Арылған айып емес
…арыла алмаған ар алдында айып.Айналып өтпе, айналайын
2021 жылғы тамыз айының ортасынан бастап қоғамдық пікірді екіге жарған бір жәйт пайда болды. Оқиғаның өзі екі ай бұрын тіркелген. Иә, ресми тіркелген. Құқық қорғау органында. Ал жарияға түрлі себеппен кешеуілдеп жеткен.
Сөз Қазақстанның телеэфирі мен той-томалағында танымал Қабатовтың қызының бірыңғай ұлттық тестілеуден жалған құжатпен өтпек болғаны, әлде оны солай өткізбек болғаны туралы. Әлбетте, құқықтық бағаны сот береді. Біз қоғамның алаңдауын тудырған, тіпті жеке адамдардың ызасын келтірген тұстарды талдамақпыз.
Ең бірінші көзге түсетіні – баршаға ортақ тәртіпті, ережені айналып өту әрекеті. Қазақ елінде жалған құжат жасауға әуестік, сол арқылы заңсыз жолмен пайданы көздеу немесе әлдекімге көмекке тырысу – асқынған аурудың бірі. Қандай жақсы, қажет заң қабылданбасын, кешікпей оны айналып өтудің бір емес, бірнеше жолы пайда болады. Бұған дейінгі басшымыз армандап келген 30 елдің қатарына қосқызбай отырған кедергінің бірі, бәлкім үлкені – осы.
Қабатовтың қызына қатысты оқиғаны ақтап отырғанның біразы ұмытқан болар, 2014 жылы Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы консулдық қызметі 13 мың шетелдіктің, негізінен Қытай азаматтарының Қазақстан Республикасына кіруіне мүмкіндік беретін заңсыз құжат жасап келгені анықталған. Заңсыз қызметі үшін Сыртқы істер министрлігінің бірнеше қызметкері 240 миллион теңге пара алған. Бірі кеңседе отырып құжат әзірлейді, екіншісі Алматы әуежайында кіруге рұқсат ететін мөр басады. Ал кезінде осы консулдықты басқарған дипломаттың қызы 60 фирманың атынан қытайлық және басқа жатжерліктерді "аса зәру маман ретінде" жұмысқа шақырған болады. Олардың паспорты мен ақшасын үш делдал Қытаймен арада жеткізіп тұрған. Бір консулдыққа күдік тумауы үшін бұл іске Қазақстан Республикасының Грузия, Қырғыз Республикасы және Моңғолиядағы елшіліктері тартылып, жүздеген қытайлық қазақ мемлекетіне кіретін визаны Ұланбатыр, Бішкек пен Тбилисиден ала салған.
101 том болған қылмыстық істің барысында 15 738 құжаттың жалған екені анықталған. Қатысы барлар сотта жазасын алып, олардың заңсыз тапқан 242 миллион теңге ақшасы мемлекетке қайтарылған. Осы оқиға Сыртқы істер министрлігіне қатты сабақ болып, жалған құжат жасау тыйылса керек.
Заңды, ережені айналып өтудің мұндай мысалын әр сала, әрбір аймақтан табасыз. Міне, көз алдымызда келесі сабақ болып жатыр. Оқырманымыз мемлекетке заңсыз кірген 13 мың шетелдік төңкеріс жасауы мүмкін деп қауіптенуге болар, ал бір қыздың орнына екінші қыздың тест тапсырғаны соншалық даңғаза жасайтын жәйт емес қой деуі мүмкін. Талайлар солай деп те жатыр. Енді осыны талқылайық.
Оқи отырыңыз: Марс алаңындағы мүйіздесу
Лай судың "рахаты"
"Жай дипломы бар кадрлар емес, сапалы білімі бар, уақыт талабымен бірге өсіп отырған жоғары білікті мамандар қажет". Бұл сөйлемді қайдан алғанымыз келер тарауда белгілі болады. Әзірше қоғам өмірдің осы талабына, ақиқатына ақыры бетпе-бет келгенін сөз етейік.
2020 жылдан бері мәліметі өтірік, сапасы жоқ, тек ақша табудың жолымен жүрген жоғары оқу орындары жабылып жатыр. Оқуға түсіру барысындағы алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қойылуда.
