Тікелей эфир

Жастар мамандық таңдауда психолог көмегіне жүгінеді

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Нұр-Сұлтан қаласында 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 229 мың. Олардың 4,7 пайызы жұмыссыз.

Өмірде мамандық таңдауда қателесуге болмайтыны белгілі. Мектеп түлектері болашақ мамандығын өзінің қарым-қабілетіне, арман-мақсатына қарай таңдағаны абзал. Алайда қазіргі таңда жастардың мамандық таңдаудағы ұстанатын қағидалары әртүрлі. Кейбірі кеңседе отырып жұмыс істейтін кәсіп иесі болуға талпынса, кейбірі болашақ еңбекақысын шотқа салып, таңдау жасайды. Соның нәтижесінде, екінің бірі – экономист, үштің бірі – заңгер.

Мамандық таңдаудағы қателік – жұмыссыздықтың басты себебі

Статистика бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 229 мың. Олардың 4,7 пайызы жұмыссыз.

"Болашаққа билет" жобасы астанада алғаш рет өткізіліп отыр. Бүгін жұмыс берушілер мен білім ошақтары сұранысы жоғары жүзге жуық мамандықпен таныстырды", – деді "Астана жастары" КММ жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.


"Астана жастары" коммуналдық мемлекеттік мекеме жетекішісі Шыңғыс Тілеулин

"Астана жастары" КММ жетекішісі Шыңғыс Тілеулин / Фото informburo.kz


Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, жұмыссыздықтың басты себебі мамандық таңдауда қателесу болып табылады.

"Көрме аясында мектеп оқушылары мен түлектері жұмыс берушілер, психологтар және білім беру орындарының өкілдерімен әңгімелесіп, өздерінің бағыт-бағдарын айқындай алады", – деді Шыңғыс Тілеулин.

Шараға екі күнде 10 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысты.

Оқи отырыңыз: Мемлекет есебінен қалай жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуға болады?

Психологиялық тест оқушының кәсіби бағдарын анықтауына көмектеседі

Психолог Гүлмира Қозбаева 2013 жылдан бері оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға көмектесіп келеді.

"Бүгін көрмеге қатысушы жастар тегін тестілеуден өтті. Тест 45 сұрақтан құралған. Оның нәтижесі бойынша, базадағы 150 мамандықтар тізімінен әрбір оқушыға 12 мамандықтан ұсынылады", – деді психолог.

Оның айтуынша, әр адам мамандық таңдауда өзінің тұлғалық ерекшелігін, қабілеті мен қызығушылығын ескеруі керек. Сонда келешекте өз мамандығы бойынша қызығушылықпен жұмыс істейді.

"Көп жастар ата-анасының үгіттеуімен өзі қаламайтын мамандық бойынша білім алуға құжат өткізеді. Білім гранты көп мамандықты таңдайтындар да бар. Бірақ көп жағдайда олар төрт жылын сарп етіп меңгерген мамандығы бойынша жұмыс істемей, басқа кәсіпке бейімделеді не мүлде жұмыссыз қалады", – дейді психолог.


Гүлмира Қозбаева психолог

Психолог Гүлмира Қозбаева / Фото informburo.kz


Маманның айтуынша, кәсіби бағдарын анықтау үшін психологқа өзге ұлт өкілдері көбірек жүгінеді екен. Қазақ балалардың ата-аналары арасында мұндай тест нәтижесіне күмәнмен қарайтындары басым. Десе де, Гүлмира Қозбаева мектеп психологтары мектеп бітіруші әрбір баламен бұл тақырыпта әңгімелесіп, оларға кәсіби көмегін беруі қажеттігін айтады.

"Психологқа ұлымды екі рет әкелдім"

Мақсат Ермеков ел астанасына Атыраудан қонаққа келген. Осыдан бірнеше күн бұрын ол ұлы Заңғар Қайырғалиевті кәсіби бағдарын айқындау орталығына барыпты. Бүгін де осы шара туралы естіп, ұлын тағы бір тексеріп көргісі келген. Мұндағы ойы – перзентінің мамандық таңдауда шалыс баспаса деген ниеті екен.


фываперн

Мақсат Ермеков ұлы Заңғармен бірге / Фото informburo.kz


"Тестілеудің баланың жеке қасиеттерін анықтауға септігі мол. Бәріміз баламызды жақсы білеміз деп ойлағанмен, олардың бойында біз байқамайтын, тек кәсіби психологтар ғана аңғаратын қырлары болуы мүмкін. Сол арқылы психолог бізге мамандық таңдау бойынша өз кеңестерін береді", – деді Мақсат.

"Мамандықпен бірге оқу орнын да дұрыс таңдау қажет"

Шараға қатысуға арнайы келген Аянбек Асанғалиев биыл 11 сыныпта білім алады. Ол өзі бұрыннан білетін және білмейтін түрлі мамандықтармен танысып, таңдау жасауда бір тоқтамға келуіне көмек алғанына қуанышты.


Аянбек

Аянбек түрлі мамандықтармен танысты / Фото informburo.kz


"Болашақта сәулетші болғым келеді. Қазір осы мамандыққа баулитын жоғары оқу орындары туралы мәліметтерді жинақтап жүрмін. Анам өзімнің мамандық таңдауыма ерік бергендіктен, жауапккершілік те толық өзімнің мойнымда. Сондықтан, мамандықты да, құжат тапсыратын оқу орнын да әбден зерттеп, зерделеп барып таңдаймын", – деді Аянбек.

"Дәрігер болғым келеді"

Асанәлі – 11-сынып оқушысы. Оған психологиялық тест нәтижесі бойынша өзі қалаған дәрігер мамандығы ұсынылған.


мприот

Асанәлі дәрігер болуды армандайды / Фото informburo.kz


"Тест менің интроверт екенімді анықтап берді. Оның қорытындысымен өзім толықтай келісемін", – деді Асанәлі.

Ең қажетті мамандықтар

Көрме аясында белгілі болғандай, ең қажетті мамандық иелерінің қатарына IT саласының мамандары (программистер, деректер базасы мен сервер жабдықтары әкімшілері, веб дизайнерлер), инженерлер, маркетологтер мен әлеуметтік сала мамандары (ұстаздар, дәрігерлер және т.б.), сондай-ақ, аудармашылар жатады.

Серіктестер жаңалықтары