Наурыз ҰБТ: Үміткерлердің 30 пайызы шекті балл жинай алмады
Орташа көрсеткіш – 65,08 балл.Ұлттық тестілеу орталығы наурыз айындағы ҰБТ-ның аралық қорытындысын ұсынды. Оған сәйкес, үміткерлердің 30 пайызы шекті балл жинай алмаған.
Наурыз айындағы ҰБТ басталғалы бері 59 мыңнан астам адам тест тапсырды.
Оның ішінде:
- талапкерлердің 69,26%-ы шекті балл жинады;
- орташа балл – 65,08 балл;
- ең жоғары балл – 137 балл;
- ерекше білім беру қажеттілігі бар 148 талапкер қатысты.
Оқи отырыңыз: Наурыз ҰБТ: 20 үміткер ереже бұзып, тест нәтижелері жойылды
Ереже бұзғаны үшін 81 адамның нәтижелері жойылған. Олардың ішінде:
- смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 50 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған;
- тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 31 адам шығарылған;
- бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Қатысушылардың басым бөлігі, яғни 17,38 пайызы "Математика-Физика" және 15,91 пайызы "Биология-Химия" пәндер комбинациясын таңдаған.
Еске салайық, наурыз айындағы ҰБТ 30 наурызға дейін өтеді.