Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық, мәдени, туристік және өзге де салалардағы ынтымақтастық пен байланыс биыл да күшейе түседі. Бұл туралы Алматыда өткен Көктем мерекесінде Алматыдағы ҚХР бас консулының міндетін атқарушы Люй И айтты.
Оның сөзінше, Қытайдың әлемдік экономикаға қосып отырған үлесі шамамен 30 пайызды құрайды.
"Біз көпжақтылық қағидаттарын берік ұстанып, әлемге "қытайлық шешімдер" мен "қытайлық мүмкіндіктерді" барынша көбірек бөлісіп келеміз, ал "шағын, бірақ әсем" форматтағы жобалар бүкіл әлемде жемісін беріп жатыр. 2025 жылы "Бір белдеу, бір жол" бастамасына қатысушы елдермен Қытайдың сыртқы сауда көлемі 6,3 пайызға өсті. Визасыз режим саясаты мен Қытайға сапарларды жеңілдету шаралары үздіксіз жетілдіріліп жатыр. Соның нәтижесінде Қытайға келген шетел азаматтарының саны жыл санап артып келеді. Қазір Қытай бұрынғыдан да ашық, сенімді әрі ішкі қуаты мол елге айналды", – деді ол.
Люй Идің айтуынша, 2025 жыл Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастардың дамуында да жарқын оқиғаларға толы жыл болды. Ол бұл ретте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин "Қытай – Орталық Азия" екінші саммитіне қатысу үшін Қазақстанға келгенін, ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және Қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы соғыстағы Жеңісінің және Дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу үшін Қытайға сапар жасағанын еске салды.
"Екі ел көшбасшыларының стратегиялық басшылығымен Қытай мен Қазақстан арасындағы тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастары сапалық тұрғыдан нығайып, жаңа мазмұнмен толығуда, ал барлық саладағы практикалық ынтымақтастық әсерлі нәтижелер беріп жатыр. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, энергетика мен тау-кен өнеркәсібі, көлік пен логистика сияқты дәстүрлі салалардағы өзара іс-қимылдың қуатты серпіні сақталып отыр, сонымен қатар трансшекаралық электрондық коммерция, "жасыл" ауыл шаруашылығы және жоғары технологиялар секілді жаңа салалардағы ынтымақтастықтың әлеуеті белсенді ашылуда. Конфуций институттары мен Лу Бан шеберханаларын қоса алғанда, білім беру саласындағы ынтымақтастық жобалары жүйелі түрде дамып жатыр", – деді Люй И.
ҚХР Алматыдағы бас консулының міндетін атқарушы 2025 жылы Қазақстан мен Қытай қалалары арасында бірнеше тікелей әуе рейсі ашылғанын атап өтіп, биыл да бірқатар рейс ашу жоспарланып отырғанын хабарлады. Оның сөзінше, Қытай мен Қазақстанның бір-біріне өзара ынтымақтастығы тату көршілік саясатының жарқын үлгісіне айналып отыр.
"2026 жыл Қытайдың он бесінші бесжылдық даму бағдарламасын іске асырудың басталуымен қатар, Қытай мен Қазақстанның ортақ мәдениет жылы да болмақ. Оның аясында көптеген жарқын гуманитарлық іс-шаралар жоспарымызды бар", – деді Люй И.
Салтанатты шарада Қытай мен Қазақстанның өнерпаздары екі елдің ән-би, музыкалық аспаптарға негізделген шығармаларын орындады.
USD:
469.5 / 472.5
EUR:
552.0 / 557.0
RUB:
6.01 / 6.13

