Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Азаттық рухы" редакциясына Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановты жерлеуге қатысты мәселе бойынша пікір білдірді

Бұған дейін марқұм ақынның өзін Арыстан баб кесенесіне жерлеу туралы өтініш аманаты әлеуметтік желіде тарап, ол түрлі пікір тудырған болатын. 

"Біріншіден, өз ғұмырын ұлт руханиятына арнап, өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырған ақынымыздың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Сұрақ жауабына көшсек, сөз жоқ, елімізде Мұхтар Шахановтай тау тұлғаға мәңгілік мекен болуға лайықты жер көп. Десе де, бүгінгі еліміздің мұраты – әділетті қоғам құру болса, берекесі – сол қоғамда заң мен тәртіпті сақтауда. Бүгінде Арыстан баб кесенесі де, оны қоршаған ескі қорым да мемлекеттің қорғауындағы нысандар. Иә, бұрын зиярат ететін жер болса, қазір бұл – тарихи мұрамыз. Арыстан баб пантеон-зираты емес, ол ең алдымен үлкен мәдени-рухани орталық, туристік бағытқа енген тарихи-мәдени нысан. Сондықтан ол жерге жаңа зираттар қазу адами тұрғыдан да, діни тұрғыдан да дұрыс болмайды деп санаймыз. Ал Мұхтар ағамызды тұлға қылған, ортасын кеңейтіп, рухын шыңдаған қала, зиялылардың ортасы – Алматы қаласы. Сондықтан артынан іздеп, дұға жасайтын жамағат ұлыларын Кеңсайдан табады. Ақынның туыстары осы мәселеге түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз", – делінген Аида Балаеваның "Азаттық рухына" берген жауабында.