Бейбіт өнімдер бесігі

Онда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болмаған.

Адамзаттың аяғын тұсап отырған коронавирус шықпаған. Бейбіт ел, бейбіт тірлік. Тұрмыс мен құрылысқа қажет химия өнімдерін шығаратын шағын цех.

Химиялық зертханалардың бейбіт болатыны – Қазақстан Республикасы Химиялық қаруды жасау, өндіру, жинау және қолдануға тыйым салу туралы Париж конвенциясына қосылған. Демек ХХІ ғасыр – Қазақстан үшін химиялық қарусыз ғасыр. Әлгі ядролық қарусыз болғаны сияқты.

Өзінің шағын цехында  химик-технолог Маржан Досмағамбетова кезекті, жаңа химиялық өнімін жасаған. "Жасаған" деген сөзді жазу қаншалықты оңай болса, маманға химиялық өнімді жасау соншалық қиын. Бірдеңені бірдеңеге абайламай қоса салса, өрт шығуы, жарылып кетуі, улы зат пайда болуы мүмкін. Нағыз "жеті рет өлшеп, бір рет кес" дегенді тігіншілерге емес, химиктерге арнап айту керек.

Маржан Қуанышқызының бәрібір тігінші болмасы анық еді. Ал бензин таситын машина айдауы ғажап емес. Шешесі жарықтық "егер сен ұл болып тусаң, бензовоз айдасаң да күніңді көрер едің. Саған диплом керек емес, сені неге ұл етіп бермеді екен, тәңірім" деп отыратын. Әкесі нағыз өнертапқыш болды. Қозы-лағы тақтай едені астынан жылитын қорада тұрған. Оны ХХІ ғасырда Швециядан көріп едік, одан ширек ғасыр бұрын Маржанның әкесі алыстағы ауылда өзі жасапты. Ата-ана 8 қыз, бір ұлына түгел жоғары білім әперген. Қыздың бірі Маржан химик болды.

Маржан Қуанышқызы Қазақ радиосында. Фото Досмағамбетованың жеке мұрағатынан алынды 

Сонымен карантині жоқ, жарылысы жоқ бейбіт 2018 жылы химик  кезекті жаңалығын ашып, еденді зарарсыздандырып әрі жарқыратып жуатын Optima атты өнімді жасаған. Жаңалық алдымен дәлелденеді, содан кейін патент ретінде тіркеледі. Қолдануға сертификат алынады. Бірталай қағаз жазылып, бірнеше табалдырық атталады. Бұл жағына химик әбден төселген. Бюрократия – біздің елдің балталасаң бұзылмас "өнімі".

Жасалуынан гөрі заңдасуы уақыт алып, жүйке жұқартса да, Маржанның құрылыс, тұрмыстық химия, мұнай химиясы салаларында алған патенттері жиырмаға жуық. Соның ішінде еден жууға қолданылатын Optima-ның басқалардан артықшылығы – онымен сүртілген жер лак жаққандай жалтырап тұрады. Еденге талайға дейін шаң қонбайды, құрамындағы ортофосфор қышқылы жұқа қабыршақ жасайды. Сөйтіп жалтыраған сипат береді. Ел астанасындағы тұрғын үйлер кооперативтері жаңа өнімді сатып алып жүр. 

Ғалымның кейінгі ізденістерінің бірі көктайғақты болдырмауға бағытталды. Қыста көше, аула, тротуардағы жалтыр мұздан талайлардың жамбасы сынды. Қаншама автокөлік соғылды. Көшеге көбінесе құрамындағы хлор ионы техникалық тазартылмаған  ас тұзын себеді. Ол аяқ киім мен автокөлік дөңгелегін "жеп" қояды. Асфальтқа да зиян. Осыны ойлап Маржан Қуанышқызы өзгеше мұз еріткіш жасады. Пайдалы үлгіні "Астана" халықаралық университетінің химик ғалымдарымен бірлесіп патенттеді. Хлордың орнына құрамында кальций нитраты бар сұйық өнім ұсынды. Оның басты ерекшелігі – асфальтты құртпайды, әрі нитрат ионы жазда жасыл желекке тыңайтқыш. Әттең, әкімдік бұл пайдалы өнімді қолданса, көктем шыға қала көшелерін жамаудан құтылар еді.

