Ішімдікке әуестіктен арылу үшін адамда қандай психолоиялық иммунитет болуы қажет?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 90 мыңнан астам адамға ресми түрде "алкогольге тәуелділік" диагнозы қойылған. Алайда, сарапшылардың пікірінше, шынайы көрсеткіш бұдан 5-10 есе көп болуы мүмкін, себебі көбі көлеңкеде қалады немесе жекеменшік емханаларда жасырын емделеді.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сәйкес, Қазақстанда бір адам жылына орта есеппен 7,7 литрден 11 литрге дейін таза спирт тұтынады. ДДСҰ ескертуінше, егер бұл көрсеткіш 8 литрден асса, ол ұлттың генетикалық қорына қауіп төндіретін шекті деңгей болып саналады. Осы орайда, психолог Назира Бурханова адамның неге ішімдікке салынатынын, өз бетінше неге емделе алмайтынын және бұл дерттен арылу үшін не істеу керегін түсіндірді.
– Көп жағдайда адам өзінің алкогольге тәуелді екенін мойындамайды. "Шекарадан шығып кеткенін" түсінуге көмектесетін нақты психологиялық белгілер қандай?
Тағы бір маңызды белгі – мінез-құлықтың өзгеруі мен агрессия. Адам ішімдік ішпеген күндері мазасыз, ашуланшақ болып, айналасындағыларды кінәлай бастайды. Ол өз іс-әрекетін ақтау үшін түрлі сылтау ойлап табады. Мұны біз "рационализация" дейміз, яғни дұрыс емес нәрсені қисынды себептермен бүркемелеу. Егер адам ішімдікке байланысты туындаған жұмыстағы, отбасындағы немесе денсаулықтағы мәселелерді көрсе де, оны тоқтатуға шамасы жетпесе немесе "қалаған уақытымда қоямын" деп өзін алдаса, демек ол шекарадан әлдеқашан шығып кеткен. Бұл – ерік-жігердің әлсіздігі емес, бұл – психикалық және физикалық еркіндіктің жоғалуы. Осы сәтте маманның көмегінсіз бұл терең шыңыраудан шығу дерлік мүмкін емес, өйткені дерт адамның "сау ойлау" қабілетін тұмшалап тастайды.
– Психоанализ тұрғысынан бұл дертті бала кездегі қанағаттандырылмаған мұқтаждықтармен байланыстыруға бола ма?
– Бұл сұрақ психоанализдің ең негізгі діңгегіне – адамның өткені мен бүгіні арасындағы көрінбейтін алтын көпірге келіп тіреледі. Біз психоанализде "адамның балалық шағы – оның тағдырының шимайлы картасы" деп есептейміз. Алкогольге тәуелділікті де сол картадағы өшірілмеген, жазылмаған жаралардың салдары деп қарастыруға толық негіз бар. Психоанализ ілімінде, атап айтқанда Зигмунд Фрейдтен бастап Эрик Эриксонға дейінгі зерттеушілер, баланың алғашқы жылдарындағы "базалық сенім" мен "қанағаттану" сезіміне ерекше мән береді.
Егер сәби дүниеге келгенде анасынан немесе оны бағушыдан тиісті эмоционалды жылулықты, мейірімді және тұрақты қауіпсіздікті сезінбесе, оның жан дүниесінде "эмоционалдық аштық" немесе "ішкі бостық" қалыптасады. Бұл – баланың қажеттілігі физикалық тұрғыда өтелсе де, оның жанының шөлдеуі. Сәби кезінде ана сүтімен немесе емізікпен тынышталатын инстинкт есейгенде трансформацияға ұшырайды. Адам өмірдің қиындықтарына тап болғанда, ішіндегі сол баяғы "аш, мазасыз сәби" оянып, өзін жұбататын, тыныштандыратын объект іздей бастайды. Бұл жерде бөтелке сол баяғы ананың мейірімін немесе тыныштандыратын емізіктің рөлін бейсаналы түрде алмастырады.
Ғылыми тілмен айтсақ, бұл – "регрессия", яғни тұлғаның даму сатысында артқа, нәрестелік деңгейге шегінуі. Адам өзінің ішкі конфликтілерін, мазасыздығын сөзбен жеткізіп, саналы түрде шеше алмағандықтан, ол "ауыз арқылы жұбанудың" ең қарапайым химиялық жолын таңдайды. Сонымен қатар, психоаналитик Хайнц Кохуттың пікірінше, егер ата-ана баланы дер кезінде қолдап, оның өзіндік бағасын қалыптастыруға көмектеспесе, баланың "Мені" жаралы болып өседі. Мұндай адамдар есейгенде сыртқы ортаның кішкене ғана соққысына шыдай алмай, жан жарасын алкогольмен "таңғысы" келеді.
Оқи отырыңыз: Темекі мен есірткі саудасымен күрес: Айыппұл жүйесі мәселені шеше ме
– Біздің қоғамда қуанышта да, қайғыда да ішу қалыпты жағдай санатында. Бұл әлеуметтік стереотиптер психологиялық тәуелділіктің алдын алуға қаншалықты кедергі келтіреді?
– Психоанализ тұрғысынан қарасақ, біздің қоғамда алкоголь тұтыну мәдениеті емес, "алкогольдік ритуалдар" қалыптасып кеткен. Кез келген қуанышты – той-томалақты, баланың дүниеге келуін немесе қайғылы жағдайды міндетті түрде ішімдікпен байланыстыру – бұл ұжымдық бейсаналық деңгейде бекіп қалған зиянды стереотип. Ғылыми деректерге сүйенсек, әлеуметтік ортада ішімдіктің қолжетімді әрі құптарлық болуы адамның миындағы "тежеуші факторларды" жойып жібереді. Жастар мен балалар ересектердің қуанышы мен мұңын тек бөтелке арқылы бөлісетінін көріп өскенде, олардың санасында "мәселені шешудің жалғыз жолы – ішу" деген қате нейрондық байланыс орнайды. Бұл – келесі ұрпақтың психологиялық иммунитетін ерте жастан зақымдау деген сөз.
Стереотиптердің қауіптілігі сол – олар тәуелділіктің алғашқы белгілерін бүркемелеп тастайды. "Бәрі ішеді ғой, менікі жай ғана тойдағы көңіл-күй" деген сылтау адамның өз еркінен айырылып жатқанын сезбей қалуына әкеледі. Қазақы қарапайым тілмен айтқанда, біз эмоциямызды сыртқа шығарудың, мұңымызды бөлісудің, қуанышымызды паш етудің сау жолдарын ұмытып бара жатқандаймыз. Психологиялық тәуелділіктің алдын алу үшін біз ең алдымен "ішпесең, сыйламайсың" немесе "ішсең, ұмытасың" деген ескірген, шіріген түсініктерден арылуымыз керек.
– Әйел адамдардың тәуелділікке түсуі мен одан арылуының ерлерге қарағанда қандай психологиялық ерекшеліктері бар?
– Халық арасында "әйелдер алкоголизмі емделмейді" деген жаңсақ пікір бар, бірақ шын мәнінде оның емі жоқ емес, тек оның табиғаты мен психологиялық астары ерлердікінен мүлдем басқаша. Әйел затының тәуелділікке түсуі көбіне "ішкі жалғыздықтан" және "эмоционалдық қажудан" басталады. Психоанализ тұрғысынан қарасақ, әйел адамдар ішімдікті ерлер сияқты "көңіл көтеру" немесе "ерлік көрсету" үшін емес, көбіне жанының ауырсынуын басу үшін пайдаланады. Әйел психикасы табиғатынан әлеуметтік байланыстарға, отбасына, бала-шағасына қатты байланған. Егер ол отбасында түсіністік таппаса, опасыздыққа тап болса немесе "тұрмыстық тауқыметтен" шаршаса, ол өзінің ішкі бостығын алкогольмен толтыруға тырысады.
Ғылыми деректер бойынша, әйелдерде тәуелділіктің қалыптасуы ерлерге қарағанда әлдеқайда жылдам жүреді. Мұны біз "телескопизация" эффектісі деп атаймыз: әйел адам ішімдікті кеш бастауы мүмкін, бірақ ол өте қысқа уақытта – ерлерге қарағанда 2-3 есе жылдам ауыр тәуелділік сатысына өтіп кетеді. Бұл оның организміндегі су мөлшерінің аздығы мен ферменттердің ерекшелігіне, сондай-ақ гормоналды фонның құбылмалылығына байланысты.
