Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы бүгінге дейін 6 рет қатты девальвацияға ұшырады. Мұның бәрі ҚР Ұлттық Банкінің бақылауымен жүргізілді. Ал Ұлттық Банк өкілдерінің берген жауаптарына талдау жасайтын болсақ, олар кезекті үлкен құлдырау процесіне дайындалып жатқандай көрінеді. Бұған қандай факторлар меңзейді?
Теңгенің күрт құнсыздануы кімге тиімді?
Экономикалық тұрғыдан ұлттық валютаның құлдырауы ешкімге де тиімді емес. Тек Ұлттық Банк тарапынан интервенцияға жұмсалып жатқан қаржының көлемін азайту мақсатында осындай шешім қабылдануы мүмкін. Бұл аргументтің салмағын арттыру үшін соңғы 2 девальвацияға көз жүгіртсек.
2014 жылдың ақпан айында 1 АҚШ долларының құны 155,5-тен 185 теңгеге дейін өсті. Осы девальвациядан үш ай бұрын Ұлттық Банк төрағалығына Қайрат Келімбетов сайланған болатын. Ол көп өтпей жүргізіліп жатқан қаржы-несие саясатының өзгертілмейтіні туралы мәлімдеме жасайды. Ал 2014 жылдың ақпан айында Ұлттық Банк баспасөз қызметі девальвация болмайтыны туралы тағы бір рет ақпарат таратады. Бірақ сол жылдың 11 ақпан күні теңге құны 20 пайызға құлдырайды.
Келімбетов теңгенің девальвациясы туралы небәрі бір күн бұрын білгенін айтып ақталды. Ал 12 ақпан күні Қайрат Келімбетов теңгені құнсыздатуға Ұлттық Банк үш ай дайындалғанын мәлімдеді. Осыдан кейін қазақстандықтар қаржы реттеуішіге сенбей, депозиттегі капиталын АҚШ долларына аудара бастады. Олар дұрыс шешім қабылдаған еді. Себебі бір жылдан кейін ұлттық валюта құны тағы 2 есеге құнсызданды.
"Девальвация енді болмайды" дегенге ел сенуден қалды
2014 жылдың басында теңге 20 пайызға құнсызданғаннан кейін Ұлттық Банк өкілдері ендігәрі мұндай девальвация болмайды деумен болды. Бірақ мұнай нарығында үлкен тоқырау басталды. 2014 жылдың басынан 2015 жылдың екінші жартысына дейін мұнай бағасы $140-дан $50-ға дейін құлады. Бұл Қазақстан сынды мұнай экспортына тәуелді елдер үшін қара бұлт үйірілген күндердің жақындағанын білдірді.
2015 жылы 19 тамызда 1 АҚШ долларының теңгеге шаққандағы құны 188-ден 255-ке дейін өсті. Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетов девальвация туралы барлық қазақстандықтардай сол күні білгенін мәлімдеді. Сарапшылар Келімбетовтің халық арасындағы дүрлікпенің азайту мақсатында осындай мәлімдеме жасағанын, шындығында Ұлттық Банктің бұл девальвацияға шарасыздықтан барғанын айтады.
2015 жылдың тамыз айында ұлттық валюта еркін айналымға түсті. Нақтырақ айтар болсақ, теңгенің құны енді нарықтағы өзгерістерге орай өзгеріп отырады. Сол сәттен бастап бүгінге дейін теңге құны үдемелі түрде өсіп, 1 АҚШ долларының бағасы 345 теңгеге дейін жетті.
Сыртқы фактор?
Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев теңгенің биылғы құлдырауына сыртқы нарықтың көбірек әсер еткенін айтады. Қазақстандықтардың өзге елдерге демалыс уақытын жоспарлап, шетел валютасын жаппай сатып алуын ішкі фактор десек, АҚШ долларының пайыздық мөлшерлемесінің өсуі мен сауда соғысы сыртқы факторға жатады.
– Мұнайдың бағасы тұрақты түрде өсіп келеді. Сондықтан теңгенің күрт құлдырауына еш себеп жоқ. Ал соңғы екі айда теңге позициясының жоғалуына көбіне сыртқы факторлар әсер етіп отыр, – деді Ақышев Ұлттық Банктің БАҚ өкілдерімен кезекті отырысында.
Pro Gente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халық та Ұлттық Банк төрағасының пікірімен келісетінін айтады.
– Жыл басынан АҚШ-тың Федералды Резервтер жүйесі (ФРЖ) америкалық валютаның шетелдік қаржы институттарына арналған пайыздық мөлшерлемесін екі рет (1,5-тен 2 пайызға) өсірді. Соңғы өсім 13 маусым күні болып, қазақстандықтардың шетел валютасына сұранысының артатын уақытына тура келді. Бұл ұлттық валютаның 15-16 теңгеге дейін құлауына жеткізіп отыр, – дейді экономист.