Көктайғақпен күрескіш және Optima-ға дейін ғалым балалар киімін жууға арналған фосфат ионсыз гель, автокөлік жуатын көбікті өнім және басқа ондаған химиялық қоспаны өндіріске енгізген. Синтетикалық жуу құралын жасағаны үшін өнертапқыштардың "Шапағат" конкурсында жеңіп шыққан. Жеңімпаз болғаны – ұсынған өнімі қоршаған ортаға зардап әкелмейді. Бұл Досмағамбетованың басты ұстанымы. Шәкірттерін де осыған баулиды.

Маржан Қуанышқызының технологиясымен өнім шығарып жатқан зауыт. Фото Досмағамбетованың жеке мұрағатынан алынды

Цехына келіп тәлім алған студент Райгүл Рысқалиеваға "Жарқыра" атты сәбилер ағзасына зиянсыз бөлме тазалағыш жасатты. Атына заты сай болып, студенттің өнімі қолданған жерін жарқыратып шығарумен қатар, болашақ дәрігер шәкіртінің маңдайын жарқыратты. Райгүл ұстазы сияқты өнертапқыштар конкурсында жеңіп шықты. Бәрі бейбіт зертханада болған оқиғалар.


Оқи отырыңыз: Оған отырмағаның – оқымағаның


Миы ашымайтын мықты

Сосын кенеттен әлемде тұмаудың жаңа аса қауіпті түрі пайда болды. Оны тарататын коронавирус анықталды. Тез жұғатын ауруды тежеп, тоқтатудың бір тетігі – төңіректі таза ұстау. Жер үсті, оның ішінде Қазақстан да зарарсыздандыру ісін шұғыл қолға алды.

"Химияның қаншалық қажеттігі осы тұста анық байқалған, – дейді Маржан Қуанышқызы. – Өкініштісі зарарсыздандыру барысы халықтың химия жағынан сауаты өте төмен деңгейде екенін көрсетті".

Мұны мойындау керек. Мектепте оқып жүргенде талайлар "химия қиын, ашиды миым" деп әндетіп, басқасын айтпағанда Менделеевтің периодтық кестесін жаттауға ерінетін. Химиялық элементтердің таңбасын білмей кеткен. Жаңа заман керісінше химияны түсініп алмағандардың миы ашитынын байқатты. Неге дейсіз бе?

Қазір бүкіл мекеме тұрмақ әрбір үй кіреберісіне антисептик қояды. Бірақ, жұртшылық мәніне бойламай, атауында "антисептик" деген жазу болса ала береді.

"Көптеген кәсіпорындар табыс келетінін көрген соң антисептик шығаруға көшті, – дейді Маржан Қуанышқызы. – Солардың өнімінің арасында изопропилді спирт қосылғаны бар. Мұндай антисептиктен сақ болған жөн. "Спирт" деген жазуды оқып, оған сене салуға болмайды. Изопропилдің спирт сияқты тыныс органдары мен теріге теріс әсер ететіні жеткілікті".     

Ғалым өзі пандемия кезінде қауіпсіз, спирт қосылмаған, балаларға арналған антисептик жасаған. Оның құрамы сүт, алма және шараптың ас қышқылдарынан тұрады. Сондықтан қол мен бет терісіне және тыныс алу органдарына еш зиянсыз. Одан басқа бөлменің ауасын вирус пен бактериядан тазалағыш "Дезпрей" қоспасын ойлап тауып, оңтүстіктегі бір зауытқа технологиясын  енгізіп, мамандарын үйретіп берген. Маржан Қуанышқызы зауыттың да, оның басшысының да атын атағысы келмейді. Өйткені, әлгілер өзіндік құны 210 теңге болатын өнімді сытырлатып 4 200 теңгеден сатып жатыр. Пандемия кезінде халыққа жанашырлық жасаудан бұрын пайданы ойлап қалғандар түбінде жақсылыққа жетпейді. Бұл – ғалымның емес, біздің тұжырым. Пандемия кезінде Маржан Досмағамбетова тағы бір құнды ұсыныс айтқан.

"Қалай күн суытты, әрбір ғимараттың алдындағы зарарсыздандыратын аяқ төсеніш қатып қала бастады. Бұл өте қауіпті, – дейді ғалым. – Әсіресе адамдар көп келетін дәріхана, сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарында қыстағы төсініштен тайып жығылғандар баршылық. Оны қоймаса, санитарлық талап бұзылмақ. Төсеніш қыста мұз болып қалмауы үшін талайлар оған улы этиленгликоль қосады. Мұның денсаулыққа зиян екенін біліп жатқандар аз".

Міне, "химия – қиын, ашиды миым" деп оқымай қойғандарға өмірдің өзі қайта қоңырау соғып жатыр. Сондықтан ғалым "мұнай мен газды өңдеу технологиясы" пәнінен сабақ беретін колледжде химиядан барынша түсінікті етіп дәріс оқиды.     

"Студенттер мұқият тыңдап, көп сұрақтар қойып, бойына сіңіріп алғысы келеді, – дейді Маржан Қуанышқызы. – Біз студент кезімізде қоңырау соғылса, алды-артымызға қарамай зытатынбыз. Жастар ондай емес, кетуге асықпай, тағы бір нәрсе білгісі келеді. Мысалы, мұнайдың бойындағы суды механикалық жолмен айыру кезінде тығыздығына сүйенеді, қыздыру арқылы қайнау шегі ескеріледі. Сол процесті түсінген соң күнделікті пайдаланатын көкөніс майын өндіру барысында тығыздық пен қайнау температурасын қалай пайдалануды өздері ұсынды. Біз – алдыңғы буын қазіргі жастардың талабына сай болу үшін көп ізденуіміз керек екендігін сонда түсіндім".

Осылай оқығандардан болашақта миы ашымайтын мықтылар шығары күмәнсіз. Бұған ғалым да, біз де сенеміз.


Оқи отырыңыз: Әлемді өзгерткен әрекет


Табиғаты бөлек тротил

Пандемия ел басынан өтіп бітпей жатып жойқын жарылыс болды. Жамбыл облысында. Енді тергеу жүріп жатыр. Кім кінәлі екенін анықтау мақсатында. Біздің ойымызша, ең үлкен кінә – дер кезінде химик мамандардың көмегіне жүгінуді қажат деп санамау.

"Алғашқы дабыл қойма түтіндей бастағанда қағылыпты. Әскерилердің сол бықсыған кезде ұнтақты немесе көбікті өрт сөндіргішпен басып тастайтын мүмкіндіктері болған, – дейді оқиғаны талқылаған Маржан Қуанышқызы. – Ондай арнайы өрт сөндіру құралы базаның өзінде болуы керек. Оны оқ-дәрілердің химиялық құрамына орай қолданады. Алдағы уақытта сақтық шараларының жасалуына дұрыс бағыт беру үшін ғылымға арқа сүйеген абзал екенін жеткізсек деймін".

Әрине, химик маман әскери базада болған жоқ, онда сақталған заттардың химиялық құрамында не бар екенін білмейді. Түрлі ақпаратта тротил болғаны айтылуда. Соған орай тротил тұтанса, қалай сөндіруді сұрадық.

"Бұл өзі сабын сияқты нәрсе, – деген Маржан Қуанышқызы. – Тротил 80 градуста еріп, сұйық күйге түседі. Әрі қарай 290-300 градуста тұтанып, оттегі, азот, сутегі  молекулаларынан тұратын газға айналады. Жанып жатқан газға 1 000 метрден бері жақындауға мүлдем болмайды". 

Міне, көрдіңіз бе, тротилді бастапқы сабын не сұйық кезінде сөндірудің мүмкіндігі бар еді. Ғылымға жүгінбегеннің қатесі. Бұл – біздің журналист ретіндегі тұжырым. Маржан Қуанышқызы болса: "мен жарылысқа ешқандай баға бермеймін, тек  алдағы уақытта басқа қоймаларда осындай оқыс оқиға бола қалса, апаттың алдын алу мен адам өмірін сақтап қалу үшін қандай мүмкіндік барын ғылыми тұрғыдан сараптай аламын" деген. Жарылыстан кейін басқа қоймаларды тексеруге химик ғалымдарды қосады дегенді естіген едік. Бірақ, Досмағамбетоваға ешкім хабарласпаған. 

Бұрын Арыста, беріде Байзақта сақталған оқ-дәрі рас болса, кеңес заманынан келеді деген ақпаратты оқыдық. Ғалыммен пікірлескенде тротилдің сақтау мерзімі 25 жыл екенін білдік. Сақтау мерзімі өткеннен кейін тротил еритін болса, ауа толқыны мен жер тербелісінен жарылып кетуі әбден мүмкін. Бір қойма жарылған соң басқаларына өрт бармай-ақ алғашқысының жарылыс толқыны кесірінен қопарыла бермек. Түсінікті ме?!

