1 ақпаннан бастап алғашқы қаражат аударылады. Қор инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балаларға теңдей бөлінеді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қаражатты білім алуға немесе баспана мәселесін шешуге жұмсауға болады. 18-ге толмаған баласы үшін ата-анаға «еGov» порталына тіркелудің де, екінші деңгейлі банктен шот ашудың да қажеті жоқ.

"Тиісті шоттар автоматты түрде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорымен ашылатын болады. 18 жасқа толғаннан кейін сол кәмелетке толған балалар арнайы шотты уәкілетті операторларда ашу керек. Одан кейін электронды портал желісінде тиісті өтінімді береді", – деді ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.


Оқи отырыңыз: Қуантыров Ұлттық қор қаржысы балаларға неге доллармен аударылатынын түсіндірді.


Сол өтініш арқылы зейнетақы қорында жинақталған қаражат оның арнайы шотына аударылады. Бала шетелде білім алам десе – ақшаны пайдалануға шектеу қойылмайды. Ал үй сатып алғысы келсе – тек Қазақстаннан сатып алуға рұқсат етіледі. Шоттағы ақша 10 жыл ішінде пайдаланылмаса, оны жасөспірім өзінің зейнетақы қорына аударуына болады. Қаражатты 18 жасқа толмай алуға тыйым салынған.

"Қазақстаннан басқа мемлекетке тұрақты тұруға кеткендер Ұлттық қор қаражатын пайдалану құқығынан айырылады. 18 жасқа дейінгі балалар туралы деректерді біз жеке тұлғалар мемлекеттік деректер қорынан аламыз. ҚР Әділет министрілігіндегі балалардың электрондық тізімімен салыстырамыз", – деді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Жанат Құрманов.


Оқи отырыңыз: Ұлттық қор – балаларға: 16 жастағы балалар шотындағы қаражатты колледжде оқу үшін пайдалана ала ма?


Ата-аналар шотқа ақша түскен-түспегенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсе жеткілікті. Ал бірнеше жылға түскен қаражатты көру үшін Egov-тағы жеке кабинетке кіру керек. Ұлттық қордан бөлінетін қаражат шотта АҚШ долларымен сақталады. Кәмелетке толғанда жасөспірімнің шотына сол сәттегі бағам бойынша теңгемен аударылады.