Тікелей эфир

1998, 2008... Он жыл сайынғы дағдарыс 2018-де қайта айналып соға ма?

АҚШ пен Ресей арасындағы ақпараттық соғыс қаржы тақырыбына ойысты. "Bank of America Corp" өткен аптада қаржы дағдарысының келесі толқыны жақындап қалды деді.

Егер АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) базалық мөлшерлемені бірден көтеріп жіберсе, бұл АҚШ долларына тәуелді елдердегі дағдарысты жеделдетеді. Ал ол қалыпты жағдайда өтсе, нарық оған дайындалуға мүмкіндік алады.

Ресейдің Орталық банк өкілдері мұны жаңалық емес деп отыр. 4 шілдеде рейтинг агенттіктерінің бірі банк жүйесі экономикалық санкциялардың келесі толқынын сыр білдірмей, салқынқандылықпен қабылдайды деген қорытындысын жариялады. Ал қазақстандық сарапшылар мен Ұлттық банк "Bank of America Corp" таратқан ақпарат туралы әлі пікір білдірген жоқ. Себебі осыған дейін Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға тек жанама түрде ғана әсер ететінін Ұлттық банк те, Үкімет те талай айтқан.

Бірақ сол жанама әсердің қандай болатыны маңызды. Себебі біз Ресеймен ЕАЭО-та біргеміз. Ал Қазақстанның шикізат ресурсындағы компанияларға көрші елге салынған санкцияның әсері бізде басы ашық, талданған жоқ.

Ішкі нарық үшін Ресейдің уәдесінен АҚШ пен Батыс елдерінің инвестициясы артық

Себебі тек Орталық Азия емес, Ресейдің өзі де АҚШ-тың, Батыс елдерінің инвестициясына тәуелді. Орталық Азия елдерінің интеграциясына көбірек ден қойып жүрген елдердің бәрі "ЕАЭО маңына топтасайық" деген Ресейдің емес, батыс елдерінің ықпалына көбірек басымдық беруі әбден мүмкін.

ФРЖ пайыздық мөлшерлемені Ресейге қарсы қаржы дағдарысын жеделдету мақсатында көтеріп жатқан жоқ. Олардың өз мүддесі бар. ФРЖ базалық мөлшерлемесін көтермесе, АҚШ доллары құлдырайды. Көтерсе, жылдық инфляция болады. АҚШ үкіметі девальвациядан, инфляцияға басымдық беріп отыр. Негізі екеуінен де айығу мүмкін емес.

Қазақстан тәрізді мұнай-газға тәуелді дамушы елдердің нарығы жыл сайын қысқарып, жоғары технологиялық өнім шығарумен айналысатын компаниялардың акциялары қымбаттап барады. Мұндай жағдайда инвесторлар қайтарымы күмәнді жобаларды емес, болашағы мол компаниялардың акцияларын сатып алатыны белгілі.

Санкцияның қыспағынан сыр алдырған Ресейдің көңілі бұл жолы да күпті

Тіпті, Ресейлік қаржы омбудсмені Павел Медведев 4 шілдеде nation-news.ru журналисіне берген сұқбатында Ақ үй бұл жолы дағдарысты қолдан жасап, оған әлемді әдейі итермелеп отыр деп салды.

"Bank of America Corp" сарапшылары Ресейдің дефолты емес, бүкіләлемдік экономикалық дағдарысты айтып отыр. Ондай дағдарыс болса, біраз мемлекеттер сияқты біздің ел де оның зардабын сезетін болады. Ресейдің әлемдік нарыққа экспорттап отырған газ, қорғасын сияқты шикізат ресурстарының бағасы төмендеп кетті. Бұл бізге ауыр тиеді. Бірақ мен бұл болжамға сенбеймін" деген Павел Медведев жағдайдың түзелетініне үміттенетінін айтты.


Бұл фактор бізге қиын тиеді.Бірақ мен бұл болжамға сенбеймін, - дейді ресейлік қаржы омбудсмені дейді Павел Медведев

"Мен бұл болжамға сенбеймін" дейді ресейлік қаржы омбудсмені Павел Медведев / Фото Jpgazeta.ru сайтынан алынды


Павел Медведев АҚШ-тың соңғы уақыттағы саясаты рационалды емес дейді.

"АҚШ Президенті Дональд Трамптың бұл саясаты ұзаққа бармайды. Әлемдік қауымдастық мұндай өктемдікке жол бермейді деп үміттенемін. Ресейде де, Орталық Азия елдерінде де ешқандай дефолт болмайды. Жыл аяғына дейінгі болжам тек АҚШ-тың пайыздық мөлшерлемесіне ғана емес, көптеген басқа факторларға байланысты".

Дегенмен, 98-дегі дефолтты еске алса, әлі күнге дейін экономистер шырт ұйқыдан шошып оянады

Ал 1998, 2008 жылғы дағдарыстың салдары Орталық Азия елдері мен Ресей арқасына қатты батқанын әлі ешкім ұмытқан жоқ.


еке

Brent маркалы мұнай баррелінің 1987 жылдан бергі орташа айлық спот бағасы / wiki2.org сайтынан алынды


Соңғы кездегі дағдарыстың толқынын біреулер шексіздікті, енді біреулер сәтсіздікті білдіреді дейтін сегіз санымен байланыстырып (1998, 2008, 2018), оны болмай қоймайтын эволюциялық құбылысқа теңеп қойғандар да бар. Ал экономистер болса, экономиканың өз заңдылығы барын және сол заңдылыққа тәуелді екенін айтады. "Сол себепті әр 10 немесе 20 жыл сайын оның қайталанып отыруы да заңды құбылыс" деп сендіргісі келеді.

EG.RU агенттігінде Орталық Азия және Ресей тақырыбын жиі сараптайтын экономист Денис Овсиенко бізбен әңгімесінде 2008 жылғы дағдарыстың мүлдем басқа себептерден болғанын айтады. Ол себептердің ішінде экономикадағы проблема тудырып отырған көбік активтер бар. Банктерде құнды қағаздардың жинақталып қалғаны соншалықты, оның құнын анықтау мүмкін болмаған.

Осы тұста Ресейдің Жинақ банк қауіпті сейілту үшін активтерді сатып алып, несие берумен айналысатын қаржы ұйымдарын арзан несиемен қамтамасыз еткен. Осы мүмкіндікті қалт жібермеген АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі 4,5 трлн АҚШ долларына сатып алған құнды облигацияларды айналымға жіберген еді. Бұл қаржы бизнесті айналып өтіп, қор биржасына жетті де, көбікті шашып тастады.

Қырым тұрғанда Трамп қырын қарайды

– Қазақстанның да, Ресейдің де қаржылық жүйесінің өсімі және көрсеткіші жақсы. Қазақстанда үкімет барлық мүмкіндікті жұмылдырып жатыр деп айта алмаймын, бірақ экономикалық мүмкіндік іске қосылды. Дағдарыстың әсерін сеземіз. Бірақ 2008 жылғы дағдарысты қазіргі кезеңмен салыстыруға болмайды. ЕАЭО немесе әр мемлекеттердің ішкі мүмкіндігі арқылы дағдарыстың ықпалын әлсіретуге болады. Біз бірінші кезекте ішкі мүмкіндік, ШОБ-тың әлеуетіне назар аударуымыз кере", – дейді Денис Овсиенко.

Денис Овсиенко АҚШ пен РФ Президенттерінің кешегі кездесуінен көп үміт күткенін айтады. Трамптың Қырымға қатысты осыған дейінгі ұстанымы белгілі. Ал Ресей Президенті Путин кездесу қортындысы бойынша журналистерге Қырым мәселесінің жалпыхалықтық рефрендум арқылы шешілгенін және бұл тақырыптың жабық екенін айтты. Сол себепті Қырым тақырыбының кешегі кездесуде қозғалған-қозғалмағандығы әзірге жұмбақ. 2017 жылы Гам­бург­те G20, қараша айында Вьетнамдағы АТЭС саммитінен соң Путин мен Трамп кездескен жоқ.

