Үшінші ұрпақ

Алматыдай ірі қаланың көшесінде не болмайды? Күнделікті тіршілік көріністері арасында көлік апаты кездесіп жатады. Ондай оқиға күнде басыңызға түсе бермес, бірақ ешкім ешқашан "мен автокөлік қақтығысына ұшырамаймын" деп кесіп айта қоймас.

Автокөлікті біз де соғыстырғанбыз. Шетелдің әлдебір фильміндегідей ерігіп жүріп, қызыққа бола істеу емес. Түрлі көлікті сынайтындардың жоспарлы әрекеті емес. Негізі ондай бар. Жаңа автомобиль жасалғанда неше түрлі жылдамдықпен соғыстырады. Қай тұсы әлсіз екенін анықтау, қорғаныш құралдары қалай жұмыс істегенін білу үшін. 

Біздікі не қасақана, не жоспарлы тұмсық түйістірген емес. Бар болғаны бір көліктің бөксе жағы екіншісін бүйірден сызып кеткен. Асығыстықтан. Жол-көлік оқиғасынан соң апаттық жыпылдақ шамын жағып, жерге түстік. Әуелі өзіміздікіне, одан кейін ана көлікке не болғанын қарадық. Ол көліктің жүргізушісі де солай  істеп, енді бір-бірімізге беттедік. Болатхан Тайжан аға!

– Қайнар інім, сенсің бе?

Талай жылдан таныс, көп мәселеде телевизияға пікірін сұраған, түрлі бағдарламаға қатысу үшін студияға келген ағамен ию-қию көшенің ортасында қауқылдасып жатырмыз. Болатхан студент кезінде Қалқаман Тілеуханов, Мұрат Әуезов сияқты достарымен бірлесіп Мәскеуде "Жас тұлпар" қозғалысын құрған. Кеңес заманында дипломатиялық қызметке іліккен азғана қазақтың бірі. Қазақстан жеке мемлекет болған кезде білікті, кәсіпқой елші ретінде танылды. "Ұлтым" дегенде жүрегін жұлып беретін патриоттығы теңдессіз. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары ұлттық мүдде үшін қайтпай арпалысқандар баршылық десек те, солардың арасында суырылып шыққан Болатхан Тайжан мен Сәбетқазы Ақатайға құрметіміз ерекше еді.

– Мына көлігіміз бізден ақылды ма? Көптен жолықпай қалғанымызды біліп сүйкеніске кеткен екен? – деген әлгі жерде әзілдеп.

Жас кезімізде Мәскеуде оқу бұйырмай, ауылда қой баққан қазақпыз ғой. Айдалада екі жолаушы кездессе, аттары бір-біріне мойын сүйкенісе қалатыны бар. Ағаның сөзі алыстағы сол көріністі көз алдымызға елестеткен.

– Көлігіңізді жөндетіп берейін. Не ақшасын алыңыз, – деген інілік ізетімізге ол кісі қолын сілтеген.

– Темір-семірді бұлдап қайтеміз, – дей салды. – Өзіміз аман жүрейік, бауырым!

Аға айтпақшы, бір-бірімізге бұлдамаған темір көліктеріміз жанармаймен қозғалатын. Онда қазақ қалаларына электромобиль келе қоймаған. Оны жасау мен тізгіндеу үшінші ұрпақтың еншісі екенін қайдан білейік?!

Иә, Болатхан аға күнделікті тіршілікті қамдамаған, тек ұлтқа қызмет ету үшін туған тұлға еді. Ол кісі өмірден өткен соң "ат тұяғын тай басар" дегендей саяси сахнаға ұлы Мұхтар көтерілді. Онымен аралас-құраласымыз жоқ. Әрі Қазақстандағы саясатқа араласуды қойғанбыз. Кейінгі жастар қандай елде тұрғысы келеді, соны өздері анықтап, өздері орнықтырсын деген ұстанымымыз бар.

2021 жылдың ақпан айында Тайжан әулетінің үшінші буыны туралы біліп отырмыз. Санжар Тайжан. Болатхан ағаның немересі. Электромобиль жасапты. Тұтас құрастырмаған. Жанармай жағып қозғайтын мотордың орнына батареялар қойған. Әзірге бір жолғы қуаты арқылы 100 шақырым жүреді екен. Болашақта оны жарты мың шақырымнан асырмақ.  Қуат алуы кәдімгі үтік сияқты, тоққа қосып қойсаң болғаны.

Санжар Тайжан электр қуатымен қозғалатын көлікті министрге көрсетуде. Фотоны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған

Жалғыз істемепті. Қасында үш инженер досы бар. Автомобильдің моторын алып, орнына аккумуляторлар қойғаны мен басқа шығыны бір милилон теңгеге жетпеген. Ал жұмысына бір апта жұмсалған. 

Санжар шағын сұқбатында болашаққа шолу жасапты. "Дамыған елдер көліктің бәрін электрге көшіріп жатыр. Қазақстанға бұл үшін ондаған жылдар қажет. 2035 жылдан бастап бізде жанармаймен жүретін автокөлікті сату тоқталар. Сонда 2060 жылдан ел толық электромобильге көшеді". Жас жігіттің, ақылды атаның немересінің пікірі осындай.

Дамыған елдердің бірінде жанармай арқылы жүретін автокөлікті электр қуатымен жүретін етіп қайта жасап жатқан компания жұмысымен жан-жақты танысып едік. Санжардың пікірінен кейін сол сапар ойға оралды.


Оқи отырыңыз: Қауашақтың ішіндегі қазына


Үшінші дүңгіршек

– Біз бәрін үшінші дүңгіршектен бастадық, – деген Юрген, ағайынды екі жігіттің үлкені. – Бірінші дүңгіршекте мен, екіншісінде інім жұмыс істеді. Үшінші дүңгіршекті алған соң өз мақсатымызға даңғыл жол ашылды.

Бұл – Райнбах ауылындағы әңгіме. "Ауыл" дегенде біздің ұғыммен. Австрияда шамасы, қалашық шығар. Бірақ, аз үйлі. Қала емес екені анық. Онда біздегідей "облыс" аталатын бөлініс жоқ. "Жер" дейді. Мынау –  Жоғары Австрия жері.

Үш контейнер тағы бірер жылдан соң жаңа зауытқа айналыпты. "Kreisel Elektrik" деп аталады. Іргедегі төбеден қарағанда алтыбұрышты етіп салынған. Төбеге шыққан себебіміз: кәсіпорынның  шатырын көрмек едік. Өйткені, ол да, автокөлікке арнайы жасалған атшаптырым қалқа да күн панельдерінен. Мынандай аумақты зауыттың сырттан электр қуатын алмауы – осы заманғы жетістік. Қайта бұлар мемлекеттің ортақ желісіне қуат қосып, содан қосымша пайда түсіреді. Әлгі алып шатырдың арқасында. Негізі, компания жанармаймен қозғалатын көліктерді электр қуаты арқылы жүретін етіп қайта жасау мақсатында құрылған.

– Әңгіме әкемізден басталды, – дейді Юрген Соннлейтнер. – Ол кісі бірнеше жыл бұрын электр қуаты арқылы жүретін көлік алды. Оның қаржы үнемдеу мен табиғатқа пайдалы екенін көрдік. Содан соң інім екеуіміз газбен жүретін "Ауди" автокөлігін сатып алып, оны электрмен жүретін етіп жасауға кірістік.

Мұндай өзгеріс үшін керегі – қуатты сақтайтын аккумулятор мен айналысты доңғалақтарға өткізетін трансмиссия. Осыларды біраз зерттеп, алғашқы үлгілерін жасайды. Сөйтіп жүріп "Аудиді" өртейді.

Юрген Соннлейтнер аккумулятор ұяшықтарын тексеруде. Автордың фотосы

Қазақ "ізденген жетер мұратқа" деп тегін айтпаса керек. Тынымсыз ізденіп, қайта-қайта өңдеп, ақыры қуат беріп тұратын аккумулятор мен оның қуатын қозғалысқа айналдыратын тетікті жасайды. Алдымен таныс-білістердің жанармай немесе газбен жүретін көліктерін электромобиль етіп өзгертіп береді. Содан кейін ірі тапсырыстар кезеңі басталыпты. Жаңа зауыт осы үлкен тапсырыстарды орындау үшін бой көтерген. Енді Еуропадағы бірқатар автозауыттардың терезесі теңдес әріптесіне айналды.

"Фольксваген" компаниясының "Гольф" маркалы электромобильдері  "Kreisel Elektrik-тің" 55,7 киловаттық аккумуляторы арқылы қозғалады. Ондағы қуат 400 шақырымға жеткізеді. Бітіп қалған соң 20 минут ішінде толық қуаттап алуға болады. "Шкода" компаниясындағы "Yeti" маркалы электромобильге қойылған қуат бергіш сағатына 180 шақырымдық жылдамдықпен заулап жүріп, 350 шақырымға еркін барады.

Зауыт микроавтобустарды ұмытпады. "Kreisel Elektrik" фирмалық белгісі бар 120 киловаттық аккумулятор орнатылған "Спринтер" автобусы сағатына 130 шақырымдық жылдамдықпен 300 шақырымды артқа тастайды. Ауаға еш зияны жоқ. 300 шақырымнан соң қырық минуттай дем алып отырғанда қайта толық қуатталады.

Жылдамдықты жақсы көріп, сол себепті спорттық стильдегі автокөлік жүргізетіндер электромобильге назар аудармайтын. Себебі, олардың жылдамдығы шектеулі. Енді "Kreisel Elektrik" желмен жарысатындарды қуандырып отыр. Бензин мотордың орнына батарея мен трансмиссия орнатылған "Порше" автомобилі сағатына 300 шақырымдық жылдамдықты ұстайды. Заулаған қалпы тоқтамастан 450 шақырымға барады. Тек 360 киловаттық аккумуляторды толық қуаттап алуға төрт сағаттай уақыт керек.

Зауытты көріп шыққан соң оның қожасына:

– Сіздер "Теслаға" бәсекелессіздер ме? – деген сауалды көлденең тарттық.

– Жоқ, – деген Юрген Соннлейтнер. – Біз электрлі көлікті тұтас құрастырмаймыз. Тек аккумулятор мен трансмиссия жасаймыз. Бұл өнімдеріміздің тиімділігі "Тесладан" 15 процентке артық.

Біртіндеп "Kreisel Elektrik" өз назарын мұхиттағы кеме мен әуедегі ұшаққа аударды. Оның жасаған аккумуляторы әуе көлігін ғарыштың бергі жиегіне дейін жеткізбекші.

Швейцариядағы Рафаэль Домьян деген жиһангез Жерден 20 шақырым биікке ұшатын ұшақ жасап жатыр. Оны 2022 жылы аяқтайды. Ұшақтың 25 метрлік қанаты күн панельдерімен қапталып, ішіне "Kreisel Elektrik" жасаған қуат жинағыш орнатылған. Өйткені, бұлардың өнімі минус 70 градус суықты елемей жұмыс істейді. Үш жылғы сынақта сыр берген жоқ.

Рафаэль Домьян болса, алғаш рет күн қуатымен ұшатын ұшақтан парашютпен секіріп және бір жылнамаға алғашқы ретінде атын қалдырды. Ал үш дүңгіршектегі кішкене цехтан алты бұрышты алып зауыт салуға жетіскен Соннлейтнердің табысы Санжан Тайжан мен оның командасына жұғысты болсын деп тілейміз.


Оқи отырыңыз: Швецияға қоқыс шығар


Үшінші талпыныс

Тарихты парақтасақ, электр қуатымен жүретін көлік іштен жану қозғағышымен жүретіндерден бұрын жасалған. Батыс Еуропада электр арба 1850 жылдан пайда болды. Жылдамдыққа қатысты алғашқы рекорд электр қуаты арқылы қозғалатын көлікке тиесілі. Оны Францияның Компьене қаласындағы музейден көруге болады. Рас, сыртын жаңартып, жақсылап бояған. Бірақ, шанағы мен ішкі құрылысы сақталған.

Бұл электр арбаны қазір Париждің көшелерінде ағылып жүрген электромобильмен салыстыру қиын. Онда жалғыз жүргізуші қоқайып отырады. Төбедегі жауыннан қорғау тұрмақ, қарсыдағы желден ықтасын жоқ. Ал сағатына 100 шақырыммен заулағанда алдан қандай жел соғары белгілі.

Шынында, электр арбаның 1899 жылы сағатына 105,8 шақырым жылдамдықпен жүргені тіркелген. Өзін Женатцки деген инженер жасапты. Түрі оқтан аумайды. Оқтай заулау үшін солай істелген. Бірақ, арбаның дөңгелегі мен жүргізушінің отыратын жері аэродинамикаға өте қолайсыз.

ХІХ ғасыр соңында Женатцки жасаған электр арба. Фото electricmotorsclub.ru сайтынан алынды

Дәл осы Компьене қаласынан Гитлер 1940 жылы 22 маусымда Францияның тізе бүккені туралы құжатқа қол қойғызған вагонның көшірмесін көру керек. Вагонның өзі соғыстың соңында өртеніп кетіпті. Айтпақшы, осында ежелгі гректен бастап қаншама елдің жауынгерлерінің мүсіні жиналған.

