Ақын мен тырна

Бүгінде белгілі ақын, бүкіл қазақ елі жазушыларының тізгінін ұстап отырған Ұлықбек Есдәулеттің жас кезінде өзі туған облыстың орталығы Өскемен қаласына арнаған өлеңі бар еді:

Сапардан қайтқан тырналар танымай қалса – кешiрiм,

Шаһар бұл түлеп жататын балапан үйлер бесiгi.

Бұдан қырық бес жыл бұрын оқыған өлеңді еске алуымызға бір сөзі ғана себепкер. Ол – кешірім. Жас ақын қаланың соншалықты қарқынмен салынып жатқанын "балапан үйлер бесігі" деген теңеумен келтіріп, сондықтан жыл сайын оралатын тырналар оны танымай қалуы мүмкін деген көркем ойға жетелеген. Өйткені, бұл – поэзия. Әрі жас ақын өзгеріп кеткен Өскеменді танымай қалған тырналардан кешірім сұрайды. Өйткені, бұл – кісілік.

Беріде Ұлықбек ағамыз тағы кісілік танытып, бізден де кешірім сұраған. Өзіміз мүлде білмейтін жағдай екен. Жас кезімізде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынылыппыз. Журналистика саласы бойынша. Онда жастарға арналған "Лениншіл жас" газетінің Орталық Қазақстан аймағы бойынша меншікті тілшісіміз. Қарағанды қаласында тұрамыз. Алматыда болып жатқан жәйттен хабарсызбыз. Тіпті, сыйлыққа ұсынылғанымыздан да.

Ұлықбек ағамыздың кешірім сұрау сыры мынада екен. Ол кісі сыйлыққа ұсынылған үміткерлерге дауыс беретін комиссия құрамында болыпты. Сонда әлдебір редактордың үгіттеуімен бізге емес, басқа үміткерге дауыс беріпті. Қаншама жыл бойы сол әрекеті жанына тыныштық бермей, ақыры үлкен басымен кешірім сұраған ғой.

Ойланбастан кешірдік. Тіпті, өкпелеген де жоқ едік. Өйткені, сыйлыққа ұсынылғанымызды, ол кісінің сонда қарсы дауыс бергенін отыз жылдан кейін естідік қой. Қайта бізді емес, басқаны қолдағаны дұрыс болған-ау. Ол кезде сыйлыққа келген ақшаға қабырғамызды жаппасымыз анық, әрі кеткенде бірнеше күн думандатармыз. Әрі қарай марапатқа мас болып, кеуде керіп, жазу мәнерімізден жаңылып қалуымыз мүмкін ғой. Ал арбадан бір рет бұзылған атты қайта дұрыстап дәртеге шегіп, жүргізе алмайсың.

Бізге қатысты кешірімнің сыры осындай. Ұлықбек ағамыз болса, жыр әлемінде тырнадан, өмірде інілерден кешірім сұрай алатын сезімталдығымен, азаматтығымен қайран қалдырған.


Оқи отырыңыз: Бармақтай болған бүлдірген


Обама мен бомба

Арғы-бергі тарихта кешірім сұраудың мысалы жеткілікті. Мәселен, Екінші жаһандық соғысты бастап, миллиондардың қырылуына себепкер болған фашистік биліктің басқыншылығы үшін Германия кешірім сұрады. Адамзат үшін ұмытылмас қырғын мен қырқыстың басталғанына 80 жыл толуына орай 2019 жылы Германия Федеративті Республикасының президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Польшаға ресми сапармен барды. Екінші жаһандық соғыс осы мемлекеттердің бірінің екіншісіне басып кіруінен басталғаны мәлім. Соның салдарының Польшаның өзінде 6 миллион бейбіт тұрғын қырылды. Жер жүзін санамағанда.

