Мұнайға тәуелділік. Brent бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?
Мұнай бағасына тәуелділік Қазақстан Үкіметін ауық-ауық бюджетін қайта қарап, түзету енгізуге мәжбүр етеді. Қазіргі таңда республикалық бюджетті сауықтыру үшін жыл сайын 7-8 млрд доллар қаражат Ұлттық қордан бөлінеді. 9-наурызда мұнай бағасының құлдырауы Ұлттық қорға бұдан бөлек тағы да қол салуға мәжбүрлей ме? Үкімет бұл дағдарыстан қалай шығуды жоспарлап отыр? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап береді.
"Қара дүйсенбі"
Мәселе түсінікті болуы үшін алдымен кешелі бері әлемде және Қазақстанда болып жатқан жағдайға қысқаша түсініктеме бере кетейік.
Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы: бүгіні мен болашағы. Қазақстан экономикасының ұлттық моделі қандай?Коронавирустің күрт және жаппай таралуы әлемде өнеркәсіп өндірісін шектеді де, тиісінше мұнай өнімдеріне деген қажеттілік те төмендеді. Осыған орай және өзге де бірнеше себепке (әлемдік экономикадағы және қор нарығындағы дағдарыс) байланысты ОПЕК+ (мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы) аясында Сауд Арабиясы мен Ресей мұнай өндіру көлемін азайту жөнінде бір келісімге келе алмады.
Сауд Арабиясы мұнай өндірісін сәуірден бастап тәулігіне 9,7 миллионнан 10-11 млн баррельге жеткізетінін мәлімдеді.
Дәл осыдан кейін, 9 наурызда Brent маркалы мұнай бағасы 30 пайызға төмендеп, баррелі 31 долларға бағаланды. Осы үшін де бұл күн әлемде "қара дүйсенбі" деген атқа ие болды.
Оқи отырыңыз: Баламалы энергия дәуірінде Қазақстанды мұнай экспорты құтқармайды
Brent бағасының төмендеуі лезде мұнай өндіруші елдердің экономикасына әсер етті. Қазақстан да қалыс қалмады. 9 наурыздың мереке күні болуына орай, ресми валюта курсының белгіленбеуіне байланысты ақша айырбастау пункттерінде доллар бағамы 400 теңгеге бір-ақ жуықтады.
Мемлекет басшысы елдегі экономикалық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау. Бұл үшін Шұғыл әрекет ету штабы құрылып, оған Премьер-министр басшылық ететін болды.
Көп ұзамай Үкімет пен Ұлттық банк мұнайдың әлемдік нарығындағы жағдай және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы бірлескен үндеу жасады.
ОПЕК+ мұнайдың негізгі экспорттаушы елдері арасындағы мұнай өндіруді шектеу жөніндегі келіспеушіліктер мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуіне алып келді. Бүгін, 2020 жылғы 9 наурызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықтарда 30%-дан астам төмендеумен, барреліне $31-33 көлемінде саудалануда.
Осы жағдайға байланысты Үкімет пен Ұлттық банк жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басымдықтары макроэкономикалық тұрақтылықты және салық-бюджет саясатының тиімділігін қамтамасыз ету, инфляциялық процестерді басқару және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болып қалатынын мәлімдейді.
Сыртқы нарықтардағы қалыптасқан ахуалға және оның Қазақстан экономикасына әсер етуіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қажетті шешімдерді жедел қабылдау және оларды жүзеге асыру үшін Премьер-Министрдің басшылығымен Штаб құрылды.
Үкіметтің бюджет саясатының шаралары әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға бағытталатын болады. Басым емес бюджет шығындарын қысқарту шаралары қабылданады.
Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуін болдырмауға ерекше назар аударатын болады.
Қызметкерлердің санын қысқартуға жол бермеуді және еңбекақыны уақытылы төлеуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі.
Өз мандаты аясында Ұлттық банктің тиісті ресурстары бар және базалық мөлшерлемені арттыру және адекватты бағамдық саясатты жүргізу арқылы монетарлық саясатты қатаңдату жолымен бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қажетті қадамдарды қабылдайтын болады. Аталған шаралар инфляцияның жеделдеуін шектейді, ұлттық валюта бағамының шамадан тыс құбылмалылығына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті валюталық интервенциялар жүргізетін болады. Ұлттық банктің теңгенің айырбас бағамымен алып-сатарлық операцияларды болдырмау үшін алтын-валюта активтерінің жеткілікті көлемі, сондай-ақ реттеуіш құралдарды қоса алғанда, барлық қажетті құралдары бар.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау жөнінде шаралар қабылдайтын болады.
Үкімет пен Ұлттық Банк теріс салдарларды азайту және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстарға ие.
Оқи отырыңыз: 1998, 2008... Он жыл сайынғы дағдарыс 2018-де қайта айналып соға ма?
Бүгінгі жағдай қандай?
Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 36,75 долларға көтерілді. Қазақстан қор биржасының саудасында ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 393,5 теңге болды. Бұл 6 наурыздағы ресми валюта курсынан 11 теңгеге жоғары.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша кезектен тыс шешім қабылдап, 10 наурыздан бастап 12 пайыз етіп белгіледі (04.02.2020 ж. – 9,25%). Базалық мөлшерлеменің дәлізі – 10,5-13,5%).
Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берді:
- Әкімдіктерге – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша нарықтарда тауар интервенцияларын өткізу үшін тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету;
- "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ға, ұлттық басқарушы холдингтерге және Үкіметке есеп беретін басқа да ұйымдарға – валюта нарығындағы өз операцияларын Ұлттық банкпен келісу:
- Қаржы министрлігіне – мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде басым емес инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімін ауыстыра отырып, бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізу:
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне – уақытылы әлеуметтік төлемдерді толық көлемде қамтамасыз етуге және жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу, оның аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету.
"Біздің ортақ міндетіміз – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Әрекет етіп тұрған жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалатынын атап өткім келеді. Барлық зейнетақы мен жәрдемақы уақытылы әрі толық көлемде төленеді", – деді Асқар Мамин.
Сарапшылар не дейді?
"Хабар-24" телеарнасының "Рақым Ошақбаевпен дөңгелек үстел" бағдарламасында Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы басқарушы директоры Олжас Төлеуов пен Radius Advisory Lab компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов әлемдік мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан экономикасына қаншалықты ықпал ететініне талдау жасады.
"Макроэкономикалық тұрғыдан қарағанда бізге бір сәттік не қысқа мерзімде мұнай бағасының төмендегені маңызды емес. Бағаның белгілі бір орта мерзімде, мәселен, бір жылда қалай болатынына байланысты ғана баға беруге болады. Қазақстанның бюджеті 55 долларға есептеліп жасалса, қазір мұнай бағасы 35 долларға түсті. Егер одан әрі құлдырап, бір ай бойы 15-20 долларға түсетін болса, онда бұл экономикаға айрықша қауіп тудырады. Бұл жағдайда Ұлттық қордан ақша алып, экономиканы сауықтыруға тура келеді", – деді Тимур Әбілқасымов.
Оқи отырыңыз: "Мұнай инесінде" отырған елімізді не күтіп тұр?
Бұл орайда бүгін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкіметтің әзірге Ұлттық қордан қаражат алуды қарастырып отырмағанын мәлімдеді. Дегенмен, министр қолайсыз жағдай сақталатын болса, бұл қадамға бару мүмкіндігін жоққа шығармады:
"Ұлттық қорда қазіргі таңда 27 трлн теңге жиналған. Егер жыл сайын 2,7 трлн теңге алатын болсақ, бұл тым үлкен сома".
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы басқарушы директоры Олжас Төлеуов ұлттық қордағы қаражат мұнай бағасы қазіргі деңгейден көтерілмеген жағдайда 6-7 жылға ғана жететінін айтты.
