19 жастағы сарбаздың жұмбақ өлімі: туыстары оның өзіне қол салғанына сенбейді
Марқұмның жақындары Еділ Тешебаевтың хатты өзі жазғанына да сенбейді.Маңғыстау облысында шекара қызметінің әскери бөлімінде жүріп көз жұмған сарбаз Еділ Тешебаевты жақындары жер қойнына тапсырды. Әскери бөлімдегілер 19 жастағы сарбаздың өзіне қол жұмсағанын, соңынан хат қалдырып кеткенін айтқан. Ал жақындары жас жігіттің өзіне қол салғанына да, хат жазғанына да сенбейді. "Мәйітті тексергенде Еділдің асқазаны бос болды. Сол себепті әскери бөлімде баламызды аш ұстап, қинаған болуы мүмкін" дейді. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы хабарлады.
Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылында шекара қызметінде борышын өтеген сарбаз туған жері Сарыағаш қаласында жерленді. Інісінен айырылған Нұржаусын Тешебаевтың айтуынша, Еділ былтыр қыркүйекте әскерге барған күннен бастап өмірінің соңына дейін ақша сұраған. Сол себепті оның өзіне қол жұмсағанына сенбейміз, дейді. Ал жеңгесі хатты сарбаздың өзі жазбағанына сенімді. Айтуынша, қайын інісі өзін жеңге емес "жеңеше" деп айтатын.
"Жолдас балаларының барлығына менде бәрі жақсы, уайымдамаңдар деп айтып отырған. Ешнәрсе білдірмеген. Бірақ тұтқаны қояр кезде "Мен көрген қорлықты көрмеңдер, бастарың істесе әскерге келмеңдер" деп айтып отырған. Кеше зертханада "Әйел адамның жазуы, үтір-нүктесіне дейін ұқсатып жазуға тырысқан" деп айтып отыр. Ол олай хат жазбайтын еді. Бәрі көрініп тұр", – деді Еділ Тешебайдың жеңгесі Перизат Дүйсебай.
Қазір сарбаздың денесі және жазған хатынан алынған сараптама зерттеліп жатыр. Ал ағалары Еділ Тешебаевтың шымыр, өмірге құштар жігіт болғанын айтады. Мәйітке сараптама жасағанда асқазаны бос болғандықтан, марқұм аштықтан көз жұмған болуы мүмкін деп отыр.
Оқи отырыңыз:
- Ақтауда әскерге аттанған сарбаз туған әкесін танымай қалды
- Әскерге сау кеткен сарбаз үйіне есінен адасқан күйде оралып, әкесін сабап тастаған
- Әскерден есін білмей оралған сарбаз екі айдан бері психикалық ауруханада жатыр
- Көргені – азап, естігені – мазақ
"Осы мәселені бізге шешіп берсін. Біздің сау кеткен бала неге әскерде аштықтан көз жұмады? Біздің әскер, шекара қызметі бір сарбазды тойдыра алмаса, қорғай алмаса, менің сөзім жоқ", – деді Еділ Тешебаевтыңдың туысы Бауыржан Манжанов.
Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты әскери бөлімдегі ведомство бұл оқиғаға қатысты толық ақпарат бермеді. Тек сарбаз отбасылық мәселелерге байланысты өз-өзіне қол жұмсады деген болжамды таратқан.
"4 маусымда ҰҚК iекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінде мерзімді қызметтің әскери қызметшісі "Т." өз-өзіне қол жұмсады. Алдын ала ақпарат бойынша, суицидтің себебі әскери қызмет өткерумен байланысты емес. Отбасылық-тұрмыстық проблемалар болған. Құқық қорғау органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізуде. Шекара қызметінің басшылығы мен жеке құрамы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Марқұмның отбасына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауда", – делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Туыстары Еділдің отбасылық мәселе үшін өзіне қол салғанына сенбейді. Айтуларынша, сарбаздың мойнында белбеу ізі болған. Олар әскери бөлімде жігітті мойнын бұрап азаптап өлтірді деп ойлайды. Сол себепті әділ тергеу талап етеді.
Туған ағасы Нұржаусын әскерилер қазаға көңіл айтудың орнына қысым көрсетіп жатыр, дейді. Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды.