Шамдандырған шешім

Бұрын білмейтін жерлеріңді ақпараттар ағыны арқылы танып, көкейге түйіп қаласың. Украинаның Львов қаласы туралы дерек осымен екінші рет ұшырасып отыр. Бастапқыда осы қаланы Қазақстанның астанасымен салыстырған материал көзімізге түскен.

Еліміздің астанасының жаңадан салынған бөлігі мен украиндардың көне қаласының бұраңдаған көшелері көктен түсіріліп, фотолары қатар қойылған. Түсіндірме мәтінде жаяу аралағанға Львовтың айтарлықтай қолайлы екені жазылған.

Содан ойлап көрсек, Батыста өзіміз болған, картада орталығы ығы-жығы сияқты көрінетін қалалардың шаршатпайтын жинақылығы еске түскен. Біздің елдің астанасын жаяу жүріп еш марқадам таппайсың. Салыстырмалы дерекпен танысқан соң әлеуметтік желіде шағын пікір қалдырумен шектелгенбіз. 

Енді тағы бір ақпаратқа ұшырастық. 2021 жылы 30 шілде күні Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Украинаға нота жолдапты. Екі елдің ақпараттық соғысы, дипломатиялық дүрдараздығы көпке мәлім. Бұл жолы не болып қалды десек, мәселе Львов қаласындағы Марс алаңы аталатын мемориалға қатысты екен.

Марс алаңындағы мемориалдағы қарсылық жазулары. Фото ren.tv сайтынан алынды

Мемориалдың орталық нүктесінде КСРО-ның "Отан соғысы" орденінің бедерімен бірдей жасалған белгі бар. "Львов қаласының болашағы ұйымы" атты қоғамдық қозғалыс екі рет қалалық кеңеске белгіні алып тастау туралы ұсыныс түсіреді. Ұсынысты "Украинадағы коммунистік және ұлтшыл-социалистік тоталитарлық режимдерді айыптау және олардың нышандарын насихаттауға тыйым салу туралы" заңға негіздейді.

Ақыры Львов қалалық кеңесінің тарихи орта басқармасы Ұлттық зерде институтымен және Азаттық қозғалысының, соғыс пен саяси қуғын-сүргіннің құрбандарының істері жөніндегі комиссиямен кеңесе отырып, белгіні алып тастау туралы шешімді жергілікті өзін-өзі басқару органы қабылдай алады деген тұжырым жасапты. Осының негізінде қалалық атқару комитеті мемориалдағы "Отан соғысы" орденінің бедерін алып тастау туралы шешім әзірлейді. "Бақсам – бақа екен" демекші, Ресейдің Сыртқы істер министрлігін шамдандырып отырған осы мәселе екен.


Оқи отырыңыз: Есірушілер мен кешірушілер


Байырғы бейіт

"Ресей Сыртқы істер министрлігінің шат-шәлекейін шығарған бұл мемориал не өзі" деп мәліметтер іздедік. Әу баста Львов қаласындағы Лычак зираты деген аты болған. Мұнда Бірінші жаһандық соғыс кезінде қаза тапқан австриялықтар мен одақтастарын жерлеген. Одақтас арасында неміс, поляк, серб, түрік, чех, босниялық ұлттардың өкілдері болған. Мұрағат бойынша олардан 5 мыңға жуық мүрде қалыпты.

Ал 1946 жылы соның бәрін ысырып тастап, орнына Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан кеңес армиясы жауынгерлерін, НКВД қызметкерлері мен партизандарды қайта жерлеу басталған. Қаланың өзіндегі бірнеше аурухананың маңындағы және іргелес деревнялардағы зираттарға қойылған белгілі-белгісіз солдаттардың сүйектерін әкелген. Жаңа есеп бойынша бірнеше жылда 3 491 адам қойылған.

Бірақ, көбінің кім екені, кейбірінің туған және қаза тапқан уақыты белгісіз. Әйтеуір, табылған жерінен осында әкеліп қоя берген. Құлпытастардағы жазуларда жүйе болмаған. Қайталау көп. Керісінше талайының аты-жөні мәрмәр тақталарға түспеді. Лычак зиратына соңғы мүрде 1956 жылғы 5 қарашада қойылды. Осымен тыншу керек еді.  

Он бес жылдан соң өз-өзімен жатқан тыныш бейіттің басында мемориал тұрғызу басталады. Оған Компартияның Львов қалалық комитеті бюросының 1971 жылы 26 тамыз күнгі шешімі негіз болған. Зиратты мемориалға айналдыру туралы жергілікті тұрғындармен ешкім ақылдаспаған. Компартия айтты, болды. 1974 жылы мемориал салынды. Ең ортасына қазір дау болып жатқан орденнің бедері орнатылған.

Компартиядан қуат қайтып, Кеңес Одағынан береке кеткенде Украинада ұлттық тарихтағы қиғаштықты түзеу басталды. Екінші дүниежүзілік соғысты пайдаланып ұлтты азат еткісі келген, сол үшін Кеңес Одағының билігі тарапынан қудалау көріп, жазаға тартылғандардың тағдыры қайта таразыланды. Олар шын мәнінде халық батыры болғаны айтылды.

Бізде бұл орайда пікірталас жалғыз Мұстафа Шоқай төңірегінде өрбісе, украиндарда көп еді. Өйткені, соғыс сол аймақта болды. Әрі халықтың Карпат тауы жақтағы бөлігі тура 1940 жылға дейін еркіндікте өмір сүрді. Сталиннің "Батыс шекараны нығайтамыз" деген саясаты жергілікті ұлттық қарсыласу қозғалысын аяусыз басып-жаншу арқылы жүзеге асты. 

Не керек, Украина Кеңес Одағынан бөлініп, азаттығын жариялаған соң кешегі соғысқа басқаша баға беріле бастады. Халық нағыз басқыншы кім деген сұраққа жауап іздейтін болды. Және көпшілігі коммунистік режимді, оны орнатқан әрі ғасырлар бойы өктемдігін жүргізген көрші мемлекетті айыптады. Мұның соңы Ресей мен Украинаның бір-бірінен ірге ажыратуына соқтырғаны мәлім. 

Осындай жағдайда Львов қаласының тұрғындары зираттағы құлпытасқа емес, мемориалдағы орден белгісіне тиісе бастады. Әр жылдары "Балға мен орақ – аштық пен апат", "Коммунизм – күлтөкпе", "Басқыншылар" деген сияқты жазулар жазып кететін. Ақыры орден түріндегі белгінің өзін мүлде алып тастау ұйғарылды. Байырғы бейіттің екі ел арасындағы кезекті саяси сүзісу алаңына айналып кеткені содан.


Оқи отырыңыз: Желі "жеткізді"


Ойсыраған образ

Екі мемлекетттің мүйіздесіп жатқанында біздің шаруамыз қанша? Өз қотырымызды қасып жата бермейміз бе? Байыптап қарасақ, шамданып нота жіберудің бір шалғайында біздің елге қатысты шикілік бар екен. Нендей? Талдайық.

Кейінгі жылдары Ресейде кешегі соғыста тек орыстар мылтық ұстап жеңіп шыққандай астам пікір пайда болды. Қатар соғысқан басқа ұлт өкілдерін ауызға алуды азайтты. Думадағы даурықпаны, мінберлердегі менмендікті айтпағанда көпке ұсынылатын кино, ақпарат құралдарына көз салыңыз.

2010 жылы Ресей экранына "Брестская крепость" фильмі шықты. Екі сағаттан асатын кинода бәрі бар. Музыкант бала мен оның құрбы қызы, сатушы бойжеткен мен киномеханиктің махабббаты, суыт бомбылау, басып кірген басқыншылар, командирдің ерлігі, фашистердің жансызы, басында бойын үрей билеп, одан кейін есін жинап алатын жауынгерлер, талқан болған аурухана, алдыға салып айдалған бейбіт тұрғындар, аштық, таусылған оқ-дәрі, ертелі-кеш рациямен көмек сұрау...

