Қара қазанның қайғысы

Тынымсыз тілші қызметі кезінде бүкіл қазақ даласын шарладық. Неге екенін, жаңамен бірге ескіні ескере жүреміз. Торғай өңіріндегі "Шөптікөл" атанған бір кездегі берекелі шаруашылықтың орталығы тып-типыл болып, төрт бөлімшенің бірінде ғана екі үй қалғанын, солардың арасында төңкерулі қазан жатқанын көргенде ішіміз удай ашыған.

Кемінде 200 отбасы күнін көрген, бірнеше ондаған мың қойы, мыңдаған сиыры мен жылқысы болған, ой мен қырға шапқылаған техникасы тыным таппайтын "Шөптікөл" орталығын қалың шөп басқан. "Мұнда үш қабатты мектеп, екі қабатты кеңсе, ауылдық кеңес, балабақша, мәдениет үйі, пошта мен байланыс бөлімшесі, монша, кітапхана, МТМ, гараж, жылыту орталығы, екі пәтерлі 70-80 үй болған" дейді бізді осында бастап келген Мырзабай Теңгебаев ақсақал.

Кезінде Қостанайға ет, Ақтөбеге жүн, Арқалыққа тері, жақын стансалардағы элеваторға астық өткізетін. Енді төрт бөлімшенің Мұқыр атанған біреуінде ғана шаруа қожалығы құрылып, екі үй сақталып қалыпты. Онда бұрын 30-40 үй, сегіз жылдық мектеп болған деседі.

Қаншама халық қара қазанды төңкеріп, тентіреп кеткен десеңізші! Жау шапқан жоқ. Топан су баспады. Пәлен жыл құрғақшылық болып, астық пен шөп шықпай, жұт болған емес. Қайта шөп "мені, шіркін, шауып алса" деп ырғалып тұр. Биіктігі сондай бұрынғы ғимараттардан қалған бетон іргетас көрінбейді. Табиғатта жазық жоқ екен, ендеше неден?

Мұқырдағы төңкерілген қазан. Автордың фотосы

Саясаттан. Ауылға қатысты саясаттың теріс, керісінше жүргізілгенінен. Тәуелсіздіктен кейін ауыл шаруашылығын бөлшектеу тұтасып отырған қазақты жылы орнынан суытты. Жұмыстан, мектептен, малдан айырды.

Сол тұста "Егемен Қазақстанға" ауылдықтардың "Суға кеттік, тал қайда?" деген жанайқай мақаласы шыққан. Оны басқа емес, Рысбек Сәрсенбайұлы нөмірге дайындап, Шерхан Мұртаза өзі қолын қойып, газетке басқан. Билікке ауылды жекешеге бөлудің жөн еместігін айтқанның бәрінің аузы жаман болды. Министр Балташ Тұрсынбаевтан бастап. Билік "совхоздар дотацияда, сондықтан мемлекеттің мойнына масыл етпей, оны жекешеге бөлу керек" деп табандап тұрды.

Ал бүгін қараңыз. Әспеттеген "Самұрық-Қазына" қарыз екен. "ҚазМұнайГаз" қарыз деседі. Ұлттық банктің ең соңғы мәліметіне сенсек, Қазақстан 2021 жылы басқа мемлекеттерге 166,7 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде қарыз көрінеді. Тіпті, картадан табуыңыз қиын Бермуд аралдарына 9,7 миллиард доллар, Виргин аралдары дегенге 2,9 миллиард доллар берешекпіз.

Тәуелсіздік алған соң бірнеше жыл қазақ жеріндегі барлық ауылды ұстап тұруға осы Виргин аралдарынан алған қарыз жетер еді. Тоқсаныншы жылдар басындағы азық-түлік бағасы мен қазіргі бағаны салыстырғанда ендігі ауыл шаруашылығы сол қарызды түгел жауып, зиянға шығып отырған "ҚазМұнайГаздың" орнына пайда әкелері мүмкін еді.

Ауылды быт-шыт қылу 2022 жылы қаңтарда Алматы мен тағы бірнеше қаланы быт-шыт қылуға соқтырғанын мойындау керек. Ауылды асырудан қашқан, ақыры оның мәселесімен айналысуды мүлде қойған өкімет енді түрмеге жабылған мыңдаған адамдарды асырамақ.

Ауылда мал, астық өнімдерімен қатар оны өңдейтін кәсіпорындар болғанда жұмыссыз ешкім қалмас еді. Өткен жазда ауыл сыртын лақтырылған мал терісі басып қалғанын көргенде бұл жауапсыздықты Құдай кешірмесін, соңында бір сұрауы боларын сезгенбіз. Сұрау қатты болды, билікті тізерлетпесе де, тәлтіректетіп жіберді.

Тарбағатай ауданы. Ауыл сыртында шашылған тері. Автордың фотосы

Демек, ауылда өңдеу өндірісін жаппай ашпаса, мәдениет, спорт ошақтарын салмаса, интернетті жеткізбесе, осы заманғы техникалық білім беретін колледжде тегін оқытпаса, қалаға келе беретін жұмыссыздар легі тоқтамайды. Ал жұмыссыздар кез-келген ұранға дайын екенін енді бәрі біледі. Ауыл шаруашылығын ыдырату – экономика мен ішкі саясатты айтпағанда дәстүрлі ата-баба дініне зор кесір келтірді. Шөбін шауып, малын бағып, техникасын жүргізіп жатқандардың Алласы ауызында болғанымен, уағыз тыңдардай уақыты қайда? Трактор мен түрлі тіркемелерді жетік білгенімен автомат пен гранатта жұмысы жоқ еді. Оларға керегі комбинезон, шолақ балтырлы шалбар киюдің қажеттігі қанша?

"Ауылды жекешелендірмейік, совхоздар әзірге қарызда отырса да, біртіндеп шығынсыз жұмыс істеудің көздерін іздейік" деген алысты ойлайтын ағалардың пікіріне билік құлақ түрмегеніне енді өкін не, өкінбе не, бәрібір. Қара қазанды қаңсытып кетпей, қалың шөпті шауып алатын "шөптікөлдіктерді" мына айдала болып адыра қалған аймаққа қайта жинай алмайсың.


Оқи отырыңыз: Балдыр басқан бастаулар


Шықпаған шелектің шатағы

Ауылда сондай жұмыс болмағандықтан жастар қалаға ағылды. Содан теріс уағыз тыңдайтын қалың қатпар пайда болды. Білетін адамдар бұған алаңдап, айтып жатты. Тағы биліктің құлағына жетпеді.

Алматы ауылдан келген жастар түгіл қаладағылардың өзін жұмыс тауып бере алмай жатты. Кезінде атақты Алматы мақта-мата комбинатынан жастар газетіне бірнеше репортаж жазғанбыз. Тігінділерден іздеген адам тауып алар. Бірақ, енді кімге керек? Тарихын түгендейтін Алматы мақта-мата комбинаты енді жоқ. Орнында – алып екі сауда орталығы "Армада" мен "Grand Park".   

Сексенінші жылдар соңында әлемнің бірнеше еліне өнім жөнелтіп жатқан кілем фабрикасынан "Егемен Қазақстан" газетіне мақала жаздық. Қазір мұны "Сулпак" пен "Тұмар" сауда орталығы иемденіп алған. Өткенде президент Тоқаев осы тұстағы оншақты ағашты кесіп тастағанда қатты алаңдаушылық білдірді. Кескендердің мәселесі сотқа дейін жетті-ау дейміз. Алдымен өндіріс ұмыт қалып, бүкіл Қазақстан сауда алаңына айналғанына алаңдаса деп едік.

Жастар газетінде тілші ретінде тапсырма алып, Алматыдағы "Қызыл ту" фабрикасынан мақала жаздық. Көптеген пластмасса ойыншықтармен қатар үй шаруасына қажет түрлі пайдалы заттар шығаратын. Қазір мұнда Қытайдың тура сондай заттарын сататын үлкен сауда орталығы тұр.

Бір мақаламыз "Мерей" фабрикасынан жазылған. Қазақстандық жиһаздың сапасы ешбір елден кем еместігін, халықтың жиһазға зәру екенін, сондықтан өндіріс аумағын кеңейту қажеттігін айттық. Қазір "Мерей" – бірнеше сауда орталығы. 

Сексенінші жылдардың ортасы ауғанда Бірінші Алматы вокзалының тура түбінен үлкен зауыт салына бастаған. Газетке "қорғанысқа қажет жаңа байланыс техникасын шығармақ" деп ақпарат бергенбіз. Ол да, міне, кезекті сауда орталығына айналды.

Серік Әбдірахманов ағамыз 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін республика комсомолын басқарған қызметінен алынып, Алматы үй құрылысы комбинатына бас инженер болып кетті. Кешікпей комбинат Саин көшесінің арғы бетінен қабырғаларында өзгеше суреттері бар ірі панелді үйлер тұрғызды. Біркелкі сұр үйлер арасында мына діни ғимараттар бейнеленгендер бірден көзге түсетін. Осындай жаңашылдыққа барған Алматы үй құрылысы комбинатының алып цехтарында "АДК" сауда, ойын-сауық кешені тұр.   

Өндіріс орындарын жекеменшікке бергенмен оларды жауып, ғимараттарын сауда орталығына айналдырғанның жөн еместігі бірнеше мәрте айтылды. Бірақ, оған "отандық өндіріс бәсекеге қабілетті емес, өнімі сапасыз" деген үзілді-кесілді жауап берілді. Нәтижесінде қазақ қалалары мен ауылдарын сапасы бұдан төмен Қытайдың тауары басты да қалды. Халықтың маңдай термен тапқаны іргелес елдің эконоикасын нығайтуға құйылды.

Жалпы, Қытай экономикасы соңғы 30 жылда ерекше дамығаны даусыз. Соған металл мен түрлі шикізатты арзанға беріп, ал тауарларын сағат сайын вагон-вагон, жүк автокөліктерін сықастыра толтырып әкелген өзіміздің алыпсатарлардың үлесі барына билік мойын бұрмады. Айтушыдан кемдік жоқ, тыңдаушыда кеңдік жоқ 30 жыл осылай өтті.

Өндірісі азайған, өздері базарда саудаға шығуға мәжбүр мыңдаған алматылықтардың қатарына олардан көп болмаса аз емес, жұмыс пен табыс іздеп келген ауылдықтар қосылды. Арзанға автокөлік алып, такси болғанның өзі дәреже саналды. Сол арзан деген автокөлік бағасына биліктің "темір-терсек алымы" деген сүлігі жабысып жатты.

Қаңтардағы қанға боялмай тұрған бейбіт шеру кезінде Серік Әбдірахманов салуға үлес қосқан Саин көшесін толтырып жүрген дәл осы қатпар еді. Егер кезінде ауылда жұмыс болса, не ол қалаға іздеп келгенде зауыт пен фабрикалардан табылса, бұлардың "Шал, кет!" деген ұранда қандай шаруасы бар еді?!

Ал қаңтар қырғынында Алматыда ненің көп қирап, тоналғанын қараңыз? Сауда орындары. Онда да негізінен кезіндегі өндіріс орындарының орнына ашылған үлкендері. Анда аяқ киім фабрикасы, мұнда ойыншық зауыты, тағы бір тұста мақта-мата комбинаты жұмыс істеп тұрса, кім барып оларды қиратар еді? "Шықпаған шелектің шатағы" дегеніміз осы.


Оқи отырыңыз: Қаңғыған оқ пен кезеген оқ


Дарбазадан өтпейтін "Дат"

Жақында Абай ауданы жақта ауыл аралап жүргенде арба көргенбіз. Бала кезден білетін арбамыз. Тек мынаның өзі тұр да, дәртесі жоқ екен.

Қазіргілерге дәртенің өзін түсіндірген жөн. Ол арба мен оны тартатын атты байланыстырады. Арбаны не шананы атқа жегу үшін екі жағынан ұзын ағаш бекітеді. Соны дәрте дейді. Жиырма бірінші ғасырдың жиырма екінші жылы Қазақстанның қиын саяси жағдайда қалып, қанды қаңтарды бастан кешуіне дәртенің жоқтығы басты себеп еді.

Дәртесіз қалған арба. Фото интернеттен алынды

Дәрте – дәнекер. Анда ат пен арбаны бір-біріне қосса, мұнда бұқара мен билікті жалғастырады. Кейінгі 15-20 жылда жаңа саяси бағытты, сол арқылы экономикалық қыспақтан құтылуды қалаған халық пен жаңа бағыт ұсына алмаған билік арасында ешқандай дәрте болған жоқ. Арбаның қаңтарылып қалғанынан билік хабарсыз болды. Бұрынғы президент халықтың нақты жағдайын білуден қалды немесе білуді қойды.

Манағы "Шөптікөл" шаруашылығына жақын өңірден шыққан қаламгер ағамыз бар. Бала кезімізде "Бозой бүлдіргені" атты туындысын тамсана оқыдық. Торғай облысы құрылғанда радиосында істеп, Қазақ ССР телевизия және радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитет үздік радио редакторы ретінде атын Құрмет кітабына жазған. 2000 жылдар басында қирап жатқан АСК-2 ғимаратынан осы табақтай кітапты тауып, корпорацияға тапсырғанбыз. Ағамен "Егемен Қазақстан" газетінде бірге қызмет атқардық. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. "Алтын тамыр" романын жазды. Енді таныдыңыздар, иә, Қойшығара Салғарин ағамыз!

"Алтын тамырды" сол кездегі президент те оқыған екен. Ары қарай Қойшекеңді Қытайдағы елшілік жанына жіберіп, архивте жұмыс істеуіне жағдай жасады. Соның арқасында тағы бірнеше тарихи кітап жазып, Мемлекеттік сыйлық алды. Бұдан он жылдай бұрын ағамызға жолықтық.

– Президентке неге айтпайсыз, халықтың жағдайы нашарлады, ауыл титықтады. Торғай өңірі мүлде тозды. Соны құлаққағыс қылсаңызшы, – дедік.

– Бауырым-ау, дәл осыны айттым. Ұнатпады. Содан кейін мені президент қабылдау былай тұрсын, ол баратын жерге шақыруды қойды, – деп күрсінген қаламгер ағамыз.

Міне, дәрте осылай жойылды. Бірден емес, біртіндеп. Сол кездегі мемлекет басшысына нақты жағдай емес, оған ұнайтын ақпараттар ғана жетті. Табысқа толы мақалаларды топырлатып басқан "Егемен Қазақстан" өткен Ақорданың дарбазасынан биліктің бүлдіргенін санап отырған "Дат" газеті өтпейтін еді.

Ақыры не болды? Қаңтарылған арба бір желдің, нақтыласақ "газдың" екпінімен қозғалып кетті де, жайылып тұрған атты семіз қабырғасынан соқты. Егер ат арбаға дәрте арқылы жегіліп тұрса, мұндай көрініс көзге елестемес еді.

Дамитын, өсетін ел бәрінен сабақ алады. Қорытынды шығарады. Енді Тоқаев мемлекеттің түрлі тобындағы нақты жағдайды күн сайын біліп отыруы керек. Оған мемлекеттік хатшы, үкімет басшысы, баспасөз хатшысы, тағы басқасы қабығы мен қауызынан тазаланған ақпараттарды ғана апарса, арба мен ат арасындағы дәрте құрыды дей беріңіз.

Бұл үшін ақпарат құралдарына ақиқатты айтатындай мүмкіндік берілуі керек. Байбек сияқтылар Мамай сынды мықтылармен адвокаты арқылы сотта жауаптаспай, телевизия эфирінде еркін пікір алмассын. Манас Қайыртайұлының "Азаттықтағы" журналистік зерттеулері сияқты ашық та анық деректі дүниелер "Хабар" арнасынан шығып жатқаны жөн. Мемлекеттік эфирде Ресейді жақтаушылар ғана сөйлемей, олармен Украинаны жақтаушы Қуаныш Еділхантегі еркін сөз таластыруы тиіс. Сол сияқты "Дат" та Тоқаевтың алдына жетуге лайық.

Әрі түрлі топтардың өкілдерімен президент өзі кездесуі керек. Уақыты тапшылығына қарамай. Өйткені, мемлекеттік хатшының оларды шақырып әдемі болып суретке түсуі – президент үшін ақпарат көзі емес. Әлденеге алаңдаған белгілі тұлғалардың аузымен президенттің құлағына жеткенде ғана ол – ақпарат.

Сонда дәрте қалпына келеді. Қайтып сынбайды. Ал арба екінші рет өздігінен қозғалып кетсе, оған еш байланыспай тұрған аттың қабырғасын ауырсынтқаны не, оны жығып үстінен жүріп өтуі кәдік.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін