Баланы мектепке неше жасында берген дұрыс?
Мектепке дайын 6 жасқа толған баланың тоғыз қасиеті нормативтік құжатта көрсетілген.Еліміздегі статистика бойынша, 82-85 пайыз бала 6 жастан бастап 1-сыныпта оқиды. Бұл туралы балаларды ерте дамыту институтының директоры Манара Адамова мәлімдеді.
Мектепке баратын баланың бойында қалыптасқан қасиеттер мен дайындығы туралы нормативтік құжатта жазылған.
"Стандарттың 21-тармағында мектепке дайын 6 жасқа толған баланың тоғыз қасиеті көрсетілген. Олар: физикалық дайындығы, білімге құштарлығы, бастамашылдығы, табандылығы, қарым-қатынасқа түсуге белсенділігі, сөйлеу тілінің өз дәрежесінде дамуы және көпшілік ортаға бейімделе алуы, өзіне сенімдігілі, топпен жұмыс жасауға қабілеттілігі, эмоцианалды белсенділігі. Осы қасиеттерді 1-5 жастағы баланың бойында дамытуымыз керек," – деді Манара Адамова.
Оқи отырыңыз: Баланы мектепке дайындағанда нені ескерген жөн? Ата-анаға пайдалы кеңес
Әлемде 204 мемлекеттің 79,4 пайызында мектепте оқу 6 жастан басталады.
"Бүгінгі таңда балалардың дамуына қарайтын болсақ, жалпы олар туғаннан бастап цифрлық әлемдегі өте көп ақпаратты ерте жастан бастап қабылдайды. Сондықтан олардың бойында жоғарыда көрсетілген қасиеттерді қалыптастырып, мектепке 6 жастан берген дұрыс. Ата-ана 5 жасқа дейін өмірге қажетті дағдыларын қалыптастырған болса, 6 жаста мектепке беруге болады. Ал оған дейін баламен жұмыс істемесе, көңіл бөлмесе, баланы 7-8 жаста мектепке берсе де маңызы болмайды. Сондықтан да, ең маңызды мәселе – ерте дамытуға ата-аналардың назарын бұру," – деді Манара Адамова.