Тікелей эфир

Тал мен Талдыкөл

Табиғатқа деген көзқарасты түземей еліміз түзелмейді.

Қарағай мен ғимарат

Қазақ "тентек шоқпар жинайды" дейді. Әлемнің әр түпкіріндегі тағылымды оқиғалар мен өзгеше жәйттерге қатысты дерек пен фотоны жинаймыз. Қолға "журналист" деген диплом тиген қырық жылдан бергі әдетіміз – осы. Мәскеуден шығатын танымдық басылымдарға жазылып, кейін керек болады-ау деген тұсын қиып алатынбыз.

Ай сайынғы журналдан бір ойға азық, екі сөзге қазық тапсақ, жазылған ақша өзін ақтайтын. Кітап сәл басқаша. Ішінде қажетті дерек болса, сатып аламыз. Оны қидаламайсың. Сақтайсың. Көбейіп кеткенде кітапхана мен жұмыстастарға үлестірдік. Басқаларға рухани азық болсын деген ниетпен.

Компьютер шығып, ақпарат интернетпен жеткенде қағаз қидалап, бумаға сақтаудан құтылдық. Бірақ, бұрынғы папканың бірталайы бар. Пайдаланылған дерекке қарай әрқайсы жұқарып келеді. Бергісі компьютер файлдарында. Жүздеген тақырып бойынша дерек пен фото жинақталған.

Фотоның бірінде Дубай өңірінде құмдағы жалғыз ағашты сақтап, тура келген жолды екі айырық етіп жасағаны көрсетілген. Артық шығын, аздап ыңғайсыздық, бірақ табиғатқа залал келмеді. Айдаладағы жалғыз ағаш сақталды.

Дубайда жол салғанда жалғыз ағаш қорғалды. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Тағы бір фото Түркиядан. Маниса қаласында жаңа ғимарат салмақ болған. Құрылыс белгіленген жерде 300 жыл өсіп тұрған қарағай бар. Қайтпек керек? Біздің құрылыс компаниялары сөзге келмей кесіп тастар еді. Табиғатты қорғау мекемесіне "бұл үшін он ағаш егеміз" десе болды, еш қиналмай рұқсат алады. Кейде, кейде емес-ау, көбінесе рұқсатсыз кесе беретінін қайтерсің. Білсе бірдеңе қылып, айқайшының аузын жабады. Көбінесе ол қылығы білінбей қалады.

Түркияда олай істемеді. Ағашты сақтап, соған бола құрылыстың жобасын өзгертті. Қарағай мен ғимарат қатар өріліп, сәулет пен табиғаттың өзара ерекше жарасымына айналды. Міне, Маниса қаласының үлгісі.

Түркияда қарағай мен ғимарат осылай үйлесім тапты. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Негізі, жалғыз талға тиіспеу бұрын қазақтың салтында болған. Тиіспегенін айтпағанда, одан рухани азық алған. Ондаған қара өлеңге өзек болған. Әнге қосқан.

Жалғыз ағаш жапанда егіледі,

Жапырағы жел соқса, төгіледі. 

Сен есіме түскенде, қимас қалқам,

Сынбаса да қабырғам сөгіледі.

Жалғыз ағаш біреудің есіне алыста қалған ғашығын түсіреді екен. Енді біреуге жалғыз талдың өзі орман болып көрінеді:

Жалғыз ағаш жапанда ну болады,

Жерге түссе, миуасы қу болады. 

Басқа елдерге қарағанда ағашқа сараң далада ертеректе тіршілік еткен қазақ оны қурағанын ғана жинап, отын еткен. Бекет Ата тіпті, бала кезінде ұстазы жұмсағанда қураған ағаштың ішінде құрт-құмырсқа болса, соның өзін жинамай қойған. Көшпелі халық аса қажет болмаса, бет-албаты орман отамаған. Ал өсіп тұрған жалғыз талға әсте тиіспеген.

Қазір қиырдағы елдердің осындай бір талдың өзін сақтаған талпынысын көргенде іш қыз-қыз қайнап кетеді. "Кезінде біз де сондай емес пе едік" деген ойдан. Өкініштен.

Табиғи мен жасанды

Жалғыз ағашқа қатысты және бір дерек жатты қоржынымызда. Қайбір жылы Ливияға қатысы көп материал жинағанымызда арасына қосылыпты. Ливия, Муаммар Каддафи тағдыры, оның Сахараны жарып салған ересен су құбыры туралы мақала әлі кезегін күтіп жатыр. Соның ішінде ливиялық мас шофердің әлемді шошытқан әрекеті туралы да бар.          

Сахараның шөлінде жалғыз ағаш өскен. Тенере деп аталған. Ағаш тұқымының аты емес, өзінің аты. Тұқымы біздің бозқараған тектес. Жылына 2,5 санитиметр ылғал түсетін иен даладағы жалғыз ағаш үш ғасыр кеурен жолының белгісі болған. Діңінен ірі екі бұтақ шыққан, алыстан қарағанда айыр тәріздес көрінеді.

Сахарада өсіп тұрған Тенере. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Екінші дүниежүзілік соғыс басталар тұста Африканың осы аймағын уысында ұстаған француздар су іздеп Тенереге жақын тұстан ұңғы қазады. Су болмаса мына ағаш қалай өсіп тұр деп тұжырған. Үміттері әлде есептері ақталған. 35 метр тереңдіктен су шығады. Жүздеген жыл бойы бозқараған содан ылғал алып тұрғаны анықталған.

Француздар ұңғыны құдыққа айналдырып, ішін шегендейді. Бір әттеген-айы, құдықты шегендеу кезінде жүк машинасы ағашқа соғылып, айыр бұтақтың бірі сыныпты. Соған қарамай екінші бұтағы өсе берген. Көктем сайын гүлдеген. Жаз бойы жапырақ жайып тұрған.

Енді алыс жолдың белгісі ғана емес, жүргізушілер мен жолаушылар дамылдап су ішетін орынға айналды. Сахарамен тек қару-жарақ емес, құрма, астық пен тұз таситын бейбіт заман басталды. Тенере түрлі карталарға түсті. Себебі, онда құдық бар. Шөлді аймақта су көзі стратегиялық нысан саналады. Француздардың Сахара істері жөніндегі орталық қызметі Тенереге "тірі шамшырақ" деген пароль берген.

Сахараны көңілмен болмаса, өмірде шарламаған, ондай құм емес, керісінше жері құйқалы Майлы Жәйірде туып-өсіп, бергі ғұмыры одан да шалғынды Алатау бөктерінде өткен ақын Жәркен Бөдеш ағамыздың мына шумағы дәл Тенереге арналған сияқты:

Жапанда жалғыз бәйтерек, айнала дауыл боратқан.

Жапырағын желге ол тонатқан.

Өз діңіне сүйеніп,

Шайқалса да жарықтық құламайды құрдымға –

Тамыры шынжыр болаттан.

Құрдымға құламас еді. Қандай құмды дауылға шыдар еді. Қандай алапат аптапқа төзер еді. Жүздеген жыл жалғыз өскені сол қайсарлықтан. Бірақ, табиғаттың талай сынынан өткен ағашқа одан сұрапыл, сойқан сынақ келмек. Ол әлбетте, адамзаттан.

Жетпісінші жылдары мас ливиялық жүргізген жүк машинасы Тенереге соғылған. 300 шақырым аймақта бір өзі 300 жыл өскен ағаш осылай талқандалды. Ағаш та адам сияқты. Бірінші соққыға төтеп бергенімен, тура сондай екінші соққыны көтере алмайды.

Жапандағы жалғыз ағаш құлады. Сахараның ортасында көз тігер жалғыз бұдыр, одан да нықтап айтсақ, көз қуантар жалғыз жасыл желек жойылды. Беріде Тенеренің құлаған діңін Ұлттық музейге әкелген деседі. Ал бұрын ағаш өсіп тұрған жерге ескерткіш қойған. Мұнайдың ескі құбырынан, жанармай құйған бөшкелердің қиындысынан және жүргіншілер аялдайтын құдық басындағы сынған авто бөлшектерден...

Тенеренің орнындағы темір ескерткіш. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Не керек, табиғиды құртты. Орнына жасанды темір ағаш қойды. Тенеренің тарихы сонымен тәмам. Біз де архивіміздегі бір қиындыны ақыры пайдаланып қалдық.

