірнеше жыл бұрын Шерхан Мұртаза жайындағы екі мақаламыздың біріне "Бар қазақтың бас редакторы" деп тақырып қойғанбыз. Мына ескертпесі сол түйініміздің дұрыстығына дәлел.
Келесі ескертпе "Радио-теле әңгіме, өлеңдерге шолу" делінген. Егер Шерхан Мұртаза тірі болып, осы басылымды басқарып тұрса, онда Қабатовтардың "отырық" пен "жатырық" дейтін арзан, әрі тіл шұбарлаған әзілдері тас-талқан сыналар еді. Содан өз-өзінен тоқтар еді. Арман-ай!
Бір нөмірдің бірінші бетінде осыншама тағылым тұнып тұр. Басқасын толық байыптап шыққанда ше? Демек, Шерхан Мұртазаның үйі қаңырап бос тұрмай, қоғамды түзейтін, халықты жақсылыққа бастайтын, тілді ұстартатын орталық болуы керек.
Тілді ұстарту демекші, осы нөмірдің кейінгі бетінде төрт түліктің бірі туралы мақала бар. Екі жерінде "түйе табыны" дегенде Шерхан аға қара сиялы қаламымен "табын" сөзін сызып, үстіне "келе" деп жазыпты. Бізге жетпей тұрғаны осы қайран қалам ғой!