Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз – ағаш бүршіктеп, төрт түлік мал төлдейтін, аң-құстың тұқымы өрбіп, ұлы табиғат жаңаратын жыл басы, көктем мерекесі.

Табиғаттың төсіне ірге көміп, мал емшегін емген қазақ ұлты үшін Әз Наурыздан артық мереке болған емес. Әрине, отардан мал-жаны аман оралып, ортасы толғанда қыстан сақтап отырған сүрісін, тәтті-дәрмегін, дәмді-құжырын дастарханға салып, ақ сақалды ата мен ақ жаулықты аналарын төрге оздырып, бата-тілек ағытылатын берекенің мерекесі.

Оқи отырыңыз: Ақбастаулықтардың Наурыз тойлау дәстүрі елге үлгі боларлықтай


Сабадан тегенеге құйылған іркіт. "Ит басына іркіт төгілген" деп молшылықты айтқан. / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

Наурыз мерекесі қай заманнан бастап тойланған?

Шежіре қуған көне көз қарттарымыз бен құйма құлақ ғалымдарымыздың айтуынша, Наурыз мерекесі "Нұқ пайғамбардың кемесі" Қазығұрт тауына келіп тоқтағаннан кейін, топан су тартылып, кемедегі жан-жануарлар жерге түскен кездегі қуаныштан басталыпты.

Ислам діні даламызға келмей тұрып Наурыз тойланған. Көшпенділердің әр қыстан аман-есен шығып, ағайын-туыстамен көрісуінен басталады.

Оқи отырыңыз: Наурыз. Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп қай күнді мерекелеген?

Түрколог, ғалым Қаржаубай Сартқожа:

– Наурыз мерекесі – неше мың жылдардан бері жалғасып келе жатқан тарихи халықтық мереке. Бұл мерекені ғұндардың да, түркілердің де тойлағаны туралы деректер өте көп. Бірақ дәл қай кезден бастап тойлана бастағаны туралы дерек жоқ, – дейді.


Көшіп келіп, киіз үй тігіп жатқан малшылар / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

"Наурыз жұлдызы туған күн – наурыз айының бірінші жұлдызы"

Этнограф, ғалым, жазушы Байахмет Жұмабай: "Қазақ халқы жүлдыз күнтізбесін қолданған. Наурыз – көктемнің бірінші күні туатын жұлдыздың аты. Наурыз атты құс та бар. Ол – қазіргі күллі әлем қолданып отырған григориян күнтізбесі бойынша 14 наурызға тура келеді".

Міне, бұл – жыл басы болатын.

Оқи отырыңыз: Қазақша жыл қайыруды білесіз бе?

Этнограф, наурызтанушы Серік Ерғали: "Жұрт бүгінде қағаздағы күнтізбені көңілге медеу етіп, бірінші наурызды көктемнің алғашқы күні деп жүр. Бірақ қазақтың жылдық маусымды Күн орбитасының шоқжұлдыздар маңын "аралауына" қатысты белгілеген аса ежелгі адамзаттық күнтізбені қолданғанын ұмытпаған абзал. Ескі Юлиан күнтізбесінің бірінші наурызы қазіргі 14 наурызға сәйкес. XVIII ғасырға дейін Ватикан да, Ресей де (1700 жылы доғарды) осы ескіше 1 (14) наурызды жыл алмасу күні ретінде мойындап келген.

Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы наурыз айынан басталады. Суретте Шоқан Амал жұлдызына Күн жүйесінің жолығуын бейнелеген. Сөйтіп, Наурыз айы туғанда, яғни бүгінше – 14 наурыз (ескіше – 1 наурыз) Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал жұлдызына беттеп, "көріседі" де, соның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады: тоқсан күн қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 14 (1 – ескіше) наурыз – түркілік жыл шеңберінің жігі, көктемнің, жылтоқсанның әрі мүшелдік жылдың басы" – дейді Серік Ерғали.

Байахмет ағамыздың пікірінше, жоғарыда айтылған "амал" жұлдызы – Наурыз жұлдызы.

Оқи отырыңыз: Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?


Өреге құрт жайып жатқан қыз. Биік ағаш үстіне тоқылған ши төселеді. Ол шиді шыпта дейді. "Өресі биік" деген осыдан шыққан / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

Наурыз айы туғанда...