Мақсат Халықтың ойынша, Ұлттық Банктің теңгеге қатысты пайыздық мөлшерлемесін түсіруге бағытталған инфляциялық таргеттеу саясаты та ұлттық валютаның құнсыздануына алып келген.
– Қазіргі таңда, теңгенің базалық мөлшерлемесі 9 пайызды құрайды. Ал Елбасы ұсынған жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша берілетін несие 7 пайыздық үстемақыны көрсетеді. Демек екеуі бір-біріне сай келуі үшін Ұлттық Банк пайыздық көрсеткішті кем дегенде 2 пайызға төмендетуі керек. Ал оның үстінен екінші деңгейлі банктер табыс көруі үшін Ұлттық Банктің көрсеткішті одан да төмендетуі тиіс. Бұл инфляцияның көлемін азайтқанымен, теңгенің қуатталуына кедергі болады, – дейді Мақсат Халық.
Ұлттық Банктің қателігі неде?
Қазақстанның қаржы нарығындағы қалыптасқан процесс бойынша, Ұлттық Банк өкілдері алдымен халықтың сеніміне кіріп, соңыра теңгенің құлдырауына жол береді. Марченконың да, Келімбетовтің кезінде де бұл бірнеше рет қайталанды. Ал Ақышев, әзірге, ондай қателік жібере қойған жоқ.
Қаржы мамандары Ұлттық Банктің ұлттық валюта бағамына қатысты осыған дейінгі жасалған кейбір шешімдері қарапайым халық үшін тиімсіз болғанын айтады. Мысалы, мұнай бағасы 2014 жылдың қаңтар айынан бастап төмендеді. Сәйкесінше, теңге де сол кезден бері аз мөлшермен құнсыздана бастауы тиіс еді. Бірақ Ұлттық Банк өкілдері нарықтағы валюта саудасына жасанды түрде араласып, теңгенің құнын уақытша ұстап тұруды жөн көрді.
Ресей Федерациясының Орталық Банкі рубльдің АҚШ долларына қарсы позициясын аз мөлшерде уақтылы жіберіп отырды. Интервенцияның көмегімен теңге тұрақтылығын сақтаса, рубль құнсызданды. Сөйтіп, капитал ағымы Қазақстаннан Ресейге көп мөлшерде кетті. Бұл да Қазақстан экономикасына белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізді.
Сарапшылардың ойынша, ҚР Ұлттық Банкі өкілдері әрі интервенцияға қомақты қаржы жұмсап, әрі Қазақстанның ішкі нарығынан Ресейге ақша ағымының кетуіне жол берді.
Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде Ұлттық Банк барынша ашық саясат жүргізуге тырысып жатыр. Интервенция туралы статистикалық мәліметтер кеш болса да, ай сайын жарияланады. Теңгенің еркін айналымға кетуі де соның нәтижесі.
Тек теңге құнсызданып жатқан жоқ
Сарапшылар валюта нарығындағы қаржы операциялары жылдам жүргізіле бастады дейді. Себебі нарықтағы тұрақсыздық белгілі бір деңгейде табысқа жетуге септігін тигізеді. Десе де, капиталдан айырылу мүмкіндігі де жоқ емес.
– АҚШ долларының пайыздық мөлшерлемесі өзгерген кезде, әлемдегі барлық валюталар құнсызданды. Қазақстандықтар тағы да Ұлттық Банк қаржы саясатын жамандап, белгілі бір күштің теңге құнының құлдырауына жасанды түрде араласып жатқанын айтудан жалықпады. Ал шындығында, бұл нарықтағы табиғи процесс болатын, – дейді Мақсат Халық.
Экономистің айтуынша, тіпті жапон иені де өз позициясын жоғалтқан. Әдетте дамыған елдердің ұлттық валюталары АҚШ долларының күшеюіне қарсы төтеп беретін. Бірақ бұл кездегі қарсы үдеріске ешбір валютаның қауқары жетпеген.
Теңге құнсызданса, экспортпен айналысатын кәсіпкерлердің табысы артады
Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін Бреттон-Вудс келісімі бойынша халықаралық сауда валютасы ретінде АҚШ доллары таңдап алынған. Оған ағылшындардың фунт стерлингі де үміткер еді. Содан бері кез келген ел үкіметі немесе жеке кәсіпкер экспорт және импорт жасау кезінде америкалық валютаны қолданады..
Халықаралық саудаға шығарылатын тауардың құны алдымен АҚШ долларымен, сосын ұлттық валютамен есептеледі. Бұл тауар мен ақша тепе-теңдігін сақтау үшін жасалады. Мысалы, қазақстандық кәсіпкер 100 мың баррель мұнай өндіріп, оны Аустрияға экспорттауды жоспарласа, нарыққа шығарылғалы жатқан шикізат туралы алдымен Ұлттық Банк өкілдеріне ақпарат беруі тиіс. Ал қаржы реттеуіші шикізат көлемі мен оның доллардағы эквивалентін өз кезегінде анықтап, АҚШ-тың Федералды Резервтер жүйесін (ФРЖ) ақпараттандырады.
Ал ФРЖ қызметкерлері нарықтағы теңдікті сақтау үшін сатылымға шығатын қазақ мұнайының құнына тең АҚШ долларын басып шығарады. Қазақстандық кәсіпкер мұнайды АҚШ долларымен сатып, капиталды Қазақстан нарығына алып келеді. Сосын ол қаржысын ішкі нарықта пайдалану үшін ұлттық валютаға айырбастайды. Сәйкесінше, доллар құны өскен сайын, оның теңгедегі эквиваленті де арта береді. Бұл кәсіпкер үшін тиімді.
Шілде және тамыз айларында теңге тұрақтанады
Теңгенің соңғы екі айдағы күрт құлдырауына АҚШ валютасына қатысты пайыздық мөлшерлеменің көтерілгендігі түрткі болғаны жайлы жоғарыда жаздық. Экономист Мақсат Халық теңгенің тұрақталуына негіз болатын бірнеше факторларды атап өтті.
– Теңге шілденің соңына қарай тұрақталуы мүмкін. Оған Қазақстандағы кәсіпкерлердің 2018 жылдың бірінші жартысына қатысты салық есептерін жасауы негіз болады. Ішкі нарықта салық төлеу процесі ұлттық валютада жүргізілетіндіктен, теңгеге сұраныс артады. Ал сұраныс артқан кезде, валютаның құны да арта түседі, – дейді Мақсат Халық.
Экономистік ойынша, тамыз айында демалу үшін шетел асатын отандастарымыз азаяды. Бұл халық арасында АҚШ долларына сұраныстың төмендеуіне алып келіп, теңгенің тұрақтануын қамтамасыз етеді.
Голланд ауруынан айыға алмай жүрміз
Экономист Мақсат Халықтың ойынша, мұнай бағасының кұрт төмендеуі Қазақстан экономикасының диверсификациялануы процесіне жаңа серпін берген.
– Қазақстанда 2003 жылы экономиканың жан-жақты дамуына қатысты арнайы заң қабылданып, басқа секторларға баса назар аударыла бастады. Ал мұнай бағасы барреліне 100 АҚШ долларынан асқан кезде, үкіметтегі шенеуніктердің экономиканың өзге секторларын қолдауы бәсеңдеді. Бір сөзбен айтқанда, экономиканың басқа секторларындағы инновациялық бастамалар голланд ауруының көлеңкесінде қалып қойды, – дейді Мақсат Халық.
Экономистің айтуынша, мұнай экспортынан ел бюджетіне қыруар қаржы құйылуы шенеуніктердің босаңсуына жеткізді. Ал мұнай бағасы барреліне 30 АҚШ долларына шейін төмендеуі, Қазақстан былай тұрсын, Сауд Арабиясын да қиын жағдайда қалдырды.
– Сол кезде Қазақ үкіметі елдің сыртқы қарызын өтеуге қиналып қалды. Мақтаныш болып жүрген ұлттық компаниялардың шығыны табысынан артып кетті. "Самұрық-Қазына" қоры есебінен күн көріп келген компаниялар саны да қысқартылды. Үкімет шетте қалып қойған инновациялық жобаларын қайта қарауға бет бұрды, – дейді экономист.
Pro Gente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі мұнай бағасының тым қымбаттап кетпеуі Қазақстан үкіметіне тиімді екенін айтады. Бір жағынан мұнайдың бағасы қымбаттап, экспорттан түсетін табыстың артқаны дұрыс. Бірақ экономиканы диверсификациялау бәрінен маңызды.
Жыл соңына дейін теңге тағы да құлдырауы мүмкін
2014 жылы мұнай дағдарысы басталған кезде The Wall Street Journal басылымында Financial Experts of America қауымдастығының валюта нарығына қатысты көп жылдық болжамы жарияланды. Сарапшылардың ойынша, Федералды Резервтер жүйесі АҚШ долларының тұрақтылығын сақтау үшін оның пайыздық мөлшерлемесін үдемелі түрде көтеруге мүдделі. Нәтижеде 2020 жылға дейін АҚШ долларының пайыздық мөлшерлемесі 3-3,5-ке дейін өсу мүмкіндігі айтылады.
Teletrade сарапшысы америкалық әріптестерінің болжамымен келісетінін білдіріп, ең нашар сценарийге сай 1 АҚШ доллары 700-800 теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін жасырмады.
Pro Gente зерттеу орталығының мәліметіне орай, теңге жыл соңына дейін позициясын біршама жоғалтады.
– Егер Ұлттық Банк өкілдері интервенция жасамаса, онда америкалық валютаның құны 350-355 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Ал ең нашар сценарий бойынша,да болжам айту қиын. Меніңше, ондай жағдайда Ұлттық Банк қол қусырып отырмайды, – дейді Мақсат Халық.