Украинадағы жағдай әлі сол баяғы күйінде. Минск келісімі орындалған жоқ. Украинаның НАТО ұйымына кірмек болған ниетін Ресей құптамайды. Хельсинкидегі Трамп-Путин саммитінен соң CNN "Трамп – бұдан былай еркін әлемнің жетекшісі емес" деді. Жетекші республикашыл саясаткерлер де жаппай наразылық танытып жатыр.

"Демек, Ресей мен АҚШ және Батыс елдері арасындағы санкциялар текетіресі әлі жалғаса береді" – дейді Денис Овсиенко.

Әлемдік емес, АҚШ-тың ішкі дағдарысы дейтін экономистер бар

Қазақстандық сарапшы-қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, АҚШ-тың пайыздық мөлшерлемені жоғарылатуы немесе төмендетуі баяғыдай ойнамайды. Өйткені, бұрын бүкіләлемдік экономика заңдылығына АҚШ долларының ықпалы зор болса, қазір бұл көрсеткіш 47 пайызға дейін төмендеп кетті. АҚШ-тың нысанасына ілініп отырған Ресей Федерациясындағы құнды қағаздар мен облигациялардың 40 пайызы Еуромен сақталған. Бұл Ресей экономикасының АҚШ долларына тәуелділігі азайып барады дегенді білдіреді.

Ресей сарапшылары Дональд Трамп үлкен саясат пен экономикада өзін ковбой сияқты ұстай бастағанын айтады. Ол жалпыға бірдей қабылданған ережені бұзудан қысылмайды. Денис Овсиенко АҚШ Президентінің бизнесмен екенін және пиарды жақсы көретінін тағы бір еске салып өтті. Ол әлемдік дағдарыс қаупін максимальды деңгейге көтеру саясатын ұстанады. Соңғы сәтте тежеуішті басып қалу арқылы өзіне саяси ұпай жинауды көздейді. Оның саясаттығы стилі сондай..

– Дональд Трамп осы күнге дейін тәуекелге барған жоқ. Осы бетінен таймаса, әлемдік экономиканың жағдайы қиындап кетуі мүмкін, – дейді Денис Овсиенко.

Ілияс Исаев осы ретте әлемдік дағдарыс дегенді АҚШ-тың ішкі дағдарысы деп атау дұрыс екендігін ескертіп өтті. Себебі АҚШ-тың санкциялар соғысы тек Ресейге емес, сауда соғысы арқылы Қытайға қарай да ойыса бастады. Ал Қытай Шаңқай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) арқылы әлем елдерінің 70 пайызын өзіне қарай икемдеуге бағыт алды. ШЫҰ соңғы саммитінде ұйымға мүше елдердің де, бақылаушы елдердің де қатары артты. Бұл тенденция Қытай юанінің әлемдік валюта дәрежесіне көтеріліп, АҚШ долларымен текетіресетін кезін жақындатып келе жатыр.

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ саммитінде ұйымға мүше елдерді ұлттық валютамен есеп айырысу туралы мәселе көтерді. Бұл ұсыныс тек мүше мемлекеттердің ғана емес, бақылаушы мемлекеттердің де көңілінен шықты. Жапония, Германия тәрізді алпауыт елдер доллардың үстемдігіне мүдделі емес. Олар ұлттық валютамен есеп айырысуды әлдеқашан бастап кетті. Әлемдік қаржы балансындағы үлес салмағынан айырыла бастаған АҚШ пайыздық мөлшерлемені жоғарылату немесе сауда соғысын бастап, доллардың үстемдігін сақтау үшін жанталасып жатыр, – дейді Ілияс Исаев.

Біздің қалталыларға доллар ыстық

Ілияс Исаев Қазақстан тәрізді енді даму жолына түскен жас мемлекеттердің экспорттық-импорттық сауданы ұлттық валюта-своп жүйесімен жүргізуіне ешқандай кедергі жоқ екенін айтады. Экономистер сауда немесе төлем кезінде валюталар арасындағы айырмашылықты дәлме-дәл есептеп беретін паритет жобасын ойлап тапқан. Жапония мен Германия арасындағы төлем жүйесінде 2000 жылдардың басынан қолданыла бастапты. Мұндай жүйе, экономиканың АҚШ долларына деген тәуелділігін әлсіретуге апаратын жол екен.


Ілияс Исаев

Ілияс Исаев / Фото "Айқын" газетінен алынды


Бірақ, жан-жағымыздағы елдер құп алған бұл жобаға қатысты Қазақстан әзірге нақты шешімге келмепті. Қазақстандық қалталылардың доллар ықпалынан ажырауға асықпайтындығы кедергі болып тұр. Себебі экспорттық және импорттық сауда саттықта долларға басымдықтың берілуі олар үшін тиімді. Өйткені, олар доллардан басқа валютада экспорт не импорт жасай алмайды.

Халықаралық келісім бойынша әлемдегі кез келген сыртқы сауда процесі АҚШ долларымен жасалуы тиіс. Еуропалық қайта құру және даму банкінің базалық деректерінде еуроаймақтағы өндірістің құлдырауы өзінің төменгі шегіне жеткені келтірілген. Бұл қаржы нарығындағы либералды монетарлы саясат пен құнды қағаздар нарығының өсуінің арқасында біртіндеп жандану фазасына ауыса бастағанын көрсетеді.

– Ресей экономикасының басты макроэкономикалық көрсеткіштері, валюта және девальвация тәуекелдері төмендеді. Сондықтан, ШОБ-тың деңгейі мен экономиканың өсіміне ықпал ететін маңызды шешімдер ЕАЭО шеңберінде немесе Ресеймен бір мезгілде қабылданғаны дұрыс. Мысалы Ресейде салық саясатына қатысты біраз жаңалықтар бар. Бизнеске қатысты салық жеңілдетілді. Олар АҚШ немесе Батыс елдерінен келген дағдарысты сауатты қаржы жүйесімен емес, ШОБ-тың, ұлттық капиталдың әлеуетімен әлсіретуге ықпал етіп жатыр, – дейді Ілияс Исаев.

"Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде"

"Ресей банк" Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ксения Юдаева құны 200 млрд рублден асатын облигация сатылып, оны иеленгендер саны 34,5 пайыздан 31 пайызға дейін азайып кеткенін айтты. Бірақ, оның ойынша, бұл фактор елдің инвестициялық климатына әсер ете алмапты.

Ал "Emerging Portfolio Fund Research (EPFR)" сараптау орталығы мұндай қорытынды жасауға ерте деп отыр. Бұл жолы қауіп тек Ресейге емес, барлық дамушы елдерге төніп тұр. Ал "Emerging Portfolio Fund Research" бұл жолы Қытай мен Ресей нарығы ғана зардап шекпейтінін айтады.


«Ресей банк» Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ксения Юдаева құны 200 млрд рублден асатын облигация сатылып, бағалы қағаздар мен облигация иелерінің саны 34,5 пайыздан 31 пайызға дейін азайып кеткенін айтты

Ксения Юдаева / Фото ruskline.ru сайтынан алынды


Ресейлік қазіргі заманғы даму институтымен Қаржы және экономика бағыты бойынша жетекшісі Никита Масленников осы шілденің аяғы мен тамыздың басында дағдарыс туралы алып-қашпа болжам емес, нақты айтылады деді. Әлемдік экономиканың динамикасының өсетіні де, кері кететіні де сол кезде белгілі болады екен.

– Мен екі түрлі сценарийді көріп тұрмын. Егер АҚШ-тың Федералды жүйесі базалық мөлшерлемені бірден көтеріп жіберсе, бұл дағдарысты жеделдетеді. Ал ол қалыпты жағдайда өтсе, нарық оған дайындалуга мүмкіндік алады, – дейді Никита Масленников.

Никита Масленников сөз арасында доллардың күш алуына АҚШ-тың базалық мөлшерлемесінің жоғары болуы мен қымбат мұнайдың әсер ететінін айтады. Себебі әлемдегі мұнайдың барлығы АҚШ долларымен сатылады. Тек қара нарықты ескермегенде. Бірақ қара нарықтағы сауда статистикасын жасаған ешкім жоқ. Дамушы елдердегі инвестор бірден АҚШ-тың тұрақты активтеріне басымдық береді. Қазір АҚШ үшін базалық мөлшерлеменің деңгейі – қуатты қару.

– "Біз 2019 жылдың алғашқы тоқсаннын қандай жағдайда қабылдаймыз?" деген сұраққа "Осы күнге дейінгі болжам Ресей экономикалық қыспақтың құрсауында қалады" деп келді. Бірақ күні кеше АҚШ және РФ Президенттері кездескенде АҚШ Президенті Дональд Трамп жағдайды түзету мүмкіндігінің туып тұрғанын, бүгінге дейін оның болмағанын айтты, – дейді Никита Масленников.

"Әлем құбылмалылықты бастан кешіп жатыр. Оның жалғаса беруі заңдылық"

Бұл – қазақстандық сарапшы Мағбат Спановтың пікірі. Ең қорқынышты болжамдардың орындалып кеткенін сарапшылар айтып жатыр. Оның ендігі беталысы әлемдегі өзгерістермен байланысты. Ең басты фактор – Вашингтонның мұнай нарығындағы ықпалы мен АҚШ және Батыс елдерінің Ресейді тізе бүктіругісі келіп тұрғандығы. Бірақ, бұл жолғы дағдарыс сыртқы емес, ішкі факторға көбірек тәуелді.

– 2000 жылдары мұнайдан түскен табыс негізгі капиталды инвестициялауға емес, тұтыну нарығына жұмсалды. Содан кейінгі кемшілік біздің ЕАЭО-қа, Дүние жүзі сауда ұйымына мүше болуымызда. Біздің тауарларымыз екеуінде де бәсекеге қабілетті емес. Экономиканы әртараптандыруды тым кеш қолға алдық. Бағдарламаға бөлінген қаржыдан үлес алып қалғысы келетін адамдар көп болды, – дейді Мағбат Спанов.

Мағбат Спанов 2005 жылдардан бастап мемлекеттің бизнестегі үлесінің күрт артқанын еске түсірді. Үкімет мұны ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз деген ұранмен жүргізді. Нәтижесінде мемлекетте баға саясатына ықпал етіп отырған бірнеше монополист компаниялар пайда болды.

Экономист 2017 жылға дейін біздің елдің әлемнің де, мемлекетті басқарушылардың да дағдарысының қыспағында болып келгенімізді айтады. Сондықтан, бірінші кезекте ішкі дағдарыстың түйінін тарқатып алу маңызды. Оның әсері әлемдік нарыққа тәуелдігімізді күшейтті. Мұнайдың бағасы жоғары болса, экономиканы қаржыландыруға қаржы табылады. Ішкі жалпы өнім өседі. Қазақстан мұнай бағасынан өзіне тиесілі табысты алады.

– "Егер, мұнай бағасы өссе, жағдай түзеледі" деп үміттенудің қажеті жоқ, – дейді Мағбат Спанов.

Басқарушы менеджерлер Үкімет басына келмейінше, елдің дағдарысқа қарсы иммунитеті күшеймейді

Мағбат Спановтың айтуынша, Қытай зауыттарын елге алып келу туралы бастама 2017-2018 жылдардағы оң шешім болды. Бұлар – негізінен қағаз бетіндегі емес, іс жүзінде болатын, жұмыс істейтін зауыттар.

– Бізден батыс елдердің инвесторлары қашып кетеді деп қауіптенуге негіз жоқ. Құрылыс, өндіріс секторы Қытай инвестициясы және Ұлттық Қордан қаржыландырылады. Қазақстанда кәсіпкерлер класы қалыптасқан жоқ. Олар экономикаға қаржы сала алмайды. Бұл – болашақ үшін қауіпті тенденция, – дейді Мағбат Спанов.

Мағбат Спанов білікті басқарушы менеджерлер Үкімет басына келмейінше, біздің елдің әлемдік дағдарысқа қарсы иммунитеті күшеймейтінін айтады.

Себебі біздің ел 2015-2016 жылдардағы дағдарыстан әлі айыққан жоқ.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары