Жөргек дерматиті: "Памперсті" жиі қолданатын аналарға кеңестер
Дерматит себебі – гигиена талаптарын сақтамау, жөргекті сирек ауыстыру, жиі кіші дәретке шығу, баланың жуынатын заттарын дұрыс таңдамау.Халық "памперс" атап кеткен бір реттік жөргек пайда болғалы аналардың қолы ұзарып, жұмысы жеңілдеді. Алайда, жөргекті дұрыс кигізбеу, жиі ауыстырмау баланың терісіне зиян. Осы орайда YouTube арнасында ана мен бала денсаулығы туралы пайдалы ақпарат бөлісетін дәрігер Айзада Нұрулланың жөргектік дерматиттің алдын алу және емдеу тәсілдері жайлы кеңесін ұсынамыз.
Себептері. Жөргектік дерматит бір жасқа дейінгі балаларда жөргек киілген аймақта дамитын дерматит түрі. Оның себептері – гигиена талаптарын сақтамау, жөргекті сирек ауыстыру, жиі кіші дәретке шығу, диарея, баланың жуынатын заттарын дұрыс таңдамау. Антибиотиктермен емдегеннен кейін жасанды тамақтандыру себебінен де жөргектік дерматит пайда болады. Жөргектер жиі ылғалды дұрыс сіңірмейді, нәтижесінде терінің беткі қабаты – эпидермисі жұмсарады және тері қажалады. Терінің қорғаныш барерьлік қызметі төмендейді. Зақымдалған теріге нәжіс зәр тез өтеді. Инфекция түсіп, дамиды.
Клиникалық көріністері. Жөргектік дерматиттің үш сатысы бар:
- бірінші сатысы жеңіл түріннде жөргек аймағында қызарулар байқалады;
- екінші сатысы орташа түрінде қызарулар, қанық қызыл түсті папулалар, яғни іріңсіз бөртпелер өте көп. Кей жерлерде эрозиялар (жалақ жаралар) пайда болады;
- үшінші сатысында эрозия көлемі ұлғайып, сан, жамбасқа дейін таралады.
Оқи отырыңыз: "Бала үшке толғанша анасы қасында болуы керек". Декрет демалысын ерте үзу неге дұрыс емес?
Емі. Жөргектік дерматиттің сатыларына қарай ем жасайды. Алғашқы сатысында үй жағдайында ем жасап, оның алдын алу. создырып алмау, яғни созылмалы дерматитке ауыстырып алмау керек. Емі – гигиена талаптарын сақтау, жөргекті ауыстыру, дерматит жазылғанша мейілінше жөргек кигізбеу керек. Жиі жуындырып құрғатып, яғни ауа ваннасын жасау керек. Бастапқыда гигиена талаптарын қатаң сақтаса, толық жазылып кетеді.
Ойылу, қызару болса баланың бұтын итошаған, түймедақ тұңбаларымен жуу керек. Күніне бір-екі рет ауа ваннасын жасап, жөргек кигізбей құрғақ күйінде ұстау қажет.
Айзада Нұрулла, дәрігер: "Мырыш жақпа майы" секілді құрамында мырыш бар жақпа майлар жағамыз. "Судокрем", "Деситин", "Мырыш пастасы" да жатады. "Бепантен" мен "Пантенолға" қарағанда "Аквален", "Эплан", "Прополис" жақпа майлары жақсы көмектеседі. "Бепантен" мен "Пантенол" құрамында парафин болғандықтан кеңес бермеймін. Жұмсақ парафин тері қабаттарын бітеп, терінің тыныс алуына кедергі келтіреді және жара жазылуын кешеуілдетеді. "Присыпка" қолдануға кеңес бермеймін, оның құрамында белгісіз косметикалық зат пен тальк бар. Ем қолданған соң үш күнде дәрі-дәрмек әсер етпесе, қызарулардың көлемі ұлғайып, сан мен ішке де жайылса, ірің көпіршік жара пайда болса, саңырауқұлақ пен бактериялар пайда болып дерматит асқынуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралып, оның нұқсаулығымен "Гидрокортезон" жақпа майын қолдану керек", – дейді дәрігер Айзада Нұрулла.
Оқи отырыңыз: Баланы ата-әжесінің бауырына басу дұрыс па?
Бала терісі ересектермен салыстырғанда өте нәзік. Жарақаттанып қалу мүмкіндігі де жоғары. Тері, теріасты май қабаттары, тер шығарушы бездері әлі толық дами қоймаған. Терісінде майда қантамырлары молынан шоғырланған. Бала терісінің өткізгіштігі жоғары болғандықтан оған көп көңіл бөліп, таза ұстау шарт. Жөргекті мұқият таңдаған жөн.
Дәрігер кез келген жақпа май, кремді қолдана беруге болмайтынын айтып отыр. Құрамында зиянды заттар бар жақпа майлар теріні зақымдап қана қоймай, қанға тез араласып балада аллергия тудыруы мүмккін.