Бауыржан Момышұлынан кейін мылтықсыз майданның батыры атанған халық жазушысы Шерхан Мұртаза көркем шығармаларымен ғана емес, шыншыл, бірбеткей, турашыл мінезімен қазақ халқының жадында қалды. Шерағаның тәлім-тәрбиесін алып, мектебінен өткен шәкірттері оны қазақ журналистикасын биік деңгейге көтерген тұлға санайды. Өйткені жазушы кадр таңдау мәселесіне келгенде қателеспеген, оларға талап та қоя білген. Соның арқасында ауыл-ауылдан нағыз талантты, талабы мықты мамандарды таңдаған.

Оқи отырыңыз: Тау: табыну мен табындыру

"Туралып кетсе де, турасын айтатын"

"Қызыл жебе" романының редакторы болған ақын Рафаэль Ниязбеков жазушы ағасының мінезі бірбеткей, турашыл болғанмен, өзіне айтылған сынды дұрыс қабылдайтын дейді.

– Мен ол кезде "Жұлдыз" журналының қызметкерімін. Шераға – бас редакторы. Жұмыс бабында Шераға маған суық қарап, бір-екі сөгіс те беріп жіберді. Содан бір ашық партия жиналысында "Шерхан Мұртаза – өзі лауреат, өзі – бас редактор, өзі – менің ағам, соған қарамай маған күн бермейді, іші жылымайды, шетке қағады. Осылай бола ма екен?" дедім. Жиналыс біткесін Одақтың екінші қабатында Шерағаңмен кездесіп қалдым. "Әй, жаңағың не?" деді ағасы мұрты тікірейіп. "Енді, солай, аға!" дедім. Сонда Шераға бетіме қарап: "Әттең, кеш туғансың. Ерте туып соғысқа қатысқаныңда не бірінші оққа ілігер едің, не "Герой Советского Союза" болып оралар едің" деген болатын. Мен желкемді қасып тұрып қалдым. Шерағаның аузы дуалы екен. 1997 жылы шешен ұлтына арнап жазған "Шешендер" деген поэмам үшін Шешенстанның халық батыры атағын берді.

Оқи отырыңыз: Жәлилмен жүздес, Тоқаймен тоқайлас

Ақын Шерхан Мұртазаның турашылдығына бірнеше рет куә болғанын еске алды. Тіпті Президент Н.Назарбаевпен кездесуде де сол мінезін көрсетті.

– Елбасымен кездесуге барған сәтте Президент мінберде сөйлеп тұрып, "Қазақ – батыр халық болған. Қазір ерлер ұсақталып кетті. Сол қазақтың ұрпағы қайда?" дегенде, жалғыз өзі мүлгіген тыныштықты бұзып, намысын қайраған сөздерге шыдай алмай, "Отырмыз ғой міне, енді" деп айғайлап жауап берді.

Тағы бір кездесуде елбасыға "Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады" деп айтқаны жұрт арасында аңыз болып тарады. Ондай сөзді Президенттің алдында айтуға ешкімнің батылы жетпес еді. Ол туралып кетсе де, турасын айтатын, – дейді Рафаэль Ниязбеков.

"Көкбөрілер бөлтірігін тістеп өсіреді"

Жасыратыны жоқ, маған қырындау қарайтын. Менің де мінезім оңай емес еді. Өзім де кінәлі болған шығармын. Соған қарамастан сәлеміміз түзу, амандық сұрасып тұратынбыз. Ұмытпасам, соңғы рет жиені әрі жазушы-дипломат Мәлік Отарбаевтың әкесі қайтыс болғанда кездескен болатынбыз. Сол жерде Шераға бата бере алмайтынын айтып, жолын маған берді. Ол жерден шыққан соң, бір ресторанға шай ішуге бардық. Сол кезде маған қарап отыр екен. Мен оған "Мені танымай отырсың ба, аға? Жұмыста отырсақ опақ, тұрса сопақ қылдың ғой" деп едім, үндемеді. Сосын "Аға, ренжіп қалдыңыз ба? Көкбөрілер бөлтірігін тістеп өсіреді. Сонымен шыңдалып өстік қой" дедім. Сол кезде жадырап сала берді. "Ия, көкбөрілер бөлтірігін желкесінен тістейді" деді.

Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы

Ал шығармасына келсек, Шерхан Мұртаза – әлемдік тұрғыдағы жазушы. Елдің тұмарындай болған оның "Қызыл жебесі" Тұрар Рысқұловты қазақ халқына кім екенін танытып қана қойған жоқ, оны "халық жауы" деген жаладан толықтай ақтап алып шықты. Сонымен қатар ұлт қайраткерінің тағдыры арқылы қазақ халқының басынан кешкен қилы-қилы кезеңдерін қамтыды. М.Әуезов "Абай жолы" романы арқылы қазақ халқының ғасырлық тарихын дүниеге паш етсе, Шерхан Тұрар бейнесі арқылы қазақ халқы тарихындағы ең күрделі, ең ауыр кезеңді шынайы суреттей білді. Осылайша қазақ әдебиетін "Қызыл жебе" атты үлкен бір туындысымен толықтырды, – дейді Рафаэль Ниязбеков.


Шерхан Мұртаза бір топ үзеңгілестерімен / Фото ult.kz

Түрік халқы "Ай мен Айша"кітабымен 20 жылдан кейін танысқан

– "Ай мен Айша" романының аудармасы түрік халқының қолына тигенде түріктің жазушысы Атаман Қаледозанның "Егемен Қазақстан" газетіне (28 қыркүйек. 2018 жыл) "Анадолыға түскен ай жарығы" деген мақаласы шықты. Ол осындай керемет шығармадан 20 жылдан аса уақыт құр қалып жүргендеріне өкініш білдіріпті.

Дәл осы кітап жарыққа шыққан кезде Шерхан Жамбыл облысы әкімінен кітапханаларға таратып, қалған данасын сатып беруін өтінген екен. Сонда оның "Өз шешесі туралы жазып, бізге сатқызады" деп айтқанын естігенде, мені қатты ашу қысты. Ол "Ай мен Айша" кітабында бір отбасының тағдырын жаза отырып, қазақтың шежіресін жазып шықты емес пе? Соған да бастарының жетпегеніне таңым бар, – дейді ақын.

Оқи отырыңыз: Қазақ қоғамында бала тәрбиесіндегі әженің рөлі қандай болған?

Таланттарды бір жерге топтастырған басшы

Шерхан Мұртаза қазақ баспасөзіне басшылық жасаған кездері көптеген шәкірт тәрбиелеп шықты. Қазақ руханиятында "Шерағаңның шекпені" деген атау қалыптасққан. Сол шекпеннен шыққан "Алматы ақшамы" газетінің бас редакторы Қали Сәрсембай Шерағаның бойында туыс, тамыр-таныс, рушылдық деген қасиеттің иісі де жоқ еді дейді. Оның айтуынша, талантты болса, сол адамға жазушы кез келген уақытта қолдау жасауға дайын тұратын.

– Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова тағы да көптеген есімі елге танымал талантты тұлғалардың қалыптасуына ықпал еткен адам. Мен қазір "Тұлға тану" сериясымен кітап шығарып жатырмын. "Шер-шындық" деген атпен Шерхан ағамыздың өмірі туралы кітап жазушының қырқын өткізгенге дейін дайын болып қалуы мүмкін, – дейді Қали Сәрсембай.

Шераға таныс-тамырға емес, іскерлігіне қарайтын

– Менің журналистика саласында қалыптасып, шыңдалуыма Шерағаның көмегі көп тиді. "Жетісу" газетінде істеп жүрген кезімде "Егемен Қазақстан" газетінің хатшысы қоңырау шалып, жұмысқа шақырды. Таныс жігіттер даусын салып, мазақ қылып тұрған шығар деп мән бере қоймадым. Сосын біраз уақыттан соң өзі телефон шалып, "Сені көтеріп әкелу керек пе?" деді. Бірден Шерағаға бардым. Ол кісі артық сөйлемейтін. Егемен Қазақстан газетіне жұмысқа алатынын айтты. Ол кісіге қарсы сөз айтпақ тұрмақ, сәлем беруге батылымыз жетпейтін. Дәл сол кезде Оралхан Бөкей "Қазақ әдебиеті" газетіне шақырып, қатынас қағазын да жіберіп қойған еді. Оралханға айтып едім ол "600 жазушы бар. Өзі тауып алады тағы" деді. Сасқанымнан үй бергелі жатыр дедім. Оралхан қуанып кетті де бірден келісімін берді.

Жақсы адамның артынан қашанда небір сөздің еріп жүретіні белгілі ғой. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бірде бір рет жүзін көрмеген Шераға менің жазып жүрген мақаларыма қарап, жұмысқа шақырса да, таныс арқылы тұрған деген сөздер артымнан ере бастады. Өйткені әйелім Таңсұлу Алдаберген машинистка болып істейтін. Соны естіген Шераға "келіншегің есепші болып істей ме екен, газеттің ақшасын бірігіп жейтін" деп қалжыңдаған еді.

"Егемен Қазақстанға" басшылыққа келген күннен бастап газетті ел оқитын басылымға айналдырды. Өйткені ол бойындағы талант пен мінезді ұштастыра білді. Ал біз биліктен қаймықпай, батыл жаздық. Өйткені Шераға қарамағындағы журналистерді отқа да, суға да салғанмен, бізге қорған бола білді, – дейді Қали Сарсембай.

Шерхан Мұртаза ешкімнің көмегіне зәру болған жоқ

Шерхан Мұртаза – рухы биік, намысшыл, жөні бөлек адам еді деп еске алды Қали Сарсембай. Оның айтуынша, Шераға мемлекеттің көмегіне мұқтаж болған емес.

– Шераға намыстың адамы болатын. Өмірінің соңғы жылдарын қызы Алманың жанында өткізді. Қарттықтың жолымен жүріп, жөнімен өмірден озды. Сырқаттанып қалған кезде хәлін сұрап барып тұрдық. Өткен жылы Егемен Қазақстан газеті "Намыс найзағайы" деген атпен Шерағаның газетте жарық көрген мақалаларын жинастырып, кітап қылып шығарды. Сол кезде газет ұжымымен бірге ең алғашқы сүйінші данасын алып барып, сыйға тарттық. Күлімсіреп, қуанышын жасыра алмады. Кейін "Кемеңгердің күлімсіреуі" деген мақала жаздым.


"Егемен Қазақстан" газетіне шыққан жазушы мақалаларының топтамасы / Фото egemen.kz

Мен немеремнің атын да Шерағаның құрметіне Шерхан деп қойғам. Кейін бір сәті түскенде немеремді алып, отбасымызбен кіріп, батасын алып шығуды ұйғардық. Ол кезде немерем үш жаста болатын. Барғанда жатырқап, Шерағаның мазасын алар деп келінді ерте барғам. Сөйтсем есіктен кіре арқасына мініп алды. Шераға риза болды. Немеремнің де қыңыр мінезі бар еді "текті тектіні, тентек тентекті таниды" дегендей екі қыңыр бірін-бірі таныған болу керек, – деп еске алды Қали Сәрсембай.