"Тротилде рН 1-ден төмен, ол күшті қышқыл. Бықсығанда, яғни сабын сияқты тротил сұйыққа айнала бастағанда суға спирт немесе ас тұзын қосып шашса, тез арада сөнеді, – деп бізге дәрісін жалғастырған химик. – Өйткені, спиртте рН 9-дан жоғары, оның күшті сілтісі тротилді бірден бейтараптандырады. Ал ас тұзы құрамындағы хлор тротилдің құрамындағы радикалдарымен реакцияға түсіп, әрі қарай жануына мүмкіндік бермейді. Қоймада сақталған оқ-дәрінің құрамына қарай оны бейтараптандыратын химикаттар болуы тиіс. Мысалы, тротилдің  жанында метасиликат не хлорлы кальций, тағы басқа химикаттар, құрып кеткенде, ас тұзы тұруы керек".

Химия! Қандай қажет ғылым едің! Абай сияқты қолды мезгілінен кеш сермегенімізді білдік.


Оқи отырыңыз: Жарылыстың жаңғырығы


Опық жеп отырғандар

Бір жыл бұрын алпауыт ERG корпорациясының құрамындағы "Қазақстан алюминиі" акционерлік қоғамы Торғай боксит кенішін жабу туралы шешім қабылдағанын білеміз. Кемінде 600 адамға жұмыссыз қалу қаупі төнді. Кеніш басқармасы мен одан жоғарыдағы жекеменшік қожалары мұны "кен құрамының азаюымен байланысты" деп түсіндірген.

Торғай боксит кенішінің көрінісі. Зауыт басқармасының бейнекөрінісінен жасалған скриншот

Ал 2016 жылы ғалым  "Астана" радиосына сұхбат берген. Ерінбегендер YouTube арнасынын таба алады. Сонда Маржан Қуанышқызы бокситтен глинозем өндірумен қатар сапалы бокситцемент шығаруға назар аударған. Ол үшін боксит құрамы маңызды емес, ал бокситцемент құрылыс үшін өте маңызды. Басқа цементтен айтарлықтай айырмашылығы бар.

Ең басты ерекшелігі – минус 10 градус суықта жылы қалпын сақтайды. Қату кезінде жылу молынан бөлінеді. Сондықтан оны мамандар "жоғары температуралы цемент" деп бағалайды.

Қыстағы құрылыста бокситцементтен бетон құю өте тиімді. Шығынды әлдақайда азайтады. Ол 30-40 минуттан бастап қата бастайды. Осылай тез шеменделеді. Жаппай қолданыстағы "портланд" цементінен құйылған бетон 1 сағат 30 минуттан кейін қата бастайды.

Оның үстіне қыста бетонның біркелкі қатуына дейін оның бойындағы су мұзға айналып, құрылыс сапасына кері әсер етеді. Сондықтан нысанға қосымша жылу қондырғысын қосады. Жылытқышқа қосымша электр қуаты жұмсалады. Содан құрылыс құны қымбаттайды. Бокситцементті жылытудың қажеті жоқ. Өз жылуын сақтайды.

"Тағы бір жағдай бар, – деп өз ұсынысын дәлелдей түседі Маржан Қуанышқызы. – Құрылыс нысанында, бетон зауытында қиыршық тас ашық жерде сақталады. Күзде жаңбыр астында қалып, аязда томарланып қатады. Кесектерді ыдырату үшін қыста бетон дайындау кезінде амалсыз ыстық су құйылады. Ал "портланд" цементке олай істеуге болмайды. Цементтің басты қасиеті кіріктіру ғой, сол кіріктіретін күшін ыстық су жойып жібереді".

Міне, құрылыс мамандары химияны білгенде, химиктерді тыңдағанда, Қарағандыдағы "Бесоба" тұрғын үй кешені құлап түспес еді. Ғалымның пікірінше, Арқалықтағы бокситтің қалғанынан цемент шығарса, отандық құрылыстағы тағы бір проблема шешілер еді. Бокситцемент тұзды ортаға өте төзімді. Пойызбен Орал мен Арал арасын жүріп өтсеңіз, іргесіне тұз сіңгендіктен апатты жағдайға түскен қаншама ғимаратты байқауға болады. Ал тұзды көлдердің жағасына құрылыс салу мүлде қиын. Егер бокситцементтен құйылса, Балқаш көлінің тұзды бөлігінің үстінен Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін қосатын теміржол көпірін салуға батыл кірісуге болады.

