БІЗ: Еш алаң жоқ, телевидениенің ырғақты жұмыс күні аяқталған. Онда "Хабар-2" арнасының директорымыз. Жоспарлы тікелей эфир тегіс өткен. Арнамызда саясат айтылмайтын. Сондықтан жаңалықтарымыз әлеумет, мәдениет пен руханият жағын қамтыған. Одан кейін Бауыржан Омарұлы "Он да он" атты студия қонағымен әңгімені он минут ішінде он сұрақпен бітірген. Ол да бейбіт тақырыптың бірі еді.
Ары қарай алдын ала жазылып, монтаждалған бағдарламалардың легі өтеді. "Мың бір мақал" ма, "Қырық өтірік" пе, әлде "Деген екен" мен "Солай болғанның" бірі шығар. Қайсы екені есте жоқ. Жұмыста пульттегі кезекшілер: режиссер, дыбыс режиссері мен техник қана қалған.
Үйге барғанымыз сол, тосын оқиғаның алғашқысын естідік. Америка Құрама Штаттарында жолаушылар ұшағы Нью-Йорктегі Бүкіл дүниежүзілік сауда ұйымының егіз зәулімінің біріне соғылыпты.
Бастапқыда ара-тұра болып қалатын әуе апаттарының бірі шығар дедік. Бұл тақырыппен "Хабарда" Григорий Беденко деген әріптесіміз айналысатын. Бір апаттан жарты сағаттық арнайы бағдарлама жасайтын. "Гришаға тақырып табылды" деп бас шайқағанымыз есте.
ОҚИҒА: 2001 жылғы 11 қыркүйекте Жер шарының шығыс жағындағы Қазақстанда іңір қараңғылығы үйірілгенде батыс жағындағы Америка Құрама Штаттарында таңғы қарбалас басталған. Нью-Йорк уақытымен сағат 08.46-да "Боинг" жолаушылар ұшағы Бүкіл дүниежүзілік сауда ұйымының солтүстік зәуліміне соғылды. Бұл Бостон мен Лос-Анджелес арасына қатынайтын 11-рейс еді. "Боинг 767" ұшағы "American Airlines" компаниясыныкі еді.
Онда ұялы телефон болғанмен, смартфон шықпаған. Сондықтан WhatsApp пен мессенджер сынды әлеуметтік желілер жоқ. Тек стюардесса Бетти Онгтің борттағы телефонмен әуе компаниясының офисіне жеткен дауысы ұшақта әлдебір оқиға болғанын аңғартқан.
"Ұшқыштар кабинасы жауап бермейді. Бизнес класта әлдекімді бауыздап тастады. Тыныс алу мүмкін емес. Көзден жас ағызатын газ немесе соған ұқсас бірдеңе қолданылды. Ұшақты басып алғанға ұқсайды. Аға бортсерікті бауыздап тастады. Бизнес класқа өте алмаймыз. Онда ауа жоқ."
Бағытын өзгертіп заулаған ұшақ Нью-Йорктің ең биік ғимаратына соғылды.
БІЗ: Бұл іштей ұшақтың ақауы ма, әлде ұшқыштардың қатесі ме деп екі болжам жасағанбыз. Соның бірі болуы керек. Үшінші болжам ойда болмаған. Үшінші болжам халықаралық терроризм ғой. Жолаушылар ұшағына бомба алып кіріп, жарып жібергендер бұған дейін болған. Ол да – террорлық әрекет. Дегенмен ұшақтың алып қаланың үстіндегі ең биік ғимаратқа көлбеулей келіп соғылуы ешқашан кездеспесе керек.
Бірінші ұшақ зәулімге соғылған кезде бірден ойымызға келмеген халықаралық терроризм бұл кезде қалыптасып қойған. Ара-тұра қастандық, бүлдіргі әрекеттер жасауға көшкен. Бірақ, ол Америка Құрама Штаттарының өзіне сұрапыл соққы жасауға қабілетті дегенге сене алмайтын едік. 2001 жылғы 11 қыркүйекке дейін сене алмаған жалғыз біз болмасақ керек.
Онда ХХІ ғасыр бастала сала әлемді аяғынан тік тұрғызған халықаралық терроризмнің қалай пайда болғанынан аз-кем хабардар едік. Өзіміз – жер жүзінде екі саяси жүйенің өзара тартысы кезінде дүниеге келіп, соны көз алдымыздан өткізген ұрпақпыз. Екі жүйе: социализм мен капитализм.