Жалпы мемлекетте түрлі салада бұған дейінгі бұлдыр, бұралаңды жолдарды түзеу басталды. Бұл Президент Тоқаевқа оңайға соқпаса керек. Өйткені, ол өткенді сынай алмайды. Сынамай, "дұрыс болмады" дей алмай отырып, соны түзетуге талап қылып келеді. Мұны ұстараның жүзімен жүрумен бірдей десек, мемлекеттің қазіргі басшысына басқа амал жоғын байқап отырмыз. Кәнігі дипломат емес пе, әзірге аса қатты сүрінген жоқ.
Өткеннің олқылықтарын дұрыстау талабы әсіресе, білім беру ісінде байқалып жатыр. Президент саладағы былықты тазалау мен сапаны арттыру үшін жоғары оқу орнында бірнеше сатыда қызмет еткен, облыстық білім беру басқармасын басқарған, одан министрге орынбасар болып, іштегі жағдаймен толық танысқан, әрі қарай Қарағанды сияқты үлкен облыстың әкімінің әлеуметтік салалар бойынша орынбасары болған азаматты министр етіп тағайындады. Ол білім беру жүйесін тамыр-таныстық пен тағы басқа кеселден тазартуға кірісті.
Ал бұған дейін әр жылдары министр болғандарды еске алыңыз. Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, әлгі Әйтімова Бірғаным да бар еді ғой. Осылар әу баста институт бітіре салып бірер жыл мұғалім болды демесе, қайсы білім беру саласымен біте қайнасып өсіп еді? Облыстық басқарма болмаса да, аудандық білім беру бөлімін басқарды ма?
Ары қарай тереңдейтін болсақ, осындай тұлғалар министр боларда парламенттің келісімі сұралды ма? Онда сол тұстағы Шерхан Мұртазалар, Серікболсын Әбділдиндер, Ұзақбай Қарамановтар, Серікбай Әлібаевтар "бұл айналайын не облыста білім беру басқармасын басқармапты, не ректор болып университет тізгінін ұстамапты, сонда қалай министр болмақ" дер еді.
Кезінде премьер-министрдің орынбасарларын, министрлерді парламентте талқылап барып тағайындау үрдісі болған. Бірқатар азаматтарға келісім берілмеген. Содан аузы күйген мемлекеттегі ең жоғары лауазым иесі бұл тетікті алып тастаған.
Жарайды, оны қайта орнына келтіруге Тоқаевта уақыт пен мүмкіндік жоқ делік. Оның есесіне қазіргі Президент іске жаны ашитын, мәселені білетін мамандарды тағайындай бастады. Соның бірі – қазіргі білім және ғылым министрі.
Ол өз кезегінде сенімді ақтап, адал да ашық қызмет істеуге кірісті. Бұған дейін нәтижесі күмәнді бірыңғай ұлттық тестілеуді жүйеге келтірді. Сол-ақ екен, көпшілік білмеген, ал кейбіреулер рахатын көріп келген түрлі тетіктер бары анықталды.
Соның бірі – Қабатовтың қызы тап болған заңсыз тетік. Лайдан балық аулап келгендер су тұна бастаған кезде өз-өзінен білініп қалатыны даусыз екен.
Оқи отырыңыз: Желі "жеткізді"
Инстаграм – қауіпті иірім
Білім беру саласындағы бұған дейінгі заңсыздықтарға орай 2021 жылы қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында өте тағылымды мақала жарияланды. Осыны Қабатов немесе ол қызметіне жүгінген азамат оқып алғанда мынадай заңсыздыққа тап болмас еді. Әттең оларға мемлекеттік органның сайтынан инстаграмның иірімі қызықты болып келді ғой.
Комитет қызметкерлері 2020 жылы 20 жалған дипломды анықтаған. Заңсыз құжатты малданғандар ұстаз, ауыл әкімі, құқық қорғау және мемлекеттік қызметкер болып жүрген. Бәрінің үстінен Қылмыстық кодекстің 385-бабының 3-тармағы бойынша "Жалған құжатты біле тұра пайдаланды" деген іс қозғалған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған құжатты тұтынушылармен бірге оны ұсынушыларды анықтаған. Мәселен, Қызылорда облысындағы колледждің оқытушылары бірнеше жоғары оқу орнының дипломын жасап, сатқан.