Нидерландтар мен Қазақстан

Енді бетті өз елімізге бұрайық. Астанасына. Үкімет пен парламент үйлерінен "Жағалау" атты жаңа ауданға жеткізер жолға. Тұран даңғылынан өткен соң сол жақтағы айналасын жаңа биік үйлер қоршаған суға. Біраз жерін топырақпен тықсырып, тақырлап үлгерген айдынға. Бұл – Талдыкөлдің кішісі. Тақымнан тақымға ауысқан көкпардағы серкедей сергелдеңдегі көл. Одан еш хабарсыз жыл құстары әзірге жүзіп жүрген айдын.

Біз ел астанасына қызметке келген 2013 жылы бұл қазіргіден үлкен айдын еді. "Қазмедиа орталығының" 15-қабатындағы кабинетіміз Жағалау жаққа қарайтын. Бірінен біріне жалғасқан бірнеше айдынның шетінде қалың қамысы мен қоғасы тұрмақ жабайы талы көрініп тұратын.

Қазақ атты бекер қоймайды. Бетпақдала десе – жер бетіндегі судың аздығынан немесе мүлде жоқтығынан. Тастысай десе – ат тұяғын еркін жүргізбес тастың көптігінен. Сол сияқты Талдыкөл дегені – айнала өскен талының қалыңдығынан.

Ел астанасында құрылыс қызған соң біртіндеп көлдердің қыспаққа түсіп, шет-шеті кішірейіп жатқанын аңғардық. Табиғи жолмен емес, адам қолымен. Тұран даңғылынан әрі қарай, Жағалау ықшам ауданы жақтан бері қарай қаулап салынған зәулім үйлер біртіндеп үлкенді-кішілі Талдыкөл жаққа жақындай бастады. Оларды салар кезде қазаншұңқырын қазғандағы топырақты осында төге берді. Сөйтіп біраз жерді судан тартып алды. Алғашқы шағын айдын топырақпен бітеле-бітіле мүлде жоғалып кетті.

Кабинетіміздің әрі терезе, әрі қабырға іспетті шынысына қарап отырып ойлайтынбыз. Біздің ел Нидерландтар емес қой. Нидерландтарда екі рет болдық. Ұлтарақтай жердегі мемлекет. Соның біразын теңізден тартып алған. Өйткені, қара жер жетпейді. Ал бізге ше? Бізге су жетпейді. Одан кейін ағаш жетпейді.

Соны біле тұра құрылыс мекемелері, оларға тапсырыс беретіндер не істейді? Алдымен табиғи өсіп тұрған ағашты құртады. Шағын көлдерге шабуылдайды. Одан кейін басқа жерден парк, жасыл белдеу жасап, жасанды айдын толтырып жанталасады. Неге? 

Себебі, анау табиғи ортаға қаржы қажет емес. Керек болса, тек айналасын қолайлы еткенге керек. Ал питомниктен әкеліп еккенге қыруар қаржы жұмсалады. Қымқырып қалуға оңай. Сол сияқты кәдімгі көлді сақтаудың орнына жасанды айдын жасау – ақшаны судай шашу ғой.

Мысал көп. Ел астанасының өзінде. Қайбір жылы Қабанбай көшесінің бойындағы Назарбаев университетін жағалай өскен қарағашты шапты. Кемі қырық-елу түп. Дөңбек-дөңбек етіп сұлатып жатты. Әрбірінде кемінде екі-үштен құстың ұясы барын көргенбіз. Сонда ағаш қана құламады, қаншама құс құрыды десеңізші. Санаған кім бар?

Құстар жан-жағына өз еркімен өскен ағашқа ғана ұя салады. Ал жылда күзеп-түзеп қойғанға жоламайды. Соны ескерген кім бар? Қолдан өсіріп қырғауыл ұшырған да керек шығар, бірақ олар жемін тауып жерсінгенше не заман? Ал өзіне өзі ұя жасап, өз нәпақасын өзі тауып жүрген Сарыарқаның сансыз құсынан кімге зиян келіп еді? Қарағаш та солай, халайық.

Байқасаңыздар ел астанасының құрылысы аяқталып жатқан зор мешіті бұған дейін егіліп, өсіп тұрған тоғайды тазалап, соның ортасына салынды. Әрине, айналасына болашақта басқа дайын ағаш отырғызады. Жоба бойынша. Қыруар қаржыға. Қала әкімі әдемі парк болады деп мәлімдеген. Бірақ, мешітті өсіп тұрған тоғайға тиіспей, бұтасы сирек жерден салуға болмады ма?

