Досым Сәтбаевтың жеке мәдени-ағартушылық қоры Cornell University Press баспасының арнайы рұқсатымен америкалық белгілі тарихшы Сара Камеронның "Аштық жайлаған дала" атты еңбегін Қазақстанда жарыққа шығарды.

Жаңа кітапты сүйіншілей отырып, өзекті үш тақырыбын оқырман назарына ұсынамыз.

Төмендегі сілтемелер арқылы өтіп, қалаған бөлімді оқуыңызға болады:

Босқындар дағдарысы

1931 жылдың күзінде Қазақстан экономикасы ауыр күйзелісте еді. Мал саны ары қарай төмендей берді. Нәубеттің апаттық көлемін кешіктіріп мойындаған Орталық Комитет – РСФСР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы Алексей Киселевтің басқаруымен комиссия құрды. Киселев – 1928 жылғы Семей ісіне қатысты республикадағы мал жоғалу мәселесіне байланысты тергеу жүргізген адам еді. Комиссия республиканың алғашқы бесжылдықтың екі жылында 28,7 миллион бас мал, яғни табындардың 70% құрайтын, адам нанғысыз мал санын жоғалтқанын анықтады.

Мәскеуді жауапкершіліктен босату үшін комиссия бұл шығындардың көпшілігі қазақтардың өз малдарын сату және союымен (разбазаривание, сөзбе-сөз, ысырап), сондай-ақ жергілікті шенеуніктердің жіберген қателіктерімен байланысты болуы мүмкін деген қорытынды жасады. Киселев комиссиясының жалтарма жауабы жағдайдың төтеншелігін бүркемелеп, нақты ешқандай саяси өзгерістер ұсынбады. Оның орнына, комиссия Қазақстанды аралап, анықталған мәселелер бойынша Орталық Комитетке ұсыныстар жасайтын тағы бір комиссия құруды ұсынды.

Республиканың өз ішінде шенеуніктер мал басының күрт төмендеуіне тікелей байланысты мәселемен, яғни, халықтың босқындығымен күресіп жатты. Алдыңғы тарауларда аталғандай, 1928 жылғы тәркілеу науқанынан басталған алғашқы қашқындар легі негізінен шекара арқылы Қытайға бет түзеген еді. 1931 жылдың аяғына қарай аштық күшейген сайын, Кеңес Одағындағы ашыққан қазақтардың қашқындығы үдей түсті, ал өлген адамдардың мүрделері ен далада тарыдай шашылып қалғанда, босқындық өзінің адам төзгісіз шегіне жетті. Бастапқыда босқындардың көпшілігі солтүстіктегі Ресей жеріне, әсіресе Батыс Сібір мен Орталық Еділ аймағына, яғни Орта Жүз қазақтарының маусымдық көші-қон бағыттарының маңызды бөлігін құрайтын аймақтарға қашып кетті. Ашаршылықтың белең ала бастауымен, босқындардың көбі оңтүстікке, яғни, Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне, сондай-ақ өзбек, қырғыз және түрікмен жеріне қарай ағыла бастады.

Ашаршылықтан аман қалған Дүйсен Асанбаев отбасымен бірге Қазақстанның оңтүстік өңірінде тұрған кезінде аймақта арқа қазақтарының немесе орталық және солтүстік-шығыстан келген қазақтардың лек-легімен қаптап кеткендігін есіне алады. Кейбіреулер азаматтық соғыс кезінде алғашқы аштықтан қашқан босқындарға пана болған маңызды мекен Ташкентке қайтадан ағыла бастады. Ашаршылықтың тағы бір құрбаны – Дәметкен Шотбаева Ташкент қаласына баратын жолда мұратына жетпей өліп кеткен қазақтардың мүрделері жол шетінде үйіліп қалғанын еске алады. Кейбіреулер әлі де Қытайға қашуды жалғастырып жатса, енді бір азғана топ Иран мен Ауғанстан сияқты алыс елдерге қашуды көздеді.

Алғашқы кезеңдерде босқындар көшіп бара жатқанда өздерімен бірге малдары мен мүліктерін ала кететін. Бірақ 1931-1932 жылдың қысында босқындардың көпшілігінен еш мүлік табылмады, ақпарат көздері олардың мұқтаждықтары мен толық күйзеліске ұшыраған мүшкіл жағдайларына баса назар аударды. Батыс Сібір өлкесінде бір шенеунік былай деп жазды: "Әдетте, қазақтар біздің деңгейімізге қарағанда нашар киінген, азық-түліксіз, топ-топ болып жүреді". Өлкенің тағы бір жеріндегі аудандық әйелдер бөлімінің меңгерушісі өз байқағанын былай деп жазады: "Қазақтар күні бойы үйден-үйге қайыр сұрап кезіп жүреді, бірақ бәрібір ешкім оларға ештеңе бермейді, жайы келсе қуып жібереді, тіпті жылынуға да рұқсат бермейді, олардың суықтан үсіген денелерін бит басқан, өздері жартылай жалаңаш, құр сүлдерлері".

Оңтүстікке қоныс аударған босқындардың мүлдем азып-тозуы кейінірек басталса да, 1932-1933 жылдың қысында олар да осыған ұқсас сипатталады. Карақалпақтағы қазақ босқындары туралы баяндамада республиканың Оқу Ағарту Ісі комиссариатының басшысы болып тағайындалған соң Мәскеудегі сүргіннен елге оралған Сейітқали Меңдешев былай деп жазады: "Олар (қазақтар) тура мағынасында азған-тозған, енжар да бойкүйез, ашыққан, бейшара тобырға айналды. Қарақалпақтың барлық өңірлеріндегі бей-берекет жүрістерінің нәтижесінде, олардың жүріп өткен жолдары соңынан жаңа қабірлер мен мәйіттерге толып қалатын".

Оқи отырыңыз: Айту да, есту де қиын. Зұлмат статистикасы мен деректер, ашаршылық нәубетінен аман қалғандардың естеліктері

Босқындар азық іздеп қалаларға, теміржол бекеттеріне және өндіріс орындарына қарай жылжыды. Орталық Атқару Комитетінің Төралқасына жолдаған хатында Павлодар қаласына жер аударылған бес адам былай деп жазды: "Ашаршылық жайлаған аудандардан Павлодарға қарай ағылған аш адамдардың саны көбейіп келеді. Жол бойында адамдар өздерінің соңғы күшін салып Павлодарға сүйретіліп келеді, көбі жол бойында өліп жатыр". "Орталық Қазақстандағы Балқаш мыс кенішінде жүздеген босқындар азық мөлшерін белгілейтін карточка алу үшін жұмысшы асханасының сыртындағы алыпсатарлармен және делдалдармен қақтығысты", – деп хабарлады Түсті металдар бөлімінің басқармасы.

Республиканың теміржол желілерімен жүрген саяхатшылар жантүршігерлік сұмдық көріністердің куәсі болды: 1929-1937 жылдары Өзбекстанның жетекшісі және партия хатшысы болған Акмал Икрамовтың ұлы Камиль Икрамов отызыншы жылдары әкесімен бірге Қазақ даласы арқылы пойызбен саяхат жасаған еді. Қазалы теміржол бекетінде Камиль Икрамов "қолында кішкентай баланың қаңқасы бар тірі қаңқалардың" тамақ сұрап қайыр тілеп жүргенін өз көзімен көргенін еске алады.

Босқындар теміржол бекеттері, қиранды ғимараттардан немесе шіркеулерден баспана іздеді. Таба алмаған жағдайда, олар ашық аспан астында өмір сүруге мәжбүр болатын. 1930 жылдары Еділ бойындағы Орынборда біраз өмірін қуғын-сүргінде өткізген революционер Виктор Серж өзінің естеліктерінде былай деп жазады: "Шіркеу қирандыларының ішінде, жаппалардың астында, ашық алаңдардың бір шетінде немесе Жайықтың бойындағы жарлардың астында қырғыз [қазақ] отбасыларының үйіліп аштықтан өліп бара жатқандарын көретінбіз".

Таза су мен тазалықтың жоқтығынан, бұл босқындардың қостары нағыз жұқпалы аурулардың ортасына айналды. Сүзек, қарашешек, құрт, тырысқақ індеттері тез тарала бастады. Қыс түсе салысымен, босқындар аязда үсік шалып қырылды. Батыс Сібірдің жергілікті шенеунігінің естеліктерінен: "Біздің Ключевск ауданындағы жағдай күн сайын нашарлай түсуде, тіпті төбе шашыңды тік тұрғызатын сұмдыққа айналып барады... Қазақ әйелдері сәбилерін құшақтап қаңғырып жүр, ал балалары суықтан қатып қалған, әйелдердің өздері аштықтан ісініп кеткен".

Босқындық дағдарысы күшейген сайын Компартияның қазақтарды тез арада отырықшыландырудың маңыздылығы туралы ұрандары да күшейе түсті. 1931 жылы желтоқсанда қабылданған жасырын қарарда крайком мен республиканың Халық Комиссарлар Кеңесі 1932 жылдың аяғында қазақ көшпенділерін түгелдей дерлік отырықшыландыруды мақсат етті, бұл – алдыңғы қабылданған жоспарларды күрт жеделдету деген сөз еді. Сол сияқты, қазақтарға дамыған халықтарды "қуып жетуге" көмектесу үшін айрықша жылдамдық қажет деген ойға негізделген "жаппай ұжымдастырумен қатар отырықшыландыру" ұраны қайтадан кең қолданысқа ие болды және бұл 1930 жылдың ақпанында Саяси Бюроның "экономикалық жағынан артта қалған ұлттық аудандарды" ұжымдастырғанда айрықша "сақ болуға" шақырған қаулысына кереғар еді.

Елді мекендерде "еуропалық үлгідегі" ғимараттар мен мәдени мекемелер пайда болады деп уәде берген жобалаушылардың 1932 жылдың аяғына таман жоспарлы отырықшылдықты аяқтау идеясы таза ойдан шығарылған қиял болатын. Жоспарлы отырықшыландыру жобасы 1930 жылы құрылғаннан бастап-ақ, қағазбасты кеңсешілдік пен қаржы жетіспеушілігінің кесірінен тоқырап қалған болатын. Енді Компартияның отырықшыландыруды жүзеге асыра алмаған шарасыздығы үшін ауа көшкендер (откочевники), яғни, анықтамасына сай, шынымен қозғалыс үстіндегі халық жауапты болып шыға келді, ал көшпенділерді қоныстандыру ісі бойынша партияның саяси бағытының қатаюы шын мәнісінде оны бұзған адамдарға қарсы күш қолдану шараларын заңдастыру болып табылатын. Шенеуніктер ауа көшкендердің пайда болуын таптық қайшылықтардың шиеленісе түсуінің белгісі ретінде көрсетіп бақты.

Баспасөз беттерінде "ауа көшкендердің қатарын шетелдік элементтер мен олардың агенттерінен мұқият тазарту" туралы кеңестер беріліп, шенеуніктерге "бар күштерін салып, ауа көшкендерді қулықпен қайтадан түйеге мінгізуге тырысатын байлар мен кулактардың залымдығына қырағы болуды" ескертті. Қырғыздар арасында Қазақстаннан келген ауа көшкендердің топтары аштық туралы "контрреволюциялық қауесеттер таратып жүр" және ол қауесеттер Қытайға көшу деген көңіл-күйді күшейтіп жатыр" деген хабар тарады. Өздерінің баянаттарында ОГПУ қызметкерлері бандоткочевка және вооруженная откочевка сияқты қатерлі терминдер қолданды. Бұл шаралар Қызыл Армия күресіп жатқан топтар арасында аштыққа душар болғандар мен бүлікшілер арасындағы айырмашылықтың аз болғанын білдірді.

Оқи отырыңыз: Ашаршылық. Қырылған қазақтың саны қанша? Саяси баға қашан беріледі?

Енді жан ашырлық тудырудың орнына, ауа көшкендердің бейнесі қауіпті болып көріне бастады. Олар жұқпалы аурулармен, тәртіпсіздіктермен және контрреволюциялық жүріс-тұрыспен байланыстырыла бастады. Көптеген босқындардың іс-әрекеттері осы сипаттамаларды растайтындай көрінді: қылмыстың көбеюі және қоғамға жат мінез-құлық аштықтың белгісі болып табылады, өйткені ашықкан адамдар өздерін тамақпен қамтамасыз ету үшін барған сайын шектен шығарлық әрекеттерге көбірек барады.

Батыс Сібір өлкесіндегі Славгород қаласында, мысалы, топтасқан аш қазақтар жиналып, жылқы ұрлаумен және адамдарды тонаумен айналысқан деп жазады өлкелік партия хатшысы Голощекинге жіберген ашулы хатында. Олар "азаматтардан көшеде ғана емес, сондай-ақ өз үйлерінде де бес-сегіз адамнан тұратын топпен кіріп алып, нан берулерін талап еткен". Қалалық дәмханаларда аштықтан саналары қарауытқан қазақтар "еденнен нан үгінділерін теріп алып, ыдысты жалап, тіпті тікелей ауқаттанып отырғандардың алдындағы астарын тартып алған".



Максим Горький атындағы ауданның ресми қызметкерінің айтуынша, республиканың өз ішінде ауа көшкендердің біраз топтары солтүстікке қарай, Сібір бағытында ағыла бастады. Олар әр ауданнан өткен сайын, жылқылар мен малдар жоғалып, "түнде ғана емес, күндіз де" тас жолдардың бойында адамдарды тонау оқиғалары орын алғанын жазады ол. Бұл жүгенсіздіктерге негіз болған түпкілікті себеп – Мәскеудің ұжымдастыру кезіндегі солақай құлшынысын кінәлаудың орнына, шенеуніктер тәртіпсіздіктерге жауапты деп ауа көшкендерді айыптап, аш адамдарға қарсы қуғын-сүргіннің келесі толқынын туғызатын цикл құрып отырды.

Жүздеген мың қазақтар қашып кеткен көршілес Кеңес республикаларында "қазақ" және "ауа көшкендер" деген ұғымдар арасындағы айырмашылық жоғала бастады. Бұдан былай қазақтардың бәрі қауіпті болып көрінді, олардың қатарына босқын емес, жаңа "ұлттық" шекараларға бөлінген аймақтар арқылы ұзақ жылдар бойы көшіп-қонып жүрген қазақтар да жатқызылды. Шынтуайтында, ауа көшкендер екі жағынан да күнәһар болып көрінді. Олар режим көзін құртуға уәде берген көшпенділер деген мешеулікпен пара-пар әлеуметтік топ қана емес, сондай-ақ өздері титулды ұлт болып табылатын Қазақстаннан қуылған "бөтен" қазақтар болып шыға келді.

Олардың көрші республикаларда пайда болуы 1924 жылғы ұлттық межелеумен (делимитация) бірге орнатылған Мәскеудің әр ұлттың өз аймағы болуы тиіс деген қағидасына тікелей қайшылық тудырды. Енді дағдарыс кезінде ашаршылықтан аман қалу жолын іздеген жергілікті тұрғындар режимнің анықтап берген ұлт түсінігін "бөтен" қазақтарға жасалған зорлық-зомбылықты ақтау немесе уәждеу үшін өз мақсаттарына пайдаланды.

Босқындардың алғашқы легі қашып барған Батыс Сібір аймағында бұндай озбырлықтар аймақтың жер өңдейтін шаруалары мен осы ауылшаруашылық жерлерін өздерінің маусымдық көші-қон кезінде кесіп өтетін қазақ көшпенділері арасындағы жер пайдалану құқығына қатысты ұзаққа созылған дау-жанжалдардың әсерінен күшейе түсті. Батыс Сібір өлкесінің Компартия хатшысы Роберт Эйхеге жолдаған хатында жергілікті шенеунік орыстардың қазақтарға қатысты "ұлы державалық шовинизімін" немесе кемсітушілік әрекеттерін егжей-тегжейлі баяндап жазды. Алейск ауданында діни мейрамды тойлау кезінде, бір топ мас орыстар шананың білігін сындырып алған қазақтармен қақтығысып қалды.

"Мұны сылтау етіп, орыстар шаналарынан секіріп түсіп, қазақтарды ұра бастады", – деп жазды ол. Аудандық теміржол бекетінде, "басқарма орыс бір қазақты ұрып-соғып, қорлап, дәмханадан құлағынан қысып шығарып жіберді" – деп жалғастырды ол. "Көбінесе себепсіз ұрып-соғады – қазақ болғандары үшін", – деп қорытындылады. Шаруалар тәжірибесінде кездесетін самосудтың жандануы, яғни, өз беттерімен үкім шығару салдарынан Кузбасс тау-кен аудандарында жүздеген қазақтар қаза тапты. Жергілікті тұрғындар қазақтардың күн ұясына отырғаннан кейін сыртқа шығуын шектеу туралы ұсыныстар жасап, қазақтарды түгелдей аймақтан қууды талап етті.

1931-1932 жылдың қысында аштық қысқан қазақтардың легі көбейіп, зауыттар мен қалаларда жұқпалы аурулар қаупі күшейген сайын, қазақтарды Батыс Сібірден күштеп қуып шығара бастады. Алейск және Шипуновск аудандарында Шығыс Қазақстан облысының партия комитетінің мүшесі былай деп жазды: "Милиция мен ауылдық кеңестің мүшелері қазақтарды ешқандай үгітсіз, әлеуметтік жағдайын ескерместен, партия-комсомол ұйымдарының қатысынсыз ұстап алып, қамап жатыр. Өйткені бұл "ұйымдастырушылардың" өздеріне қойған міндеттері – "жиырма төрт сағат ішінде ауданды қазақтардан тазарту" болып табылады. Автор қазақтарды ұстау кезінде, олардың лашықтардың есіктері мен терезелерін сындырып кіретінін тәптіштеп жазды.

Содан кейін олар қазақтарды не суы, не тамағы, не жылуы жоқ пойыздың вагондарына аузы-мұрнынан шыққанша толтырып салып, Қазақстанға қайтарып жіберетін. Шығыс Қазақстан облысының шенеуніктері аштыққа ұшыраған қазақтар шекараға жеткенде, бара жатқан аудандарын сұрамастан пойыздан шығарып тастайтынын хабарлады. Шекараны бақылау мақсатында Батыс Сібір өлкесінің атқару комитеті Қазақстан шекарасына жақын теміржол бекеттерінде жолаушыларды солтүстікке қарай өткізер алдында жұқпалы аурулардың бар-жоғын тексеретін "оқшаулау-қабылдау" орындарын құруға бұйрық берді.

Оқи отырыңыз: Большевиктер ұйымдастырған "жұт". Қазақстандағы ашаршылық неге әлі мойындалған жоқ?

