Қазақстанда дарынды балаларға арналған қанша мектеп бар?
Бұл мектептерде 72 мыңнан астам оқушы білім алады.Қазақстанда мамандандырылған мектептердің саны 134-ке жетті, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі. Ведомство мәліметінше, бұл мектептерде 72 мыңнан астам оқушы білім алса, олармен 8 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.
- 94 мектеп жаратылыстану-математика;
- 6 мектеп қоғамдық-гуманитарлық;
- 8 мектеп көпсалалы;
- 5 мектеп әскери спорт;
- 6 мектеп музыкалық-эстетикалық бағытта жұмыс істейді.
134 мектептің 95-інің интернат үйі бар. Ал 15 мектепке Абай Құнанбаев есімі берілген.
Оқи отырыңыз: Мектеп директоры қай жағдайда екі есе жалақы алады? Оқу-ағарту министрлігінің жауабы
"Дарынды балалар республикалық және халықаралық олимпиадаларға белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мысалы, былтыр 420-дан астам оқушы республикалық олимпиадалардың жүлдегері мен жеңімпазы атанды", – деді "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әнуар Унайбеков.
Оқу-ағарту министрінің бұйрығы бойынша, бұл мектептерге оқушылар тек конкурс негізінде қабылданады. Емтихан барысында оқушылар математикалық сауаттылық пен оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы бойынша үздік нәтижеге жетуі қажет.