Жер шарын саяси жағынан екі жікке жарған одақтардың бірінің көшбасшысы Кеңес Одағы болса, екіншісінікі – Америка Құрама Шататтары. Бұлардан басқа екі жүйенің қайсын таңдары белгісіз, әзірге ешбіріне қосылмаған елдер болды. Оны оқулықтар мен саяси әңгімелерде "дамушы мемлекеттер" деп түсіндіретін.
ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңында социалистік жүйе қожырады. 1991 жылы оның діңгегі Кеңес Одағы түпкілікті ыдыраған соң ырықты-ырықсыз осы одаққа мүше болған еуропалық мемлекеттер саяси және экономикалық бағыттарын өзгертті. Түгелдей екінші жүйенің ығына жығылды. Әлемде тек АҚШ өктемдігі орнады. Тежеусіз ықпалы анық байқалды.
Міне, осы кезде онымен келіспеуші күштер әр жерде төбе көрсетті. Муаммар Каддафи бастаған Ливия. Саддам Хусейн бастаған Ирак. Билік атадан немереге дейін мұраға қалып келе жатқан Солтүстік Корея. Аятолла рухани көсемі болған Иран. АҚШ іргесіндегі алақандай Куба.
Көбі бір кезде Кеңес Одағының демеуіне сүйенген, соның қаруымен немесе қаржылай көмегімен нығайған елдер еді. Енді ондай қолдаушы жоқ, әрбірі алапат қуатты Батыспен бетпе-бет қалған. Сәл кейін Құрама Штаттарымен белдесуге шығуға тәуекел еткені қирай жеңілгенін көрдік. Айталық, Каддафи мен Саддам. Басқасы азуын көрсетіп ырылдағанмен ашық айқасқа түсуден тартынған. Иран мен Солтүстік Корея бұл сөзімізге мысал.
Осы тұста АҚШ-тың үдеген ықпалына қарсы тұру және басқа өз ойларын жүзеге асыру үшін әлемдік саясат сахнасына мүлде өзгеше құрылым шыққан. Ол – жеке немесе бірлескен бірнеше мемлекет емес, ұйымдасқан топ. Әрі бір жерде жиналып тұрған жасақ та емес. Жер шарының сан қилы мемлекетінде тұрған адамдар тобы. Сәлден соң өз еріктерінен тыс "халықаралық терроризм" атауына ие болатындар тобы. Қаржысы бар, оған қару сатып алудың еш қиындығы болмағандар тобы. Мемлекет немесе партия сияқты таныс ұғымдар емес, тек дін біріктіргендер тобы. Аты – Қазақстанда тыйым салынған "Әл-Каида".
Оның көсемі саясаттан хабары бар әркімге таныс еді. Усама бен Ладен. Онда астанада Президент резиденциясының дәл жанындағы ғимараттың қақпасынан "Усама бен Ладен тобы" деген тақтайшаны оқуға болатын. Құрылысқа инвестиция әкелген компания. Бас терроршының өзі болмаса да, соның әулеті, туыстары.
Оның мұндай тармақталған топ құруына мүмкіндік берген бірнеше жәйт болды. Алдымен: адамдардың жер шарында еркін жүріп-тұруы. Негізі, жақсы үрдіс. Бірақ арам пиғылды жүзеге асыруға да қолайлы екен. Екіншіден: байланыс құралдарының ересен дамып кеткені. Топқа тартылғандар әр елде жүріп, бұрынғыдай сымды телефонға тәуелді болмай-ақ ұйымдасты. Үшіншіден: ақпарат алу мүмкіндігінің молдығы. Қаруды қалай пайдалану тұрмақ, ұшақты қалай меңгеруді интернеттен біле аласың.
Ақыр аяғында: қыруар қаржының арқасы. Таяу Шығыс елдерінде жарты ғасыр мұнайдың қызығын көрген мың-мыңдаған аса дәулетті әулеттер қалыптасты. Ендігісі сол қаржыны қалай пайдалануда. Біреулері ілім мен білімге, екіншілері азаматтық және инженерлік құрылыстарға жұмсаса, кейбірі оны АҚШ-пен айқасып көруге пайдаланды. Усама бен Ладен соның көрнекі мысалы.
Бәрібір АҚШ-тағы зәулімге бірінші ұшақ соғылғанда оны "Әл-Каида" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) басшысы Усама бен Ладен ұйымдастырды деген ойдан аулақ едік. Өйткені, мұншалықты даярлығы мен аярлығы болады деп күтпегенбіз. Аярлық болатыны – зәулімде мың-мыңдаған бейбіт адам еш қауіп-қатерсіз таңғы жұмысқа кіріскен кез ғой.