Польшаның Велюнь қаласы 1939 жылы 1 қыркүйекте алғашқы болып шапқыншылыққа ұшыраған. Тура соғыстың тұтанған жері. Осы қалада 80 жылдан соң өткен азалы митингіде Германия президенті: "Мен Германияның тарихи күнәсі үшін кешірім сұраймын. Біз екінші дүниежүзілік соғыстың салдарына әлі күнге жауаптымыз", – деді. 

Оның алдында Германияның атақты канцлері Конрад Аденауэр мемлекетті фашизм басқарған жылдары еврей халқын жаппай қырып-жойғаны үшін тізерлеп тұрып кешірім сұраған. Бұл – үлкен саясатта кеткен қатені түсініп, кішірейе білудің өнегесі.

Дінде де оның мысалы бар. 2000 жылы 12 наурызда Рим Папасы Иоанн Павел Екінші католик шіркеуінің тарихында кеткен асыра сілтеу мен астамшылық үшін кешірім сұраған. "Бұдан былай шіркеу өктемдік тәсілдеріне жүгінбейді, алалау мен қуғын-сүргін атаулыны ұмытады, кедей-кепшік пен үйсіз-күйсіздерге астамшылықпен қарауды қояды. Біз кешіреміз және кешірім сұраймыз", – деп аяқтаған атақты Папа өзінің Құдайға жалбарынуын.

Сөз арасында айта кетсек, көзі тірісінде Қазақстанның астанасына келген осы ізгі ақсақалдың сапарын телевизиядан көрсетушілердің ортасында жүрдік. Иоанн Павел Екінші дін иелері арасында әлемнің төрт тарапының түгел ықыласына бөленген бірден-бір қайраткер еді. Әрі біздің елімізге асқан мейірбандықпен қарады. Топырағы торқа болғай!

Саясаттағы кешірім сұрауға оралсақ, оған әлі мойны жар бермей отырған мемлекеттер бар. Жапонияда атом бомбасынан зардап шеккендер сол жойқын қаруды қолданған Америка Құрама Штаттарының кешірім сұрауын талап еткен. Жапон үкіметі ресми түрде мәселені қабырғасынан қоймаса да, жеке азаматтарының аузына қақпақ болмады. Бірақ, АҚШ әлі күнге сұрапыл екі бомбаны тастағаны үшін кешірім сұрамады. Ол елдің билігінде "атом бомбасын қолдану ғана Екінші жаһандық соғыстың нүктесін қойды" деген тұжырымы бар.

Сөйте тұра АҚШ президенттері арасында Барак Обама бірінші болып  атом бомбасы қиратқан Хиросимаға барды. Сонда сөз сөйлеген соң атом бомбасынан зардап шеккендер тобымен құшақтасты. Бұл әрекеті – мемлекетінің болмаса да, жеке өз басының кешірім үшін келгенін аңғартар еді.

АҚШ президенті Барак Обаманың Хиросимада атом бомбасы жарылысына куәгер жапондармен кездесуі. AP/Carolyn Kaster-дің фотосы

Бизнесте де кешірім сұрағандарды білеміз. 2005 жылы америкалық бірнеше банкті біріктірген қаржы корпорациясының басшысы Кеннеди Томпсон "өз корпорациямның атынан бүкіл Америка халқынан, әсіресе афроамерикалықтардан, бір кездегі африкалықтардың ұрпақтарынан кешірім сұраймын", – деді. Себебі, оның құрылымындағы банктің бірі ертеректе құлдарды несие үшін кепілге рәсімдеген екен. Тағы бірі теміржол құрылысына құлдарды жөнелтумен айналысқан. Арада ғасыр өткенде кешірім сұралды.


Оқи отырыңыз: Ұлдарын ұмытпаған халық – ұлы


Қолтырауын мен қоғам

Соңғы уақыттта әлденені бүлдіріп алып, әрекеті елге әйгі болған кезде кешірім сұраушылар көбейіп кетті. Мысал көп. Тәулік сайын шулатқан біреу шығады. Оның қылығын әлеуметтік желіден көріп, оқығандар жағасын ұстап жатады. Одан әлгіні жаппай айыптауға кіріседі. Сол тұста не заңға, не иманға сыймайтын қылық жасаған жан камера алдына отырып өзінің білмей қалғанын, енді олай істемесін айтып ант-су ішеді. Кейінгі оқиғалардың көбі осындай ортақ сценариймен өрбіп жатқаны даусыз.