Мереке ең алдымен тазалықтан басталған. Үйдің іші-сыртын тазалап, есік-терезені ашып, келетін қонақтарға дайындалған. Ағаш егіп, мал төлдетудің қамына кіріскен.

Сол күні туған төлді "төл басы" деп ырымдап, жаңа туған енеліктің қою сүтін сауып, уыз қайнатып бірлікте жейтін болған. Бұл "ақ мол болсын, жұғысты болсын" деген тілектен шыққан.

Малшы ауылдар қардың шеті сөгілгесін, малын төлдету үшін қыстаудан көктеуге яғни төлдеуікке көшіп келіп, жақын-жақын орнығады. Малдың аузы көкке, баланың аузы аққа жарып, мәре-сәре тірілік басталады.

Оқи отырыңыз: Қазақ оюының сыры. Оюды қалай оқу керек?

Келеген қонақтар да "Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, бәле-жала жерге енсін" деп амандасқан. Осылайша Наурыз мерекесіне ұласып, көже ішіліп, түрлі сауық-сайрандар ұйымдастырылған. Ауылдан ауылға барып, бұл тіптен айға созылатын болған.


Биебаудағы сауын / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

"Қысқасы, Амал – Наурыздың ажырамас басы"

Қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурызнама өтетінін айтады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы", – деп жазады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың ұлы Ахаттың жазбаларында: "14 март – ескіше бірінші наурыз. Әкей айтты: бүгін ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн" дегенді білдіреді" – деп жазған.

– 21 наурыз күн мен түннің теңелген күні символдық түрде халықаралық "Наурыз" мерекесі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бейзаттық мұралар тізіміне енгені белгілі.

Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?

Сол себепті, қазір қазақтар жыл басын Наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын наурыздың 14-інде тойлайды деу өте үлкен қателік, – дейді Серік Ерғали.

Оның пікірінше: "Амал – Наурыздың ажырамас басы. Екіншісі – мерекенің шырқау шегі! Бір мейрамның екі сипатының бірігуінен Жыл мерекесінің мазмұны мен маңызы бүгінде барынша тарылып, рухани құндылығымыздан біршама шатасуға итермелеп отыр".

Амал туралы тағы бір пікіріміз Кеңес Одағы Наурызды мерекелеуге тиым салғаннан кейін пайда болды. Жұрт "наурыздың" атын "амал" деп өзгертіп айтып, жасырын мерекеледі.


Алғашқы бие сауымынан кейін осылай дала дастарқаны жайылып, үлкендер бата жасайды / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

Оқи отырыңыз: Өкпесүт, үлпершек, ақ тағам. Ұмыт боп бара жатқан ұлт тағамдарын жаңғырту жолы қандай?

"Күн мен түннің теңелуінің көктемге де, жыл басына да қатысы жоқ"

Серік Ерғали: "Мәселе қазақтың Жаңа жыл ұғымы мен ежелгі Күнге сыйыну (табыну емес) дәстүрінен бастау алатын, бүгінде парсылық (кейбіреулер мұны "шығыстық" деп атауға құмар) мазмұн беріліп жүрген Күн-Түн теңелуі мерекесінің шатасып кетіп отырғандығында.

Түркілер күн мен түннің көктемгі "теңелуімен" шектелмеген, күзгі теңелу қарсаңында Чук (шұбаш), Сабантой (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), Ақ ай (маңғол, қалмақ) мерекелері аталса, оған қоса қысқы Күн тоқырауы да "Нартуған", "Соғым басы" (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), "Корачун" (мажар-қыпшақтар, кейбір Сібір, Саян түркілері) түрінде атаса, жазғы Түн тоқырауына қатысты мереке Ысыах (саха) аталып жүр.

Қысқасы, Күн-Түн арақатысына байланысты мерекелердің барлығы Күнді қастерлеу көріністері және аса ұлы салтанаттар болып табылады. Парсыларда көктемгі және күзгі теңелулердегі Новруз және Мизам мейрамдары ғана мерекеленген, бүгінде тек қана көктемгі нұсқа қалды. Жоғарыдағыларды ескере келгенде, Наурыздың күндік күнтізбеден туындайтын мереке екендігі шығады.

Оқи отырыңыз: Қазақтың ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүрі. Тест: біліміңізді тексеріңіз


Қазақтың алты жасар баласы да ат құлағында ойнайды / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

Түркілерде Наурыздың да орны бөлек, Амалдың да мәні ерекше

Наурыз – ежелгі тәңірлік танымға сай Ақ-Қара, Жарық-Түнек таласынан қалыптасқан философиялық құндылыққа, аспандық ілімге негізделген ұлы 4 мерекенің бірі.

Амал – аспан денелерінің қозғалысындағы Жерге қатысты ықпалы мен астрономиялық құбылыстарға негізделген тұрмыстық-шаруашылыққа қажетті астро-геоілімдерден туындайтын мереке. Алайда, бұл екеуінің бір-бірімен тым жымдасып кеткендігінен аражігін ажырату қиын.

Бір сөзбен айтсақ, Таңбалыдағы тас жазуға қарағанда, Жылдың басы да, жігі де – көктем, төл басы. Яғни, Күн-Түн теңелуінің Көктемге де, Жыл басына да қатысы жоқ! Қатысы болса, түркілерде күздегі теңелу Жылбасы болар еді. Бір қызығы, кемі 4000 жылды қамтитын петроглифтік бедердегі күнбасты Тәңір мен түнбасты Іңір құшақтарын жайып көріскелі тұрған қалыпта бейнеленген".


Киіз үй ішінде бауырсақ пісіріп отырған келіншек / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

Наурыз мейрамы қашан, қанша күн тойланған?

Байахмет Жұмабайұлы ағамыздың айтуынша, көшпелі халықтардың тұрмыс әдеті мен ел жайлаған өңірдің климаттық ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі уақытта тойланып келді. Кейде көктем ерте шыққанда Наурыз мейрамы ерте тойланды. Кейде қыс ұзақ болғанда кешірек тойланды. Сонымен бірге, Шығыс және солтүстік өңірде жайырақ, батыс пен оңтүстік өңірде ертерек көктем келетіндіктен ертерек тойланған.

Сондықтан, мереке ай бойы тойланғанын көруге болады.

Жоғарыда айтылған Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында ескіше күнтізбе бойынша бірінші наурыздан бастап тойланатынын жазған.

Мәселен, қар еріп, тоң жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған.


Енесін ембеу үшін сірге таққан тайыншаға мінген бала / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

Наурыз көже қалай жасалады?

Наурыз көже – Наурызек құсы оралып, ел жиналғанда жасалатын жеңсік ас.

Көне түркілік дүние танымда "жеті" шартты ұғым есептеледі. Мысалы, қазақ – жеті қат жердің үстін мекендеп, жеті қат аспаннан нұр емген, жеті атаға дейін қан араластырмайтын, жеті қазыналы еліміз деп санайды. Әр жетінші күні, яғни жұмада жеті шелпегін таратып, садақа-зекет жасайтын, тапқан несібесін адалымен жейтін дегдар халық екенімізді күллі әлем біле бастады.

Наурыз көже де дәл сондай шартты түрде аталатын жеті дәмнен жасалады. Алдымен қыстан қысылып, көктемге жеткен, отардан ер-азаматтары аман-есен оралып, жаңа жыл басталғанда күллі жұрт жан-жаққа хабар жіберіп және хабар алып шүйіншілейді. Әр әулет не ауыл жиналып, "Бауыр аман-сау келді" деп бауырсақ пісіреді, наурыз көже жасайды.

Наурыз көжеге от анасы қыста сойған соғымнан сақтаған сүрісін асып, дәнді дақылдарды салып, пісірген. Ол жеті дәмді әркім әр түрлі айтар. Ең маңыздысы оның "Жетеу" екендігінде. Шартты ұғым. Жақсы ырым.

Жеті дәм бұрынғы заманда: Ет, тұз, дән, құрт-ірімшік, тәтті-дәрмек, айран-сүт, жеміс-жидек делінсе қазір түрлері одан да көбейген.

Мысалы, дәнге арпа, бидай, тары түрлері кіреді. Еттің де түрі көп. Құрт-ірімшіктің түрлері ретінде ақ жарманы, малтаны, қызыл ірімшікті, мәйек ірімшік, ақ ірімшікті, сүзбені айтады. Тәтті-дәрмектен қантты, мұзқант (науат), шекерді, кейде дәрумен ретінде кей шөптерді де қосатын болған. Ал жеміс-жидек түрлерін жақсы білеміз.

Жалпы осы жеті түрлі дәмнің әрқайсынан барын қосатыны белгілі. Қандай да бір белгіленген өлшемі жоқ.


Құрт қайнату / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

Наурыз көженің қасиеті немесе не үшін қазақ "астың кепиеті атпасын" деп айтқан

Кепиет ату – тамаққа қатысты ысырапшылдыққа қарсы айтылатын тиым.

Аңның киесі, құстың қарғысы болғаны секілді "астың кепиеті болады" деп санаған. "Кепиеті атады" деп қорыққан. Сондықтан әр түйір дәннен тартып, құрметтеген. Ысырапшылдыққа жол бермеген. Жинаған мал-мүлкінің белгілі мөлшерін зекетке беріп, көрші-қолаңға көмектесіп отырған.

Тіптен, "жылқыны басқа ұрма", "малды теппе" деп жан-жануарды қорлауға да тиым салды. "Ысырап жасама", "тұздытөкпе, отқа салма", "нанды баспа" деп тәрбие берді.

Атам қазақ "адалдан асың болсын" дейтін халық. Тек адал еңбекпен тапқан асын ғана жеген. "Ұрлықпен, зорлықпен келген ас болмайды, денеге қонбайды" деп санаған. Сондықтан соғысқа кетіп бара жатса да "дәмнен аттамаған". Әсіресе, таңғы асты тастамаған.

Тіптен, тым мүшкіл жағдайда, қатты қажеттілік болмаса аң ауламаған, құс ұстамаған.

Мысалы, бүркітшілер де бүркітті бір-екі жылдан кейін қайтадан табиғатқа үйретіп, қоя беретін болған. Яғни, обал-сауап тәрбиесінеөте көп көңіл бөлген.

Ендеше, осындай адал астан, таза ниетпен жасалып, берекеге, мерекеге шақырған Наурыз көже неге қасиетті болмасын?

Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар "Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы болар деген", делінген.


Бүйректің пісуін күтіп тұрған балалар / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

Ұлы табиғатты сақтау – ұлағатты іс

Наурыз – табиғат түлеп, жан-жануар ұрпақ өрбітетін ай. Жалпы, дала халқы көктем келісімен аң-құстарға тиіспеген. Яғни, көк шөпті жұлмаған, аң іш тастамасын деп үркітпеген, қумаған, атпаған. Құстың ұясын бұздырмаған. Тіптен, қораның маңына апан салып, күшіктеген қасқырға да тиіспепті.

Ондай жағдайда "Алланың қаһарына ұшырайды", "аңның киесі ұрады", "құстар қарғайды", "жұмыртқа жарса бет шұбар боп кетеді", "жер көтермейді" деп сенген. "Атаңнан мал қалғанша тал қалсын" деп ағаш еккен.

Міне, ұлы табиғаттың тазалығы мен жаңғыруына ешқашан кесірін тигізбеуге тырысып отырған. Тіптен, көшкенде қағылған қазықтарды суырып, күл-қоқыстарды көміп, жұртын тазалап кетіп отырған. Әр отбасы тәрбиесі де сол ырым-тиымдар мен салиқалы сана үшін жасалып отырыпты.


Киіз үйдегі кестеші қыз. "Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді" деген осы / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

"Қыдырың қияласын, періштең ұяласын" дейтін халықпыз

Қызыр пайғамбар – кейде Қыдыр ата деп те аталатын дала кейіпкері. Қыдыр ата – бақ-берекенің атасы, құт силаушысы ретінде халық нанымына сіңген. "Қырықтың бірі – Қыдыр", "Қыдыр келіп қонса құт қонады, арман-тілек орындалады" деп санаған.

Қазақ халқы наурыз айы туғанда үйдің іші-сыртын тазалап, есік терезені ашып, үйге шам жағып қойған. Бұл айда Қыдыр ата құт-береке әкеледі, ір үйге кіріп-шығады деп санаған.

Қыдыр ата – танысы ретінде де, ата ретінде де, бала ретінде де, әже ретінде де, кейде жолаушы ретінде келуі не жолығуы мүмкін. Сондықтан, ешқашан жолаушыны ренжітпеген, кездескен адамға көмегін аямаған. Көшіп бара жатқандарға ерулік апарып, жолаушыларды құдайы қонақ еткен. Міне, мұндай дала тағылымы да – адамгершілік, дегдарлықтың белгісі ретінде қазағымыздың қанында әлі сақталып келеді.

