2025 жылы Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда 100 млрд доллардан асып, рекорд жаңартты

Нанькиндегі "Қытай – Орталық Азия" сауда платформасы. Фото: Jiangsu SOHO Holdings Group Co
Нанькиндегі "Қытай – Орталық Азия" сауда платформасы. Фото: Jiangsu SOHO Holdings Group Co
Бұған Нанькин қаласында іске қосылған "Қытай – Орталық Азия" кедергісіз сауда ынтымақтастық платформасы серпін берді.

Қытай мен Орталық Азия елдерінің өзара сауда көлемі 2025 жылы алғаш рет 100 млрд АҚШ долларынан асып, тарихи максимумға жетті. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь мәлімдеді, деп жазды Синьхуа агенттігі

Қытай Бас кеден басқармасының деректеріне сүйенген ол жаһандық экономикалық өсімнің баяулап, халықаралық сауда жүйесі қиындықтарға тап болғанына қарамастан, Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тұрақты дамып, жаңа рекорд орнатқанын атап өтті. Го Цзякуньнің айтуынша, бұл "Қытай – Орталық Азия" форматындағы ынтымақтастықтың бағыттаушы және ынталандырушы рөлін дәлелдеп, серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашты.

Өткен жылы тараптар арасындағы дипломатиялық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайған. Екінші "Қытай – Орталық Азия" саммитінің табысты өтуі ынтымақтастықты жоғары сапалы дамудың жаңа кезеңіне жеткізген маңызды оқиға ретінде бағаланды.

Өзара сауданың өсуіне ықпал етіп отырған жаңа құралдардың бірі – Нанькин қаласында іске қосылған "Қытай – Орталық Азия" кедергісіз сауда ынтымақтастық платформасы. 23 мың шаршы метрді қамтитың бұл орталықта бес Орталық Азия елінің ұлттық павильондары, көрме аймақтары, сауда өкілдіктері және электрондық коммерция қызметтері шоғырланған.

QazTrade және QazExportPromotion ұйымдарының Нанькиндегі тұрақты өкілі Аскар Даировтың айтуынша, мұнда Қазақстаннан құрғақ түйе сүті, Қырғызстаннан бал, Өзбекстаннан жібек өнімдері секілді аймақтық тауарлар ұсынылған. Платформа өзара саудаға, B2B келіссөздерге, логистика мен e-commerce қызметтеріне жағдай жасай отырып, қытайлық және орталықазиялық кәсіпкерлерді тікелей байланыстырушының рөлін атқарады. 

Платформа 2025 жылы өткен екінші "Қытай – Орталық Азия" саммиті аясында ресми іске қосылған. Қазіргі таңда жүйеде 34 мекеме мен кәсіпорын жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы өнімдері, минералдық ресурстар және автокөлік импорты-экспорты бойынша жүздеген миллион долларлық алдын ала келісімдер жасалды. 2025 жылы Астанада өткен Цзянсу провинциясының импорт-экспорт тауарлары көрмесінде жалпы құны 120 млн доллар болатын келісімдерге қол қойылған.

Офлайн саудамен қатар, "soho cloud" атты электрондық коммерция платформасы да дамып келеді. Онда 550-ден астам компания бар, 2026 жылға қарай бұл санды мыңнан асыру жоспарланған.

ҚХР Сауда министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымы 106,3 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары. Осылайша Қытай алғаш рет Орталық Азия елдерінің ең ірі сауда серіктесіне айналды.

Серіктестер жаңалықтары