Осы мақаланың соңы өте тағылымды. "Жалған дипломға деген сұранымды өмірдегі қиындықтарды жеңуге ұмтылмайтын немесе жеңгісі келмейтін, өз мәселелерін қылмыстық жолмен шешуге асығатын, осы арқылы заңсыз бизнесті қолдайтын адамдардың ерекше тобы тудыруы мүмкін". Екінші тарауды дәл осы сөйлемнен бастағанбыз. Тұрсынбектің қызы тап болған жағдайда оны қолдайтындарға осы жолдарды оқуды ұсынамыз. Қоғамдағы дерттің бірін тура талдап, дәл түсіндіріп жазған – біз емес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары.
Одан әрі мақалада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары азаматтар мына ақиқатты түсінсе дейді: "Аласапыран 90-жылдар артта қалды. Қазақстан қоғамы дамуда және өзгеруде. Бүгін жұмыс берушілерге жай дипломы бар кадрлар емес, сапалы білімі бар, уақыт талабымен бірге өсіп отырған жоғары білікті мамандар қажет".
Шоушының отбасы тап болған жағдайда мәселенің мәнін түйсіну үшін инстаграмды емес, осындай талдау мақалаларды оқуға кеңес берер едік. Әрбір азаматтың санасына "Жалған құжатқа деген сұранымды өмірдегі қиындықтарды жеңуге ұмтылмайтын немесе жеңгісі келмейтін, өз мәселелерін қылмыстық жолмен шешуге асығатын, осы арқылы заңсыз бизнесті қолдайтын адамдардың ерекше тобы тудыруы мүмкін" деген сөз жатталғанда ғана қоғам тазарады.
Мақаланың ең соңында мынандай сөйлем бар: "Қолдан жасалған құжаттарды пайдалану мен оны дайындауға қатысты заңды күшейту – осындай көлеңкелі бизнесті түбірімен жоюды жақындататын қадамның бірі. Әйтпесе, балаларымызды "дүмше оқытушылар" оқытып, тура сондай "дәрігерлер" емдеуімен келісуге тура келеді".
Ұғындық па! Инстаграмнан арзан айқай іздегенше, ара-тұра осындай мағыналы ойларды оқу керек, ағайын.
Оқи отырыңыз: Есірушілер мен кешірушілер
Мойын керек мұндайда
Енді оқиғаға орай пікірімізді білдірейік. Кім заң алдында кінәлі екенін тиісті органдар анықтайды дедік. Қабатовтың өзі сотталмайды. Оған қылмыстық айып жоқ. Бірақ, үшінші әрі тәуелсіз билік – соттан басқа ар соты деген бар. Қазіргі әңгіме ар сотының төңірегінде өрбіп тұр. Және қызына емес, тікелей Тұрсынбектің өзіне қатысты.
Өткен ғасырдың соңында "Хабар" агенттігінде апталық саяси сараптама жасайтын "Жеті күн" бағдарламасының қазақ тілді нұсқасын дайындап жүрдік. Қызу тақырыптың бірі Америка Құрама Штаттарының президенті Клинтонның төңірегінде еді. Ол Ақ үйде тәжірибеден өтуші Моникамен "махаббат" мәселесінде шатысқан. Сол тұста АҚШ парламенті дүр етіп, Клинтонды мерзімінен бұрын қызметтен кетіруге шақ қалған. Мәселе оның жас әйелге тәнін рахаттандырғанында емес, бұл жәйтті "болмаған" деп мойындамауында еді. Бұрыс куәлік етіп, өтірік айтқанында еді.
Қазақ қоғамын дүр сілкінткен – Тұрсынбектің қызы жалған құжатпен ұсталғанында емес, әкесінің "бұл әрекетті білмедім-естімедім" деп ант-су ішкенінде. Қабатов "қалың елім, осындай абайсыз іс болды. Білім саласы өзгеріске ұшырап, талап басқаша қойылған екен, ал менің қызым, тіпті ол емес, оны тестке дайындаған орталық соны білмеген екен. Бәріміз жаза басып, жаңылыппыз. Енді бұл жолмен жүрмеңдер, балаларыңды мұндай жолмен жүргізбеңдер" деп ағынан жарылғанда қоғам былай дүрлікпес еді. Азаматтың беті ашық, алдағы жолы дұрысталар еді. Бар әңгіме істелген істі мойынмен көтеріп алуда ғой.