– Шераға өмірінің соңғы жылдарын қызы Алманың қолында өткізді. Қызы барлық жағдайын жасап, күтіп, бақты. Біз хәлін сұрап барғанда Алма ел ауызында жүрген қаңқу сөздерді айтып, ренжитін. Жора-жолдастарының барлығы жазушыдан қол үзген емес. Бауыржан Момышұлы "Мен туралы 120 вагон өсек бар. Соның 20 вагоны – шындық, қалған 100 вагоны – өтірік" деген екен. Қазір шындықтың өзегіне құрт түсіп, өтіріктің өрге басқан заман, – деп ақын Рафаэль Ниязбеков өкінішін білдірді.

Орысша оқып, қазақша кітап жазған жазушы

Жазушы, сыншы Дандай Ысқақ Шерхан Мұртазаны халқын шексіз сүйген патриот жазушы еді деп санайды.

– Оның бір дәлелі Шерхан – Мәскеудегі гуманитарлық университетті (МГУ) бітірген журналист. Бірақ ол әдебиетке қосқан керемет туындыларын қазақша жазды. Қырғыз халқы бұл ерлігін үлгі тұтты. Өйткені әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов туған тілінде емес, орысша жазған болатын.

Бірақ атақты шығармаларының ішінде сынға ілікендері де болды. "Қызыл жебе" романында Тұрардың Сталинмен кездескен сәтіндегі оған "Шығыстың ханына салем" дегенде, "Грузиннің князіне салем" деп Тұрар жауап қайтармаған. Оны жанында тұрған Сұлтанбек Қожанов айтқан екен. Рысқұлов өмірін зерттеушілер соны алға тартқан уақытта Шерхан Тұрардың халық алдында рөлін сомдау үшін пайдаланғанын мойындады. Алайда зерттеушілер біреудің сөзін басқа біреуге теліп жібергенін қатты сынға алған еді, – дейді Дандай Ысқақ.

Камал Смайылов екеуінің хаттары

– Ұлттық рухани әлемін терең түсінетін, ел болашағын айқын бағдарлайтын жазушы–публицистердің көш басында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен журналист-жазушы Камал Смайылов тұр. Олардың 2000-2002 жылдары "Егемен Қазақстан басылымында жарияланған "Хаттары" (кейіннен "Елім, саған айтам, Ел басы, сен де тыңда" деген атпен жинақ боп шыққан) арқылы қоғамдағы мәселені ашық жазып, халықтың әлеуметтік жағдайын көрсетуге тырысты. Қоғамдағы өткір мәселерді талқылап, елдегі проблеманың түбірін қазып, шешіміне жол сілтеді, – дейді Дандай Ысқақ.

Соқа болмаса, трактор не бітіреді?

Тәуелсіздік алған жылдары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза екеуінің жазған хатына кейін Көпен Әмірбек пародия жазады. Сол пародияны Камал Смайылов оқып, ренжіпті.

Бастауы былай екен:

– Елім, саған айтам,

Елбасы, сен де тында.

Камал дос, сен де құлақ түр,

Себебі, сен – соқа,

Ал мен – трактор, – деп Көпен Әмірбек Шерхан Мұртазаның атынан жазады. Соған Камал ағамыз: "Мені соқаға, Шерханды тракторға теңепсің. Мен оған келісе алмаймын!" – деп кейіпті Көпенге. Біразға дейін өкпелеп жүріпті. Кәмекесінің көңілін жаза алмаған Шерағаң бір жолыққанында Смайыловқа: "Кәмеке, жердің бәрін жыртатын соқа. Жердің шырайын кіргізіп, егін де егетін, құнарлы топырақтың құнын келтіріп, баптайтын да, сақтайтын да – соқа. Сізді соқаға дұрыс теңеп тұр. Соқасы болмаса, трактор айдалада бір өзі не бітіреді?!" – деп тауып кетіпті.

Жазушы драматургия саласынан да құралақан еместігін көрсетті

Жазушы Нұрдаулет Ақыш Шерхан Мұртаза проза саласында ғана емес, драматургияда да талантын танытты дейді.

– "Бесеудің хаты", "Сталинге хат", "Домалақ ана" пьесаларының авторы ретінде танымал болды. Бірақ одан кейін драматургия саласына бет бұрған жоқ. Шерағаның артықшылығы, тарихи деректермен шектеліп қалмай, оны оқырманға көркемдеп ұсынатын. "Ай мен Айша " барлық шығармаларынан жоғары. Өйткені қоғамның келбетін, өмір шындығын әсерлі суреттеген.

Газетте әлеуметтік салаға басымдық берген

– Мен ол кісіні "Қара маржан" шығармасы арқылы танимын. Уақыт өте келе журналистика саласында бірге төрт жыл қызмет жасадым. Ол кісі Қазақ әдебиеті газетіне келгенде көптеген реформалар жасады. Соның алдымен кадр мәселесінен бастады. Бұл 1980 жыл болатын. Редакцияда кейбір қызметкерлерді жұмыстан шығарды. Санаулы адамдардың ішінде мен де қалдым. Өзіне қандай талап қойса, қарамағындағыларға сондай талап қоя білетін басшының арқасында газетте халықтың көкейіндегі мәселелер жақсы көтерілді. Әлеуметтік саланы талқылайтын арнайы бөлім ашты. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын журналистерге көмегін аяған емес. Мен сол кісінің арқасында екі бөлмелі пәтер алдым. Ал ол кезде пәтерге қол жеткізу өте қиын еді.

Шераға ашуланған кезде қабағы түйіліп, қастары қосылып, көзі бақырайып кететін. Бәрі сол кезде қатты қорқатын. Шерағаның қолдауымен "Нағыз әже қайда?" деген әңгімем сыннан өттіп, оқулыққа енді, – деді Нұрдәулет Ақыш.


Шераға ұлт мәселесін жиі көтерген / Фото ult.kz

Кітапқа құрмет

– Шераға ауылдық жердегі кітапханаларды кітаппен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Кітап таратуға қамқорлық жасау, өнер мен мәдениетті көтеру туралы ашық хат дайындап, бірқатар зиялы қауым өкілдерінің қолын қойдырту үшін барып жолығып, сұхбатасқан кездерім болды. Олардың қатарында Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мүстафин, Ермек Серкебаев бар еді. Ол кісі үнемі ұлттың жайын, қазақ басылымдарын көбейту туралы мәселені көп айтатын, – деді Нұрдәулет Ақыш.

Бір топ қара құйын

Сексенінші жылдардың ортасында бір топ делегатпен бірге Шераға Францияға барыпты. Келіп "летучка" өткізіп жатса, Әлия Бөпежанова Францияға қызығушылық танытып: "Сапарларыңыз қалай болды? Француздар қандай екен?" – деп сұраған ғой. Сонда Шерағаң: "Француздар ашық-жарқын, жайдары, өте мәдениетті екен. Киген киімдері көбіне ашық түсті, әдемі. Метрода келе жатқанда байқасам, біздің елден барған делегация ылғи қара кәстөм-шалбардамыз. Мойнымызға сұрғылт не көкшіл, көңілсіздеу түсті галстуктер тағып, басымызға қара шляпа киіп алыппыз. Мәдениетті көрінудің бір белгісі қара кәстөм мен қара шляпа деп ойлайтын болуымыз керек. Бір топ қара құйын сияқты бардық. Француздар бізге үдірейіп қарады. "Бір топ қара құйын келіп кетті" деген шығар", – депті.

"Бір кем дүние". Мектептің тұғыртасы

Ұлттық кеңес жиналысында: Бiлiм тұжырымдамасын талқылау.

Президент резиденциясы.

Мен:

– "Байқоңыр қорлығы. Байқоңыр намысы деген ұғым туды. Унизительный и оскорбительный Байқоңыр. Байқоңырды өзiмiз игере алмайды екенбiз, тетiгiн, техникасын бiлмейдi екенбiз. Бұған бiлiмiмiз жетпейдi екен. Ендеше, несiне кекiрейемiз?!

Ауыл мектебi. Бастауыш мектеп. Тұғыртасы мықты болса, үй құламайды. Бастауыш мектепте тұғыртас жоқ. Бар бәле содан.

Бастауыш мектеп – уыз. Уыз орнына – көкшалап.

Мұғалiм қайыршы. Одан бедел бола ма? Қаржы жоқ дейдi.

Бюджет салықтан тұрады. Ал бюджетке мұнайдан мұнша, мыстан мұнша, хромнан, молибден, бокситтен мұнша түседi деген статья бар ма? Жоқ!

Қазақстан қайыршы болатындай сорлы емес. Оны сондай болуға мәжбүр еттi.

Ұлы ұрлық дәуiрi. Сөз бiттi",

Әбiш Кекiлбаев қолдады. "Байконурский синдром", – дедi. (6.08.1995 ж)

Бұл қай, қандай кем дүние?!

Жазушы артына өлмес мұра қалдырды

Ш.Мұртаза – "Қара маржан", "Қызыл Жебе", "Ай мен Айша" романдарының, "Интернат наны", "Белгісіз солдаттың баласы", "41 жылғы келіншек" әңгімелерінің, "Бесеудің хаты", "Сталинге хат" сияқты драмалық туындылардың авторы. "Қара маржан" романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Ш.Айтматовтың "Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет", "Боранды бекет", "Жан пида" шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Сонымен қатар әлем әдебиетінің классик жазушыларының шығармаларын аударған аудармашы. Ганс Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Мұстай Кәрімнің "Біздің үйдің қуанышы" повесін, Э.Эрскиннің "Марыкчан балалары" романын, Л.Лагиннің "Хоттабыч қарт" повесін қазақ тіліне тәржімалады.

Шерағаның берген тәлімі мектептегіден де жоғары

Қали Сарсембай Шерағаны бірнеше буынға ұстаз бола білген жазушы дейді.

– Шерхан Мұртаза қазақ әдебиетіне өлмес мұра қалдырды. Қазіргі жазушылар мен журналистердің Шерағаның шекпенінен шықпаса да оның шығармаларын үлгі тұтқаны жөн. Өйткені Шерхан Мұртазаның берген тәлім-тәрбиесі біз үшін үлкен университетке айналды. Біз тек журналистика университетін ғана емес, Шерхан Мұртаза атындағы университетті бітірдік, – дейді Қали Сарсембай.

Халық Шерағамен Әуезов атындағы академиялық драма театрда қоштасты

Алматыда қазанның 11-і күні Әуезов атындағы академиялық драма театрында халық жазушысы Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі өтті. Қоштасуға марқұмның туыстары, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, әкімдер мен министрлер, парламент депутаттары қатысты. Жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы президент Н.Назарбаевтың жазушының қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын оқып берді. Жиынға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, энергетика министрі Қанат Бозымбаев, мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйлеп, марқұмға қатысты естеліктерін айтты.


Халық Шерағасын соңғы сапарға шығарып салды / Фото informburo.kz

– Ұлт руханияты, баспасөзі қара жамылып, ауыр жағдайға душар болды. Мұндай азалы сөз халқына өлшеусіз еңбек сіңірген, елінің маңдайы мен таңдайына айналған тұлғалар өмірден озғанда айтылса керек-ті. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттің сыйлықтың лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері, аса көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза да сондай санаулы саңлақтың, тау тұлғаларымыздың бірі де бірегейі еді. Тұтас бір дәуірдің сөзі мен көзіндей, артына өшпестей жарқын із қалдырған, заманынан озып туған тұлғаның жатқан жері қашанда жарық, нұрлы болсын. Марқұмның жаны жаннатта,иманы жолдас болсын, – деді Бауыржан Байбек.

Марқұмды Алматыдағы Кеңсай зиратына жерледі.