Төтенше жағдай кезінде қазақстандық шағын және орта бизнес нысандары 2020 жылдың 1 сәуірінен 1 қазанға дейін жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдардан босатылған болатын. Таяуда осындай өзгерістердің салдарынан декреттік төлемін толық ала алмай жүрген келіншектердің наразылығы әлеуметтік желілерде жариялана бастады.

Мәселен, алматылық Томирис Тілеубаева маусым айының соңында тиісті құжаттарын Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырған. Алайда, оның шотына түскен декреттік төлем өзі күткен сомадан әлдеқайда аз болып шыққан. Себебі, ол қызмет ететін компания төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемдерден босатылған екен. Декреттік төлемін толық алу үшін тиісті мекемелерге хабарласып, мардымды жауап ала алмаған Томирис өзінің проблемасын әлеуметтік желіде жазды.

Оқи отырыңыз: Декреттік демалыс пен төлемдер қалай есептеледі?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі не дейді?

Томиристің жазбасынан кейін осы мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай кезінде әлеуметтік аударымдардан босатылған мекеме қызметкерлеріне декреттік төлемді толық көлемде алу үшін қандай құжаттар қажет екенін хабарлады. Ол үшін декрет демалысына шығатын әйелдер Халыққа қызмет көрсету орталығына әлеуметтік төлемнің тағайындалуына өтініш берген кезде жұмыс берушісінен өзінің табыс көзін растайтын анықтаманы апарса жеткілікті.

Министрліктің informburo.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында:

"Әлеуметтік аударымдардан босатылған кезеңдегі кірістер осы анықтамаға сүйене отырып есептеледі. Осылайша, жүкті әйелдер босануы және бала күтіміне байланысты табысынан айрылған кездегі және баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны толық көлемде ала алады" делінген.

Төлемін толық алмай, декрет демалысына шыққандар қайтпек?

Ал, декрет демалысына шығып үлгерген, алайда толық көлемде төлемін ала алмаған әйелдер тұрғылықты мекен-жайы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне хабарласуы қажет. Ол үшін жұмыс орнынан өзінің табыс көзін растайтын анықтаманы апарып, әлеуметтік төлемді қайта есептетуге өтініш жазуы тиіс.

Оқи отырыңыз: Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері шілде айында декреттік төлемі толық есептелмеген әйелдерге жұмыс берушісінен анықтама әкелу туралы SMS-хат жолданғанын хабарлады. Анықтаманың үлгісі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сайтында, "Хабарландыру" бөлімінде жарияланған.

Әлеуметтік төлемін толық көлемде алғысы келетін әйелдер сайттағы "қызметі "0" түзету коэффициентін қолдануға жататын әлеуметтік төлем төлеушілер тізіміне жататын әлеуметтік төлем алуға өтініш берушінің "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на ұсынуға қажет кірістер туралы анықтаманың нысаны" деген құжатты жүктеп алып, толтыруы қажет.

Декреттік төлемді алу үшін қандай құжаттар қажет?

Болашақ аналар Халыққа қызмет көрсету орталығына мына құжаттарды тапсырады:

  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты берілген жұмысқа уақытша жарамсыздық парағы;
  • Банктерде немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының немесе түзету мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шотының нөмірі туралы құжат;
  • Кірістер туралы анықтама (төтенше жағдай кезінде әлеуметтік аударымдардан босатылған мекемелерде істейтін әйелдер үшін).

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезіндегі төлемдер. Декреттегі аналардың жағдайы қалай өзгереді?

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын әйелдер қосымша мынадай құжаттар ұсынуы тиіс:

  • Жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтер);
  • Бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар бойынша салық төлеушінің жеке шотынан үзінді көшірме.

Бір ескерерлігі, жүктілікке және босануына байланысты табысынан айрылған әйелдер әлеуметтік төлемге "Электрондық үкімет" порталы арқылы онлайн түрде өтініш бере алады.