Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Қытай Жаңа жылы мен алда келе жатқан Наурыз мейрамы қарсаңында "Көктем мерекесінің жылы кездесуі: Қытай мен Қазақстан достығының әуенін бірге орындаймыз" атты гала-концерт өтті.

Шараны Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы, Астанадағы Қытай мәдени орталығы, Қытайдың шетелдік мәдени және туристік алмасулар орталығы, сондай-ақ Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Қытай халықаралық мәдениет және өнер компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.

Алматыдағы ҚХР бас консулының міндетін атқарушы Люй И. Фото: Marabeey

"Бұл шара бірнеше маңызды мағынаға ие. Біріншіден, Қытайдың Көктем мерекесі мен Наурыздың рухани жақындығы. Жақында ғана біз бірге Қытайдың Жаңа жылы – "Чуньцзе" мен Шамдар мерекесін атап өттік. Бұл – отбасы бірлігі мен ізгі тілектер уақыты. Ал екі аптадан кейін жаңару мен қуаныштың мерекесі – Наурызды қарсы аламыз. Осы екі мереке де адамдарды біріктіріп, көктемнің басталуын және өмірдің жаңаруын білдіреді. Екіншіден, бұл – екі елдің дәстүрлі халық музыкасының кездесуі. Музыка шекараларды еңсеріп, әр жүректен орын таба алады. Қытайдың және қазақ халқының музыкасы көне әрі терең мәнге ие. Бұл тек ноталардың әуені ғана емес, жүректердің үндестігі болып, халықтарымыз достығының әсем музыкалық парағын ашады. Үшіншіден, бүгінгі кеш елдеріміз арасындағы тағдыр ортақтығы мен достықты бейнелейді. Қытай мен Қазақстан – тату көрші әрі жақын достар", – деді Алматыдағы ҚХР бас консулының міндетін атқарушы Люй И. 

Концертте Қытайдың "Цинхуацы" халық аспаптар оркестрі мен Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі бір сахнада өнер көрсетті. Музыкалық кеш екі елдің ұлттық музыкасының байлығын таныстырып, халықтар арасындағы мәдени диалогты нығайтуды мақсат етті.

Фото: Marabeey

Бағдарламада қытай классикалық және заманауи туындылары – "Аймен бірге қалқыған түрлі-түсті бұлттар", "Лянь Шаньбо мен Чжу Интай", "Цинхуацы" шығармалары орындалды. Сонымен қатар қазақ халқының ұлттық рухын айқындайтын "Саржайлау" мен "Адай" күйлері шырқалды. Кеш соңында "Скачки" және "Жасмин" туындылары қос оркестрдің бірлескен орындауында ұсынылып, екі халықтың дәстүрлі аспаптарының үйлесімді үндестігін және музыканың халықтарды жақындастыратын күшін көрсетті.

"Цинхуацы" ансамблі арнайы жасалған фарфор халық аспаптарында ойнайтын жас орындаушылардан құралған. Олардың қатарында дәстүрлі көгілдір өрнекпен безендірілген фарфор тостағандар, гонгтар, флейталар, сяо (бамбуктан жасалған үрмелі аспап), барабандар, сюнь және қоңыраулар секілді ерекше аспаптар бар.

Ал "Отырар сазы" оркестрі ұлттық дәстүрді заманауи орындаушылық тәсілдермен ұштастырып келеді. Ұжым құрамында домбыра мен қобыздан бөлек, жетіген, асатаяқ және басқа да көне аспаптар қолданылып, қазақ музыкалық мәдениетінің бай мұрасын кеңінен танытады.