Сол үшін бата бергенде де "Қыдырың қияласын, періштең ұяласын" деп бастауы да бекерден бекер емес.

Ал, бала-шаға наурыздатып, "қырық үйден дәм татуды" ырымдап, айтшылайтын болыпты. "Періштең ұяласын" деп үйге бала-шаға толсын, таза да адал, дегдарлығын жоғалтпаған текті ұрпақ өрбісін деген тілектен шыққан сөз.

Наурыз мейрамы қалай ұмытылып, қалай тірілді?

Кеңес Одағы күллі түркі жұртына ортақ мерекені бір мезгілде тоқтатқаны белгілі.

Кеңес өкіметінің Халық комиссарлары кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында "Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі" туралы декретін қабылдады. Бұл кезде екі күнтізбенің айырмашылығы 13-14 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады.

Кеңес Одағы кеңестік ұлт жасау саясатының бір бөлігі ретінде – Наурыз мерекесінің тойлануын шектеді. Алайда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін "өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғаны" белгілі. Осылайша мыңдаған жылдар тойланып келген Наурыз мерекемізбен сағынып, қауыштық.


Сарымайды тұздап, бүйенге салып жатыр. "Бір қарын сары майды бір құмалақ шірітеді" деген осыдан шыққан / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

"Наурызды дінге телу – барып тұрған надандық"

Осы орайда тағы бір назар аударарлық нәрсе, дәстүрдің тарихи мәнін бұрмалап, аталмыш ұлттық мейрамға діни айдар тағып, дінге, айтқа телу белең алды. Тіпті ондай шоулар телеарналарда да көрсетіліп жатыр.

Этнограф Байахмет ағамыз:

– Кейбір этнографтар Қазақстанның батыс өңірлерінде "Амал мерекесі" деп аталып келген Наурыз айының алғашқы күнін арабтың "Хамал" деген сөзінен шыққан деген пікір айтты. Тіптен, бір ағамыз "бауырсақ" деген сөзді "бауыр хақ" деген сөзден шыққан, "хақ" араб сөзі деп жатқанын да естідік. Наурызды Құрбан айт, Ораза айтпен бірдей атау, діни сипат беруге тырысу дұрыс емес, – деп ренішін білдірді.

Байахмет ағамыздың айтуынша, Наурыз мерекесінің неше мың жылдардан келе жатқаны белгілі. Ал ислам діні халқымызға 8 ғасырда жеткен. Сондықтан қандай да бір арандатушылық болмауы керек.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде кейбір діни ағымдар салт-дәстүрді жоққа шығарып, жалаң шариғаттық идеяны үгіттейді. Тіптен, кеше ғана көрші Ауғанстандағы Талибан діни ұшқарылары "Наурызды кәпірлік мереке" деп атап, оны мерекелемеуге шақырған болатын.

Бұл – халқымыздың салт-дәстүрін бұрмалау. Діни ұшқары идеяларды тықпалау арқылы халықтың бірлігіне сызат түсіру үшін жасалып жатқан зымияндық деп түсінеміз.


Мал сауу. Ешкіні көбінесе көгендеп, қойды қосақтап сауады. / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды

"Рухани жаңғыру" – Ұлыстың ұлы күнінен басталады"

Ойымызды тобықтай түйсек, жаһандану мен қалаланудың заманында қазақтың ұлт болып, мемлекет болып сақталып қалуының бірден-бір кепілі – ұлттық рухани тірегімізді – ата салтымыз бен ғұрып-әдеттерімізді, дегдарлық құндылықтарымызды, таза да хақ санамызды жоғалтпау. Күшейту, үгіттеу.

Осы арқылы түрлі діни не басқа да елді бөлшектеу әрекеттеріне тосқауыл қойып, халқымыздың бірлігіне сына қаққысы келетіндерге тойтарыс беру.

"Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, бәле-жала жерге енсін. Қыдыр қияласын, періште ұяласын" деп бабаларымыздан келе жатқан киелі тілекті баршаңызға арнаймыз!


Отар қостың тезекке қайнатып жатқан қара қазаны. "Қара қазан сары баланың қамы" деп осыдан айтылса керек / Сурет "Туған жердің түтіні" атты ФБ парағынан алынды