Тікелей эфир

Гүлмира Сатыбалды жеті жылға бас бостандығынан айырылды

Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Астана соты Гүлмира Сатыбалдыны өзінше билік ету мен адам ұрлағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырды.

"Сатыбалды Гүлмира Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 389-бабының 4-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сатыбалды Гүлмира Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігімен, 125-бабының 2-бөлігінің 1,8 тармақтарында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігі негізінде, жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіріп, Сатыбалдыға жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 49-бабының негізінде мемлекет басшысына мемлекеттік награда – "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілсін", – деп оқыды судья Кемеңгер Имашев.

Прокурор Гүлмира Сатыбалдыға сегіз жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза беруді сұраған.

Айыптаушының айтуынша, Гүлмира Сатыбалды кәсіпкер Тұрсен Алагузовты "Galanz bottlers" АҚ компаниясының 43 пайыз акциясынан бас тартуға мәжбүрлеген. Сонымен бірге ол кәсіпкерге моральдық-психологиялық қысым көрсетті деген болжам бар.

Сондай-ақ айыптаушының нұсқасына сүйенсек, Гүлмира Сатыбалды "Maxi Чай" тауар белгісін "Galanz bottlers" АҚ-тан өзінің қызметкері Айгүл Мекешеваның атына рәсімделген "Maxi Bottlers" ЖШС компаниясына өткізген. Ал Айгүл Мекешеваға компанияны дефолттан шығару міндеті жүктеліп, ол үшін "Galanz bottlers" АҚ-тың 5 пайызын беруге уәде берген. Алайда Айгүл Мекешева тапсырманы орындаған кезде оны ұрлап әкетіп, ЖШС-ны Гүлмира Сатыбалданың сенімді өкілдеріне беруге мәжбүрлеген.

Сот барысында Гүлмира Сатыбалды Айгүл Мекешевамен медитациялық келісімге келді. Оған "Galanz Bottlers" АҚ акцияларының 46,75 пайызы берілуі керек еді. Соның ішінде екінші жауапкер Батыршаев іс бойынша келтірілген залалды өтеу үшін "Maxi Bottlers" компаниясының жарғылық капиталындағы 25 пайыз үлесін берді.

Одан кейін Гүлмира Сатыбалды "Galanz Bottlers" компаниясынан Мекешеваға 5 пайызды аудармағаны үшін "Өзінше билік ету" бөлігінде кінәсін ішінара мойындады.


Оқи отырыңыз:


Еске салайық, 2022 жылдың наурыз айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді. Сол жылы 16 наурызда Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық процессуалдық кодекстің 128-бабы бойынша ұсталып, Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.

Серіктестер жаңалықтары