Бір ғажабы, кешірім сұраушы камера, смартфон алдында жалғыз өзі болады. Оның қылығынан зардап шеккен бір немесе бірнеше адам, тіпті бүкіл қоғам қайда? Олар "кешірдік" деді ме? Жансыз смартфон арқылы кешірім сұрау – түптеп келгенде "бір актердің театры" ғой. Осы жағы ойландыратын.

Бұл тақырыпқа қалам қозғауымызға кейінгі "кешірім сұраудың" бірі түрткі болды. Бұған дейін-ақ ішімізге сыймай жүрген құбылыс еді.

Баяғыда бір шалдың баласы қой ұрлайды екен. Ұрлық малды үйге әкеліп сойып алады. Әкесі оған үндемейді. Бірақ, сойған етінен  бір түйірден кесіп, істікке шаншып жүреді. Тура қойдың еті істіктің ең ұшына жеткен күні баласы ұсталып, ұрлығы көпке мәлім болады. Сол сияқты "істікті толтырған" соңғы кешірім – келінінің бетіне қызған шанышқы басқан қайын апа болды.

Оспадар оқиғаны, тіпті оны "қорлық" деп бағалауға болар-ау, біліп, оны жалпақ жұртқа жария еткен белгілі журналист бұл күнде адам хақысын қорғаушыға айналып кеткен Гүлмира Әбіқай екенін мақтанышпен айту керек. Қоғамға осындай елгезек, жанашыр, бас қамы емес, басқаның амандығын ойлайтын тілшілер қажет те пайдалы екенін әріптесіміз әр кезде ісімен дәлелдеп келеді.

Әлеуметтік желі олардың құлашын кеңітті, мүмкіндігін молайтты. Телеарнаның эфирін біреу көрсе, біреу көрмей қалуы ықтимал уақыт артта қалған. "Сыбырлағанды Құдай естімей ме?" деген сөз де ескірсе керек. Қазір желіге шықса болды, ар жағы өртті жайып әкететін желден бетер. Қазаққа демократияны елдің басшылығы емес, сырт жақтағы "технология тәңірлері" тарту етті. Тәубе. Біздің билік соны қалай да тұншықтырумен әуре. Бұл – әлбетте, басқа тараптағы тақырып.   

Сонымен Гүлмира Әбіқай бетіне қызған шанышқы бір емес екі рет басылып, табы әлі сақталып тұрған келін туралы ақпаратты жария еткен соң, кешікпей әлгі әрекетті жасаған қайын апа әлеуметтік желіге өзі шыға келді. "Жаздым-жаңылдым, неге олай істегенімді өзім білмей қалдым" деп еңірегенде етегі толып тұр.

Мұны баспасөздің бейнелі тілінде "қолтырауынның көз жасы" дейтін еді. Жас журналист кезімізде дәл осындай тақырыппен памфлет жазғанбыз.

Қолтырауын бір уақ судың бетіне шыққанда немесе құрғақта жатқанда көзінен жас сорғалайды. Оны көргендер "бұл жыртқыш өзі жеп қойған хайуанды артынан жоқтап жылайды" деген аңыз шығарған. Әрине, крокодилдің көзінен шығатын жастың ғылыми себебі басқадай. Бірақ, әлгі аңыздан барып "қолтырауынның көз жасы" деген ұғым қалыптасқан.

Атырау қаласында итті азаптаған азаматтың кешірім сұрағаны. "Хабар" арнасындағы сюжеттен скриншот. 