Тұрсынбекте мүмкіндік болды. Бір емес, бірнеше рет. Басында қызы ұсталып қалғанда. Отбасында не болып жатқанын білуі керек еді. Қызынан полиция түсініктеме алады, одан кейін тергеуге шақырылған шығар. Соны әкесі екі ай бойы білмей жүре ме? Баласы не жағдайға тап болғанын естімесе, әп-әдемі болып бетіне сүйіп, оны әлеуметтік желіге жариялап жүргенінен не қайыр?!
Біздіңше, ол "жабулы қазан жабулы күйінде қалар" деп үміттенген, әрі солай істеуге талпынған шығар. Онда Тоқаев басқарып отырған мемлекетте мұндай оқиға тұрмақ он талдың заңсыз кесілгені талқыға түсерін білмеген. Жырқылдақ көрермені бар залдар мен телевизиядан басқа құралдар пайда болғанын, ол арқылы ақша табуға боларын аңғарғанымен, таяқтың әрдайым екі ұшы барын аңғармаған.
Оқиғаны бүкіл ел естіген күні келесі мүмкіндік болған. Ол: "Осылай болып еді. Аяғымды әнтек басыппын. Қалың елім, мен сияқты ыңғайсыз жағдайға тап болмай, бұдан былай бәріміз, бәріміздің ұл-қызымыз тура жолмен жүрейік" десе, қоғам арадай таламас еді. Қабатов онда Тоқаевтың адал, әділ мемлекет құруға деген талпынысын қолдаушы болып шығар еді.
Ең бастысы өзі арылар еді. Жоқ, оның орнына әлдекімге WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы ұрысқан шоу жасап, батпақтың үстіне батпақ жабыстырды. Жасаған шоуы өте сәтсіз шыққанын сезген шығар, кешікпей оны әлеуметтік желіден алып тастады деп естідік.
Оқи отырыңыз: Бармақтай болған бүлдірген
Әділ мен әзілдің қайсы?
Шыны керек, Тұрсынбекке жанымыз ашыды. Мұндай жағдайға тап болғаны үшін емес, жанымыз ашығаны – оның шынайы досының жоқтығы. Шын досы болса, жылатып тұрып "Тұрсынбек, мұның дұрыс болмады" дер еді. "Ары қарай ел алдында жүремін десең, ашығын айт та, арылып ал" дер еді. Жоқ, ондай лебіз естімедік. Қазақ "дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады" деген.
Естігеніміз: продюсер Қыдырәлі Болманның "Әнсіз де, әзілсіз де қазақ өмір сүрмеген" деген қолдау сөзі және сол деңгейдегі жанашырлықтар. Әңгіме адал әрі әділ қоғам туралы, біреудің заңды орнын заңсыз құжатпен тартып алу үшін жасалған әрекетті айыптау туралы болса да, Қыдырәлі сахна мен тойдағы ән мен әзілден басқаны ойламаған сияқты. Өкінішті. Жаңа Тұрсынбекке жанымыз ашыса, енді Қыдырәлі үшін өкініп отырмыз.
Ән мен әзілге келсек, әлеуметтік желіде бірнеше жыл бұрын Қабатовтың Ұлттық арнадан түспей тұрып алғаны тілге тиек болып жатыр. Мағауин айтпақшы, "бізден қалмасын" айта кетелік, Тұрсынбектің екі бағдарламасының саны да, оған төленетін қаржы да Ерлан Қарин "Қазақстан" республикалық телерадио корпорациясына басқарма төрағасы қызметіне келген соң күрт өсіп кеткен. Қарин мырза ол қызметтен ауысқан соң ғана Қабатовтың Ұлттық арнадағы қарқыны саябырсыған. Анықтаймын деген біреу шықса, құжаттары сақталған шығар. Әзірге "Қазмедиа орталығы" өртеніп кетіпті" деген әңгімені естігеніміз жоқ.
Қабатовты ақтаған тағы біреудің "баласын Гарвард, Оксфорд, Кембриджде оқытатын қаржылық күші бар" деген жазбасын оқыдық. Ең рас сөз – осы. Тек сол ақшаның біраз бөлігін Қабатовтың компаниясы мен корпорацияны Ерлан Қарин мырза басқарған тұстағы келісімшарт құрап берсе, еш таң қалмаңыз.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.