Байырғы мен бүгінгі
Татар елінің астанасында бірнеше күн түнегеніміз кәдімгі қонақ үй еді. Атын айта берейік. Жарнама жасау емес. Қалтамызға көк тиын салып берген жоқ. Бірақ, атының өзі біздің Алматы мен еліміздің астанасына үлгі, тәлім болар-ау.
Қонақ үйдің атауы – "Ноғай". Бұл патшалық һәм қазіргі Ресейдің астамшылық саясатының салдарынан жоғалуға шақ тұрған ноғай халқына деген құрметті білдіреді. Ноғайдың тағдыры аянышты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында осы тақырыпты қаузап, арнайы Ресейдің Ставрополь өлкесіне барып, "Он сан ноғай, ол қайда?" атты мақала жазғанбыз. Бір мақаламыз тұрған ноғай халқының Ресей басшыларына шырылдап жазған жүздеген хаттарынан нәтиже шықпады. Бұл халықта ең болмаса автономиялық аудан жоқ. Автономия болмағандықтан ана тіліндегі мектеп те, баспасөз де, өнер ордалары да жоқ. Тұтас ұлттың тоз-тозы шықты.
Сол байырғы халықтың жоғын жоқтаған татарлар Қазан қаласындағы сәулетті де талапқа сай қонақ үйге "Ноғай" атын беріпті. Түсініктемесіне "ноғайлар осында келіп сауда жасаған, мыңғыртып мал баққан, қаншама тапқыр жаңалықтармен әлемге танылған" деп жазып қойған.
Негізі, терең тамырларға үңілсек, ноғай – татардан қазаққа жақын халық еді. Бірақ біздің елімізден ноғай атына қатысты ештеңе таппайсыз. Алматы мен еліміздің астанасын айтпағанда ноғай даласына іргелес Орал, Атырау, Ақтөбе қалаларынан оның атымен аталатын бір мейманхана немесе мейрамхана көрсеңіз, кәне. Көне жырлардың ортақтығын, мақал мен мәтелдің бірдей екенін айтатын тарихшы, тілші ғалымдардан басқа ешкімнің аузына ноғай аты орала қоймас. Есесіне бізде түркі жұртына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ағылшынша атаулар жыртылып айрылады.
Ендеше байырғы бауырлас халықтың атын әспеттеп, бүгінге жеткізген татар бауырлардан айналдық.
Ескі мен жаңа
Бұл қонақ үй бір-біріне жапсарлас екі бөліктен тұрады. Әр қабаты өзара дәліздермен жалғасқан. Екі жағынан да кіріп-шыға аласыз. Бірінен қаланың Мәскеудегі Арбат сияқты жаяуларға арналған кең көшесіне шығуға болады. Жаңа бөлігі келесі дөң жақ беттегі автокөліктер тынымсыз заулап жатқан көшесіне қарайды.
Ескі мен жаңаны үйлестіру тек архитектура жағынан көрініс таппаған. Қонақ үйдің өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында салынған бөлігінің әр қабатында арнайы мүйіс бар. Олар ғимараттың бір кезде Баспасөз үйі болғандығынан хабардар етеді.
Төрт қабаттағы кең холдарда баспалдақтың екі жағындағы қабырға толы суреттер мен құжаттар. Жәдігер заттар. Бүгінгі мейманхана кезінде Татар АССР-інің Баспасөз үйі болыпты. Соның алғашқы құрылысынан бастап таныса бересіз. Жоқ, жиырмасыншы ғасырдағы Баспасөз үйінің құрылысы деген не, татар жеріне алғаш араб жазу пайда болғаннан бергі уақыттың кітапқа, газет-журналға қатысты деректері жинақталыпты.
Бұл ғимаратқа салынып біткен бойда автономиялық республиканың Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитеті қоныстанған. Онымен қатар Татарстан кітап баспасы отырған. Көп жыл Татарстан Жазушылар одағы да осы үйдің бір бөлігін құтты мекен еткен. Қаламгерлер ұйымын 1939 жылғы 25 сәуірден Мұса Жәлил басқарғанын қабырғадағы тақталардың бірінен оқып білдік. Мүйізі қарағайдай бұл мекемелерді азсынсаңыз, 1935 жылдан өз жұмысын бастаған Ғабдолла Тоқай атындағы шығармашылық клуб мүшелері бас қосу үшін мына табылдырақтан аттаған.
Беріде республиканың Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жаңа мекенге көшеді. Жазушылар одағы да уақыт талабына сай қоныс ауыстырды. Мына тоза бастаған ескі ғимаратты сол кезде бір фирма сатып алып, қонақ үйге айналдырған. Жапсарлас жаңа бөлігін салған. Бірақ, тарихты күреп тастамаған. Мейманхананың кезінде Баспасөз үйі болған жағының әрбір қабатына жазу ісінің шежіресін жасап қойған.
Ал бізде ше? Кезінде қаншама журналистер отырған, бүкіл қазақ тілді басылымдардың құтты ордасы болған М.Горький, қазіргі Жібек жолы көшесіндегі нөмірі 50 үйдің ішін аралап шығыңыз. Бұл қазір бизнес орталығына айналған. Сауда компаниялары, дүкендер, адвокат кеңселері, туристік және билет сататын агенттіктер, тағы басқасы толып отыр. Бірақ, мұнда Сапар Байжанов пен Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұлов, Қалтай Мұхамеджанов пен Камал Смайылов және басқа ұлт қаймақтары еңбек еткендері туралы бір белгі тапсаңыз мұрнымызды кесіп берейік.
Кезінде "жерді сатуға болмайды" деп шырылдаған Балғабек ағамыз білдей редакторы болған "Социалистік Қазақстанның" бір данасын ғимарат ішіне бедерлеп қою ешкімнің есіне келмеген. Тәуелсіздіктің елең-алаңында "Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда" деп қоңыраулатқан Шерхан мен Камалдың қатар отырған суретін ілсе, қабырға қисайып қалмайтын шығар?!
"Рухани жаңғыру" деп мұрнына су жетпей жүріп, нағыз рухани жаңғыру қалай істелерін білмейтін атқамінерлерді аяйсың осындайда.
Иә, татар жерінде біздегі "рухани жаңғыру" сияқты асқақ ұран естімедік. Көшеден ондай сансыз билборд көрмедік. Есесіне дабыра қылмастан қонақ үйді тамырлас, тағдырлас халық атымен "Ноғай" атаған. Қонақ үйдің әр қабатынан шағын тарихи мүйіс ашқан.
Бір тұсынан сонау 1909 жылы шығып тұрған араб харпіндегі "Ел-ислах" газетін көргенде, біздің "Қазақ" пен "Айқап" неге осылай өз тұрғындарымызды айтпағанда шеттен келген қонақтардың көз алдында тұрмайды деп, "ай, қап" деп сан соққанбыз.
Ағаш пен темір
Сонымен, татар халқының жазу мұраларыман қонақ үйдің ішінде жүріп-ақ, танысып алдық. Міне, мынау – Сақып-Герей ханның Шейх-Ахмед пен оның туыстарына жолдаған Жарлығы. 1523 жылғы құжат көрінеді. Ал мұндай Жарлық қалай жазылады? Қасындағы көне жәдігерлер соған жауап береді.
Атам заманда билеушілердің жазу құралдарын атқосшылары өздерімен бірге алып жүрген. Мынау сол уақыттағы ұшталған қуыс қурай. Қуысына сия құйып жазатын. Сияның өзін күміс сиясауытта сақтаған. Жолда шайқалып төгілмес үшін оның қақпағы болған. Мұны аз десеңіз, қалам мен сиясауытты салатын арнайы қорамсақ болған. Оны былғарыдан тігіпті.
Беріде одан гөрі жетілген жазу құралдары да бір қабаттағы бұрышқа қойылыпты. Бұл экспозиция татардың айтулы ақын, ағартушысы Ғабдолла Тоқайға және оның атындағы әдеби клубқа арналыпты.
Екі дәуіт, яғни сиясауытты біріктірген құралды, ұшында темір қаламұшы бар қаламды көрік. Мұндай қаламмен біз сегізжылдық мектепте оқып жүргенде жазғанбыз. Әріректе қырлы стакан тұр. Стакан мен оның сыртында темір құрсау пойызда жүрген студенттік жылдарды еске салды. Жолсеріктер қалтамыздағы аз-маз тиынды қағып алып, сонымен шай беретін.
Келесі қабаттағы мүйістің татардың және бір жалынды ақыны Мұса Жәлелге арналуы заңды.
Мұнда ақынның жазушылар одағы төрағасы болған 1939 бен 1941 жылдар арасында жұмыс істеген үстелі қойылыпты. Үстінде электр шамы, ақ шыны графин, қара телефон мен жазу мәшеңкесі тұр. Ашылған кітап. Өлең жазатын парақтар. Иесі қазір келіп:
"Мен жанбасам лапылдап,Сен жаңбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ" дейтін жырын жалғастырып жазардай.
Тағы бір бұрышқа үлкен станок қойылыпты. Кеңес кезіндегі полигирафиядан хабарымыз бар емес пе, жазбай таныдық – кітапты осындай станокпен түптейтін. Жібіне дейін дайын, токқа қоссаң қазір жұмыс істеп кететін сияқты.
Әйнек астындағы сөрелерге "Азат қатын", "Совет әдебиеті" журналдарының сандары қойылған. Татардың бас газеті де біздің "Егемен Қазақстан" сияқты биліктің пәрменіне орай атын бірнеше өзгерткенін білдік.
"Қызыл Татарстан", "Социалистік Татарстан" сынды атаулармен шыққан нөмірлерін көрдік. Иә, ол үшін кітапхана, архив немесе газет-журнал редакциясына барудың қажеті жоқ екен. Бар болғаны "Ноғай" қонақ үйіне түнейтін болсаңыз, жетеді. "Азат қатын", "Совет әдебиеті" журналдарының сандарын да табасыз.
Арабша, латынша, сосын орыс харпімен жазылған кітаптар да баршылық. Бір тұста 1939 жылы 5 мамырда Татар АССР-і Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен татар жазуы латыннан кирилицаға көшірілгені туралы ақпарат берілген. Енді бір жерде "Қызыл Татарстан" газеті редакторының соғыс басталуына байланысты бұйрығы тұр. Осы және басқа басылымдардың редакторлары мен тілшілерінің қызметтік куәліктері сақталған.
Тағы армандадық. Алматыда қазір "Квартал" бизнес орталығы болып кеткен бұрынғы Баспасөз үйінде талай жұрт арызын айтуға іздеп келетін Нүри Мүфтах, Тоқтарбек Шәріпжанов сынды біртуар фельетоншылардың тілші куәліктері тұрса, шіркін. Бірі "Социалистік Қазақстан" мен оның аты өзгерген жалғасы "Егемен Қазақстан" газетінің, екіншісі "Ара" журналының атағын аспандатып еді-ау!
Әр тұсқа фотолармен бірге майлы бояумен салынған картиналар ілінген екен. Сонау Сүйінбикеден бастап ғұлама молдалардың суреттерін тамашалайсыз. Бір тұста Ғабдолла Тоқайдың ниеттес-әріптестерімен отырған картинасын көрдік.
Сонымен төрт қабат қонақ үйдегі құжаттар, фотолар, картиналар, жазу құралдары мен баспа станоктарына дейін қамтылған мүйістерді аралап, туыстас татар жұртының баспасөз саласындағы барлық тарихына қанығып шықтық. Тоқаймен тоқайластық, Жәлилмен жүздестік.
Әттең, бәрін аралап боғанда іште бір өкініш кетті. Оның Қазақстанда дәл осындай арғы тарихты мансұқ етпеген, қайта құрметтеген қонақ үй мен офис жоқтығынан туғаны түсінікті.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🟢 Роза Рымбаева и другие: алматинцев приглашают отметить 100-летие Сагадата Нурмагамбетова
- 5096
- 7
- 25
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 22 ноября
- 2597
- 0
- 3
-
3🚗⚡Специалистов по эксплуатации электромобилей будут готовить в Астане
- 2575
- 0
- 14
-
4В США Национальную книжную премию получил Персиваль Эверетт, переписавший "Приключения Гекльберри Финна". Объясняем, зачем он это сделал
- 2504
- 0
- 21
-
5✈️ Авиакомпанию Air Astana оштрафовали на 1,8 млн тенге за задержку рейса
- 2405
- 6
- 26
-
6👀 Кто вы в отношениях – жертва или абьюзер? Особенности поведения, на которые стоит обратить внимание
- 2511
- 0
- 20
-
7🚗‼️ Пьяный водитель влетел в яму в Актау, машина перевернулась
- 2442
- 1
- 14
-
8🍿 Фильм "Нам нужен доктор" откроет XVII Международный кинофестиваль "Евразия" в Алматы
- 2328
- 0
- 6
-
9🇰🇿🇷🇺 Слёт волонтёрских организаций Казахстана и России провели в Алматы
- 1963
- 10
- 67
-
10⛅️ Прогноз погоды на 24 ноября: облачная погода без осадков сохранится на большей части Казахстана
- 1977
- 1
- 1