Мәйіт донорлығы. Өзге адамға ағзаңызды қалдыру үшін не одан бас тарту үшін не істеу керек?
2009 жылдан бері Қазақстанда мәйіт донорлығына ресми түрде рұқсат етіліп, "келісім презумпциясы" бекітілген. Яғни, адам тірі кезінде келісім беретінін немесе қарсы екенін рәсімдемесе, қайтыс болғаннан кейін дәрігерлер оның ағзалары мен тіндерін транспланттау мақсатында ала алады.
Адам көзі тірісінде ағза доноры болудан бас тарту үшін не істеу керек? Кімдер донор бола алады? Қазақстандықтардың ағзасы шетелдіктерге беріле ме? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап іздеді.
Кімдер ағза доноры бола алады?
Донор – реципиентке трансплантаттау үшін ағзалар мен тіндері, олардың бөліктері алынатын адам, адамның мәйіті, жануар. Рецепиент – транспланттау жүргізілетін пациент.
Мәйіт деп миы өлген кезден саналады. Адамның басқа ағзалары әлі де жұмыс істеп тұрады. Ми істен шыққан соң әрі кетсе 3 тәуліктен кейін басқа органдар да өледі. Сараптама жасалып, қай ағзаны алуға болатыны анықталады. Осылайша сау ағзаны мұқтаж адамға салуға болады.
Ағзаны ауыстыру үшін донор мен науқастың қан тобы бірдей және 70 пайыздан астам тіндер сәйкестігі болуы тиіс. 18 бен 65 жасқа дейінгі адамдардың ағзасы ауыстыруға жарайды.
Оқи отырыңыз: "Бүйрегімді сатамын" десеңіз, сотталасыз!
Қазақстанда реципиенттер мен донорлардың, соның ішінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген немесе бас тартқан адамдардың тіркелімі (регистр) жүргізіледі.
Ағзалар мен тіндерді ауыстырып салу процесі транспланттау қызметтерін көрсету жөніндегі медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар мемлекеттік медицина ұйымдарында жасалады.
Тірі кезінде ағзасын беру немесе бас тартуды тіркеу
Азаматтар қайтыс болған соң транспланттау мақсатында ағзалары мен тіндерін алуға келісім беру үшін, не бас тарту үшін тіркелген орны бойынша емханаға барып өтініш жазуы керек. Онда жауапты тұлға жеке басын және тіркеу мәртебесін куәландыратын құжаттарды тексеріп, бас тарту не келісім беру өтінішін ұсынады. Өтініш нысанын мына сілтемеден көруге болады. Азамат толтырған өтініш тіркеледі. Жауапты тұлға бір жұмыс күні ішінде медицина ұйымы басшысы қол қойып, мөр басылған мәйіт донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім беруді тіркеу туралы анықтама береді.
Жақында ғана eGov.kz порталында мәйіт донорлығына келісім беру немесе бас тартуды тіркеу қызметі іске қосылды. Қызметті алу үшін порталға кіріп, "Денсаулық сақтау" бөліміндегі "Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін оның тіндерін (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзалардың бөлігін) алу мүмкіндігі туралы көзі тірісінде ерікті түрде қайырмалдыққа келісімді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу" қызметін таңдау қажет. "Онлайн сұрату" батырмасын басқан соң жаңа терезе ашылады. Онда "Келісімді қайтарып алуды тіркеу" не болмаса "Келісімді тіркеу" өтініштерінің бірін таңдау керек. Бас тарту туралы өтінішті таңдасаңыз белгілерді қойып, ЭЦҚ-мен қол қоясыз.
Ал "Келісімді тіркеу" өтінішін таңдасаңыз жаңа терезе ашылып, сізден қандай мүшелеріңізді қалдыратының сұралады. "Барлық мүшелер", "Осы мүшелерден басқа барлық органдар", "Тек кейбір мүшелер" опцияларының бірін таңдап, бүйрек, жүрек, бауыр, өкпе, көздің қасаң қабығы, тіндердің бәрін қалдыруға немесе бірін беріп, бірін алып қалуға болады. Мәліметтерді енгізіп ЭЦҚ-мен қол қойған соң ерікті түрде келісімді тіркеу туралы анықтама беріледі. Оны жеке кабинеттен көруге болады.
Оқи отырыңыз: Президент жаңа Денсаулық кодексіне қол қойды. Дау тудырған жаппай вакцинациялау мәселесі енді қалай шешіледі?
Адам қарсы екенін тірісінде тіркемесе...
Қайтыс болған адам тірі кезінде ағзалары мен тіндерін алуға келісім бермегенін жұбайы немесе жақын туыстарына айтса және олар мұны медицина ұйымына хабарласа ағзасын транспланттау мақсатында алуға жол берілмейді. Адам тірі кезінде донор болуға ерік білдірмесе жұбайы мен жақын туыстарының бірі ағзасын алуға өзінің келіспейтіні туралы жазбаша мәлімдеуге құқылы.
Трансплантациялаған кезде:
- адамнан ағзалары мен тiндерін мәжбүрлеп алуға және беруге мәжбүрлеуге;
- сатып алуға және сатуға;
- кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз донордан ағзалары мен тiндерiн алуға;
- қайтыс болған донордың ағзалары мен тіндерін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға транспланттау үшін алуға;
- денсаулығының жай-күйі, жасы немесе өзге де себептер бойынша өзінің жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған, қайтыс болуын растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдардан алуға;
- инфекция жұқтырған донордан ағзалары мен тіндерін реципиентке транспланттау үшін алуға тыйым салынады.
Транспланттауға рұқсат етілетін инфекциялық аурулардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
Донордың қандай құқығы бар?
- денсаулық сақтау ұйымдарынан ағзалар мен тіндерді алу бойынша алдағы отаға байланысты өзінің денсаулығы үшін ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап ете алады;
- ағзалар мен тіндер донорларын тіркеу үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлереуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық зерттеп-қараудан өте алады;
- транспланттаудан кейін денсаулық сақтау ұйымдарында ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек ала алады;
- транспланттауға байланысты хирургиялық ота басталғанға дейін бас тартуға құқылы.
Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және өзге де қызметкерлеріне донор және реципиент туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салынады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың органдары шетелдіктерге беріле ме?
Жаңа Денсаулық кодексінде қайтыс болғаннан кейінгі донор ағзалары мен тіндерін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға транспланттауға тыйым салынады делінсе де, шетелге әкетуге рұқсат етілетін жағдайлар бар:
- шетелдегі Қазақстан азаматтарына – шетелде оқитын студенттер, тұрақты тұрғылықты орын алу құқығына ие болғандар, халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін, дипломаттар мен теңізшілерге медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
- диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде;
- бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзілген кезде;
- Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.