Осының барлығы қамтылған көркем фильмдегі көп солдаттың ішінде ең болмаса бір қазақ жауынгері көрінбейді. Олар мұнда болмаған ба? Болғанда қандай! Кеңес заманында тұрғызылған "Қаһарман қамал Брест" мемориалына 53 қазақстандық жауынгердің аты жазылған. Нұрым Сыдықов, Ыдырыс Күреңкеев, Ботабай Сүлейменов деп тұр. Брест қамалына қатысты көрмелерге ефрейтор Нұрым Садықовтың 1941 жылғы фотосы қойылып жүр. Оны біздің елдің астанасына әкелгені есімізде. Бұл – ресми танылғандар.

Ресейдің "Брест қамалы" фильмінен кадр

Біз кезінде "Қамал қорғаған қазақтар" атты деректі фильм түсіріп, Брестке қатысты көптеген мәлімет жинағанбыз. Тарихшы Лейла Ахметова іс жүзінде олар 53 емес, 432 болғанын дәлелдеген. Алматы мен Талдықорған облысынан 300-ден астам адам, оған жолай Жамбыл облысынан 120 отан қорғаушы қосылып, 1940 жылдың басында Брестке жеткізілген.

Атақты майдангер, Берст қорғаушыларының жиындарына арнайы шақырылатын Ғаббас Жұматов ше? Ол кісінің естеліктерінде Файзолла Тұрымов, Тұрар Сатыбалдин, Әбдіразақ Мәмиев және басқа қарулас достары соғыстың бірінші күнін Брест қамалында қарсы алғаны айтылған ғой. Қайда солар?

Тіпті, ресми тіркелген 53 солдаттың атынан біреуінің образын неге фильмге кіргізбеген?  Біздің парламент, мәдениет саласына жауапты министрлік өкілдері осындайда көзін байлап ала ма, әлде тілін тістеп отыра ма? Сыртқы істер министрлігі арқылы неге Ресей жағына сұрау салмайды?

Қазақта "бір қызымнан бір қызым сорақы болды" деген сөз бар. 2013 жылы "Сталинград" атты көркем фильм Ресей экранына шықты. Ұзақтығы екі сағаттан асатын көріністерде соғысып жүрген бір қазақ болсашы.  

Тарихқа жүгінсек, Еділ жағасында фашистерге төтеп берген 62-армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ соғысқан. Қазақстанда жасақталып, Сталинградты қорғаған 29 және 38-атқыштар дивизиялары ерен ерлігі үшін 72 және 73-гвардиялық болып аталды. Бұлардан басқа жан аямай соғысқан және бірнеше дивизия Қазақстанда жасақталған.

Бізде Алик Шпекбаев деген қайраткер бар. Құқық қорғау саласында ұзақ жыл қызмет етті. Соның әкесі Жатқамбай мен атасы Мұсахан екеуі Сталинградты екі қанатта қорғаған. Аралары 30 шақырымдай болса да, бір-бірінен хабар алмаған. Міне, әкелі-балалы қазақтар қатар қан төккен қала туралы екі сағаттық фильмде бір көрініс болмауы қиянат емес пе?!

Сталинградты қорғау барысында Нұркен Әбдіров жанып жатқан ұшағын жау эшелонына құлатты. Өзі қаза тапты, артынан Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сталинград түбінде минометпен бір күні жаудың взводын толық жойған, арада үш күннен кейін шабуылдаған 36 танкінің тасасындағы фашистерді қырған, ақыр аяғында өз денесіне жарылғыш байлап жау танкісінің астына түсіп жарып жіберген Қарсыбай Сыпатаевтың көркем образы қайда? Белгісіз емес, оған да Кеңес Одағының Батыры атағы берілді ғой.

Кейін "Русская семерка" аталатын сайттан Ұлы Отан соғысы туралы кейінгі фильмдердегі қателер туралы мақала оқыдық. Онда "Сталинград" фильмінде субұрқақ өзгертіліпті, Павлов үйі мен театр ғимараты бір-бірінен қашық еді, соны жақындатып қойыпты, танктердің түрі басқаша болатын, фашистердің погонын дұрыс тақпаған" деген сынды ескертулер бар да, ең бастысы – "басқа ұлт өкілдері бірге соғысып еді, солар қайда?" деген сын айтылмаған.

