Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Global Media Day шарасында әуе-ғарыш техникаларын жеткізу тізбегіндегі мәселелерге тоқталып, қолжетімді әуе кемелерінің тапшылығы саланың дамуын тежейтін негізгі факторлардың біріне айналып отырғанын айтты. 

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы және басқарушылық консалтинг саласындағы әлемдік көшбасшы Oliver Wyman компаниясы "Коммерциялық авиацияның жеткізу тізбегінің жаңғыруы" атты бірлескен зерттеуінде жасалған болжамға сәйкес, 2025 жылы өндірістің баяулауы авиация саласына 11 млрд доллардан астам шығын әкелуі мүмкін. Оның негізгі аспектілері ретінде келесілерді атауға болады:

  • Қазіргі жеткізу әуе компанияларының ұшақ тапшылығы кемінде 5300 ұшақты құрайды;
  • Тапсырыс берілген ұшақтар саны 17 мыңнан асты. Бұл қолданыстағы әуе паркінің шамамен 60 пайызына тең (сарапшылар бұл қажеттілікті өтеуге кемі 12 жыл қажет екенін айтады);
  • Әуе паркінің орташа жасы – 15,1 жыл (жолаушылар ұшақтары үшін – 12,8 жыл болса, жүк ұшақтарыүшін – 19,6 жыл, кең фюзеляжды ұшақтар үшін – 14,5 жыл).
  • Әртүрлі себептермен қоймада тұрған ұшақтар саны 5 мыңнан астам. 

"Жеткізу тізбегіндегі ақаулар жаңа әуе кемелерін және қосалқы бөлшектер өндірісін баяулатып отыр. Соған байланысты әуе компаниялары өз флотын жаңарту жоспарын қайта қарап, ескі әуе кемелерін ұзағырақ пайдалануға мәжбүр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, жаһандық тапсырыстар портфелі 17 мыңнан астам ұшаққа жетіп, 2010-2019 жылдардағы жылдық орташа көрсеткіштен айтарлықтай арта түскен", – делінген есепте. 

Global Media Day. Фото: IATA

Oliver Wyman компаниясының зерттеуі бойынша, жеткізу тізбегіндегі проблемалар 2025 жылы әуе компанияларына 11 млрд доллардан астам шығын әкеледі. Бұл төрт негізгі факторға байланысты:

  • Отын шығындарының артуы (4,2 млрд доллар) – жаңа тиімді ұшақтардың кешігуі салдарынан ескі, тиімсіз ұшақтарды ұзағырақ пайдалану қажет.
  • Техникалық қызмет көрсету шығындарының артуы (3,1 млрд доллар) – әлемдік парктың қартаюы жиі әрі қымбат жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
  • Қозғалтқыштарды жалға алу шығындарының артуы (2,6 млрд доллар) – қозғалтқыштардың жөндеу мерзімі ұзарып, компаниялар жалға алуға жүгінуге мәжбүр. Ұшақ лизингінің бағасы 2019 жылдан бері 20-30%-ға өсті.
  • Қоймадағы бөлшектерді сақтауға кететін шығындардың өсуі (1,4 млрд доллар) – жеткізу тізбегіндегі күтпеген ақаулардан сақтану үшін әуе компаниялары қосымша бөлшектер қорын арттырады.

"Әуе-ғарыштық жеткізу тізбегіндегі проблемалар әуе компанияларының қызметінің барлық салаларына әсер етіп отыр. Ең айқын салдары – лизинг шығындарының өсуі, рейстерді жоспарлаудағы икемділіктің төмендеуі, экологиялық мақсаттарға қол жеткізудің кешеуілдеуі және қолайсыз ұшақ түрлерін пайдалану қажеттілігі. Әуе компаниялары кірісті арттыру, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту және жолаушыларға жақсырақ қызмет көрсету мүмкіндіктерінен айырылып отыр. Ал жолаушылар сұраныс пен ұсыныстың қатаң тепе-теңдігі салдарынан билет бағасының өсуіне тап болуда. Шешімдерді жеделдету үшін бар күшті салу қажет, әйтпесе салдарлар тіпті күрделене түседі", – деді IATA бас директоры Уилли Уолш. 

 IATA бас директоры Уилли Уолш. Фото: IATA

Бұл ретте зерттеуде мәселені шешу үшін бірқатар маңызды бағыттар аталған: 

  • Саладағы үздік тәжірибелерді кеңейту: қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану (MRO) процестерінің өндіруші лицензияларына (OEM) тәуелділігін азайту, балама материалдар мен қызметтерге қолжетімділікті жеңілдету.
  • Жеткізу тізбектерінің ашықтығын арттыру: тәуекелдерді ерте анықтау, тиімсіздікті төмендету және бүкіл жүйенің орнықтылығын жақсарту үшін жеткізушілердің барлық деңгейінде толық көріну мүмкіндігін қамтамасыз ету.
  • Деректерді белсендірек пайдалану: болжамды қызмет көрсету, ортақ бөлшек қорлары және техникалық деректер платформаларын енгізу арқылы қорларды оңтайландыру және тоқтап қалу уақытын азайту.
  • Жөндеу және қосалқы бөлшектер өндірісін кеңейту: жөндеу процестерін жеделдету, балама және қалпына келтірілген бөлшектерді (USM) пайдалану, заманауи өндіріс технологияларын енгізу арқылы тар орындарды азайту.