Қатыгез қайын апаның "жаздым-жаңылдым" деген сөзі, жалпы бүлдіріп алған соң, момақансып кешірім сұраушылардың қылығы – басқа емес, "қолтырауынның көз жасы". Кейде қоғам соған сенеді. Сөйтіп оны басқалар ғана емес, жәбір көрушілердің өзі кешіреді. Ал қолтырауын болса, дереу лай суына сүңгіп, кезекті жемтігін қанды азуға іліктіруге кіріспек.


Оқи отырыңыз: Ауыздағы айна


Ғалым мен трамвай

Мұндай кешірім сұрау талайларды жасаған жағымсыз әрекеті, істеген теріс қылығы үшін жауапкер болудан құтқарып жатыр. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік құқық тәртібі комитетінің мәліметінше, тараптардың татуласуы, яғни жауапкердің кешірім алу арқылы оған дейін қозғалған істің 60 пайызы тоқтап қалады. Сонда екінің бірі есіріп алады да, "кешір" деп кете береді. 

2020 жылдың толық дерегіне қарағанда ішкі істер органдарына жәбір көрушілерден 190 мың арыз түскен. Бірақ, соның 100 мыңнан астамы кейін "ана жақ кешірім сұрап, мына жақ оны кешірді" деген желеумен жабылған.

Өз уақытында уытты сықақшы Шона Смаханұлы:

"Кешке баласы вечерге барады,

Ертесінде ата-анасы кешірге барады"

деп тақпақтап отыратын.

Қазір ата-анасы емес, кім бүлдірді, соның өзі кешірім сұрау сәнге айналып барады. Сәнге айналғаны сонша, оларды көрген басқалардың әбес әрекет жасай салуы ғажап емес. Өйткені, анау адамға ешқандай шара қолданылмады, бүлдірген нәрсесі кешірілді ғой. Оның есесіне әлеуметтік желі арқылы атағы айналаға жайылды, көпке танымал болды. Аулалас-ауылдастар енді оның алдынан кесе-көлденең өтуге қаймығады.

Кешірім сұрағанды, "татуластық" дегенді маңдайдан сипап, оларды берілуі керек әкімшілік, тіпті қылмыстық жазадан құтқара салу – түбі қоғамды ұшпаққа шығармауы мүмкін. Қазірдің өзінде кешірімшіл боламыз деп, келеңсіз әрекет атаулыдан аяқ алып жүре алмай жатырмыз.

"Отыз тістен шығып, отыз рулы елге жайылған" ғайбат сөзді бірінші жолы кешіруге болар. Бірақ, ол адамның аузынан екінші рет ондай естілсе, "жаздым мен жаңылдымға" орын болмауы керек. Ал әйел адамның бетіне ыстық шанышқы басқан қайын апаның әрекеті сияқтылар ешқандай кешірімге жатпасын. Басқалар осындай аярлықты қайталамас үшін!

Кешірім демекші, есімізге және бір әңгіме түсіп отыр. Университетте студент кезімізде өз заманындағы "менмін" деген ғалымдардың талайының дәрісін тыңдағанбыз. Соның бірі филология ғылымдарының докторы Белгібай Шалабаев марқұм еді. Ленинградта оқыған екен. Шамасы, аспирантура шығар.

Дәріс үстінде ара-тұра Нева жағалауындағы қала туралы әңгімелеп кететін. Жастық шағы өткен соң ұмыта алмайтын шығар. Бірде:

– Ленинградтың адамдары сондай мәдениетті ғой. Трамвайға мініп жатқанын артынан теуіп қалсаң, саған бұрылып "кешір" дейді, – десін.

Біз – студенттер күлкіден өлдік. Аудиториядан шығарда, автобусқа мінерде бір-бірімізді арттан теуіп көрдік. Бірақ, біреудің тепкісін көріп тұрып, одан кешірім сұрауды еш қисынға сыйғыза алмадық.

Негізі, кешірім сұрау – мәдениеттің белгісі. Бірақ, ол есірген адамның кешірім сұрауы емес.