Нұрғиса Дәуешов: Наурыз қарсаңында "Асар" дәстүрі қайта жаңғыртылады
Мәдениет министрлігі көгалдандыру жұмысына бүкіл ел болып жұмылуға шақырды.Наурыз мерекесі қарсаңында "Асар" дәстүрі қайта жаңғыртылады, деп мәлімдеді ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
"Еріктілер мен ерікті ұйымдар және қайырымдылық арқылы "Асар" дәстүрін жаңғырта отырып "Наурыз мейірімі" атты жалпы ұлттық акция өткізу ұсынылады. Мұнымен қатар, Наурыз балалар үшін де басты мереке. Білім беру және еңбек ұжымдарында "Наурыз қоржын", "Наурыз кәдесі" сыйлықтарын тарату көзделіп отыр. Осылайша балалар аудиториясына ерекше мән береміз", – деді Нұрғиса Дәуешов.
Мұнымен қатар, министрлік көгалдандыру жұмысына бүкіл ел болып жұмылуға шақырды.
"Әлеуетті ауқымды экологиялық акциялар мен жалпы өскелең ұрпақты экологияға қамқорлық танытуға тәрбиелеу үшін пайдалану қажет. Наурыз мерекесі күні барлық өңірде жаппай ағаш отырғызу мен аумақтарды тазартуға бағытталған "Таза табиғат" республикалық акциясы өтеді", – деді вице-министр.
Оқи отырыңыз: Nowruz Film Days 2021: Қазақстандықтар Орталық Азия елдері фильмдерін тегін тамашалай алады
Мұнымен қатар, ол әлеуметтік желіде бір уақытта "Әр отбасына бір ағаш" челленджін өткізуді ұсынды.
"Ағаш отырғызу ауа райына байланысты жүргізіледі. Күннің жылуына қарай акцияны кейін де ұйымдастыруға болады", – деп қосты Нұрғиса Дәуешов.
Еске салсақ, қазақстандықтардың наурызда 12 күн демалатыны туралы хабарлаған едік. 19 және 20 наурыз сенбі және жексенбі күндеріне сәйкес келіп тұрғандықтан, 19, 20, 21, 22 және 23 наурыз күндері демалыс.