Индустрия вице-министрі: автонесиеге 10 млн теңгеге дейінгі көліктер ғана берілетіні туралы ақпарат жалған
Марат Қарабаевтың түсіндіруінше, көлік құны 10 млн теңгеден асса, үстіндегі ақшаны өзі төлейді. Яғни, көлік бағасына қатысты шектеу жоқ.Қазақстанда отандық өндірістегі көліктер жоғары сұранысқа ие. Өткен жылы жүргізушілердің 65 пайызы елде өндірілетін көлікті сатып алды, деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.
"Күні кеше 4%-дық жеңілдетілген несие беретініміз туралы ақпарат шықты. Ал бүгін таңертең "Несие тек белгілі бір көлік модельдеріне беріледі, белгілі бір сомадан асыруға болмайды" екен деген сөз тарап жатыр. Мұнда мәселе көліктің құнында емес, несие көлемінде болып тұр. Яғни 10 млн теңге беріледі, соған емін-еркін көлік ала аласыз. Егер көлік құны бұл сомадан асып кетсе, онда үстіне өз қалтаңыздан ақша қосуыңызға тура келеді. Тіпті, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары "тек екі-үш модельге несие беріледі" деп жазған. Бұл да жалған, несие барлық модельге беріледі. Ал 25 миллионға көлік сатып алғысы келетін азаматтар оны өз ақшасына алғаны жөн болар. Бұл несие бағдарламасын халыққа пайдалы болсын, көбірек көлік таратайық деген оймен жасап отырмыз", – деп түсіндірді Марат Қарабаев.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда жеңіл көлік бағасы қандай жағдайда екі есеге дейін арзандайды?
- Көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына жаңа утиль алым мөлшерлемесі белгілі болды
- Автонарық сарапшысы: Утиль алымын 50 пайызға түсіру көлік бағасының төмендеуіне әкелмейді
Әрі қарай вице-министр Қазақстанның көптеген көлік маркасын өзі құрастыратынын айтты. Олар – Chevrolet, Lada, JAC, Kia, Hyundai және басқа көліктер.
"Отандық көлік бағасында ешуақытта утиль алым болмаған. Сектор, секторға бөлетін болсақ, Kia, Hyundai модельдері халықтың сұранысына ие. Олардың өндірісі Қазақстанда қалыптасқан. Статситикалық мәліметтерге жүгінсек, былтыр нарықта сатылған көліктердің 65%-ы отандық өнім. Сонда қазақстандықтардың 65%-ы утиль алымын төлемеді", – деп қосты Марат Қарабаев.
Еске салсақ, көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына жаңа утиль алым мөлшерлемесі белгіленгені туралы хабарлаған едік. Утиль алымының мөлшерлемесі 50% төмендейді.