Ел астанасында жаңа мешіт тоғайдан тазаланған орында салынып жатыр. Фото Astana gov.kz сайтынан алынды

Исламдағы қисын бойынша тақырды гүлзарға айналдырған сауапты іс емес пе?! Мешіт орнын белгілегенде бас жоспарды жасайтын мамандар, оны бекітіп берген әкімдер осыны ескермегеніне таң қаламыз.

Бас жоспардағы соңғы шатақ кіші Талдыкөлден шыққаны талассыз. Оның тағдыры қыл үстінде тұрғанда барып қоғам қоңырау қақты.

Билік пен халық

Қоғамды дүр сілкіндірген, өзі әлі толық бітпеген Талдыкөл тартысы нені танытты? Бас жоспардың халықтың ойымен санаспайтынын білдірді. Әрине, қағаздағы сызықтар мен макеттегі бұдырлар түріндегі бас жоспар жансыз, тілсіз. Қоғаммен санаспайтын – оны жасаушылар мен бекітушілер.

Талдыкөл айдынындағы жыл құстары. Фото әлеуметті к желідегі SOS Taldykol тобынан алынды

Бұған дейін халық бас жоспарда не көрсетіліп, қалай салынды – ләм-мим деместен соны мекен етті, соны пайдаланып келді. Ел астанасында алғаш рет Талдыкөлде тура және ауыспалы мағынасында тұрғындар бас жоспарға қарсы тік тұрды. Тура мағынасында көлдің айналасын тазалап болған соң оған қатысқан жастардың бәрі қол ұстасып тұрғанын көрдік. Ауыспалы мағынасында құрылыс қарқынды жүргізіледі деген бес ауданның бірінің астында қалып, үстіне тұрғын үйлер мен түрлі нысандар салынбақшы кіші Талдыкөлді қорғауға шықты.

Шағын көлді қорғау – тас үйлер мен тынымсыз ағылған автокөлік  арасында қалған аядай ғана тұмса табиғатты қорғау. Қазақ елінің астанасында әлемнің дамыған қалалары сияқты қоршаған ортаны бүлдірмей сақтауға ұмтылыс барын қорғау. Бірнеше ай мекендеп, ұя басып, ұрпақ өрбітіп қайтатын құстарды қорғау. Қаланың келешегі "Астананың бас жоспары" ғылыми-зерттеу және жобалау институтына бұйрық беріп кететін әкімдер мен олардан жоғары тұлғалардың қолында емес, осында тұратын адамдардың қолында болуы керектігін қорғау.

Көлді қорғауға ұйымдасып, айналасын тазалау мен "құшаққа қысу" акциясын өткізген негізінен жастар. Бұрынғы бәріне бас шұлғи беретін буынның орнын алмастырып жатқан жастар!

Кіші Талдыкөлді тазалап, қорғап тұрған жастар. Фото әлеуметтік желідегі SOS Taldykol тобынан алынды

Тура осындай жағдайды Шымкент те бастан өткізген. Дендропаркте жарты ғасырдан астам өсіп тұрған ағаштарды жұлып тастап, кафе салу жұмысы басталғанда жұртшылық қарсы шыққан. Кафе үшін неге ағашты отайды? Керек пе, паркке іргелес тақырдан салып, соны гүлзарға айналдырсын.

Телевизия тілшілеріне дендропарктің ғылым бөлімінің басшысы ағаштарды кесуге кім рұқсат бергенін, ол рұқсатқа не себеп болғанын білмейтінін айтты. Дау қоғамдық пікірді тыңдаған соң аяқталуы керек делінді. Ақыры қалай шешілгені белгісіз.
Түйіндей келгенде бағзыда жалғыз ағашқа тиіспеген ұлт бүгінде билік пен халық болып екіге жарылған. Екі жақты тар көпірде сүзіскен лақтарға теңесек, бұған дейін билік жеңіп кете беретін. Енді жеңіс екінші жаққа аумаса, текетіресте теңдік байқалады. Ел астанасындағы кіші Талдыкөл мен Шымкенттегі дендропарк тағдыры соның айғағы.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары