Оқу министрі планшетпен білім беру туралы: Ата-анаға таңдау құқығы беріледі
Сонымен қатар министр оқушылардың жұмыс дәптерін толтыру мәселесі өзгермейтінін айтты.Ата-аналар баласының мектепте планшетпен немесе кітаппен оқыту мүмкіндігін таңдай алады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов үкімет куларында айтты.
"Қағаз жүзіндегі дәстүрлі оқулықтар ешқайда кетпейді. Ол сақталады. Кей ата-аналар "цифрлық мүмкіндіктер қажет емес" десе, бас тартуына да мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан бұл жерде мәселе жоқ деп ойлаймын", – деді министр журналистердің қойған сауалына.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігімен, басқа да құзыретті органдармен қарастырылып жатыр.
Оқи отырыңыз:
- 2023 жылы 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысына планшет беріледі
- Оқушыларға планшетпен неше минут сабақ оқуға рұқсат беріледі?
Сонымен қатар, министр оқушылардың жұмыс дәптерін толтыру мәселесі өзгермейтінін айтты.
"Балалардың бастауышта, әсіресе бірінші сыныпта қолмен жазуы, яғни каллиграфия өте маңызды. Балалардың қағаз жүзіндегі кітапты пайдалануы да өте маңызды. Бұны ерекше мәдениет деп те айтуға болады. Қолмен жазу баланың әртүрлі дағдыларын дамытады. Сондықтан бұдан ешкім алшақтап отырған жоқ. Балалардың қолмен жазып үйренуі, жұмыс дәптерлерін толтыруы ешқайда кетпейді. Біздің қабылдап отырған шешімдеріміз балалардың мүддесіне бағытталған. Ата аналарда тиісті таңдау мүмкіндігі әрқашан болады", – деді министр.