Психологиялық ерекшелігі сол – әйел адам өз дертін соңғы сәтке дейін жасырады. Себебі қоғамда "ішкен еркекке" кешіріммен қараса, "ішкен әйелді" бірден табалап, аналық, жарлық қасиетінен айырып, таңба басады. Осы "қоғамдық ұят" әйелдің дер кезінде көмек сұрауына ең үлкен кедергі болады. Ол жасырын ішеді, жалғыз ішеді, ал көмекке келгенде дерт әбден асқынып кеткен болады.
Арылу процесінде де айырмашылықтар жер мен көктей. Әйелді емдеу үшін оған тек "ішпе" деу жеткіліксіз, оның өзіне деген сенімін, әйелдік қадір-қасиетін қайта тірілту керек. Психоаналитик Карен Хорнидің "өзін-өзі іске асыру" теориясы бойынша, әйел адам өзін қайтадан керек сезінгенде, балаларымен байланысы қалпына келіп, жақындарынан айыптау емес, қолдау көргенде ғана жазыла бастайды. Егер ерлерге көбіне логикалық, топтық терапия көмектессе, әйелдерге терең эмоционалдық терапия, мейірім мен түсіністік ауадай қажет. Әйелдің жазылуы – бұл бүкіл үйдің, бүкіл ұрпақтың аман қалуы, сондықтан оның еміне бүкіл отбасы жұмылуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысындағы ішімдіктен бас тартқан 28 елді мекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеген
– Баланың немесе жасөспірімнің болашақта мұндай зиянды әдеттерге бой алдырмауы үшін ата-ана қандай психологиялық иммунитет қалыптастыруы керек?
– Ең алдымен, ол – базалық қауіпсіздік және эмоционалды жақындық. Бала үйіне келгенде өзінің кез келген сезімімен қабылданатынын білуі тиіс. Психоаналитик Дональд Винникотт айтқан "жеткілікті дәрежедегі жақсы ана" концепциясы осыған саяды: ата-ана мінсіз болуы шарт емес, бірақ ол баланың сезімдерін "контейнерлей" алуы керек. Яғни, бала қорқынышын немесе ренішін ішіне бүкпей, ата-анасына айтып, жеңілдеп үйренсе, есейгенде ол "ішкі азабын" бөтелкемен басуға мұқтаж болмайды.
Екінші маңызды фактор – "тұлғалық шекараны құрметтеу". Баланың өз пікірі, өз таңдауы және "жоқ" деп айту құқығы болуы керек. Егер ата-ана баланың еркін тым қатты басып тастаса немесе керісінше, тым еркін жіберсе, баланың өз-өзіне сенімі төмендейді. Өз-өзіне сенбейтін жасөспірім құрдастарының "ішіп көр" деген ұсынысына қарсы тұра алмай, көпшілікке жағыну үшін тәуелділікке бой алдырады.
Тағы бір маңызды жайт – ата-ананың үлгісі. Психоанализ бойынша, бала сөзге емес, әрекетке еліктейді. Егер үйде кез келген мәселе немесе қуаныш дастарқан басындағы бөтелкемен шешілсе, бала үшін бұл "өмір сүрудің жалғыз моделі" болып бекиді. Ата-ана баласына қиындықты еңсерудің, демалудың және қуанудың сау жолдарын көрсетуі тиіс. Психологиялық иммунитет – бұл баланың ішкі жан дүниесінің бүтіндігі. Іші бүтін, махаббатқа қанық, өзін тұлға ретінде сыйлайтын бала ешқашан өз өмірін умен қорламайды. Біздің міндет – баланың қолына бөтелке бермеу емес, оның жүрегіне ешқандай бөтелке толтыра алмайтын үлкен рухани күш пен өзіне деген құрметті ұялату.
Оқи отырыңыз: Рамазанда пойыздардағы вагон-мейрамханаларда спирттік ішімдік сатылмайды