ОҚИҒА: Кешікпей келесі суыт хабар айтылып жатты. Нью-Йорктегі Бүкіл дүниежүзілік сауда ұйымының оңтүстік жақ зәуліміне екінші жолаушылар ұшағы соғылған. "United Airlines" әуе компаниясының "Боинг-767" ұшағы. 9 экипаж мүшесі мен 56 жолаушысы болған. Оның ішінде бес адам ұшақты басып алып, осы қарақшылық әрекетті жасау үшін кіргені кейін анықталған.
Әуе кемесі сағатына 959 шақырым, яғни барынша жылдамдығымен шүйіліп келіп, 78 бен 85-қабаттар арасын ұрған. Ұшақтың екпіні қаттылығы соншалық, бірқатар бөлшектері ғимараттың екінші жағынан өте шығыпты.
Қос апаттан соң қалада бірқатар телестансалардың жұмысы тоқтайды. Себебі, оңтүстік зәулімнің төбесінде хабар тарататын құрылғылар, антенналар орнатылған. Студиялар да осында болатын.
Бұл 175-рейстің жолаушысының бірі Питер Хенсон әкесіне телефон соғып үлгерген. "Жағдай жаман, әке. Стюардессалар жараланды. Ұшақты басып алғандарда пышақ, газ бар. Өздері бомба да бар деп қояды. Ұшақ оқыс қозғалады. Ұшқыш емес, басқа біреу басқаратыны анық. Жерге шүйлігіп келеміз. Бір ғимаратқа соғылатын сияқтымыз". Осы кезде телефонды шыңғырған дауыс үзіп жіберген.
БІЗ: Әлемнің телеарналарының көбі апатты көрсетіп жатқан тікелей эфирге қосылды. Солардың логотипімен Нью-Йоркте не болғанын көрермендерге жеткізе бастады. "Хабардың" негізгі арнасы кешікпей солай істеді.
"Хабар-2" ашылған кездегі жарғысына сәйкес саясатқа араласпайтын ақпарат құралы болатын. Бірақ, жер жүзін шошытқан оқиға болып жатқанда одан тыс қалу мүмкін емес еді. Дереу эфирдегі кезекші мамандарға телефон шалып, Нью-Йоркте не болып жатқанын көрсететін арнаға көшуді тапсырдық. Қас-қағымда солай істелді. Өйткені, оны негізгі "Хабар" алып, көрсетіп тұрған.
Бірақ, еш түсінік айтпай, жай ғана көрініс беру телевидениенің табиғатына сай емес. Кейде түсінік айтпастан берілетін көрініс болады. Бірақ, әрі кеткенде бір минуттың о жақ, бұ жағы. Ол кезде "Еуроньюсте" сондай айдар болатын. Оны біздің "Каспионет" арнасы да қолданатын.
Ойланатын уақыт жоқ. Мылқау эфирге тіл бітіру керек. Онда халықаралық террор тақырыбына сөйлейтін мамандар жоқтың қасы. Бары қазақшаға шорқақ. Ал "Хабар-2" тек мемлекеттік тілде хабар тарататын арна еді.
Дереу жұмысқа жиналдық. Ол кезде пәтеріміз "Хабардың" кеңсесіне жақын, жаяулатып он минутта баратын жер. Біздің суыт жүрісімізбен сегіз минут шығар.
Студияға кірдік те, жүріп жатқан көріністерге қарап отырып ойымызды айта бастадық. Дайын сценарий жоқ. Әйтеуір сол кезге дейін бірқатар ақпаратқа қанық едік. Бірде Нью-Йоркте болып жатқан көріністі сипаттап, бірде ХХІ ғасырдағы әлемдік қатер туралы сөйлей бердік. Бүкіл әңгіме бастапқыда ойға келмеген үшінші болжам төңірегінде. Ол – халықаралық терроризм.
Олардың алып мемлекетке күтпеген соққы беруге әзірленіп жатқаны АҚШ барлау қызметіне, тіпті Президентіне мәлім болыпты. Сол жылғы 6 тамыз күні мемлекет басшысы Джордж Буш құжатпен танысқан. Онда "Усама бен Ладен АҚШ-қа сұрапыл соққы жасамақ" деген хабарлама болған.
Бірақ, қалай жасай алады? Зымыранмен. Кемемен. Әскери бомбалағыш ұшақпен. Оның бірі мүмкін емес. Құрама Штаттарында терроршыл топ тұрмақ, итше ырылдасып келген бұрынғы Кеңес Одағын тойтара алатын тосқауыл бар ғой. Кеңес Одағында атом бомбасына тола шахтадағы немесе жер үстіндегі зымырандар, ұшақтар мен кемелер мен сүңгуір кемелер болды. Усамада оның бірі болса, кәне.
Тек алып елдің сырт жақтағы елшіліктері мен өкілдіктеріне шабуылдауы мүмкін. Ондай оқиғалар болған. 1998 жылы АҚШ-тың Кения мен Танзаниядағы елшіліктерінде қуатты жарылыстар болып, 224 адам қаза тапқан. Бұл жарылысты "Әл-Каида" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) жасап, жауапкершілікті мойнына алған.
Содан бастап елшіліктердегі күзет күшейтілген. Қоршаулар нығайтылған. Жағалай бақылау камералары орнатылған. Кірер қақпалар шегенделген.
Енді АҚШ-қа шабуыл басқа, ешкім күтпеген тұстан жасалып отыр. Ел ішіндегі жолаушылар ұшағын стратегиялық маңызды нысанға соғу арқылы. Борттағы жолаушылар мен ғимараттағы адамдарды қоса қыру ниетімен. Бұрын-соңды болмаған қарақшылық. Ешкімнің ойына келмеген зұлымдық.
ОҚИҒА: Қап-қара болып будақтап өртеніп жатқан БСҰ-ның солтүстік зәулімі түгел опырылып құлады. Бұл бірінші ұшақ соғылғаннан кейін 1 сағат 41 минутта болды. Оның қирандысы іргелес қонақ үйді басып қалды. Кешікпей тікелей эфирде екінші мұнараның қирағаны көрсетілді. Іште қанша адам құрбан болғаны әзірге белгісіз еді.
АҚШ федералды авиация әкімшілігі Нью-Йоркке келе жатқан барлық ұшақтардан бағыттарын өзгертуді талап етті. Бостон пен Вашингтонның үстіне де бармауы керек.
Осы хабармен қабаттаса бұған дейін Вашингтондағы Даллас әуежайынан шығып, Лос Анджелесті бетке алған ұшақтың бағытын өзгертіп, АҚШ Қорғаныс министрлігі ғимаратын дәлдеп құлағаны мәлім болды. Пентогонның тура осы бөлігі жөндеуге жабық тұрған. Соның өзінде ғимараттан 125 адам қаза тапты. Борттағы 64 адамнан ешкім тірі қалмады.
БІЗ: Эфирде сөйлеп отырғанымызды көрген телеарнаның бүкіл мамандары дереу жұмысқа орала бастады. Еш бұйрықсыз. "Хабар-2" арнасының негізгі айташысы Айгүл Абайқызы келген соң студияға соны отырғыздық. Өзіміздің орынбасарымыз Арман Сқабылұлы бастаған команда дереу іске кірісті. Сарапшылар шақырдық. Оларға автокөлік жіберілді.
Журналистер мен режиссерлер АҚШ-тағы оқиғаның өрбуінен түрлі сюжеттер монтаждауға кірісті. Бұл кезде монтажшылар мен дыбыс режиссерлері де түгел келген. Эфирдегі Айгүлді түрлі мәтіндермен жабдықтай бастадық.
Ендігісі оңай. Кәсіпқой телевизиялық команда үшін еш қиындық жоқ. Кешікпей эфирдегі Айгүлдің алдына және бір суыт хабарды жеткіздік.
ОҚИҒА: Төртінші "Боинг-757" құлаған. 93-рейспен ұшып бара жатқан оның бортында 37 жолаушы болған. Мұны 4 қарақшы басып алған. Бірақ, жолаушылар қарақшылардың ұшақты басқаруына барынша кедергі келтірген. Жанынан өткен басқа әуе кемесінің экипажы ұшақтың оң мен солға шайқалып келе жатқанын хабарлаған. Иә, бұл кезде екі ұшақтың құлағанынан бүкіл ел хабардар еді. Іштегі жолаушылар да оны естіген.
Ақыры екі жақ та басқара алмаған бұл "Боинг" Пенсильвания штатына құлады. Терроршылардың діттеген мақсаты не АҚШ Президентінің, не Конгресінің ғимараты болған деген болжам бар.
БІЗ: Осының бәрін хабарлап, түсіндіріп талай уақыт тікелей эфир ұсындық. Түнде сағат қаншада қайтқанымыз есте жоқ. Эфирдің қанша уақытқа созылғаны да есте қалмапты. Есте қалғаны – әлемді өзгерткен әрекет бізді де өзгерткен. Бейбіт ел үшін жауапкершіліктің не екенін сезіндірген.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.