Білім әлемнің басты қаруы мен құндылығына айналып отыр. Алайда Қазақстанда оқу сапасына көп көңіл бөле бермейтін және диплом басумен ғана айналысатын оқу орындары көбейіп кеткен. Мұның себебі не және шешу жолы қандай? Бұл сұрақтың жауабын бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуының қонақтары іздеді.
Қанша ЖОО жабылды?
Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың мәліметінше, соңғы екі жылда Қазақстанда 14 жоғары оқу орны, сондай-ақ, 24 колледж жабылған. Өткен жылы республикада ЖОО саны 130 болса, бүгінде – 122. Министрлік өкілінің түсіндіруінше, жоғары оқу орындары мемлекеттік бақылауға алынған. Олар арнайы тәуекел индикаторлары бойынша тексеріліп, кемшіліктері анықталады. Мәселен, оқу процесін ұйымдастыру, оқу үлгерімі, түлектердің жұмысқа тұруы, оларға деген сұраныс назарға алынады.
ЖОО қызметі заңнамаға сәйкес жүргізіліп, білім берудің мемлекеттік стандартына сай болуы тиіс. Мұндай талаптар сақталмай, кемшіліктер анықталса, жоғары оқу орнына бұл кемшіліктерді жоюға шамамен жарты жылға дейін уақыт беріледі. Егер ЖОО кемшіліктерін жойса, ол жұмысын әрі қарай жалғастырады, ал олай болмаса, тағы бір мәтрте мүмкіндік пен уақытқа ие болады. Бірақ, үшінші тексеру кезінде де кемшіліктер анықталса, лицензиясын тартып алу мәселесі көтеріледі.
Студенттердің құқығы қорғалып жатыр ма?
ЖОО қауымдастығының бірінші вице-президенті Әли Әбішевтің айтуынша, жабылған жоғары оқу орындарының басшылары қауымдастыққа хабарласып жатады. Бұл ретте қауымдастықтың міндеті Білім және ғылым министрлігінің түрлі жұмыс топтарына қатысып, министрліктің бұйрықтарына, Үкімет қаулысына, түрлі нормативтік құжаттарға құқықтық талдау жасау. Маманның сөзінше, 97 мың студент өзге оқу орындарына ауыстырылған. Қауымдастық олар жеңіп алған мемлекеттік гранттың сақталуын, студенттердің өзге ЖОО-на өз мамандығы бойынша ауысын талап етеді және бұл талаптардың орындалуын қадағалайды.
Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Ақтолқын Құлсариеваның ойынша, Білім және ғылым министрлігі қойып отырған талаптар орынды және тым қатал емес. Алайда екі рет мәрте уақыт бергеннің өзінде де кемшіліктерін жөндеп, «тура жолға» түспейтін жоғары оқу орындары аз емес. Әйтпесе, министрлік қойып отырған ЖОО ғимаратынан бастап, оқытушылардың біліктілігі, ғылыми дәрежесі сынды аспектердің әрі маңызды да орынды.
360-тан астам мамандық бойынша лицензия қайтарылып алынған
Гүлзат Көбенованың мәліметінше, жоғары оқу орнының жеке мамандық бойынша да лицензиясын тартып алатын жағдайлар болады. Мәселен, бір мамандық бойынша, интернет, компьютер не кітапхана қоры болмауы мүмкін. Бұл жағдайда осы мамандық бойынша ЖОО енді маман дайындамайтын болады. Бүгінгі таңда 60 жоғары оқу орнының 360-тан астам мамандық бойынша лицензиясы қайтарылып алынған. Айталық, бұрын педагогтерді 86 ЖОО дайындаған болса, бүгінде олардың саны 50-ге дейін азайған.
6 ай жеткілікті ме?
Нархоз университетінің провосты Қанат Қожахметтің пікірінше, Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына кемшіліктерді жөндеуге беретін жарты жыл мерзім жеткілікті емес. Бұл уақыт ішінде жекелеген кемшіліктерді реттеуге болады. Алайда бірден білім деңгейін көтеру мүмкін емес шаруа. Сол үшін де бұл мерзімді бір жылға дейін арттырған дұрыс. Маманның сөзінше, мерзім кемшіліктерге қарай белгіленуі тиіс. Айталық, жарты жыл ішінде кітапхана қорын арттыруға болады. Алайда 6 айда жаңа жатақхана салу ақылға сыймайды.
Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 6 қараша күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.