"Мұнай өндірісінде тампонаж, яғни тығындағыш зат болады. Оны көбінесе тұзды қабаттарды бекіту үшін пайдаланады, – дейді ғалым. – Тұзға төзімді тығындағышты мұнай өндірісінде жұмыс істейтін компаниялар шетелден қымбат бағаға сатып алады. Торғайда бокситцемент шығарылса, олар шетелден келетін қымбат цементке тәуелді болмас еді. Әрі қарай ойласақ, Қазақстан ХХІ ғасырдан автобандар салуды бастады. Үкіметтің жоспарында тағы қаншама жолды жаңадан салу мен жаңарту ісі тұр. Осы автобандардың табанына төсейтін бетонды бикситцемент қосу арқылы неге жасамасқа".

Мұнда біріншіден, уақыттан ұтуға болады. Арасы алыс емес, астана – Бурабай тас жолының өзі неміс технологиясымен салынса да, құрылысы ұзақ уақытқа созылды. Неге? Өйткені, қыстың төрт-бес айында жұмыс тоқырап қалды. Екіншіден, Арқалықта 600 адамды қысқартқанша тағы қосымша 600 адамға жұмыс беруге болар еді. Үкімет ғалымды тыңдасаңшы! 


Оқи отырыңыз: Арылған айып емес


Ұмытылмас ұлттық ұғымдар

Маржан Қуанышқызымен тікелей немесе әлеуметтік желі арқылы сырласу ғанибет. Ғалымның көбі өз саласын жетік білгенімен, басқа мәселеге шорқақтау келеді. Айталық, қазақ тіліне. Бұл кісі болса, бейнелеп айтқанда "түбін түсіреді". Тілдің.

"Қарапайым су 1оС-100оС градусқа дейін сұйық қалпында болып, 110-120 градуста оттегі мен сутегі молекулаларынан тұратын газға айналады. 120 градустан әрі буға оттық жақындатсаң, кәдімгідей бұрқырап жанады. Жапондардың сумен жүретін машинасы осы процеске негізделген. Қазақтың "қалауын тапса, қар жанады" деген мақалы осыдан шыққан. Демек қазақтар бұл процесті білген, мақалды ғылыми негізге сүйеніп айтқан. Демек судың жанатынын жапондардан бұрын білген".

Мына мақалды дәл осылай кім, қашан түсіндіріп еді? Бір кездегі Евней Букетовтен кейін тіл мен химияны сәтті байланыстырған кім болып еді? Евней жарықтыққа академик Зейнолла Қабдолов "Өлең мен селен" деп сүйсінгені есте. Бәрекелді, дәстүр жоғалмапты. Химияны білу кейде тілдің астарын ашуға қажет екен.

Евней Арыстанұлы Қарағанды университетін  ашып қалыптастырса, мына мемлекет Маржан Досмағамбетоваға ондай мүмкіндік бермеген. Өзі құрған ЖШС ғана бар, Effective technologies деп аталады. Шетелдік атау ғылыми-зерттеу жұмыстарымен бірге айналысып жүрген әріптес ғалымдардың сұранысына сай таңдалған. ЖШС арқылы 2 ғылым докторының, 7 ғылым кандидатының, 4 PhD докторының, 3 студенттің – жалпы саны 17 патенті қорғалды.

Сырласу соңында:

"Өз атыңыздың химиялық формуласын айтыңызшы?" – дедік.

"Жазып жіберемін, – деп күлді химик. – Ауызша айтқанға түсініксіздеу болады".

Содан WhatsApp-пен жолдапты:

"Су асты маржанының химиялық формуласы СаСО3. Табиғи маржан молюсканың ішінде бала сияқты пайда болады. Бетіндегі жылтырақ органикалық күрделі зат, оның нақты химиялық формуласы жоқ. СаСО3 құрамындағы Са (кальций) өте қатты зат. Менде қатты, қайсар мінез бар. С (көміртегі) – 4 валентті элемент. Қазақта 4 құбыланы тең ұстайтын әйел ғой. Төрт құбыла деген: қайын жұрт, төркін, құда-жекжат, бала-шаға. Соның бәрімен ақжарқын қарым-қатынасты қалыптастыру – әйелдің шеберлігіне байланысты. О3 ( озон) оттегінің  үш атомы. Озон – найзағайлы жаңбырдан кейін түзілетін, тынысыңды кең сарайдай ашатын хош иіс. Найзағайдай шатырлап кететін мінезден де кенде емеспіз".

Оқыдық. Оқыған соң біз емес, журналист болатын осы кісі ғой дедік. Ал бізге мұндай химик болу қайда-аа...