"Біз мемлекеттік республикалық бюджет кірісінің бір бөлігін ұлттық қордың кепілдендірілген трансферті құрайтынын білеміз. Бұл – жыл сайын шамамен 7-8 млрд доллар. Егер мұнай бағасы бұдан да төмендеп, не дәл қазіргі төмен деңгейін сақтайтын болса, онда бюджет түсімі де азаяды. Оның орнын ұлттық қордан толтыруға тура келеді. Бұл шамамен жыл сайын 3-4 млрд доллар. Сәйкесінше, жыл сайын 8+3 млрд доллар бюджетті сауықтыруға жұмсалатын болса, ұлттық қордағы қаржы бізге 6-7 жылға ғана жетеді", – деді Олжас Төлеуов.
Оқи отырыңыз: Гиперинфляция: Қазақстан Венесуэланың тауқыметін тарта ма?
Девальвация қаупі бар ма?
Экономист журналист Сергей Домниннің пікірінше, мұнай бағасының құлдырауы уәде етілген жаңа экономикалық курсты қайта еске салды.
"Жаңа курс, меніңше – жолдаулар мен мемлекеттік бағдарламаларда айтылғанның 90 пайыз жалғасы және сапа көрсеткіштерінің тым болмағанда 50-70 пайыз орындалуы. Қазір Ұлттық қорда 61 млрд доллар қаржы бар. Бұл – 2013 жылғы наурыздағы және 2016 жылғы қарашадағы қаржы көлемімен бірдей. 2019 жылы Ұлттық қорға кіріс 10 млрд доллар болса, шығыс 8 млрд доллар құрады. Қазіргі жағдайда кірістер төмендеп, шығын арта түседі", – деді Сергей Домнин өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.
Олжас Төлеуовтің 9-наурызда айтқаны бойынша, баға курсы бойынша Ұлттық банктің алдында қазір екі нұсқа бар:
- Ұлттық банк курсты 385-390 деңгейінде ұстап тұрады. Оған қор мен ресурс жеткілікті. Бұл жағдайда теңге рубльге қарсы күшейе түседі;
- Ұлттық банк курсты еркін айналымға жібереді. Бұл – қалыпты тренд. Бұл жағдайда доллар теңгеге шаққанда 400 теңгенің айналасында болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қытайдың қажеттілігін экономикамызды өркендетуге пайдаланатын кез келді
10-наурызда Қазақстан қор биржасының саудасында ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 393,5 теңге болды.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгін ұлттық валютаның еркін айналымы жағдайында девальвация болмайтынын айтты.
"Біздің елде "баға дәлізі" жоқ, тиісінше девальвация болуы да мүмкін емес", – деген министр мұнай баррелінің бағасы 30 доллар болуы бюджетке қауіп төндірмейтінін жеткізді.
Бірінші Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, бюджет түзетіліп, нақтыланады.
"Мұнай бағасы өткен жылдары да 30 доллардан төмен түсті. Қазақстан бұл жағдайларда бюджетін жедел түзеп отырды. Біз қазір жылдың бірінші ширегінің қорытындысын күтіп отырмыз. Соған сәйкес дағдарысқа қарсы жоспарды жүзеге асырамыз", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Санкция кезіндегі текетіресте қазақтың мүддесі қалай қорғалмақ?
Мұнай бағасының құлдырауы ұзаққа созыла ма?
Экономист Олжас Төлеуовтің айтуынша, 18 наурызда өтетін ОПЕК+ техникалық комитетінің отырысында тараптар (Сауд Арабиясы мен Ресей) бір мәмілеге келіп қалуы мүмкін.
"Шыны керек, ортақ мәмілеге келмеу барлық тарап үшін де тиімсіз. Мәселен, Ресей Сауд Арабиясы үлкен тәукелге барып, баға саясатын жүргізеді деп ойламаса керек. Қалай болғанда да, екі тарап мәлімдеген батыл қадамдар 1 сәуірге дейін іске асырылмайды. Өйткені, ОПЕК+ келісімінің шартты мерзімі біткен жоқ. Техникалық отырыс кезінде бұл мәселе тағы да талқыланады деп сенемін. Ақылға қонатын, тараптардың бәріне тиімді шешім қабылданады деген ойдамын", – деді экономист.