Мұзарттар мен мұзбалақтар
2019 жылды тамыз айының ортасында біздің елдің үш жігіті тауда қалды. Шамасы, мәңгілікке. Тау қырғыздікі. Жай тау емес, шың. Мыналар – шыңға шыққыштар. Қалыптасқан атауы – альпинизм. Батыс Еуропа өз Альпісін бірқатар ұғымға сіңістіріп жіберген. "Альпі жайылымы" деген тіркес бар ғылымда. Қазақ оны "биік таудың төскейі" деп біледі.
Хош, әлгі үш альпинистің біреуі өкпесі қабынып көз жұмады. Бірер сайттан "өкпесі ісініп" дегенді көзіміз шалдық. Орысшадан аударған түрлері. Қазақ өкпеге қатысты "ісініп" емес, "қабынып" дейді. Ең болмаса Бұқар жырауды оқымаған бүгінгінің тілшісіне не дерсің! Абылай ханға "өкпеңменен қабынба, өтіңменен жарылма" дегенде жырау бабамыз қазіргі журналистер сияқты өз қалтасынан жаңа сөз шығармаған, ежелгі де ұғынықты сөздері қиыстырып айта қойған.
Одан қалған екеуін құтқару ісі басталды. Қазақ-қырғыздың тиісті органдары бірлесе қимылдап жатқанда альпинистерге қатысты бірқатар жәйттер есімізге түсті.
1993 жылы Шерхан Мұртаза басқарып, Ержұман Смайыл бар тірлігін тындыратын "Егемен Қазақстан" газетінің Ақпарат бөлімінің меңгерушісі едік. Ел жаңа, арман биік, талап жоғары, жұмыс бастан асады. Алматы қайнап жатыр. Шетелдермен байланыс, шекара, армия, қаржы, ұлттық мүдде, тіл, кәсіпкерлік, жекешелендіру, экология, спорт – не керек, тақырып жеткілікті. Аймақтардың өзі аптасына үш реттен тікелей байланысқа шығып, жедел ақпараттарын жеткізеді. Иә, "тікелей байланыста – тілші" деген айдар ашқанбыз.
Сол жылдың тамыз айының басында нөмірге суыт хабар әзірледік. Валерий Хрищатый деген альпинисіміз Жеңіс шыңына шығамын деп опат болыпты. Бір өзі емес. Қасында отандас жолдасы және үш шетелдік болған көрінеді. Сол топтан тек бір ағылшын аман қалған. Дереу нөмірге әзірленген суыт хабарға "Мұзбалақтар құлайды мұзарттардан" деп тақырып қойдық. Марқұм Ержұман ағамыз тақырыпты мақтады.
Хрищатый – сол тұста шаңғышы Смирнов сияқты жаңа мемлекеттің мәртебесін асырғанның бірі. Осы екеуіне риза болатынымыз: Кеңес Одағы құлаған соң Ресейге кетіп қалмай, Қазақстанның командасында сайысқа түсті. Смирнов сол 1993 жылы ақпанда Швецияның Фалун қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстанның туын үш мәрте көтерткен. Келер жылғы Қысқы Олимпиадада Қазақстан сапында жарысқа шығарын мәлімдеген. "Бәрекелді" деп жүрдік.
Валера болса, 1992 жылы Эвереске көтерілді. Соның арқасында спортшылары әлемнің ең биік шыңын бағындырған мемлекеттердің тізіміне Қазақстан да қосылған. Мына Жеңіс шыңына ойнап жүріп шығатын. Мәселен, қыстың көзі қырауда көтерілген. Енді, ажалды қарасаңызшы.
Бұлар Жеңіс шыңы мен оған иықтасқан Чапаев шыңы арасында 5200 метр биікте дем алуға тоқтағанда Илья деген серіктері алқынып, кейіндеп қалыпты. Валера соның қоржынын көтеріп көмектесуге 50 метрдей төмендегі сайға қайта түседі. "50 метр төмен" деген 50 метр жер емес, кемі бір шақырымдық еңіс болуы керек.