Міне, өз кемшілігін көрмей, өзгенікіне көз алартудың Ресей идеологиясындағы мысалдары осындай.


Оқи отырыңыз: Ұлдарын ұмытпаған халық – ұлы


Мылқау мақала

Енді кинодан Ресейдегі бұқаралық ақпарат құралдарына ауысайық. Кейінгі жылдары ол елде Ұлы Отан соғысына арналған мақалаларда Кеңес Одағы қордасынан шыққан тәуелсіз мемлекеттердің үлесі туралы айтыла қоймайды.

Бір дәлелмен тоқтайық. Ресейлік танымал Lenta.ru сайты 2021 жылғы 29 шілдеде кімдер Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны туралы көлемді мақала жариялады. Бұл атақ 1936 жылы белгіленіп, содан Кеңес Одағы ыдырағанша 12 800-ден астам адамға беріліпті. Соның ішінде сайттағы материалда әр саладан алғандар, бірнеше мәрте атанғандар бойынша көптеген мысалдар келтіріледі.

Әйелдерден бірнеше мысал бар. Ұшқыштарынан бастап ғарышкеріне дейін. Ең көп берілген кезі, әлбетте, Ұлы Отан соғысы. Мерген Людмила Павличенко айтылады. Ал қазақтан шыққан мерген қыз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова ұмыт қалады.

Жау дзотын денесімен жапқан Александр Матросов туралы дерек бар, тура сондай ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Батыры атанған Сұлтан Баймағамбетов ескерілмейді. Дәл сондай ерлікті істеп, өзі тірі қалған қазақ Сабалақ Оразалинов, тіпті, Батыр атанбады. Бар болғаны Екінші дәрежелі Отан соғысы орденін оған газеттердегі қаншама мақала мен жоғары жаққа жолданған хаттардан кейін 1985 жылы зорға қиған. Бұл сөз арасына қыстырылған қыжылымыз ғой.   

Lenta.ru сайтында одан әрі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанғандар тізбеленеді. Алғаш ондай атақ алған ұшқыш Сергей Грицевецтен бастап. Бірақ, олардың арасынан қазақ Талғат Бигелдиновтың фамилиясын таппайсыз.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов

Мақаланың көлемді тұсы орыстан басқа ұлт өкілдеріне осы атақ берілгені туралы. Сыған Тимофей Прокофьев, неміс Феодосий Ганус қалай Батыр атанғаны сипатталады. Ал Кеңес Одағының Батыры болған жүзге жуық қазақтардың біреуінің аты аталмайды. Осы әділдік пе?!   

Ерлігі кейін ескеріліп, соғыс біткен соң көп жылдардан кейін тиесілі атақты алғандарға біраз сөйлем арналады. Кеңес Одағы тарқар кезде кімдер соңғы атақты алғаны туралы да жазылады. Бірақ не анда, не мұнда соғыстан 45 жылдан соң Бауыржан Момышұлына (қайтыс болғаннан кейін) Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені еске алынбайды.

Ақыр аяғында мақалада соғыстан кейінгі кеңестік бейбіт заманда Батыр атағы берілгендер тізбеленеді. Әскери сынаушы ұшқыштардан, ғарышкерлерден Кеңес Одағының Батыры атанған біраз фамилияны табасыз. Бұл тұста енді қазақ Тоқтар Әубәкіров "ұмыт қалады".

Мақаланы шұқшия оқып шығып ойға қалдық. Ресей саясатшыларының шоқпар етіп Украинаны тоқпақтап отырған құжаты – "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан мемлекеттердің – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүшелердің халықтарының ерлігі мен батылдығын мәңгі есте қалдыру туралы келісім" өздерінің киногерлері мен журналистеріне қатысты емес пе сонда? Өзгені түрпектеу үшін ондай мәселеде алдымен өзің таза болуың қажет-ау!   

Львовтың Марс алаңына қатысты Ресей мен Украина сыртқы істер министрліктерінің мүйіздесуінен осындай ой түйдік.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.