Саясат Нұрбек: 5-10 жылдан соң мемлекет білім гранттарын қаржыландыра алмай қалуы мүмкін
Жоғары білім министрінің айтуынша, Қазақстанда гранттың орташа сомасы 1 миллион теңге шамасында.Қазақстан білім беру гранттарының саны жылдан-жылға арттыра беретін болса, 5-10 жылдан кейін мемлекеттік бюджеттің халықты тегін жоғары біліммен қамтуға шамасы жетпей қалуы мүмкін, деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналист Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында.
"Егер біз грант санын жылдан-жылға механикалық тұрғыда көбейте беретін болсақ, 5-10 жылдан кейін Қазақстанның халықты жоғары біліммен қамтуға жұмсайтын шығыны триллиондаған теңгеден асып кетеді. Мемлекеттің бұған шамасы жетпей қалуы мүмкін", – деді министр.
Оқи отырыңыз:
- Саясат Нұрбек: ЖОО қанша студент қабылдаса, жатақханасында сонша орын болуы керек
- Саясат Нұрбек: Диплом таратумен айналысатын университеттер жабылады
Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі таңда грант сомасы сапалы білім беру шығындарын жаба алмайды.
"Неге бізде білім беру сапасы артпай отыр? Өйткені, гранттың орташа сомасы – 1 млн теңге немесе 2,2-2,3 мың доллар шамасында. Ал біз білім сапасының Еуропадағы 10-15 мың доллар тұратын білімнің сапасымен бірдей болғанын қалаймыз. Бірақ, оған тек 2 мың доллар ғана төлегіміз келеді. Міне, мәселе осы жерден басталады. Университет 2 мың долларға 10 мың долларлық білім сапасын қамтамасыз ете алмайды", – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, білім сапасын арттырудың бір жолы – грант құнын арттыру.