Тікелей эфир

Ұлттық қор – балаларға: 16 жастағы балалар шотындағы қаражатты колледжде оқу үшін пайдалана ала ма?

Заң жобасы бойынша балалар 18 жасқа толған соң қаражатты екі мақсатта пайдалана алады.

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. 

Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады. Қаражатты балалар 18 жасқа толған соң екі мақсатта: тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу және білім алу мақсатында қолдана алады.

Осы ретте мәжіліс депутаттары "Қорға жиналған қаражатты бала 16 жасқа толған соң колледжде білім алу мақсатында қолдана ала ма?", – деп сұрады.

"Біріншіден, президенттің ұсынысы бойынша азамат шоттағы ақшасына 18 жасқа толғаннан кейін ғана қол жеткізе алады. Екіншіден, Қазақстан Республикасында қолдалынып жүрген заңнамаға сәйкес, толық әрекет қабілеттілігі 18 жастан бастап енеді. Ал оған дейін, яғни 16 жастан бастап алса, баланың өз еркімен емес, ата-анасының көздеген мақсаты жүзеге асырыла ма деген қауіп бар. Сонымен қатар басқа 18 жасқа толған балаларда да "Біз де қаражатқа ертерек қол жеткізе аламыз ба, жоқ па" деген сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл сұрақ әлі де ашық, талқыланады", – деді мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ

Ал оқу ағарту вице-министрі  Еділ Оспанның айтуынша, қазіргі таңда 9-сыныптан бастап түлектердің колледжге түсуі үшін мемлекеттік грант бөлінеді. 

"Толық қамтамасыз ету жоспарда бар. Сондықтан мұндай қажеттілік (қаражатты 16 жастан бастап колледжде оқу үшін шешіп алуға – авт.) жоқ", – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары