Орта жас кризисі. Оны бастан кешпес үшін 30 жасқа дейін не жасап үлгеру керек?
Психологтардың айтуынша, адамның 20-30 жас аралығында жасаған істері мен қалыптастырған дағдылары бүкіл өміріне ықпал етеді. Сондықтан, бұл ерекше маңызға ие жылдарда әр адам өзін тәрбиелеуге көп көңіл бөлгені абзал. Осы тақырыпта Wedmeeting шарасында дәріс оқыған психоаналитик, терапевт Софья Инкарованың көпке пайдасы тиетін өзекті ойлары мен кеңестерін ұсынамыз.
20-30 жастың артықшылығы не?
20-30 жас аралығындағы жандар әлі "табиғи бонусқа" ие. Табиғи бонус деп отырғанымыз – бұл кезеңде кез келген қабілеттің жоғары болуы. Адамдарда жас кезде 100 мыңнан 100 миллионға дейін бос нейрон болады. Оларды іске қосып, жұмсамаса, уақыт өте келе жойылып кетеді. Бұл нейрондар қайта қалпына келмейді.
Мәселен, адамның миы дамуының бірінші кезеңінде тіл және қозғалыс мүшелері қалыптасады. Екінші даму кезеңі 19-20 жастан бастап 30 жасқа дейін жалғасады. Ол кезде бас миының көлемі ересек адамдыкіндей болғанымен нейрон байланыстары толық қалыптаспайды. Күн сайын ол осы нейрон байланыстарын жинайды. Бос жасушалардың көптігінен оларды толықтыруға болады. Міне, бұл – сіздің капиталыңыз. 30 жастан асқан соң адам түрлі дағдыларды дәл бұлай жеңіл меңгере алмайды. Тіл, білім, ғылым, жаңа мамандық меңгеру де бұрынғыша оңай болмайды. Сондықтан капиталды уақытында пайдалана білу керек. 30 жасқа дейін қалыптасқан дағды өмір бойы серік болады.
Оқи отырыңыз: Жастар мамандық таңдауда психолог көмегіне жүгінеді
20-30 жаста адам жақсы жоспарлайды, жақсы жұмыс істейді, жақсы есте сақтайды. Себебі, адам жадысы – сана қақпасы. Біз көп нәрсе біліп, есте сақтағанымызбен оның бәрін қолдана бермейміз.
20-30 жас аралығындағылар эмоциясымен дұрыс жұмыс істей алмайды. Тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін жұмысыңыз болса, не студент болсаңыз, ресурстарыңызды интеллектуалды капиталыңызға жұмсап, салауатты өмір салтын ұстануға тырыссаңыз, ерте ме, кеш пе, өнімді нәтижеге жетесіз.
Осы жаста нейрондардың көп бөлігін эмоция нейрондары құрайды. Бір нәрсені алғаш рет жасағанда ағзада эндорфин бөлінеді. Адамды ол рақатқа бөлейді. Сол үшін адам жаңа нәрсені бастағанда тәжірибе жинап, үйрену оңайға түседі. 20-30 жастың артықшылығы да осыда.
Кризис. Өзіңізді іздеуден қорықпаңыз
Нейрондардың көп болуы – әрі мүмкіндіктер, әрі эмоцияға көп берілу. Осы жаста адамда өзін іздеу кризисі болады. "Мен кіммін?", "Өмірдің мәні не?", "Әрі қарай қалай өмір сүру керек?" деген сұрақтарға жауап іздейді.
Барлық адам өзін іздейді және іздей бермек. Басқа буында да солай болады. Неге? Себебі, нейрон көп, олар көптеген гормон бөледі: эндорфин, адреналин, дофамин. Оларды қалай және қайда жұмсайтыныңды білмегенде кризис басталады. Осы кризисті игеріп үйрену керек.
Мысалы, бір адам жыл сайын оқуға түседі де, оқу жылының аяғында оқығысы келмей қалады. Өзіңді іздеу мен сәйкестендіру капиталы қатар жүреді. Мұнымен өмір сүресіз. Бір нәтижеге жеткіңіз келсе, сізге өз капиталыңызды жинау керек. Сол үшін өзіңізді іздеуден қорықпаңыз.
Оқи отырыңыз: Жастар тәжірибесіне қатысушылар 69 450 теңге еңбекақы алады. Оған қатысудың жолы қандай?
Студент балаңызда өзін іздеп табу кризисі басталса, сабақ оқымай, тіпті оқуын тастап кетуі мүмкін. Мұндайда оны жалғыз қалдырмаңыз. Жағдайды қадағалап, қолдау білдіріңіз. Кішкентай болса да жетістіктерін айтып, мақтап, тыңдап, сөйлесіп көріңіз. Қолыңыздан келсе қабілетін дамытуға көмектесіңіз.
Капитал. Не үшін көп дағды үйрену керек?
Капитал – өзімізге жасаған инвестициямыз. Біздің қолымыздан жақсы келетін, ұзақ уақыт бойы істеген, бір бөлшегімізге айналған нәрсе – капитал. Біз оны сата аламыз. Көп дағды үйренсек жақсы өмір сүріп, жақсы ақша табамыз. Адамда капитал болса кез келген уақытта жұмыс табады.
20-30 жастағы капитал дегеніміз ол біртіндеп жинаған дағдыларымыз, қабілеттеріміз. Капитал толыса береді. Ол әрдайым өзіңмен болады және жоғалмайды. Бұл кәсіби дағдылар ғана емес, толық дамыған жеке дағды-қабілет те болуы мүмкін.
Өмір капиталды жинаудан ғана тұрмайды. Өзіңді табу үшін бәрібір кризис болады. Екеуі тең болуы керек. Кризис болғанда өзін іздеп тауып, жинаған капиталын пайдаланады.
Адам өзін табуға көп уақыт пен резерв жұмсамауы керек. Ресурсты капитал толықтыратын нәрсеге пайдалану қажет. Әр күн – жаңа өмір. Жас кезде аз ақша табуға ұялмай, тәжірибе жинауға тырысқан жөн.
Кәсіпке бағдарлану не үшін қажет?
Жастарға өзін дамыту үшін табиғат берген нейрондарын босқа жұмсамай, оларды дамытып, капитал жинауы керек. Ол үшін алдымен не істеу керегін, немен айналысуға болатынын анықтап алған жөн. Ата-анаңыз бала кезден сізге инвестиция салса, 3-4 тіл білсеңіз, спорт не музыкалық жетістіктеріңіз болса өте жақсы. Олай болмаса әр адам не керегін өзі білуі тиіс. Жұрттың баласына қараудың қажеті жоқ. Балалық шақта орындай алмаған нәрселерді қазір жасауға болады. Сізде нейрондар қоры жеткілікті. Бала кезде үйренгіңіз келгенді меңгере аласыз.
Оқи отырыңыз: Бүгін бала – ертең студент. Оның болашақта сапалы білім алуына қалай қаражат жинауға болады?
Адам бір кәсіпке бағдарлану арқылы өмір сапасын жақсартып, кәсіби дағдыларын дамыта алады. Бухгалтер болсаңыз, түрлі курстарға қатысып, біліктілігіңізді арттырып, мықты бухгалтер бола аласыз. Көп нәрсе білсеңіз – көп нәрсе жасайсыз. Бір нәрсені 10 мың рет қайталасаңыз – бәсекеге қабілеттісіз.
Кейде қолынан ештеңе келмесе де, жұмыс іздейтіндер бар. Дағдыңды, біліміңді көтеруге болатын білім алу курстары өте көп. Барлық адамда өмір сүру үшін көптеген қабілет болады. Сізге тапсырма: қағазға қабілеттеріңізді жазып шығыңыз. Солардың арасынан рақаттанатын, қуанышқа бөлейтінін таңдап алыңыз. Қабілеттеріңізді тұрмыстық және әлеуметтік деп екі бағанға бөліп жазыңыз. Әлеуметтік – қоғамда жасай алатын кәсіби қабілеттеріңіз, тұрмыстық – үйде қажетіңізге жарайтын қабілеттер. Әлеуметтік қабілеттеріңіз – сіздің кәсіби дағдыларыңыз. Сол дағдылармен қалай ақша табуға болатынына жоспар құрып көріңіз.
Әлсіз байланыстар деген не?
Ол – сіздің өміріңізді жақсартуға дәл қазір көмектесетін адамдар. Олар отбасы, ата-ана, жақын туыс секілді жақын танитын адамдар емес, аса танымайтын адамдар. Қазақстан өзге елдермен салыстырғанда "әлсіз байланыстар мекені" деуге болады. Мұны қолдана білу керек.Таныс арқылы жұмыс табатындар көп. Әлсіз байланысты пайдаланудан ұялмау керек. Ұят нәрсе емес. Бұл кәдімгі қоғамда бар әлеуметтік құрылым. Дәл осы 20-30 жастағылар әлсіз байланыстарды пайдалануға ұялауы мүмкін. Өзіңізге мұндай кедергі қоймаңыз. Сізге қажет болса, мақсатыңызға жетуге көмектессе кез келген мүмкіндікті қолданыңыз.
Оқи отырыңыз: Мемлекет есебінен қалай жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуға болады?
Капитал – бізге ұнайтын іс болмауы мүмкін
Жастар арасында тудент кезде кризис болса, оқуды тастап кететін әдет бар. Кризис университетті бітірер тұста, яғни 3-4 курста басталса, диплом алып, содан кейін өзін іздеу керек. Оқудан шығамын деп шешсеңіз, "капиталыңыз бар, сіз не ұсына аласыз?" деген сұраққа жауап беріп көріңіз. Сізде бар қабілеттер мамандығыңызбен сай келсе ештеңе өзгертпей әрі қарай дамытып, кәсіпке бағдарлану керек шығар. Егер қабілеттеріңіз сәйкес келмесе онда өзіңді іздеп, дәлелдеңіз. Мысалы медицинаның 6-курсында оқитын қыз актерлікке, тілге қызығады. Оқудан шығып, өзіне ұнайтын іспен айналысқысы келеді. Бірақ ол алты жылын оқуға жұмсады. Қанша энергия кетті. Бір нәрсеге жақын қалғанда оны тастап кеткеннен гөрі оны аяқтаған дұрыс. Медицина тым үлкен сала болғандықтан, кейін адамдарды емдеумен ғана емес, студенттерге дәріс беріп, ғылыммен айналысып, медицина туризміне ауысуға болады. Сүйікті ісің мен өмірде қажет істі қатар алып жүруге болады. Кейін қай бағытта дамығыңыз келеді, соған қарай ойысасыз.
Капитал – біз жақсы көретін қабілеттер ғана емес. Өзімізге ұнайтын іспен ғана айналысу керек деген дұрыс емес. Ұнамайтын істің өзі кейін кәдеге жарауы мүмкін. Бәрін бірге алып жүру керек.
Мысалы балаға бірнәрсе жасатсаң "маған ұнамайды" деп шығады. Ұнамаса да оған жасату керек. Өзіңе ұнайтын іспен айналыс десеңіз не компьютер ойнайды, не қытырлақ картоп жейді. Адам өзі өте жақсы білетін іспен айналысқанды жақсы көреді. Сол үшін білмейтін нәрсені байқап көріңіз, мүмкін сізге ұнап қалар.
Оқи отырыңыз: Америкада тегін оқуға ауыл баласына да жол ашық
Өзі қалайтын істі тауып, бірақ оны бастауға үрейленетіндер бар. Үрейді қалай жеңу керек деп сұрайды. Оны жеңудің қажеті жоқ. Істі бастап кетіңіз. "Көз – қорқақ, қол – батыр". Бір істі бастап, өз жолыңызбен жүрсеңіз, нәтижесін көресіз.