Енді электромобиль тарихына оралсақ, екінші талпынысты 1931 жылы Никола Тесла жасаған. Ол іштен жану қозғағышының орнына 80 ваттық күші бар электр мотор салыпты. Оған түрлі радио бөлшектерін жалғап, көлікті жүргізіп кеткен. Және бір апта осымен келіп-кетіп жүріпті. Бірақ, оны жасаған сызбасын қалдырмаған. Бұл кезде жанармай тапшы емес, әрі Жер шарының экологиясы толғандыра қоймаған. Сондықтан Тесланың тапқырлығы тарих қойнауында қалды.

Үшінші талпыныс ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан басталды. Онда АҚШ-тың Калифорния штатына барған едік. Дәл осы аймақтың ауасы ел бойынша ең лас екен. Соны тазарту үшін штатта электромобильге көшуді көздеген "Ауаға ештеңе бөлмейтін көлік" атты заң қабылданды.

Атақты "Женерал Моторс" электрмен қозғалатын көлік шығарып, жүргізушілер жаппай сатып алады. Бір өкініштісі, бірер жылдан соң заң күшін жойып, электр арбаға құлшыныс бәсең тартады. "Женерал Моторс" компаниясы "аккумуляторы ескірді" деген сылтаумен бүкіл электр көлікті қайта жинатып, балқытып бастайды. Бірнешеуін ғана музейлерге беріпті.

Бұл тұста мұнай бизнесінің алпауыттары іске астыртын араласқан. Электр көліктерінің көбейгені оларды миллиардтаған доллармен есептелетін табыстан айыра бастады. Кейбір концерндерге жабылу қаупі төнді. Сондай себептермен әлгі бағдарламаны тоқтаттырған.  

Араға жиырма бес жыл салып "Ауаға ештеңе бөлмейтін көлік" заңы қайта қабылданған. Ол бойынша 2040 жылы бүкіл Калифорния аумағында электр көліктері ғана қозғалады. Іштен жану қозғағышы бардың бәріне жүруге тыйым салынады. Жақын тұрған 2025 жылы штат жолдарында 1,5 миллион электромобиль жүреді.

Дәл осындай заң Алматыға қажет қой. Биліктегілер өздерінің бүгінін ғана емес, елдің ертеңін ойласа, Калифорниядағыдай қадам жасауы керек.

2020 жылы коронавирустың жаппай таралуына орай жарияланған шектеулер АҚШ-тағы электр арбаның өндірісіне сәл кідіріс әкелді. Жанармай бағасы күрт құлдырап, көлік жүргізушілері ойлана бастады. Жанармай бекеттер оның бір галлонын 1 доллардан сатып жатты. Галлон – біздің өлшеммен 3,8 литр. Кентукки штатында, тіпті, 99 центпен сатылыпты.

Бірақ, Калифорния заң шығарушылары бұл жолы кері шегінбеді. Штат бойынша 1 галлон жанармай 3,39 доллардан төмендемеді. Осылайша, мұнда электромобильге деген қажеттікке коронавирус кедергі келтіре алмады. Үшінші талпыныстың түпкілікті боларына күмән жоқ.

Еуропа Америкадан қалысар емес. Немістің "Даймлер" компаниясы 2022 жылы 10 түрлі электр арба шығармақ. Оған 10 миллиард евро инвестиция салды. "Фольксваген" өзінің Цвиккаудағы зауытын толық электромобиль шығаруға көшірді. Мұнда күн сайын 1 500 электр көлігі сатып алушыларға жөнелтіледі.

Азияда Жапония мен Оңтүстік Корея бұл саладағы неміс пен америкалық бәсекелестерінен кем түсіп жатқан жоқ. Қытайға қарасақ, тек "Hengshi" маркасымен алты түрлі электромобиль жасауда. Бұл үшін Шанхай мен Гуанчжоуда екі зауыт салды. Оларда көлікті роботтар құрастырады. Әр зауыт минут сайын біреуден шығарып жатыр.

Қытай зауытында роботтар электромобиль құрастыруда. Фото cnTechPost-тан алынды. 

Біз... Санжарға сенеміз... Үкімет бұл орайда көрпенің астына тығылып жатқан соң.