Гүлмира Сатыбалды сегіз жылға сотталды
Сот Гүлмира Сатыбалдыға 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға да тыйым салды.Қызылорда соты бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап ету ісі бойынша Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айырды.
Тергеу мәліметтері бойынша, Гүлмира Сатыбалды 2018 жылдың күзінде Сырдария өзенінің сол жағалауына жылу желілерін тарту бойынша мемлекеттік сатып алулар сайтында өтетін байқау туралы алдын ала біліп, "Ария-Жаңа Астана" мекемесінің басшысына Ғани Бекбосыновқа тендерге қажет құжаттарды дайындауға тапсырма берген.
Гүлмира Сатыбалдының ықпалымен тендерді "Ариа-Жана Астана" компаниясы жеңіп алды.
Кейін Гүлмира Сатыбалды Ғани Бекбосыновқа нақты орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша барлық актіні бөлінген бюджетке сәйкес келтіруді тапсырған. Ғани Бекбосынов бұл актілерге өзі қол қойған, сонымен қатар қалалық құрылыс бөлімінің қызметкерлері мен техникалық қадағалау қызметінің басшысымен сөз байласып, оларды қол қоюға мәжбүрлеген.
2018-2020 жылдар аралығында Гүлмира Сатыбалды Ғани Бекбосыновпен бірлесіп 2 млрд 130 млн теңгеге аяқталды деген құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 14 акт қабылдаған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 441 миллион теңге шығын келген.
"Гүлмира Сатыбалды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі "Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету" бойынша кінәлі деп танылсын. Гүлмира Сатыбалдыға мүлкі тәркіленбей, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады", – деп судья үкімді оқыды.
Сатыбалды 2022 жылғы 15 қыркүйектен бастап қамауға алынды, судья жазаны өтеу мерзімін 1,5 тәулікке 1 тәулік есебімен есепке алу туралы шешім қабылдады.
Сот Гүлмира Сатыбалдыға 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салды.
Сотталғандардың аппеляцияға шағымдануға құқы бар.
4 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Гүлмира Сатыбалдыға, Мәди Батыршаевке және Рашид Өтебековке қатысты айыптау үкімін шығарды. Гүлмира Сатыбалды 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айыптаушы тараптың айтуынша, Гүлмира Сатыбалды кәсіпкер Тұрсын Алагөзовты өзіне қарасты Galanz bottlers АҚ компаниясының 43 пайыз акциясынан бас тартуға мәжбүрлеген. Сонымен бірге ол кәсіпкерге моральдық-психологиялық қысым көрсетті деген болжам бар.