Қазақтардың шекарадан ары-бері қозғалысы жалғаса бергендіктен, Голощекин мен Эйхе (ол да Голощекин сияқты, революцияның бастапқы кезеңдерінде Латвия социал-демократиялық партиясының мүшесі ретінде белсенділігімен белгілі болған еді, Орал аймағының жабдықтау комиссарының орынбасары, кейіннен Сібір Революциялық Комитетінің басшысы болды) бітіспес қызыл кеңірдек дауға кірісті, бұл олардың әрқайсысының шекара-аралық босқындыққа әртүрлі мағына беретіндіктерін көрсетті. Голощекин үшін қашқындардың басым көпшілігі "айтарлықтай малы бар байлар" болып шықты. Көршілес республикалармен қазақ босқындарына қатысты дау-дамай ушыға түскен сайын, қазақстандық шенеуніктердің қайта-қайта қолданатын уәждерін алға тарта, ол Батыс Сібір өлкесінің шенеуніктерін қашқындардың малдарын өз мақсаттарына пайдалану үшін тартып алды деп айыптады.

Голощекин: "Батыс Сібір шенеуніктері содан кейін ғана малынан айырылған қазақтарды "ашыққан босқындар" немесе "шекара бұзушылар" деп жариялап, Қазақстанға қайтаруға тырысты", – деп мәлімдеді. Шындығында Батыс Сібір шенеуніктері кездескен қазақтың бәрін кері қайтарды, ал оның ішінде ұзақ уақыт ұжымшарда жұмыс істегендері де бар деп дауласты Голощекин. Ол Батыс Сібір шенеуніктерінен жағдайы нашар қазақ отбасыларына жәрдем көрсетуді, олардың қатарын "байлардан" тазартып, содан кейін ғана бірте-бірте ауа көшкендерді Қазақстанға қайтаруды, бірақ алдымен малдары бар, яғни көктемгі егіс науқанына қатыса алатындарды қайтаруларын сұрады.

Голощекиннің сөзінде біраз шындық бар еді. Кейбір қазақтар 1931-1932 жылдың қысына дейін-ақ малдарын алып көрші республикаларға қашып кеткені рас болатын. ОГПУ баянатының авторы асқан мұқияттылықпен 1931 жылғы Қазақстаннан Өзбекстанға кеткен малдың саны "9 399 түйе, 2 253 жылқы, 99 243 қой мен ешкі, 1 125 есек" деп санап берді. 1930 жылы ОГПУ қызметі түрікмен билігінің малы бар қазақтарды шекара арқылы өз жағына өтуге азғырып, ол аздай, қазақтарға Түрікменстанға тегін паром ұсынуға дейін барғанын (Батыс Қазақстаннан Түрікменстанға дейін ең қысқа жол Каспий теңізі арқылы), содан кейін паромның капитандарына қазақтарды кері тасымалдауға тыйым салған деректерді анықтады.

"Андижан түйешілерінің ісі" деп аты шыққан белгілі бір дау-дамайда қазақстандық шенеуніктер өзбек шенеуніктерін мыңдаған қазақтарды (түйелері бар) Өзбекстан экономикасына қосып алуға тырысты деп айыптады. Бірақ, ұлттық терминдер тілін тек қана республика деңгейіндегі шенеуніктер ғана қолданған жоқ. Республикадан тыс аймақтарға қашып кеткендер де ұлт идеясын өз мүддесіне пайдалануға тырысты: өздерін Қазақстанға күштеп қайтаруға жол бермеу үшін, Түрікменстандағы босқындардың алғашқы легі өздерін "қазақтар" емес "қарақалпақтар" ретінде тануын сұрады.

1932 жылдың көктемінде Эйхе мен Голощекиннің дау-дамайы басталған кезде, тігерге тұяғы қалмаған қазақтарды "бай" деп немесе "малы барларды" кері қайтарыңдар деп талап ету еш негізсіз бос сөзге айналды. Голощекинге берген жауабында Эйхе Батыс Сібірге кеткен қазақтардың көбі бай болған деген қарсыласының сөзін мысқылдап былай деді: "Ең басты сұрақ – биылғы жылы бай-кулактардың контрреволюциялық жұмысы неге жемісті болып, мыңдаған кедей-ортаңқол қожалықтарды түзу жолдан тайдырды?". Эйхе ауа көшкендерге әлеуметтік жәрдем ұйымдастыру ісін тек қана Қазақстанда жүргізу қажет екенін алға тартты: "Батыс Сібір өлкесінде қазақтардың мұқтаждықтарын қамтамасыз ететін жабдықтау базасын ұйымдастыру онсыз да тоқтамай жатқан босқындықты күшейтеді".

Ол Голощекиннің Батыс Сібір билігінің "байларды" анықтап, іріктеп алу туралы ұсынысын қабылдамады, оның орнына ондай жұмысты "тек Қазақстанда ғана жасауға болатынын" басып айтты. Шығыс Қазақстан облысының өкілетті уәкілі өз баяндамасында бұл мәселені одан да қатаң түрде жеткізген Батыс Сібір ОГПУ-нің уәкілінің сөзін дәйек ретінде келтірді: "Сіз біздің өлкемізді тәжірибе алаңына айналдырғыңыз келеді, сонда біз сіздің азаматтарыңызды ауданына және олардың әлеуметтік мәртебесіне қарай санап, статистикалық мәліметтер әзірлейміз, содан кейін оларды жинап, тамақтандырып, соңында сіздің талабыңыз бойынша кері шығарып салуымыз керек екен – біз бұған келісе алмаймыз!".

Келесі хатында шекараны бақылауда ұстау мәселесінің қаншалықты өршіп тұрғанына баса назар аударған Голощекин Эйхені Батыс Сібір шекарасын күзете алмады деп айыптап, ол өңірден Қазақстанға күн сайын мыңға жуық адам, негізінен "кулактар" мен "қара шаруалар" келіп жатыр деп мәлімдеді. Голощекин Қазақстанның Батыс Сібірден қайтарылғандарды қабылдап алатынын айтып, селқос келіссе де, ол экономикалық төтенше қиындықтармен күресіп жатқан республиканың бұдан былай адамдарды қабылдауға мүмкіндігі жоқ екенін бірнеше рет шегелеп айтты. Артынша-ақ, айдың соңында крайком қайтарылған қарапайым халықты ("кедей және орташа қожалықтарды") қадағалап және келгендерді республикадағы зауыттар мен жұмыс орындарына жіберіп отыратын Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Ораз Исаевтың басқаруымен төтенше комитет құруға бұйрық берді. Бұдан былай шекара-аралық жосқынның алдын алу мақсатында Қазақстан мен Кеңес республикаларының арасын салт атты әскери бөлімшелер күзетуге кірісті.

1932 жылға қарай республикада жұқпалы аурулар індеті көбею қаупі арта түсті. Крайком солтүстіктің үш өңірінде (Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе) сүзек індеті және Ақтөбеде қара шешек (черная оспа) індеті басталды деп жариялады. Крайком күзге жақын "қалалар мен ауыл тұрғындарының арасында жаппай індет етек алуы мүмкін", – деп ескертті. Босқындар мен жұмысшылар етене араласып кеткен Қарағанды көмір бассейні сияқты өндірістік нысандарға байланысты ерекше алаңдаушылық пайда болды. Індет қоздырғышын таратушы ретінде де, "әлеуметтік зиянды элементтер" ретінде де, босқындарға тығыз байланысты туындап отырған "қауіп-қатердің" барлығын растап, барлық босқындарды жұмыс орындарына жіберместен бұрын арнайы іріктеу орындарында тазалау керек болды, ол өз кезегінде партияның "ерекше қоныс аударушылар" деген атпен белгілі ішкі қудалауға ұшыраған шаруаларға деген қарым-қатынасын елестететін.

Бұл іріктеу орындарында дәрігерлер босқындарды толық медициналық тексерістерден өткізеді (шомылдыру, биттен тазарту және шешекке қарсы егу шаралары), ал шенеуніктер әлеуметтік тегі күдік тудырмайтын босқындардың ғана жұмыс орындарына жіберілетініне сенімді болу үшін, олармен арнайы сұхбат жүргізеді. Босқындар төңірегіндегі әңгімелердің бірте-бірте "медицинаға" кеп тірелуіне байланысты – барлық босқындар алдымен оқшаулау бөлімдерінде карантиннен өтуі тиіс – олардың күдік тудыратын әлеуметтік топ екендігі жайлы пікір одан әрі күшейе түсті.

Оқи отырыңыз: Нәубет жылдар ызғары. Адасып қалғандарына ғасырға жуық уақыт өткен бауырлар табысты

Босқындарды тексеру шаралары солақай жүргізілді. Оралған босқындардың санын нақты ешкім білмеген сияқты. Қарағанды облысына қарасты бір уәкілдің жазбасында: "Қайтып келген қожалықтарға қатысты бірнеше сан айтылып жүр (7 000, 6 000, 9 000), бірақ олардың барлығы анық емес, кейде тіпті ойдан шығарылған" делінген. 1932 жылы сәуірде Қазақстан мен Кеңес Одағының басқа да аймақтарына шағын азық-түлік несиелерін ұсыну бағдарламасы аясында Саяси Бюро "басқа өңірлерден оралған қазақтарға" бір миллион пұт азық-түлік (он алты мың тонна) бөлуге рұқсат берді. Алайда, аш босқындарға бұл азықтың аз ғана бөлігі жетті. Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау бөлімінің бастығы өкіметтің тәулігіне алты жүз грамм нан беруге рұқсат еткеніне қарамастан, күнделікті рациондағы нан мөлшерінің үш жүз грамм ғана екенін анықтады.

Оның үстіне, ол "рацион карталары мен есеп-қисапсыз, барлығы көз мөлшерімен бөлініп келгенін" анықтады. Ол сөзін ары қарай былай деп жалғастырды: "Азық-түлікті өздері алуға шамасы жоқ әлсіздер тамақсыз қалады, ал мықтылар, сондай-ақ, Семейдің ұрылары мен алыпсатарлары тамақты бірнеше рет алып, артығын базарға апарып сатады". Іріктеу орындарына тиесілі жөндем баспана да болмағандықтан, босқындар ашық аспан астында жата берді. Ауа көшкендер арасындағы өлім көрсеткіші күрт жоғарылады: Семейдегі 11 мың босқынның ішінен 4 107 адам қайтыс болды.

Босқындарды жұмыс орындары мен ұжымшарларға араластыру жұмысы өте ауыр болды. Өйткені олардың көбі аштық пен аурудан әлсірегендері сонша, жұмыс істеуге шамалары жетпеді. Семей қаласында төрт жүз босқынды жұмысқа алған зауыт үш күннің ішінде олардың жартысын жұмыстан шығарып, ал қалған жартысын азықтандырудан үзілді-кесілді бас тартты. Босқындардың көпшілігі орыс тілін білмейтін көшпенділер болғандықтан, әлбетте, олардың шаруашылық дағдылары өндіріс немесе ұжымшар жұмысына оңайлықпен бейімделіп кете алмады. Ақтөбе губерниясында зауыт басшыларының "босқындар жұмыс істеуге жарамсыз, олар жалқау", – деп айтқандары белгілі.

Тағы бірде басқармалар "бізге орыс жұмысшылар керек" деген талап қойып, босқындарды жұмысқа қабылдаудан бас тартқан. Көптеген өндіріс басшылары жұмысшы ретінде босқын қазақтардың орнына жер аударылғандарды қабылдағанды жөн көргендіктен, крайком "онсыз да жұмыссыз қазақтардың көптігінен" бұл тәжірибеге тыйым салуға мәжбүр болған. Зауыттар мен ұжымшарлардан қуылған көптеген босқындар көрші республикаларға қайта оралды, шенеуніктер бұл құбылысты қайта көшіп кету (обратная перекочевка) деп атады. Қалғандары әлеуметтік көмек туралы сыбыстарды естіп, республиканың өзге өңірлеріне қаша бастады, алайда республиканың партия комитеті аудандарды мұндай жосқындықпен күресті күшейту керектігін ескертіп, ондай жағдайларды "байлардың арандатушылығы" деп атады.

Экономикалық жағдайдың күрт нашарлауы халық жосқынын тоқтату шараларын тежей бастады. 1932 жылы маусымда республиканың партия комитеті құпия қарармен елді жаппай ашаршылық жайлағанын мойындады. 1932 жылдың шілдесінде республиканың ауылшаруашылық комиссариатының баянатында Қазақстан өзінің Кеңес Одағының негізгі мал қоры мәртебесінен "толықтай айрылғанын" анықтады. Есеп бойынша, көшпенділердің қолында қалған азғантай малдың саны "халықтың сүтке деген қажеттілігін тіпті ең төменгі мөлшерде" де қанағаттандыра алмайды делінген. Баяндамада республиканың көшпелі тұрғындары "қазір өте ауыр жағдайда қалып отыр, сондықтан ол шұғыл практикалық шараларды талап етеді" деп тұжырымдалған.

Қазіргі күннің тұрғысынан Мәскеудің неліктен шұғыл шаралар қолданып, жағдайға араласпағанын түсіндіру қиын. Сталин мен Компартияның Орталық Комитетінің басқа мүшелері Ашаршылыққа ұшыраған қазақтардың мұң-мұқтажына аса қобалжи қоймағанымен, Орталық Комитеттегілердің бәріне айдай анық болғаны – республикадағы 1932 жылға қарай мал санының құлдырап кетуі режимнің экономикалық мүдделеріне тікелей әсер ететін жәйт еді. Республика Мәскеу мен Ленинградты етпен қамтамасыз ететін ең ірі азық-түлік қоймасы болатын. Республикадағы тракторлар мен автомобильдердің жетіспеушілігінен, Мәскеу астық алқаптарын жыртуға немесе лауазымды шенеуніктерді республиканың шетсіз-шексіз қашық елді мекендеріне апару үшін көлік жануарларына аса мұқтаж болды.

Кейбіреулер Мәскеудің бұл жағдайда еш шара қолданбауына Сталинді айыптайды, ал ол болса, мал шаруашылығына қатысты мәселелерге қарағанда, мемлекеттік астық сатып алу жұмыстарынан қолы босамағанға ұқсайды. Мәскеудің бейғамдығы, сондай-ақ көшпелі өмір салты туралы таптаурынды пікірлердің (стереотиптердің) өміршеңдігімен, яғни, оларда табын-табын мал бар деген жаңсақ пікірге байланысты болуы мүмкін. Сталин мен Компартияның Орталық Комитетіне жазған республикадағы мал басының азаюы туралы хатында Голощекин былай деп шағымданады: "Жоғарыдағы партия қызметкерлері Қазақстанды бұрынғы замандағыдай елестетеді.

Олар көшпелі және жартылай көшпелі аймақтардағы бөктерлерде мыңғырған сансыз отарлар мен табындар жайылып жүргендей елестетеді және өз кезегінде бұл бірқатар жағымсыз құбылыстардың пайда болуына себеп болып отыр". Қазақстанның адам айтқысыз керемет байлығы жайлы қиялға берілген Сталин мен Орталық Комитеттің өзге де мүшелері республиканың мал шаруашылығы саласындағы саясатына айтарлықтай түзетулер енгізбегендіктен, республикадағы отарлар мен табындар саны одан әрі құлдырай берді.

Жан сақтау

1932 жылға қарай республиканы жантүршігерлік Ашаршылық жайлап алды. Ауылда болсын, зауытта болсын, тіпті республиканың астанасы Алматыда болсын, қала көшелерінде шашылып жатқан мәйіттерге көз жұма қарау мүмкін болмады. Дағдарыстың түп тамыры қазақ ауылында жатқанымен, 1932 жылы орыс ұжымшар мүшесі, жергілікті партия қызметкері немесе зауыт жұмысшысы – бәрі түгелдей дерлік аш болды. Аштықтан аман шығу үшін тапқырлық, кейде бақ, кейде тіпті безбүйректік пен қатыгездік қажет болды.

Тегі ресейлік америкалық әлеуметтанушы Питирим Сорокин Азамат соғысы кезіндегі өзінің бақылаулары мен зерттеулеріне сүйеніп, ашаршылық жағдайындағы адамның мінез-құлқы небір күшті тыйымдар мен тежеулерді тұншықтырып тастауы мүмкін, кейбір төтенше жағдайларда тіпті "адам етін жеу сияқты қоғамға жат" әрекеттерге мәжбүрлеуі мүмкін екенін анықтаған еді. Қазақ Ашаршылығы да бұл мәселені айналып өтпеді: аштықтың басталуымен, қылмыс, оның ішінде ұрлық оқиғалары кең етек жайып, қауымдастық қатынастар үзіле бастады.

Ашаршылықтан әупірімдеп аман қалған адамдар сол күндердегі өмірдің бір үзім нан үшін жанұшырған айқасқа айналғанын естеріне алады. Өз естеліктерінде жазушы Мұхамет Шаяхметов бұрыннан араласып жүрген достарының бірде оған түнеп шығатын орын беруден бас тартып, сары аязда далада қалдырғанын есін алады: "Ол кезде елдің бәрі келесі күнге, не сол күнге, не дәл сол мезетке аштықтан ұлыған асқазандарына талғажау боларлық жейтін бір нәрсе іздеумен күндерін өткізетін. Тіпті небір қайырымды адамдар мен айрылмас достар, ет жақын туыстар бұдан былай бір- біріне көмектесе алмайтын халге жетті". Бұрлытөбе ауылында аштықтан шегіне жеткен адамдардың бір тобы небір қылмыстармен айналысқан. Өкілетті уәкілдің жазбасынан: "Топ мүшелері босқындарды нан үшін өлтіре салудан тайынбайтын.

Біздің көз алдымызда қарақшы топтың бір мүшесі босқын көшпендіні бір соққымен ұрып құлатып, ол ұзақ уақыт ес-түссіз жерде жатып қалды". Ашаршылық кезінде саһара арқылы жолға шыққан кез-келген адам қарақшылық шабуылға ұшырау немесе ауру жұқтырып алу қаупіне байланысты, өмірін қатерлі тәуекелге тігетін. Ашаршылықтың құрбаны бола жаздаған тағы бір куәгер Көкен Белгібаев досы Молдақаштың ауылына оралып, аштықтан запа шегіп жатқан бірнеше туыстарын құтқарып қалам ба деп үміттенгенін еске алады, бірақ, ақыры, ен дала арқылы сапар шегудің өзі тым қауіпті деп шешеді.

Оқи отырыңыз: Ашаршылықтың ащы сабақтары

Біраз адамдар ашыққандарға қолдарынан келгенше көмек беруге тырысқан еді. Біз алдыңғы тарауда танысқан, Ашаршылықты басынан өткерген Зейтін Ақышев кейбір партия шенеуніктерінің құлан түзде жалғыз қалған балаларды жинап алып, оларды жетімдер үйіне апарып тапсыру үшін бастарын үлкен қатерге тігіп жолға шыққандарын еске алады. Қазақстанға жер аударылған профессор Гаврил Невадовскийдің сол кезде он жеті жасар қызы Татьяна Невадовская өзінің күнделігіне аштықтан қиналып жатқандарға су беріп, тамақ әкеліп бермек болған әрекеттерін жазады. Бірақ, біраз уақыт өтіп, өлгендер мен аштықтан өлім аузында жатқандардың денелері қала көшелерінде қаптап көбейген сайын, көптеген куәгерлердің мінез-құлқында рақымсыздық пен селқостық қылаң бере бастады.

Аштық енді қазақтардың қайыршылық тұрмысына тән жағдай болып көрініп, ал олардың ұсқынсыз панажайлары мен қала көшелерінің бойындағы өлімдері ешкімді селт еткізбейтін қарапайым көрініске айналды. Батыс Сібірдің жергілікті шенеунігінің естеліктерінен: "Топ-топ болып қала кезіп жүрген қазақтардың ұсқындары өте қорқынышты суретті елестетеді. Сөзіме дәләл ретінде бір дерек келтірейін: Славгород қаласының теміржол бекетінде өліп қалған бір қазақтың денесі үш күн жерде жатса да, ешкім оған тіпті назар да аудармады". Орынбор қаласына қатысты, Виктор Серж былай деп еске алады: "Қырғыздар [қазақтар] шаңқайған күн астында қоқыс алаңында үйіліп жататын, тіпті жатқандардың қайсысы тірі, қайсысы өлі екенін айтудың өзі қиын болды. Жүргіншілер – асығыс, азған-тозған кедей-кепшік; лауазымды адамдар, әскери адамдар және олардың буржуазиялық кейіптегі әйелдері; қысқасы, бір сөзбен айтқанда "өмірге риза 8%" деп аталатын адамдар тобы олар жатқан жаққа қарамай айналып өтіп жататын.

Үрей күнделікті өмірді танымастай өзгертіп жіберді. Қуғынға ұшыраған социалист-революционер (эсэр) Владимир Рихтердің ол кезде бала болған қызы Вера Рихтер әкесімен бірге сахара аралап сапарға шыққан еді. Жақын маңда жайылып жүрген түйелерді қызықтаған Вера өздері түнеуге тоқтаған бөрене үйден сыртқа шығып кетеді. Үйден Вераны таба алмай қалған анасы қызын іздеп үйден атып шығады. "Ол мені иығымнан қапсыра ұстап үйге кіргізген кезде, оның қолдары селкілдеп тұрған еді", – деп еске алады Вера.

"Мен олардың қорқынышын кейінірек түсіндім: олар аш адамдар мені ұстап алып, бөлшектеп жеп жатыр ма деп ойлаған". Ондайдан менің анам ғана қорқатын дей алмаймын деп есіне алады Вера. Үрей адамдардың барлығын жайлап алды: "Біз тоқтаған ауыл аса ашыға қоймаған еді (әсіресе біздің күзетшілер орналастырылған үйлер), бірақ олар да жоқшылық пен ашығудан қорқатын... Олар есіктерін құлыптап, үйдің ішінен мұқият бекініп алды. Өздері үнсіз, қабақтары салыңқы, суық жүзді еді".

Каннибализм немесе етін жеу үшін адам өлтіру туралы сыбыстар қазақ ашаршылығы кезінде үнемі, әсіресе ашыққандар балаларын ұрлап әкетіп жеп қояды деп қорыққан ата-аналар үшін жантүршігерлік үрейдің тұрақты көзі болатын. Мұндай қауесеттер әсіресе Батыс Сібір мен Орталық Еділде кең етек жайды, онда босқындар орыс балаларын жейді екен деген әңгімелер тез тарап кетті. Ашаршылық кезінде куәгерлер арқылы "өлтіріп етін жеу" оқиғалары тіркелді: Шу ауданында, ашыққандарды тамақтандыратын жерде Дәнежан есімді шенеунік бір босқынның өліп бара жатқан адамның қарнын жарып жіберіп, бауырын суырып алып шығып, оны екінші аш адамға бергенін және де ол адамның бауырды шикідей жеп қойғанын есіне алады.

Басқа дереккөздерде "мүрденің етін жеу" немесе өліп қалған адамдардың мәйіттерін азық ретінде тұтыну сияқты мәліметтер келтірілген. 1933 жылы ақпанда ОГПУ қызметкерлері Әулиеата қаласында адам етін сатқан бір әйелді тұтқындады. Сараптама кезінде медицина кызметкерлері ол еттің алты не жеті жасар баланыкі екенін анықтады. Ашаршылықтан аман қалған тағы бір куәгер Ғалым Ахметов бірде адам етін қайнатып жатқан адамдарға жолығып қалғанын еске алады.

Адамдардың көбі тірі қалу үшін суррогат (жасанды) тағамдар пайдалануға көшті. Ашаршылықтан аман шыққандар кеміргіштер мен жабайы шөптерді жегендерін немесе масақ деп аталатын жиналған астықтың қалдықтарын жинап алу үшін егістік жерлерді аралағандарын естеріне алады. Басқалары кеміргіштерді тамаққа пайдалану мұсылман дініне қайшы деп оларды тұтынудан бас тартқандарын айтады. Дәнежанның айтуынша, Шу ауданында аштықтан қиналған адамдар жергілікті өсімдік жүзгіннің тікенегін жинаған.



Оның сөзіне сенсек, бір бөлке нан жасауға кететін тікенекті жинап алу үшін бір күн кетуі мүмкін, алайда, ол нан жеген пенденің асқазанына батып қатты ауыртуы мүмкін. Ол, сондай-ақ "негізінен балалар мен шынайы ашыққандардың" өздерінің жатқан төсек-орындарын жей бастағанын байқаған. Олар көрпенің жүнін отқа қақтап шайнайды, ал төсектеріндегі былғары біткенді суға толы табаққа салып жібітіп, содан кейін оны жейді. "Бұл заттарда корек болатын нәрсе аз болғанымен, бір нәрсе жегендей болады", – дейді ол.

Тастап кеткен балалардың саны немесе беспризорные деген атауға ие болған жетім балалар мен үйсіз қаңғып қалған балалардың саны күрт өсіп кетті: партияның статистикасына сәйкес, 1932 жылға қарай республикада 20 700 қараусыз қалған бала болса, ал 1933 жылдың басында бұл сан үш есе, яғни 71 мың балаға дейін өскен. Шенеуніктердің көбі бұл сандардың шынайы деректерден әлдеқайда төмендетіп көрсетілгенін мойындайды. 1932 жылы республикалық балалар комиссиясының шенеуніктері Қарағанды көмір кені маңайынан ғана 1 700-ден астам жетім бала жинап алынғаны жайлы хабарлады. Павлодарға жер аударылған бесеудің жазғандары бойынша, қалалық жетімдер үйі толып кеткендіктен, олар жаңа балаларды қабылдаудан бас тартты: "Қалада күн сайын аштықтан ісініп кеткен, тоңған, әлсіреген әр түрлі жастағы тастанды балаларды кездестіруге болады. Олардың беретін әдетті жауаптары: "Әкем қайтыс болған, анам да қайтыс болды, үйім жоқ, нан жоқ".

Көптеген жағдайларда бұл тастап кеткен балалар расында да жетімдер болатын. Тараудың басында танысқан Сәден Мәлімұлы анасының аштықтан қайтыс болуына байланысты жетімдер үйіне орналастырылған болатын. Алайда, көптеген отбасылар үшін баланы тастап кету тірі қалу үшін жасалған жантүршігерлік стратегия болатын. Бұл отбасыларында тамақтандыратын ауыз шамадан тыс көп болғандықтан, ата-анасына қай баланы өзімен алып қалып, қай баланы жолда тастап кету керек деген жүрек сыздататын ауыр таңдау жасауға тура келді. Енді біреулері баласын жетімдер үйіне тастап кетсе, балаға әке-шешесімен бірге болғаннан гөрі, тірі қалуға көбірек мүмкіндік бола ма деп сенген болулары мүмкін.

Алайда, жетімдер үйіне орналастыру баланың тірі қалу мүмкіндігін арттырды ма, жоқ па белгісіз: Павлодарда жер аударылғандар, аштыққа ұшыраған балалар орналастырылған панажайлар "дәлірек айтқанда, мәйітханалар деп аталуы керек еді", – деп жазады. Қайтыс болған балалардың денелерін алып кетуге ешкім де келмеді, олардың кішкентай мәйіттері еденде әр жерде шашылып жатты. Республиканың оңтүстігіндегі Қызылорда ауданында 1933 жылдың алғашқы айларында жетімдер үйіне түскен балалардың өлімі 60% құрады. Орынборда Виктор Серж бір милиция сарбаздарынан аштықтан бұралған баланы жетімдер үйіне апарып тастаңыздаршы деп сұрағанын еске алады. Милиция апарудан бас тартып: "Олар бәрібір жетімдер үйінен қашып кетеді, өйткені ол жерде балалар аштан қырылып жатыр!", – деп түсіндіреді.

Ол кездегі ең өзекті мәселелердің бірі – қайтыс болғандарды жерлеу мәселесі болды. Гуляевка ауылына сапар шегіп бара жатқанда Дәнежан жол үстінде "үйіліп" жатқан немесе жол бойын жағалай өскен сексеуіл бұталарының үстіне итере салған мәйіттерді көргенін суреттейді. Үштөбеде республиканың көлік бөлімінің қызметкері мәлімдегендей, мәйіттер жолдың үстінде, темір жол бойындағы арықтарға лық толып қалған. Ауыл тұрғындары жаңа қабірлерді қазуға күштері жетпей, ауылдағы шұңқырлардың бәрін мәйіттерге толтырып, қармен көміп жатты. Қалалар мен басқа да елді мекендерде өлгендердің денелерін уақытымен тазалап тұру маңызды болды.

Оқи отырыңыз: Депутат қуғын-сүргінді "Қанды террорға" теңеді. 31 мамыр күні экрандардан ойын-сауықты көрсетпеуді ұсынды

Жерленбеген мүрделердің сасыған иісі ауаға тез арада тарала бастады да, ол өзімен бірге тырысқақ, сүзек сияқты індеттердің бірнеше түрін ала келді. Ашаршылық жайлы естеліктерде, аман қалғандар көбінесе қала көшелерінен мәйіттерді жинап жүретін ат-арбаны есіне алады. Артынан бұл мәйіттер қаланың шетіндегі жаппай жерлеу бейіттеріне апарылып, төгіліп тасталып отырды. Кейіннен Ашаршылықтан аман қалған адамдарға жақындарының осындай күйде көміле салғанын көру аса ауыр соққы болып тиді: бұндай бұқаралық жерлеулер мұсылмандардың жерлеу рәсімдерін, атап айтқанда, мәйіттің бетін ақ матамен орап, денелерін жер қойнауына бермес бұрын Меккеге қаратып жатқызу керек деген салттарын дөрекі түрде бұзушылыққа жататын.

Кімнің өмір сүріп, кімнің қаза болатынына қандай факторлар әсер етті? Ол кезде қарапайым ғана партия мүшесі болу міндетті түрде аштықтан аман қалатыныңызға еш кепілдік бермейтін. Гуляевкадағы босқындарды тамақтандыру орнындағы "кейбір өлгендердің сирағы тірілердің бетінде жатқан" сұмдық жағдайды егжей-тегжейлі сипаттаған Дәнежан былай деп жазады: "Босқындардың арасында партия мен комсомол мүшелері де кездесетін. Ауылдық кеңестің төрағасы Белоусов маған олардың партия билеттерін көргенін айтты. Соған қарамастан, басқалармен бірге олар да ажал құшты". Дегенмен де, мемлекеттік құрылымдардың қолдауы көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды: Зейтін Ақышев Ашаршылық кезінде Семей қаласында мектеп мұғаілімі қызметін атқарды. Ол ұстаз ретінде мемлекеттен тұрақты түрде біраз тары алып тұрғанын есіне алады.

Қарағанды көмір кені немесе Балқаш мыс кеніші сияқты өндіріс орындарында жұмыс істегендер үшін аштықтан аман-есен шығу мүмкіндігі басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары еді. Бұл жағдайды партия құжаттары да растайды: 1932 жылдың жазында республикадағы азық-түлік дағдарысы шегіне жеткенде, Кеңес Одағының Ауыр Өнеркәсіп комиссариатының шенеуніктері республиканың "шалғай аймақтарына" жіберілетін астық, ет және басқа да тауарлар жабдығын қысқартып, оны республиканың Балқаш сияқты өндіріс орындарына бағыттауды талап етті. Мұндағы жұмыс орындарына жер аударылғандар мен жұмысқа ебі бар басқа топтардың пайдасына бола қуылған қазақ босқындарына тамақ тауып жеуден әбден күдер үзуге тура келді.

Қазақ босқындарының зауалды мүшкіл жағдайы мен аштықтың адам айтқысыз қасіретін жайлы да жұмсақ теміржол вагондарының терезелерінен ғана көздері шалып қалған партия басшыларының қамсыз өмірі арасында бітіспес қарама-қайшылық орын алды. Өзінің өмірбаяндық естеліктерінде, ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілетті уәкілінің орынбасары Сергей Мироновтың әйелі Агнесса Миронова Ашаршылық кезінде Қазақ даласы арқылы пойызбен сапар шеккенін есіне алады: "Ұмытпасам, 1931 жылдың қысында біз Мироша екеуміз Қарағанды арқылы өттік.

Біз Николай ІІ заманынан қалған Пульман вагондарында отырдық. Салонның іші алтын барқытпен, жатын бөлме жасыл барқытпен көмкерілген. Жолсеріктер (аспаздар да солар) бізді жол бойы керемет тамақтандырды". Миронова терезеден аш адамдарды көрсе де, былай деп еске алды: "Бірақ, сонымен бірге, бұл қырылып жатқан елді мекеннің дәл ортасында, біздің барқытпен апталған пойызымыздың вагонында бірталай азық-түлік бар болатын. Біздің вагонымызда мұздатылған сүр ет, тауық, қой еті, ірімшік, қалағаныңның бәрі бар еді". Миронованың естелігі білдіріп қойғандай, Ашаршылық жылдары көшпенділерді азып-тоздырып, ал партия басшылығына айрықша сән-салтанатты өмір сүруге итермелеген шектен тыс теңсіздік пайда болды.

"Құтқаруға мүмкіндік бола тұра, адам қырғынына жол бердік"

1932 жылдың күзінде Мәскеу республика бойынша бірқатар саяси өзгерістер енгізді, оның ең бастысы – 1932 жылы 17 қыркүйекте қабылданған Орталық Комитеттің қаулысы болды. 17 қыркүйек шешімі ретінде белгілі болған бұл қаулы барлық көшпелі үй шаруашылықтарын екі жылға орталықтандырылған ет пен астық салымынан босатты. Сонымен қатар, аталмыш үй шаруашылықтарына орталықтан қосымша астық пен тұқым бөлініп, жәрдем берілетін болды. Саясаттың өзгеруіне сәйкес, мал шаруашылығымен айналысатын аудандардағы қазақ үй шаруашылықтары жеке бас пайдасы үшін жүз қой, сегіз-он ірі қара, үш-бес түйе және сегіз-он жылқы ұстай алатын болды.

Бұған қарағанда аздау болса да, отырықшы елді мекендерге жататын аудандарға да жекеменшік мал ұстауға рұқсат етілді. Осы қаулының күшімен, сондай-ақ мал өсіретін аудандардағы ұжымшарлар түрі тым шектеулі артельден анағұрлым қарапайым ТОЗ-дарға өзгертілетін болды. Қаулыға сай, партия "жаппай ұжымдастыру негізінде отырықшыландыру" ұранынан бас тартып, жаңа қоныстанған топтар арасында біртіндеп ұжымдастыру жолдарын қарай бастады.

Дегенмен, 17 қыркүйектің шешімі қазақтардың азабы мен бейнетін азайта алмады. Қаулының алғашқы жолдарында Орталық Комитет көшпелі қазақтарды қоныстандыру саясаты дұрыс деп тағы бір мәрте қайталау арқылы, босқындарға қарсы жазалау шараларына рұқсат беріп қойды. Республиканың жоғары лауазымды шенеуніктері Мәскеу уәде еткен астық жөнелтілімдерінің ешқайсысы жетпеді немесе қатты кешіктіріліп жатыр деп шағымданады.

17 қыркүйек қаулысы көшпенділерге үй шаруашылығында мал ұстауға рұқсат беру туралы уәде бергенімен, саясаттағы бұл өзгеріс нақты ешнәрсеге әсер етпеді, өйткені республикада өсіретін ешқандай мал басы қалмаған еді. Республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі шенеуніктер әлеуметтік жәрдем мен 17 қыркүйек қаулысымен уәде етілген өзгертулердің орындалуына басымдылық берудің орнына, олардың орындалуын бақылауды төменгі әкімшілік қызметкерлеріне немқұрайлы, әйтпесе мүлдем қадағалаусыз сілтей салды.

Мәскеудегі шенеуніктер 17 қыркүйек шешімінің жаңа саясатын республиканың экономикасын қалпына келтіру жолы деп дәріптеп жатқан кезде, Молотов пен Сталин республика басшыларына дәнді дақылдарды көбірек жинап алу керек деп қысым көрсетулерін жалғастыра берді. 8 қарашада Молотов пен Сталин республиканың партия және мемлекеттік жетекшілеріне Қазақстандағы астық жинау науқанының "жедел түрде орындалуын" талап етіп хат жазды. Артынша-ақ, қарашаның 10-да, осыдан бірнеше күн ғана бұрын ашыққан украиндар мен Кубан казактарына қолданылған жазалау науқанының әдістерін нақты үлгі етіп алып, крайком республикадағы біршама аудандарды қара тізімге ілу жайлы қаулыны мақұлдады.

Қарашаның 21-де Сталиннен келген жеделхатта республикадағы астық сатып алу жұмысы "күрт құлдырауға ұшырады" және "астық жинау анық тоқтауға бет алды" деп айыпталды. Сталин крайком мен Казсовнаркомды "репрессивті (жазалау) шараларға" көшуге шақырды. Ақыр аяғында, республикадағы отыз бір аудан қара тізімге енгізіліп тынды. 1932 жылы желтоқсанда Саяси Бюроның шешімімен мыңдаған Кубан казактарын жер аудару туралы бұйрық шығарылды: Қазақстанға шамамен он мыңға жуық адам жіберіліп, бұл азық-түлікпен қамтамасыз ету саласына қосымша қысым түсірді, өз кезегінде бұл қысым республиканың онсыз да мүшкіл жағдайын одан сайын ушықтырып жіберді.

Ақыр аяғында, астықтың жетіспеушілігіне Голощекин айыпты болып танылды. 1933 жылдың басында Мәскеудегі Орталық Комитеттің бұйрығымен Голощекин республиканың партия хатшысы қызметінен түсірілді. Ресми түрде, Голощекин Мәскеудегі Халық Комиссарлар Кеңесінің қарауындағы басты мемлекеттік сот төрешісі қызметіне тағайындалды. Алайда, оған қарамастан, оның мансабы жуырда құлдырағалы тұр еді. 1933 жылы ақпанда Голощекиннің Қазақстаннан кеткені республикалық газеттің үшінші бетінде елеусіз ғана шағын мақалада айтылған болатын. Ал 1933 жылдың тамызына қарай Голощекин сол газетте өзінің басшылығы кезіндегі "қателіктері" және "Ленин-Сталин бағытын өрескел бұзғаны үшін" ашық қоғамдық сынға алынды.

Голощекиннің өзі Мәскеуде ресми қолдаудан айырылып қалғаны үшін сарыуайымға беріліп, өзіне-өзі қол салу әркеттеріне дейін барып көрді. Алайда, ол 1941 жылы Сталиннің партия қатарын кезекті тазартулары кезінде, партия қатарына ертерек қосылған алғашқы мүшелердің бақытсыз тағдырын бөлісіп, ату жазасына кесілді.

Голощекинді партия хатшысы қызметінен босату туралы бұйрық тікелей Мәскеудегі Орталық Комитеттен түссе де, Голощекиннің Сталин мен оның айналасындағы лауазымдылар арасындағы қолдауынан айрылып қалуының себептері жайлы мәліметтер аз. Республиканың өзінде Голощекиннің қызметтен кетуіне бірнеше ай қалған мерзім ішінде, ол алдымен өз әріптестерінің қолдауынан айрылды, дегенмен бұл наразылықтың шоғы Орталықтан көселіп отырған-отырмағандығы бізге анық емес.

1932 жылы шілдеде Сталинге жазған хатында Исаев республикада орын алған экономиканың аласапыран жағдайын ішінара Голощекиннің басшылығына артты. Ол "жолдас Голощекиннің республика шаруашылығы саласына түпкілікті өзгеріс енгізе алатын қабілеті бар" деп ешқашан ойламағанын мойындады.

Қызметінен босатылған соң бірнеше айдан кейін, 1933 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Голощекин Сталин мен Кагановичке жолдаған ашулы хаттарында Қазақстанда партия комитетінің ұйымдастыруымен оның тұлғасына қатысты "жүріп жатқан бейбастақ қоғамдық әшкерелеу мен жүгенсіз тіл тигізу оқиғаларына" наразылық білдірді. Ол Орталық Комитетті өзінің Қазақстандағы бұрынғы әріптестерімен болып жатқан дауға араласып, оның жіберген қателіктері туралы нақты мәлімет беруге шақырды. Голощекин өзінен кейінгі хатшы Левон Мирзоянның өзінің Қазақстандағы бүкіл жеті жылдық билігін "партия мен Ленинге қарсы" деп сипаттауына үзілді-кесілді қарсы шықты және түсіндіру кезінде Орталық Комитеттің оның Қазақстандағы саяси шешімдері мен іс-әрекеттеріне үнемі қолдау көрсетіп, оларды мақұлдап келгендігін алға тартты.

1932 жылдың қыркүйегінде Орталық Комитетке жазған Қазақстандағы ұжымдастыру науқанының "қателіктері мен кемшіліктері" деген хаттарына қарамастан, Голощекин республиканың астық сатып алудағы сәтсіздіктері үшін кінәлі деп танылып, басты күнәһарға айналды. Голощекин де өзінің көрші республикалардағы көптеген әріптестері сияқты, жаңа республиканың құрылуына аянбай жұмыс жасаған қатал басшы болды. Бірақ, сонымен қатар, Голощекин епті де пысық әкімші болатын, ол партияның Қазақстандағы жөн-жосықсыз әрекеттерінің салдарларын барынша реттеп отыруға ұмтылды және олар режимнің экономикалық мүдделеріне қайшы келген мезеттерде, партиядан республикаға қатысты саясатын жұмсартуды өтініп хат жазып отырды.

Голощекин өзінің ізбасарынан гөрі өзгеше жағдайда, басқа шектеулер аясында жұмыс істеген болуы мүмкін, ал Мирзоян республика басшылығын Орталықтың Қазақстанға бағытталған саясаты өзгере бастаған кезде қабылдады. Республикадағы қуғын-сүргін Мирзоян басшылығы кезінде де жалғаса берсе де, саясаттағы басқа да тың өзгерістер Мәскеудің экономикалық залалды қалпына келтіруге деген қызығушылығын білдірді.

Мирзоян Қазақстанға 1933 жылы Голощекиннің орнына жіберілді. Таулы Қарабақтың бір ауылында армян шаруа отбасында дүниеге келген Мирзоян сегізінші сыныпты ғана бітіріп, оқуын тастап, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан ірі порт әрі Кавказ өңірінің саяси орталығы Бакуге келеді. Ол жерде ол большевиктер партиясының қатарына өтіп, кейіннен Ленинград партия ұйымының басшысы болған көрнекті де ықпалды революционер Сергей Кировтың қоластында жұмыс істеді. Алғашқы бесжылдық бастала салысымен, Мирзоян РСФСР-ге қоныс аударады, онда ол алдымен Пермь қаласында партия хатшысы, артынша Орал аймағында да осындай лауазымды қызметте, сосын Қазақстанға партияның жаңа хатшысы қызметіне ауысады.

Мирзоянның өзінің алдында қызмет еткен адаммен кейбір сипаттамалары жағынан көп ұқсастықтары болды. Екеуінің де большевиктік жолдары ертерек, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін басталды және екеуі де партия қатарын тазарту науқаны аясында ату жазасына кесілгендердің тағдырын бөлісті (Мирзоян 1939 жылы, Голощекин 1941 жылы). Бірақ, әрине, әр түрлі буынға жататын екі адамның арасында маңызды айырмашылықтар болмауы мүмкін емес. Голощекин Мирзояннан шамамен жиырма жастай үлкен, кемеліне 1890 жылдары Ресейде марксистік қозғалыстар енді пайда бола бастаған дәуірде келді.

Мирзоян, керісінше, 1897 жылы дүниеге келген және мүлдем басқа тәрбие алған, қоғамдық өмірге 1905 жылғы автократияға қарсы төңкерістен кейін, саяси спектрдегі барлық топтардың оянуынан кейін ғана келген. Мирзоянның әйелі – Юлия Тевосян Мирзоянды Мәскеу партия әкімшілігінің жоғарғы лауазымдыларымен тығыз байланыстырып отырды (Юлияның інісі Иван Тевосян Кеңес Одағының Ауыр Өнеркәсіп комиссариатының басқармасында қызмет етіп, кейіннен Жапонияда елші болған) және Мирзоянның тұсында Алматының қоғамдық өмірінде белсенді рөл атқарып, марксизм-ленинизм институтының директоры қызметін атқарған. Мирзоянның өзі үшін оның беймәлім Қазақстандағы жаңа өмірі біршама тосын әрі жат сезілді.

Мирзоянның Кеңес Одағының басқа өңірлері мен Кавказдағы қызметі мен Қазақстандағы өмірінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей болатын. Партияның Қазақстанды социалистік үлгідегі заманауи жақсы өмірге әкеледі деп мақтанған Алғашқы Бесжылдық Жоспары аяқталса да, Мирзоянның пікірінше, республика мешеу күйінде дамымай артта қалып қойған. Республиканың астанасы және өзінің жаңа үйі Алматы қаласына келгеннен кейін көп ұзамай Кагановичке жазған хатында ол қаланы "Солтүстік Кавказдағы кез-келген бекетпен салыстыруға да келмейтін артта қалған тағы ауыл" деп бағалады.

"Жұмысшылар қаладан қашып жатыр, өйткені оларға арналып салынған жатақханалардың әбден қаусап тозығы жеткен", – деп жалғастырды ол сөзін. Қалалық мекемелер арасындағы бітпейтін дау-дамайға байланысты, Алматыда электр энергиясы болмағандықтан, қараңғыдан кейін жарықтың жалғыз көзі әлі де кересін шамдары болып қала берді.

Мирзоянды ең таң қалдырған жайт – ол республиканың адам төзгісіз қорқынышты жағдайы еді. Қала көшелерін алып жатқан мәйіттердің мүрделерін суреттей келе, ол Кагановичке: "Мен Мәскеуден кеткенде Қазақстанның жағдайының аса ауыр екендігін білетіндігіме сенімді едім, алайда, бұл жерде көргенім мен күткеннен әлдеқайда асып түсті", – деп жазды. Партияның ауылшаруашылық саласын жаңарту жұмысын сәтсіздікке ұшыратқанын айтпағанда, жергілікті шенеуніктер, мысалы, оларға уәде етілген тракторлардың да жетпегенін айтып шағымданды, ал партия мүшелері егін егуде алғашқы бесжылдыққа дейін қолданылған әдістерден да қарадүрсін тәсілдерге көшті.

Бұрын егін егуде өгіздер мен ірі қара малды пайдаланып келген Қазақстанның оңтүстік аудандарында ұжымшар мүшелері мал жетіспеушілігіне байланысты, егістіктерді қолмен қашауға кіріскен. Бұл әдіс аса өнімсіз болды: бір гектар жерге егін себу үшін, 18-20 адам күні бойы жұмыс істеуі қажет еді. Бірақ республикадағы мал табындарының толықтай жойылуына байланысты, Мирзоян республикадағы мыңдаған гектар жерлерді осы әдіспен егуге тура келуі мүмкін деп есептеді.

Мирзоянның басшылығы кезінде Қазақстан біршама қалпына келсе де, оның қызметінің нәтижелері мен іскерлік беделі қазақстандық тарихшылардың негізінен сын көтермейтін бағалауларында көрсетілгеннен гөрі анағұрлым күрделі. Өзінің алдындағылар сияқты, Мирзоян да партияның қойған мақсаттарына жету үшін рахымсыз қатал тактикалар қолданған. Келе салысымен, ол көп ұзамай Кагановичке жазған хатында республикадағы орнынан ауа көшуді ұйымдастырушыларға (откочевка), сондай-ақ астық немесе мал ұрлаған адамдарға қатаң шара қолданатынын ашық мәлімдеді.

Мирзоянның бұл "халық жауларының" сипаттамасы республикадағы ашыққан босқындардың кез-келгеніне сәйкес болуы мүмкін болса да, ол партиядан жазаның ең қатал түрлерін, әсіресе оның ішінде ату жазасын көбейтуді талап етті. Мирзоян өзіне "көз жасымен шыланған" жеделхаттар жіберген партия қызметкерлерін ашық түрде сынға алды, олардың аймақтарына молырақ азық-түлік сұраған өтініштеріне жауап ретінде көмек беруден бас тартып, өздерін жұмыстан шығарды.

Апаттың ең қорқынышты қатыгездіктері Мирзоян басшылығы дәуірінде орын алды. Республика деңгейіндегі мекемелер ашыққан босқындарға деген азық-түліктің іс жүзінде жетуін қамтамасыз етуге аса тырыспады: бір келеңсіз оқиғада, өкілетті уәкіл жақын маңдағы босқындарға азық-түлік көмегі жеткізілсін деген бұйрық берілген құжаттарды өз қалтасына салып алған. Жақын маңда жүздеген адам аштықтан әлсіреп өшіп бара жатқанда, ол өзіне үлкен той жасап, соңында бір ай ішіп, жеп, тойлап болғаннан кейін ғана ондаған адамдарды сұмдық өлімнен құтқара алатын құжаттарды алып шыққан. Тағы бір оқиғада Шығыс Қазақстандағы ұжымшар жұмысшылары бір босқынды екі метр тереңдіктегі шұңқырға лақтырып, үстіне тастай суық су құйып өлтірген.

Бұл ашаршылықтың соңғы кезеңінде, апат құрбандарының адам айтқысыз жойқын санын азайту мүмкіндіктері мүлдем жоғалғанға ұқсайды. 1933 жылы жергілікті шенеунік өз ауданында әлі жалғасып жатқан ауыр күйзелісті жағдай туралы ойланып, сұңғыла байқампаздықпен республикадағы жәрдем беру жұмыстарының толық күйреуге ұшырағандығынан хабар беріпті: "Ауданның құтқару мүмкіндігі бола тұра, біз адамдардың аштан қырылуына жол бердік", - деп мойындаған екен ол.

1932 жылдың қарашасында шенеуніктер босқындар дағдарысының ауқымын және режимнің қазақ көшпенділерін қоныстандыру жөніндегі бұрынғы жоспарларын жүзеге асырудың мүмкін еместігін мойындайтын шешім қабылдап, отырықшыландыру комиссияларын таратып жіберуге мәжбүр болды. Сол екі ортада, мемлекетаралық дау-дамайлар жалғасын тауып, Қазақстанға көршілес жатқан елдер жаңа қоныс аударушылардың тасқынына шыдамай, Мәскеудегі Госпланға азық-түлік көмегін сұрап өтініш білдірген кезде, бұл іске Орталықтың араласуына тура келді.

Мәскеудегі ең белгілі қазақ – Тұрар Рысқұловқа республикадан ауа қашқандарды бақылау мәселесін қадағалайтын Бүкілодақтық деңгейдегі жаңа комиссияны басқару жүктелді. Қазақстанның өзінде шенеуніктер қазіргі кезде жұмыссыз қалған отырықшыландыру комитетінің міндеттерін өз мойнына алатын жеке комитет құрды; алайда, бұл жаңа агенттікке қазақ көшпенділерін қоныстандыру емес, қазақ босқындары мен оралмандардың (возвращенцы) істерін қарау жүктелді.

1933 жылы 22 ақпанда Бүкілодақтық комиссияның отырысында Тұрар Рысқұлов агенттіктің бірінші міндеті – қазақ босқындарының нақты санын, әсіресе көрші республикалардағы таралымын анықтау деп шешті. Екіншіден, комитет босқындардың жұмысқа оралуын, оның ішінде көктемгі егіс науқанына ат салысуын қадағалайтын болды. Отырыста Батыс Сібір, Орталық Еділ, Қырғызстан және басқа аймақтардан жиналған өкілдердің қарсылығына қарамастан, Рысқұлов партия босып кеткен қазақтардың көпшілігін сол барған жерлерінің өзінде қоныстандырумен шұғылданады, бұрынғы саясат бойынша олардың көпшілігін Қазақстанға қайтармайды деген шешім қабылдады.

Ол әр өңірдің өкілдеріне қазақ босқындарын тиісті аймақтардағы жұмысқа орналастыру процесін бақылайтын жауаптыларды тағайындауды тапсырды. Өздеріне қолайлы жұмыс таба алмаған босқындардың шектеулі саны Кеңес Одағының Еңбек бөлімінің қарауына өтеді, Рысқұлов мұндай босқындарды қайтадан жұмысқа орналастыруға болатын ірі көлемді ұжымшарлар құру жоспарын ұсынды.

Көп ұзамай Мирзоян Қазақстанды аралап, көрші республикалардағы әріптестерімен хат жазысып, партияның саяси жаңа бастамасын қолдау науқанын бастап кетті. 1933 жылы 12 наурызда Қырғызстандағы әріптестеріне жазған хатында ол Қазақстанда қаза болғандардың саны "шектен тыс" екенін атап, олардан бұдан былай босқындарды республикаға қайтармауды өтінді. Қазақстанның солтүстігіндегі Орал, Петропавловск қалаларындағы партия шенеуніктеріне жазған хатында, Мирзоян 1933 жылғы 12 наурызда босқындарды қайтару "уақытша тоқтатылғанын" хабарлап, бұдан былай оралмандарды қабылдамауды тапсырды. 1933 жылы 29 наурызда Мирзоян Мәскеудегі Сталин мен Молотовқа хат жазды. Ол Орталық Комитетті көрші республикалармен бірігіп босқындарды Қазақстанға қайтаруды тоқтата тұру жұмысын күшейтуге шақырып, республиканың өз ішіндегі босқындардың жағдайының "өте қиын" екенін хабарлады.

Қазақстан мен оның көршілері арасындағы қатынастар нашарлай берді, өйткені қазақстандық шенеуніктер көрші республикалардағы шенеуніктерді қазақ босқындарына қысым көрсетіп, кемсітушілікке жол берді деп айыптады. 1933 жылдың сәуір айының аяғында Исаев Қырғызстандағы әріптесіне жазған ашулы хатында "республикадағы Кеңес органдарының қазақ босқындарына деген мейірімсіз, немқұрайлы қарым-қатынасын" қатал сынға алды. Исаевтың мәлімдемесінде 1933 жылдың 19-23 сәуір аралығында аштыққа ұшыраған сегіз жүздей қазақ босқындары азық-түлік немесе басқадай көмек алармыз деген үмітпен Фрунзе теміржол бекетіне жиналғанын жазды. "Бұл босқындардың түріне қараудың өзі қорқынышты еді", – дейді Исаев. "Олардың арасында күн сайын аштан өлген алты-жеті мәйіт пайда болған". Исаев "Қырғыз үкіметі бұл босқындарды Қазақстанға қайтарып жіберуді өтінгеннен басқа ешқандай шара қолданбады" деп, қырғыздарды қазақтардың қасіретіне селт етпегендері үшін сөкті.


Батыс Сібірден Павлодар, Семей аймақтарына оралған қазақтар, 1932 жыл / ҚР орталық мемлекеттік кино, фото және аудио құжаттар мұрағаты, № 5-3568 сурет

Аштық қуған қазақ босқындарының сансыз легі барлық аймақтарға тарауымен жергілікті шенеуніктер жер-жерлерде зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктердің орын ала бастағанын хабарлады. Бұл келеңсіздіктер Рысқұловты жауап беруге мәжбүрледі. 1933 жылдың шілдесінде ол босқындар қаптаған аймақтардың басшыларына ескерту жіберіп, қазақтарға жұмыс тауып беру жобасын басты назарда ұстау қажеттігін бұйырды. Кейінірек, Орталық Еділде партияның облыстық комитетінің төрағасы жергілікті шенеуніктерге босқын қазақтарды аймақтық ұжымшарларға қалай қабылдау қажеттігі жайлы нұсқаулық таратты. Ол көптеген босқын көшпенділердің алғашқыда "күрделі жұмыстарды", әсіресе ауылшаруашылық техникасын қолдануға қатысты шаруаларды орындай алмауы мүмкін деп және партияның "қазақ көшпенділеріне қарсы күш көрсетуге немесе заңсыз әрекеттерге" тыйым салатынын ескертті.

Кітапты "Меломан" кітап дүкендері желісінен алуға және meloman.kz сайты арқылы Қазақстан бойынша тапсырыс беруге болады.