Оқу-ағарту министрлігі отбасына бала қабылдап асырайтын патронат тәрбиешілерге төленетін ақының нақты сомасын белгілеп, оны қоғам талқысына ұсынды. Жоспарлы ақы мөлшері 35 АЕК (2023 жылы – 120 750 теңге).

"Патронат тәрбиешілер білім беру ұйымдарының азаматтық қызметшілері болып табылмайды, жұмысқа қабылданбайды, оларға еңбек демалысы берілмейді, бірақ олар балаларды тәрбиелеу бойынша қызметтер көрсетеді. Патронат тәрбиешілердің қызметтеріне ақы төлеу мөлшері жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, өтілі нөлден үш жылға дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерінің жалақысының мөлшерінен айқындалған" деп жазылған бұйрық жобасының түсіндірме жазбасында.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда кәсіби патронат отбасы институты құрылады


Патронат тәрбиешілерге бұған дейін де жалақы төленетін. Алайда, ол санаты жоқ, біліктілігі орта деңгейдегі (В4-4) негізгі персоналдың жалақысымен есептелгендіктен, слмасы аз болатын.

Еске салайық, Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін патронат тәрбиешілерге төленетін ақыны арттыру үшін оларды педагог санатына жатқызу мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған болатын. Педагог санатына қазіргі таңда аға тәрбиеші, тәрбиеші (білім беру ұйымдарында), жатақхана тәрбиешісі, ана-тәрбиеші жатады.

Бұйрық жобасы қоғам талқысына 10 қаңтарға дейін ұсынылған.