Осы кезде Чапаев шыңынан мұз бен қар араласқан алапат көшкін сырғиды. Үш шетелдікке "қырға қарай қашыңдар" деп дауыстаған Валера серігін құтқаруға асығады. Биіктен төмен жосыған көшкіннің жылдамдығы сұмдық емес пе, бұлар ештеңеге үлгермеген. Бес адамдық топтан Пол Поттер деген ағылшын ғана тірі шығыпты. Біреуінің денесі табылған. Валерий Хрищатыйдың, Илья Иодестің және Патрик Уэсттің денелері мәңгілік мұздақ астында қалды.
Бірнеше сағаттан соң, басқа лагерьдегі альпинистер көмекке жетеді. Ені 300 метр, тереңдігі 15 метр, ал ұзындығы бірнеше шақырымға созылған қар мен мұз көшкіні астынан кімді қайдан табарсың? Мынау ғаламдық жылыну әсерінен Алатаудың төбесіндегі мәңгі мұздар кішірейіп келеді. Кім білсін, Жеңіс мен Чапаев шыңдары арасындағы мұздақ ерісе, марқұмдардың мәйіті көрініп те қалар.
Хрищатыйды, одан басқа Эверестке көтерілген алматылықтар Ерванд Ильинский мен Юрий Голодовты кезінде Сырым Күдерин деген қазақ алғаш альпинизмге баулыды. Жиырма жасында сол Сырым атақты Абалаков экспедициясы құрамында Жеңіс шыңына аттанған. Қасында Орал Үсенов, Сембай Мұсаев сынды альпинистер болыпты. Сырымның өзі Кавказда жартаспен қоса шыңырауға құлаған. Ол оқиғадан кеңестің алты альпинисі қаза тауып еді.
Талабы асқандар мен табаны тайғандар
Тау атаулының биігі – Гималай. Қазақтар орыс пен қытайға бағынбаған кезінде Бұланай десе керек. Одан өткен ғасырдың ортасында бір қауым ел атпен асып, Кашмирге жеткен. Кашмир жағына біз де Гималайға көз салғанбыз. Атпен асты деу мүмкін емес. Алдымен Елісхан бастаған батырлар мүмкін еместі мүмкін еткен. Қия құз бен жалтыр мұзға киіз төсеп, шығып кеткен. Марқұм Халифа Алтайдың "Естеліктерім" атты дастаны соған арналған.
Елісхан бастап жүрген бастығымыз,
Сіздерге, сірә, болмас қастығымыз.
Бастықпен тіл қатысып сөйлесілсе,
Аласыз анық жауап нақтылы сіз, – дейді Гималай асып енді басқа жұрттың шекарашыларымен қақтығысқанда батырдың қарамағындағылардің бірі үнді офицеріне.
Екінші жолы Гималайды Қалибек батыр бастаған тағы бірнеше ауыл 1951 жылы басып өтті. Ол туралы ағылшын тілінде сонау алпысыншы жылдары шыққан кітапты көргенбіз. Қазақшалағанда "Коммунизмнен атпен қашып құтылған қазақтар" деп аталады. Мұқабасында барыс ішік киген Қалибек батырдың ат үстіндегі суреті бар.
Биік тауда жүру адамға оңайға соқпайды. Мұнда ауа төмендегідей тығыз емес. Сондықтан оттегі жетпейді. Альпинистер оттегі толы тұмылдырық киеді. Соның өзінде тыныс алу жиілеп, бас айналады, көз қарауытады. Құлақ жаңғырып кетеді. Тамырда қанның ұйып қалу кәдік.
Асқардан еш тұмылдырықсыз асып өткен қазақтардың екі тобынан да шығын болды. Әсіресе жас балалардың көп өлгенін Халифа Алтай ақсақал да, Қалибек батырдың ұлы, "Азаттық" радиосы қазақ редакциясының негізін қалаушылардың бірі – Хасен Оралтай да жазған.
Гималайдың ең биігі Эверест пен басқа да 8 мың метрлік шыңдарға шығам дегендер жандарына жергілікті халық – шерпаларды ертіп алатыны белгілі. Әрине, ақысын төлейді. Шерпа – нағыз тау халқы. Бұрын қодас ұстайтын. Биік тау қойнауындағы алқаптарға жеміс ағашын егіп, егін салатын. Альпинистер көбейген кейінгі заманда шерпа атаулының негізгі кәсібі – әлгілерге серік болу. Жүктерін көтереді, қостарын тігеді, оттарын жағады. Жартас пен мұзға қада қағып, арқандарын байлайды. Сонда "шыңды бағындырды" деген атақ шеттен келген альпиниске бұйырмақ. Шерпаға бала-шағасын асырайтын нәпақа болса жетеді, олар үшін Эверест пен басқа да сегіз мың метрден биік асқарларға шыққан ешқандай мұрат емес.
Соның өзінде Непалдың Эверестке жақын ауылдарында тұратындар арасында атақты болғандар бар. Анг Рита деген шерпа он рет басқаларды сүйемелдеп Эверестің үстіне көтерілген. Бәрінде оттегі тұмылдырығына тұмсық тықпаған. Ками Рита деген біреуі әлемнің ең биік нүктесіне 24 рет шыққан. Армандап емес, шетелдіктердің шашбауын көтеріп, мұны "жүгін көтеріп" деген мағынада түсінерсіздер, істеген бұл ісі үшін Гиннестің рекордтар кітабына аты жазылыпты.
Бір ғажабы, шерпалар топ бастаушыны "сардар" дейді. Жалпы Пәкстанның Кашмир аймағында, оның орталығы Мұзафарабад қаласында "сардар" деген сөзді бірнеше рет құлағымыз шалды. Өз ортамызда соңғы рет "сардар" атанған Амангелді Иманов еді.
Хош. Негізгі арқанның арқауынан ауып барады екенбіз. Қазақтар Бұланайдан Қытай коммунистеріне бағынбау үшін асып өтсе, шерпалар Джомолунгмасына бала-шағасын асырау қамымен көтеріледі. Иә, олардың тілінде "Джомолунгма" – "өмірлік қуат сыйлайтын Құдіретті Ана" дегенді білдіреді. Эверест – осы тауды зерттеген ағылшын ғалымның аты. Тағы да әлгі еуропалықтардың тықпалауы.
Қазақтар мен шерпалар ертеңгі ұрпақтың амандығы жолында басын бәйгеге тіксе, басқалар мұнда атын шығару мен құмарын қандыру үшін арнайы келеді. Бірақ Эверестің етегіне бастап олар үшін де "өмір не өлім" деген тар жол, тайғақ кешу басталмақ. Әлем шатыры атанған тауға шығуға Непал үкіметінен рұқсат алудың өз он бір мың АҚШ доллары тұрады. Басқа шығын да шаш-етектен. Талайлар сол ақшаға айналып келгенде ажалын сатып алып жүр.
Былтыр, 2018 жылғы өрмелеу маусымы аяқталғанда бұған дейін ұзын-саны 293 адам қаза тапты деген мәлімет болған. Ал осы 2019 жылғы көктемде Эверестке шығу маусымы басталғанда 200-ден астам альпинист бірден келген. Жолға талас, төбелес болған. Тәуліктеп кезек күтудің соңы және 10 шыңға шыққыштың қаза табуымен тынды. Көбі күте-күте әлсіреген. Әлгі гипокциядан көз жұмған. Одан басқа тайып кету, арқан үзілу, төбеден тас құлау, үстіден көшкін басу, аязда үсу, аштан қату сияқты тағы ондаған қатер бар.
Табандары тайып опат болғандар тізімінде үш қазақстандық тұр: Зинур Халитов, Григорий Луняков және Мұрат Ғалиев. Бұл қаралы оқиға 1990 жылғы 6 қазанда болды. Оның жай-жапсарын да сол кездегі "Социалистік Қазақстан" газетіне жариялап едік.
1997 жылы Гималай тауларындағы көшкін астында көміліп өлгендер тізіміне ең атақты альпинисіміз Анатолий Букреев пен шыңға шығушыларды киноға түсіруге маманданған оператор Дмитрий Соболевті қосуға тура келді. Өз ажалынан бір жыл бұрын Букреев Эверестке шығамыз деп қатерге ұшыраған коммерциялық топтағылардың үшеуін өз басын бәйгеге тігіп құтқарды. Топтың басқа сегіз мүшесі қаза тапты. Сол ерлігі үшін Анатолийге АҚШ-тың Дэвид Соулс атындағы сыйлығы берілген. Өкінішті жері, оның өзін көшкіннен ешкім сақтай алмады.
Құрбанның көптігі ең биік тау төбесінен әлемге қарауға құмарлар легін азайта қоймайды. Біз студент болған жетпісінші жылдардың соңында енді танылған жас ақын Мұхтар Шахановта:
Қадалған көз таларлық,
Жігер отын жанар ғып,
Эверестке шыққандардың тізімі,
Саусақпенен санарлық, – деген өлең жолдары болды. Рас, өлең ары қарай альпинизмге еш қатыссыз, ежелгі Римде ұсталып қалған ғашықтардың өзін-өзі пышақтауы туралы.
Шаханов шабыттанған шақта әлем шатырының төбесіне көтерілгендер саны расында, саусақпен санарлық – КСРО ғарышкерлерінен де аз еді. Беріде бұл шыңды мыңға жуық адам бағындырды. Қаза тапқандардың саны үш жүзден асқанын ескергенде асқар тауға шыққысы келген асқақ арман жолында төрттің бірі мәңгілікке Гималайда қалады екен.
Ерлік көрсеткендер мен елеске ергендер
Шыңға шығудың жоғарыдағы қауіптерінен басқа тағы бір оқыс тұсы бар. Ол – елеске еру. Тегіс жерде адамды сағым ғана алдайды. Ал биік тау үстінде адамға түрлі нәрсе елестеуі мүмкін. Мұны "қатерлі аймақ" аталатын тұсқа аяқ басқандар бастан өткізеді. Әдетте "қатерлі аймақтың" бергі шегі теңіз деңгейінен 5 мың метрден басталады деседі.
Бір кезде Қысқы Олимпиада астанасы болған Инбург қаласының ғалымдары биік тау үстінде өткен 83 оқыс жағдайды тіркеп, анық-қанығын зерттеді. Соның 41-інде адамдар елеске ерген. Кейбіреулері әлдебір шақырған дауысты естиді. Кейбіреуі бұған дейін қаза тапқан досын көреді. Үшіншілерінің алдында әлдебір ғимарат пайда болады.
Бұл елесті қазақ әдебиетінде Оралхан Бөкей керемет суреттеп кеткен. Атақты "Қар қызы" хикаясында. Айтпақшы, сол хикаяда біздің қазіргі билікті қамшымен осқандай ететін бірнеше сөйлем бар еді-ау: "...Өкімет соңғы кезде әр баланың басына пособиені көбейтіп жақсы болды. Әсіресе ер-азаматтар жағы риза. "Шамаң келсе, таба бер,- дейді әйелдеріне. Сельсоветтен болмаса, совхоздан қайыр жоқ, таба бер..." Ал, обалы қане, ауыл әйелдері шамасынша-ақ босанып жатыр. Әр үйде 7-8 бала бар..." Үзіндінің соңы. Осылай жазған Оралхан ағамыздың "неге бала таба бересіңдер?" деп аналарды айыптаған қазіргі билікті көрмей кеткені де дұрыс болған-ау.
Хош, біз тағы басқа сорапқа түсіп кетіппіз, елеске оралайық. Жазушының хикаясынан іздеп отырған үзіндіміз мынандай:
"...Осы кезде ақ қозының жүнінен жасалған ақ отауға үстінде қып-қызыл кебіні бар Қар қызы кірді. Кірді де төр алдында қол-аяғын таңып тастағандай қор болып сұлай жатқан Нұржанның басын көтеріп: "Тұр, тұр, жігітім, таң атты, күн шықты" деді жалынып. Нұржан өз басын көтеруге қанша әрекет жасаса да, тас байлап тастағандай, қозғалта алмады: "Сен кімсің? Әлде періште, әлде адам..." деді ернін зорға қимылдатып. Қар қызы: "Қар қызымын..." Нұржан әлі маужырап жатыр: "Қар қызы... Мынау сұп-суық өлкеде сыңсытып ән салатын ару сен екенсің ғой". Қар қызы: "Иә, менмін"..." Үзіндінің соңы.
Биік тау, қысқы аяз. Екінші тәулікке созылған аштық. Үш себеп қосыла келе Нұржан көретін елеске кәдімгі үштаған тұғыр болмақ. "Қар қызын" көркем шығарма десек, өмірде нақты болған оқиғаны былтырғы сапарымызда Франциядан естідік.
Осы елдің Элизабет Револь атты альпинисі Гималайдың биіктігі 8 мың метрден астатын бір шыңы Нангапарбатқа Пәкстан аумағы арқылы шықпақ болған. 2018 жылдың 25 қаңтарында қасында поляк Томаш Мацкевич бар, екеуі мақсаттарына жетеді. Бірақ шың басында еркектің көзі қарауытып, одан мүлде көрмей қалады. Ертесінде аузынан қанды көбік аққан Томаш өледі. Құтқарушылар Элизабетке 6 мың метрлік деңгейде күтіп тұрғандарын, ары қарай бару мүмкін еместігін хабарлайды. Олардан 800 метр жоғарыдағы әйел екінші түн аязда қар қуысына түнейді.
Өз айтуына қарағанда, сол түні көзіне құтқарушылар елестейді. "Бізге аяқ киіміңді берсең, саған ыстық шай береміз" дейді. Әйел аяғындағы қалың етігін шешіп, лақтырып жіберіпті.
Таң ата оны мотордың гүрілі оятқан. Шын құтқарушылардың тікұшағы 6300 метр деңгейдегі аядай қыр үстіне қоныпты. Оған дейін 500 метрлік төменге түсуі керек. Бір аяғындағы тауға арналған етігін түнде елеске еріп төменге лақтырып жіберген Элизабет жалтырап жатқан мұздақ пен жалама жартастардан жанын жалдап өтіп, өлдім дегенге тікұшақ алдына құлайды.
Осы оқиғаны тыңдап отырғанда ойымызға тағы да Оралханның "Қар қызы" оралды. Алыс тауда жалғыз отырған Қоңқайдың тракторшы Нұржанға "пимаң жаңа екен, шешіп бер" деп мылтық кезейтін сәті бар емес пе!
Тағы қосарымыз биік тау үстінде дауыс естілгенде көп адам кері жаққа жүгіреді. Бұл да – елестің көп тараған түрі. Осы туралы түсірілген фильм болған. Бозбала шағымызда көрген едік, енді аты есте жоқ. Бірақ ондағы кейіпкердің жан дауысы шыққан досын құтқарамын деп кері бағытқа жүгерген сәті есте. Альпинистер өмірінде мұның бірнеше мысалы бар екен. Оны теріп жазуға мақаланың көлемі көтермейді.
Жалғыз айтарымыз, біздің Валерий Хрищатый елес дауысқа ермеген. Артта қалған досына көмекке жүгірген. Сосын тау басынан алып көшкін сырғығанын көріп ағылшындарға "қырға қарай қашыңдар" деп айқайлап үлгерген. Демек, елеспен емес, ерлікпен қаза тапқан!
Ал 2019 жылғы тамыз айының ортасында сол тауларда құтқару күткен үш альпинистің бастан нені кешкені кейін анықтала жатар. Әзірге олардың тағдыры біздің тауға табынушылар мен тауды табындырушылар туралы мына әңгімемізге кілт қана болды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5729
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2540
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2652
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2351
- 2
- 28
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2231
- 2
- 10
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2223
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2292
- 0
- 12
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2344
- 3
- 15
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2272
- 2
- 48
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2262
- 0
- 6